• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2015

Соғыстың соңғы солдаттары

386 рет
көрсетілді

Біздің бала кезімізде «Моги­­канның соңғы тұяғы» деп аталатын Америка жеріндегі үндіс тайпасы туралы жақсы кино болатын. Онда басқыншылардың қысымымен саны барған сайын азайып бара жатқан осы тайпа адамдары, олардың азаттық жолындағы күрестегі жасаған ерліктері бейнеленген еді.

Саны барған сайын селдіреп келе жатқан, Жеңістің 70 жылдық мерекесіне ілеуде біреуі аман жеткен ардагерлер туралы әңгіме қозғалғанда үнемі осы кино есіме түседі. Шамасы ол кино біздің балалық көңілімізге ерекше әсер еткен болуы керек. 9 мамыр мерекесінің қарсаңында ауылымыздың соғысқа қатысқан ардагер ақсақалдарын құттықтайын деп телефон шалған едім. Сөйтсем, осыдан 7-8 жыл бұрын ғана Жеңіс мерекесі тұсында кеуделеріне орден-медальдарын самсатып, ауыл көшесінің сәні болып жүретін, мерекеге ерекше рух беріп тұратын сол қариялар түгелге жуық қайтыс болып кеткен екен. Жеңістің 70 жыл­­дық мерекесіне біреуі ғана аман-есен жетіпті. Ол – бізбен көрші болған Молдахан Садықов ақсақал. Осыдан 40-45 жыл бұрын бір күнгідей болмай зыр етіп өте шыққан біздің балалық кезімізде Молдахан ағаның ұлдары Әлөш, Серік, Мәліктермен таңнан қа­ра кешке дейін ойынды соғушы едік. Ал қызы Гүлсайрамен бір сы­нып­та оқы­дық. Үйлеріміз де бір-бірі­мен жиі араласып тұратын. Мол­дахан ағаның үлкен ұлы Қажымұқан Алматының политехникалық институтын бітіріп, Өскемен маңайындағы Асубұлақ кентіндегі рудникке инженер болып, қызметке орналасып, отбасын құрып, жайнап өсіп келе жатқан шағында кенеттен қайғылы қазаға ұшырап, осы жағдай бұл отбасына үлкен соққы болып еді. Кейіннен досымыз Әлөштің де қайтыс болғандығын естідік. Шүкір, орнында бар оңалар деген. Қазір Қажымұқан мен Әлөштің балалары да өсіп жетіп, азамат болып, өздері де балалы-шағалы болып отыр. Молдахан аға мен Күлбике апай құрған отбасы ауылымыздағы іргелі қарашаңырақтардың бірі болатын. Екеуі 8 бала тәрбиелеп өсірді. Олардан 25 немере, көптеген шөбере көрді. Сөйтіп, Садықовтар әулеті мызғымас қара орманға айналды. Егер кешегі Отан соғысында шейіт болып кеткен әр боздақ елге аман оралғанда біздің халқымыздың саны қаншама өскен болар еді. Ағаның еккен жапырағы жайқалған алып бәйтерегіне қарап, еріксіз сүйсінгенімізде осы жағдай қабаттаса ойымызға оралды. Иә, кешегі сұм соғыстың елімізге тигізген лаңы аз болған жоқ. Демек, оны же­ңіспен аяқтап, бүкіл адамзат қауымы үшін бейбітшілікті баянды еткен ар­дагерлеріміздің ерлігі қандай құр­метке болса да лайық екендігі анық. Қарабұлақ ауылының әкімі Қамбар Шилібаев бауырымыз Молдахан ағаның қазіргі күндері аудан орталығы Зайсан қаласында тұрып жатқандығын, Жеңіс мерекесінің қарсаңында аудан басшыларының ардагерді құрметтеп, оған жаңадан салынған үйден пәтер бергендігін, қазіргі күні ақсақал осы пәтерде кенже ұлы Ерланның қолында тұрып жатқандығын, 1 мамыр күні тура 90 жасқа толғандығын, бірақ әлі де тың екендігін айтып қуантып тастады және телефонын тауып берді. Ағаға телефон шалып хабарласып, келе жатқан Жеңіс мерекесі­мен құттықтадық. Дауысы тың және сергек екен. Осыған қатты қуа­нып қалдық. Осы сәтте Молдахан аға бізге көненің көзіндей, кешегі әкеміздің өзіндей сезіліп кетті. Менің әкем Файзолда Әліпбаев та Ұлы Отан соғысына, Жеңіс парадына, онан кейінгі жапон соғысына қатысқан, қайнаған қан майданның ортасынан аман келген нағыз жауынгер еді. Қайтыс болғанына қазір 20 жылдан асып барады екен. Мол­дахан аға да менің әкемді, ауылдың басқа да ардагерлерін еске алып, бірге қызмет істегендерін айтып, өткен күндер туралы әңгіме қозғап, бір жасап қалғандай болды. Күлбике апайымыздың қайтыс болғанына да біршама жылдың жүзі болған. – Бәрі де өмірдің заңы ғой. Бұл дүниеге келген соң, кетпек те бар. Аллаға шүкір, талай боздақ­­тарымызды жұтқан