• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Тамыз, 2015

Мемлекеттік құқықтық жүйенің негізі

665 рет
көрсетілді

  Қазақстандық құқықтық жүй­­е­­нің негізі – елімізде ең жо­ғары заңдық күші бар, норма­лары республикамыздың бар­­­­лық аумағында тікелей қолда­нылатын Ата Заңымыз – Қа­зақ­­стан Республикасының Конс­титуциясы екендігі баршаға аян. Конституциядан ұлттық құ­қықтық жүйенің барша құрам­дас бөліктері бастау алады: онда құқық субъектілері анықталып, сан алуан құқық салалары арасындағы қатынастарды заңдық тұрғыдан реттеудің негіздері бекітілген, құқық шығармашылығы мен құқық қолданудың жалпы қағи­даттары белгіленіп, адам және азаматтардың заңды дұрыс ұғынуы мен құқықтық сана-сезі­мін, құқықтық мәдениетін тиісті қалыптастырудың ірге­тасын қалайтын қоғам және мем­лекеттің құндылықтары, еліміздің келешекте қандай жолмен дамуы­ның жалпы принциптері конституциялық деңгейде орнық­тырылды. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назар­баев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан хал­қына арнаған  Жолдауында: «Тұ­рақтылық пен келісім де­гені­міз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бей­­бітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақ­тылық – күн сайынғы ең­бекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік», – деп айрықша атап өтеді. Мұндай түбегейлі принцип­тердің 20 жылдығын атап өткелі отырған Конституциямызда көз­делуінің кездейсоқ еместігін айтқан жөн. Конституция мен конституцио­нализм доктринасы бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Ата Заң мазмұны мен мән-мағынасын сипаттайтын конституционализмнің күре тамыры, өз кезегінде, аталған доктрина Конституция туралы ілімді дәріптейтін болған­дықтан қазақстандық заңгер-ғалымдардың «осы идеология­мен әрі қалыптасқан және де қалыптасу үстіндегі құқықтық мемлекеттілік институттарының қызметі түгелдей қамтылуы тиіс» деген тұжырымдары қолдауға әбден лайық. Ұлттық келісім – ол конс­­ти­­­туциялық жүйенің өзегі, Конс­­титуция мен конс­титу­цио­­нализмнің темір қазығы. Халықтың басым көпшілігі Конституцияда көзделген мем­лекеттік құрылымның прин­циптеріне қолдау көр­сетсе және соған сәйкес құқықтық жүйенің дамуына бағыштайтын құндылықтарды мойын­дағанда ғана конституционализм тір­шілікке ере алады. Конс­титу­ционализм доктринасы жалпы даму бағытының мәселелері бойынша жалпы халықтық консенсусты, яғни, келісімді білдірсе керек. Мұндай ұлттық келісімге қол жеткізу – сол халықтың тек өзіне тән даму ерекшеліктерін  шоғырландырған ұзақ мерзімді әлеуметтік эво­люцияның нәти­жесі деп бағалаған жөн. Өткен ғасырда Қазақстанда бес рет Конституция қабылданды: Қазақ АКСР-нің 1926 жылғы Конституциясы, Қазақ КСР-нің 1937 жылғы Конституциясы, Қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конс­титуциясы, Қазақстан Рес­публикасының 1993 жылғы Конституциясы және қазіргі қол­даныстағы 1995 жылы қабыл­данған Конституция. Қазақстанның конституциялық құрылысының бұрынғы табыс­тары мен жетістіктері, сонымен қатар, олқылықтары мен сәтсіздіктері де бүгінгі таңда бірдей бағалы дүниелер. Егемен еліміздің 1993 жы­лы 28 қаңтарда Қазақстан Рес­публикасы Жоғары Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданған алғашқы Конституциясы мемлекет тәуелсіздігін бекітіп, со­ның негізінде парламенттік рес­публиканың негізі қаланып, жартылай президенттік басқару нысанын орнықтырды.  Бір қарағанда, ол Конституция демократиялық мемлекет пен нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін қажетті заңдық негіздерді құрды, бірақ, екінші жағынан – заң шығарушы және атқарушы биліктердің өкілеттігі, жерге жекеменшік және азаматтық, мемлекеттік тіл және т.б. туралы сұрақтар шешімін тиісті деңгейде таппаған болатын. Дегенмен де, отандық конституциялық доктринаның қалыптасуына 1993 жылғы Конституцияның оң ықпал еткені даусыз, оның көптеген кемшіліктері мен шикі тұстары сол мерзімдегі объективті себептердің салдары болды деп білеміз. Аталған мәселелер өз түйінін жаңа Конституциядан тапты. 1995 жылы 30 тамызда бүкіл­халықтық республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы шын мәнісінде тәуелсіз, егеменді еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңінің терең іргетасын қалаған маңызы зор құжат болып табылады. Жаңа Конституцияның конс­титуциялық-құқықтық доктринаны әлемдік өркениеттің озық жетістіктерімен нәрлендіруі сөзсіз табыс. 