Мәжілісте палата спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Розақұл Халмұрадов Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіповке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінеді:
«Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 95 пайызға дейін жеткізу, мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі керек деген міндет қойылған.
Мемлекеттік бағдарламадағы осы нысаналы индикаторларды іске асырудың бір тетігі ретінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан еліміздегі қазақ тілінен басқа ұлттық тілдерде оқытатын мектептерде көптілді және билингвальді білім беруді енгізудің 2013-2015 жылдарға арналған жол картасы бекітілген болатын. Онда аталған мектептерде негізгі пәндер бір мезгілде бір сабақ үстінде екі немесе үш тілде жүргізілуі немесе кейбір пәндердің қазақ тілінде оқытылуы қарастырылған. Бұл әдіс Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданындағы Ю.Сареми атындағы өзбек тілінде сабақ беретін мектеп-гимназияның тәжірибесінде оң нәтиже берген.
Көптілді және билингвальді білім беру туралы жол картасы бекітілгеніне екі жыл толды. Өткен уақыт ішінде елімізде қазақ тілінен басқа тілдерде оқытатын облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша қанша мектеп бар, солардың қаншасында қайсы пәндерді қазақ тілінде оқыту қолға алынды? Көптілді және билингвальді оқыту әдістемесі білім беру мемлекеттік стандартына интеграцияланған ба? Осы әдіспен оқытатын мұғалімдердің біліктілігін арттыру, олардың еңбегін ынталандыру мәселелері қалай шешілген?
Жалпы, 2020 жылға қарай мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі үшін қандай іс-шаралар атқарылуда?
Осы депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес жазбаша жауап беруіңізді сұраймын».