Бұрымы тобығын соғып, шолпысы сыңғырлап, сылаң қағып өте шыққан бойжеткен талай әнге, өлеңге арқау болды.
«Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген. Шаштарын бес күн тарап, он күн өрген». Халық ауыз әдебиетіндегі осы бір теңеуден-ақ баяғы қыздардың бейнесі анық көрінетіндей. Бүгінде ондай бұрымдыларды көру арман. Қолаңшаш түгілі, басын тақырлап алып тастаған қарындастарды да көріп жүрміз.
Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Қызылорда облысының Жалағаш ауданында бұрымды арулардың байқауы өтті. Байқаудың мақсаты да түсінікті. Есте жоқ ескі заманда қалған үрдісті бүгінге оралту. Шашты күту, оны өсіру, баппен тарап өру сияқты қазақ қызына тән қасиеттерді өскелең жасқа өнеге ретінде көрсету еді. Аталған сынға шашы ең ұзын 15 бойжеткен қатысты. Байқауға қатысушылардың ең кішісі – 13 жастағы Арайлым Әлімжан.
Сұлудың сұлуы – бұрымды қыз. Бұл – 17 немере сүйген Мейрамгүл Ержанованың өмірлік ұстанымы. Ақ жаулықты әже немерелерінің шашын күтіп-баптауын өзі ерекше қадағалайды екен. «Шолпы тағып, шашбау ілген арулар ұлтымыздың сыр-сыйпаты деп мақтан тұта білген жөн»,– дейді кейуана. Байқауға қатысқан арулардың ішіндегі ең қолаңшаштысы Арайлым болды. Оның шашының ұзындығы 107, қалыңдығы 13 сантиметр екен.
– Бұрым – ұлтымыздың ең тамаша сәнді байлығы деп есептеймін. Сондықтан бүгінгі байқауға қыздарымыздың жақсы үлгі-өнегелері, оларды күту жайында жасаған іс-әрекеттері бізге ұнады. Шашбауы сылдыр қаққан сұлулар байқауы қазақ аруларының табиғатын ашып берді. Ал үлкендер ұзын бұрым сұлулардың көркі ғана емес, әдептілік пен инабаттылық сияқты асыл қасиеттердің айнасы деп өсиет айтты. Расында, қыздарға тек әсемдік жарасады, – деді қазылар алқасының мүшесі Бақыт Кәнтаева.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы,
Жалағаш ауданы.