1995 жылы 6 қыркүйекте Ал­­­матыда еліміздің жаңа Конс­титуциясының ресми тұсаукесер салтанатында Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Көптеген демократиялық мемлекетттердің конституциялары іспеттес біздің Конституциямыз да құр декларативті емес, керісінше, бүкіл құрылымымен және заңдық-техникалық негізімен, мемлекеттанушылық, саяси және құқықтық санаттардың қатаң жүйесімен заманауи мемлекет пен бүкіл халықтың игілігін көздейтін нарықтық экономика қалыптастыруға және оларды дамытуға сенімді алғышарттар құрайды», – деп атап өтті. Иә, бұл ретте, конституционализм жүйесін құрастырушы қағидаттардың ең маңыздысы заң билігі болса керек. Тек осы ұстанымның ауадай қажеттілігін ұғынған заң шығарушы құқық пен заңның үстемдігі идеясын Ата Заңымыздың өзегінен өткізіп, мәңгілікке бойына сіңіру үлкен көрегендіктің айғағы. Сонымен, жаңа өмірге жаңаша аяқ басқан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет үшін оның ең қымбат қазынасы ретінде адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылды. Бұл дегеніміз, мемлекет үшін адамды және оның материалдық, рухани әл-ауқатын қамқорлыққа алудан және қамтамасыз етуден асқан маңызды міндет жоқ деген сөз. Мемлекет адамның қалыпты әлеуметтік-құқықтық жағдайда тіршілік етуіне мүмкіндік жасауға өзіне жауапты міндеттеме қабыл­дады. Мемлекет адам өмірін қол сұғушылықтардан қорғауға, сонымен қатар, оның өзіне құ­қыққа қайшы әрекеттерден өзінің сақтануына мүмкіндік беруге міндеттенді. 1995 жылғы Конституция конституциялық құрылымның құқықтық негізін қалаумен бірге, республика қызметінің: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде респуб­ликалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқы­лы шешу сияқты түбегейлі принциптерін бекітті. Жаңа Ата Заңымыз қоғамдық-саяси институттардың құқықтық негіздерін, адам және азаматтың конституциялық мәртебесін анық­тады, экономикалық құры­лымның негіздері айқындалып, мем­лекеттік құқықтық жүйенің негізі қаланды. Конституцияға сай және оның талаптарын орындау мақсатында құқықтық жүйені дамытуда маңызды рөл прокуратура органдарына жүктелген. Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық акті­лердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылу заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Бұл ережелер прокуратураның құқық қорғау органдары жүйесіндегі ерекше орнын, оның құқық қорғау сипатын айғақтайды. Республикамыздың Қарулы Күштері, басқа әскерлері мен әскери құрылымдарында осы функцияларды әскери заң жүйесінде атқаратын негізгі мемлекеттік орган – әскери прокуратура болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының әскери прокуратурасы нығайып келеді. Әскери прокурорлық кадрларды сапалы даярлауға, құқықтық тәртіпті нығайтуға барынша көңіл бөлінуде. Азаматтардың конституциялық құқығын, жеке өмірін, дербестігін сақ­тауда әскери прокуратура қыз­меткерлері аянбай қызмет етуде. Конституцияның үстемділігін арттыру мақсатында қысқа мерзім ішінде, заңнамалық бастамалықты қолдана отырып, әскери прокуратура органдары бірқатар ұсыныстар енгізді. Осының нәтижесі әскери-құқық қорғау жүйесінің реформасы, қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық және жедел-іздестіру заңдылықтарының жетілдірілуі деп айтуға болады. Конституцияда көзделген идеялар мен принциптер ұлттық құқықтық жүйенің, оның ішінде, конституциялық құқықтың ұзақ мерзімге дамуының негізгі бағыттары мен тетіктерін нақыш­тайды. Яғни, Негізгі Заңның прин­циптері мен нормаларын, ең алдымен, мемлекеттік би­лік органдары және лауазымды адамдар қызметінде, бұл ретте Конституцияның тіке­лей қолданылуын және оның әлеуметтік-құқықтық мүм­кіндіктерін қолданыстағы заңнама және құқық қолдану тәжірибесі арқылы толыққанды жүзеге асыруды қамтамасыз ету маңызды міндет болып табылады. Қорыта айтқанда, бәрі де Ата Заңнан бастау алады. Біздің сүйенеріміз де, басшылыққа алатынымыз да – Қазақстан Конституциясы. Оны біздің алтын темірқазығымыз десе де болады. Ендеше, бағыт айқын, мақсат биік. Осы жолда елмен бірге болашаққа қадам басатынымыз анық. Ерғали МЕРЗАДИНОВ, Бас әскери прокурор, әділет генерал-лейтенанты.