• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2015

Әдебиетті қорғау қажет

436 рет
көрсетілді

Әдебиетті қорғау қажет - Қазақстан Жазушылар одағында өткен жыл қорытындысы жиынында қаламгерлер осындай тұжырымға келді.

Өткен әдеби жылда қол жеткен жетістіктер мен табыстарды, кемшіліктер мен проблемаларды екшеп саралаған басқосу қашан да пайдалы болмақ. Мұндай жиын талантты жазушыларға шығарма жазып бермейді. Бірақ ол барды бағалауға, жақсыдан үлгі алуға, алдағы тақырыптарды айқындауға, дәуірге жіті көзбен қарап үн қосуға септігін тигізері анық. Қазақ қаламгерлерінің дәстүрлі жыл қорытындысы жиналысын аша келе, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, сенатор Нұрлан Оразалин осы жайларды таратыңқырап айтты.

Проза жанры бойынша баян­даманы филология ғылым­да­рының докторы, профессор әдебиетші Айгүл Ісімақова жаса­ды, поэзия жөнінде ҰҒА кор­респондент-мүшесі, ақын Бауыр­жан Жақып толғамды сөз айтты. Қазақстандағы орыс әдебиеті туралы белгілі ақын Любовь Шашкова, ұйғыр әдебиеті ха­қында жазушы Рахметжан Юсупов әңгімеледі. Одан әрі жанрлар бойынша саралағанда фантастиканы – Шәмшиден Әб­діраман, драматургияны – Сұл­танәлі Балғабаев, балалар әдебиетін – Ділдәр Мамырбаева, сын-сықақ пен сатираны – Мұхтар Шерім, әдеби сынды – Гүлзия Пірәлиева, жастар әдебиетін – Ермек Қаныкей, деректі прозаны – Сара Латиева, аударманы – Ғазизбек Тәшімбай сынды жазушылар, әдебиетші ғалымдар әділ сын таразысынан өткізіп, аса бір байыптылықпен талдады. Өткен жылы олжа салған жақсы шығармалар аталып айтылды. Кемшіліктерге де тоқталды. Қазақ әдебиетінің өткен жыл­ғы қоржыны тоқ екендігі қуантарлықтай. Көршілес елдермен әдеби байланыстардың нығая түскендігі де құптарлық. Осының бір көрінісіндей, ал­дағы уақытта Ресей-Қазақстан жазушыларының біріккен альманағы шығарылмақ. Сонымен бірге, осы жиында айтылған ұсыныстарға орай, өз ұлыларымыздың, айталық, Абай, Махамбет, Мұқағали сынды заңғарлардың атындағы медальдар белгілеу жайы шешімін таппақ. Жазушылар одағының алдағы пленумдарының өзекті тақырыптары да пікірталас кезінде айқындалып қалды. Алда болатын бұл салиқалы жиындарда Қазақ хандығының 550 жылдығы және қазақ әдебиеті, балалар әдебиетінің жайы, драматургия және театр мәселелері кеңінен сөз болатын болып келісілді. Қазір кітап оқуға құлық аз, көркем әдебиетке деген ықылас-ынта кемшін. Әуезовті әрең білетіндер саны көбейіп барады. Осы құлықсыздықтан қазақтың әдебиетін, мәдениетін, күллі руханиятын қорғау қажеттігіне жыл қорытындысына арналған жазушылар жиналысы баса назар аударды.

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.