• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2010

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

4923 рет
көрсетілді

Қазақ қашанда қазыналы қартын құрметтеген. Туған елінің туын биік ұстауды мақсат тұтқан Елбасы әр­қа­шан еңбектеген баладан, еңкейген қар­тына дейін ұлықтауды ұлы дәстүрге айналдырып, өскелең буынға ұлағат етіп келеді. “Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік”, деп атап көрсетеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Шын­ды­ғында да өсетін елдің өнегелі ұр­пағы дария теңіз қариясын құр­меттеп, кейуанасын сыйлауды әр­қашан өмірлік қағида тұтқан. Ендеше “Үйдегі қарияң – жазып қойған хат­пен тең”, демекші қарттарын құр­меттеген елдің ертеңі биік, мерейі үстем. Осындай дәстүрлі тәжірибеден тәлім алған егемен еліміз алғашқы күннен қарттарын қадірлеп, үлкенін құрметтеуді даму баспалдақтарында басымдыққа айналдырып келеді. Бүгінде елордамызда дамыған ел­дер­дің кез келгенінің қолы жете бер­мей­тін әлеуметтік қамқорлық ша­ңы­рақ­тары бар. Соның бірі – Астана қала­сының “Қарттар мен мүгедектерге ар­налған медициналық-әлеуметтік меке­месі”. Бұл мекемеде қазір 320 әлеуметтік көмекке зәру қорғансыз адам тұрып жатыр. Оның 98-і І және ІІ топтағы мүгедек жандар, 8-і соғыс ардагері және 15 адам соларға теңес­тірілгендер. Қалғандары зейнеткерлер. Артық айтқандық емес, ел­ордалық “Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі” қамқорлық және қызмет көрсетуі жағынан ТМД мем­ле­кет­терінің ішінде теңдесі жоқ. Бұл мекеме қарттар мен мүгедектерге медициналық және әлеуметтік қызмет көрсету тұр­ғы­сынан бүгінгі халықаралық стандарттарға толық сай келеді. Жоғарыда атап өт­кеніміздей қарттар мен мүгедектерге ар­налған медициналық-әлеуметтік ор­талықтың әрбір тұрғынына мемлекет жылына 1 млн. 200 мың теңге қаржы бөледі. Сонымен бірге бұл мекеменің тұр­ғын­дарына тұрақты трансферт ретінде тамақтануға республикалық бюджеттен 50 млн. теңге қаржы бөлінеді. Тағы бір айта кететін мәселе, бұл мекемеде тұратын адамдарға мемлекет тарапынан бөлінетін зейнетақы мен жәрдемақылар толық көлемде олардың өздерінің қолына беріледі. Бұл қаржыны мүгедектер мен қарттар өз қалаулары бойынша керегіне жаратады. Енді осы мекеменің тарихы туралы бірер сөз айта кеткен жөн болар. Астана қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік меке­ме­сі (бұрынғы Целино-градта) 1989 жылы 15 ақ­панда ашылған болатын. Мекеменің негізгі ғимараты Молодежный шағын ауданы (қазіргі Тәшенов көшесі) 48-үйде орналасқан еді. Сол жылдан бастап Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері осы мекемеге қабылдана бастады. Сол кездегі технологиялық озық үлгілерді пайдаланған бұл ғимарат өте ыңғайлы да қолайлы болатын. Медициналық мекеме ретінде құрылған бұл ғимаратта 250 адам, әрі тұрмыстық жағдайын түзеп, әрі медициналық емін қабылдайтын. 1998 жылы наурыз айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас қаламыздағы осы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде болып, мекеме тұрғындарын көктемгі мерекелерімен құттықтаған болатын. Елбасы мекемедегі әрбір қарттың хал-жағдайымен терең танысып, мемлекет тарапынан қандай қолдау керектігін сұрады. Сол күні алғаш рет Мемлекет басшысы қарттарға бұдан да жақсы, бұдан да ыңғайлы, кең де қолайлы жаңа ғимарат салып беруге уәде еткен болатын. Сөйтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен 2004 жылы осы ғимараттың іргетасы қаланып, Мемлекет басшысының тікелей бақылауымен 2007 жылы толық іске қосылды.Сол жылдың маусым айында қарттар жаңа қонысқа көшті. Жаңа ғимараттың кең де жарық бөлмелері, озық технологиялармен жарақтандырылған кинозал, кітапхана, асхана және заманауи медициналық құралдармен жарақтан­дырылған мекеменің жеке емханасы қарттардың көңілінен шықты. Ал шілде айының басында тұңғыш Президентіміз өзі арнайы келіп, жаңадан салынған ғимараттың тұсауын кесті. Тұсаукесер салтанатқа қатысқан Грузия мемлекетінің астанасы Тбилисидің мэрі Гиги Углава ерекше таңданысын жасыра алмай: “Нұрсұлтан Әбішұлы, мынау қарттар үйі емес, салтанатты әкімшілік ғимаратындай ғой...”, – дегені әлі күнге есімде. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедек жандар Елбасының уәдесін бұлжытпай қамкөңіл жандарға осындай шынайы қамқорлық жасап, жұмақ сарайындай ғимарат салып бергені үшін, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған шексіз көмектері үшін шын жүректен шыққан ақ алғыстарын ақтарды. Иә, мемлекетіміздің қарттар мен жарымжан жандарға жасап отырған жан-жақты шынайы қамқорлықтары – әлем елдеріне үлгі болып отыр десем, артық айтқаным болмас. Соның бір ғана мысалы, жаһандық қаржы дағдарысы қыспаққа алып, әлемнің ең озық дамыған елдерінің өзі әлеуметтік салаға бөлінетін қаржыларын “шөміштен қысып” жатқан кезде, мемлекет бізге бөлінген қаржының бір теңгесін қысқартпай, қайта қосымша трансферттер бергенін атап айтар едім. Мен Астана қаласының “Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесін” жеті жыл­дан бері басқарып келе­мін. Мұндағы әрбір жан мемлекеттің шынайы мейірімін молынан көріп отырса да, олардың әрқайсысының өзіндік тағдыры, жазылмайтын жарасы, жан күйзелтер қайғысы мен қасіреті бар. Сондықтан олардың жүрегі нәзік, көңілдері кірпияз. Сәл нәрседен ренжіп, мұқала мұңайып қалады. Осыған байланысты біз бүкіл ұжымымыз болып сол жарым көңілдердің жайын табуға тырысамыз. Бұл ретте мекемеде 20 жылдан астам уақыттан бері табан аудармай еңбек етіп, қарттар мен мүгедектерге “қанатымен су сепкен қарлығаштай” қызмет етіп келе жатқан мейірбике Сәуле Сағындықованың, күтушілер Нағима Жанпейісова мен Гүлнар Асайынованың, дәрігерлер Сұлушаш Мәжитова мен Лилия Асмустардың жанқиярлық жұмысын ерекше атап өткім келеді. Ұжымның алдағы уақытта да қамкөңіл жандардың тағдыр талайымын жеңілдету жолында қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенім мол. Кенжеболат БӘПІШЕВ, Астана қаласының “Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің директоры.