қыр­ғыннан аман-есен келіп, осыншама жасқа жетіп, ұрпақ өсіріп отырмыз. Осыған мың шүкір деймін. Жеңістің 70 жылдығын көріп отырған, мына мен бақытты адаммын ғой. Енді, артымыздағы сендер, жас ұрпақ аман болсын деп солардың тілеуін тілеп отырмын. Биылғы 70 жылдықта Елбасымыздың тапсырмасы бойынша облыс, аудан басшылығы бізді жақсы құрметтеп жатыр. Тәуелсіз еліміз қарыштап дамып келеді. Мына біздің Зайсан қаласы жылдан-жылға көріктеніп, жайнап барады. Қарабұлақ ауылымыздан мұнай мен газдың кен орындары табылып, қазір соны іске жаратуда. Зайсан қаласындағы үйлер Қарабұлақтан жеткізілген газды көгілдір отын ретінде пайдаланып отыр. Қарабұлақтың іргесінен мұнайшылардың жаңа вахталық кенті бой көтерді. Қазіргі күні Қарабұлақтың қаншама жас­тары мұнайшы болып, қызмет істеуде. Осының барлығы берекенің белгісі емес пе? Осыны көргенде құдайға да, еліміздің, облыс пен ауданның басшылығына да іштей риза болып, Аллаға мың шүкірімді айтып отырамын. Біздің көрген қиындықтарымыз енді қайтып келмесін, осы заманның бет алысы әрдайым түзу болсын, – деген тілегін білдірді. Молдахан аға майдан дала­сын­дағы нағыз от пен оқтың арасынан аман келіп, Қарабұлақ ауылының дамуына бел шешпей үлес қосқан нағыз ардагер ақсақал. Егер, ол кісінің өмір жолдарына үңілетін болсақ, Қарабұлақ ауылында туып-өскен. 8-сыныптан соң, 1942 жылы Зайсан қаласында ашылған педагогикалық училищеге оқуға түседі. Жас ұрпақтың ұрпақтың көкірек көзін ашатын мұғалім болғысы келеді. Бірақ та оның бұл жоспарын елге төнген фашистік басқыншылық қаупі күрт өзгертіп жібереді. 1943 жылы мамыр айында әскер қатарына алынып, 155-ші атқыштар полкінің құрамында майданға аттанады. Балтық жағалауларындағы шайқастарда ерлік көрсеткен Мол­дахан ағаның полкі 1944 жылы Жоғарғы бас қолбасшының бұй­рығымен қиыр шығысқа жібері­леді. Молдахан аға мұнда өзінің сауаттылығымен көзге түсіп, Бикин қаласындағы әуе атқыштарын даярлайтын училищеге оқуға жіберіледі. Мұнда 6 ай оқығаннан кейін ұш­қыштар полкіне ауыстырылып, Ил-12 шабуылдаушы ұшағының әуе атқышы ретінде жапон бас­қын­шыларынан Манчжурияны азат ету ұрыстарына белсене қатысады. 1944-1945 жылдары жапондардан Оңтүстік Сахалин мен Курил аралдарын азат ету ұрыстарында бірнеше рет ерлік көрсеткен. Осы үшін майдангерге 1944 жылы «Үздік штурмовик» төсбелгісі және екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені беріледі. Молдахан аға әскер сапында 1950 жылға дейін болып, 7 жыл өткеннен кейін ғана барып, аман-есен елге оралады. Соғыстан кейін ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, көп жылдар зоотехник, ферма басқарушы міндеттерін атқарған. Сөйтіп, 50 жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, 1985 жылы зейнеткерлікке шығады. Молдахан аға бізбен әңгімесінде Алланың берген денсаулығына риза екендігін айтты. Ұрпақтарының, ауылдас, жерлес, адамдардың өзін ардагер ретінде құрметтеп жатқан­­дығын айтып оларға да алғысын білдірді. Қазір тоқсан жастың төрін­дегі қарт майдангердің кеудесінде жоғарыда айтқан наградалардан басқа «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдарғы Отан жеңісі», медальдары жарқырайды. Бұл Молдахан ағаға қан майданда көрсеткен ерліктері үшін берілген баға. Мұның сыртында ол кісі бейбіт еңбек саласында да үлкен табыстарға жетті. 1970 жылы нау­рыз айында Мәскеуде өткен Бүкіл­одақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысып, В.И. Лениннің 100 жылдық медалімен, басқа да көптеген медальдармен марапатталды. Қазіргі күні қарт майдангер, еңбек ардагерінің төсінде 20-ға тарта мемлекеттік награда жарқырайды. Біз Қарабұлақ ауылындағы кешегі ардагер әкелеріміздің «Могиканның соңғы тұяғындай» бүгінгі көзі тірі Молдахан Садықов ағаға әрдайым амандық, ұрпақтарына бақытты өмір тілейміз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы.