Елдің дамуы экономикаға және қолға алынған іргелі бағдарламаларға тікелей байланысты. Соның ішінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының (ҮИИДБ) рөлі айрықша. Қазақстан іске асырып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық саясат ел экономикасының орнықты өсуін қамтамасыз етуге, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Аталған бағдарлама Елбасының бастамасымен қолға алынды. Бұл құжат Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының 2009 жылғы 15 мамырдағы кезектен тыс ХІІ съезінде берген тапсырмасы негізінде әзірленді. Ал оны Қазақстан Президенті 2010 жылғы 19 наурыздағы №958 Жарлығымен бекітті. Әрине, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ел экономикасына үлкен ықпал еткені шындық. Ең бастысы, біздің экономикамызға жан бітірген бағдарлама болды. Өткен жылы оның алғашқы бесжылдығы аяқталды. Нәтижесі анық көрініп тұр және елдің ішкі жалпы өнімінің өсуіне өзінің үлесін қосты. Бұған дәлел – өткен бес жыл ішінде жаңадан 690 өндіріс орнының ашылғаны. Оның ішінде үлкен де, шағын да кәсіпорындар бар. Бұл өндіріс орындарының өнімдері тек ішкі экономикаға емес, сыртқы саудаға да оң әсерін тигізді, өз өнімдерін экспортқа да шығарып отыр. Үстіміздегі жылдан үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңі басталды. Биыл еліміздің өңірлерінде 75 объектіні іске қосу жоспарланған. Бұл жобалар 600 млрд. теңгедей қаражатты талап етеді. Осы жобалар жұмыс істеп кетсе, жаңадан 7500-дей адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі деген сөз. Бұл – бір жылдың көлемінде атқарылатын істер. Ал 2016, 2017, 2018 және 2019 жылдарға дейін осындай көлемде жаңа жобалар іске қосылатын болса, сондай-ақ, алдыңғы бес жылдықта қол жеткізілген өндіріс көлемін ескерсек, аталған бағдарламаның экономикамызға серпіліс беретінін болашақта анық көруге болады. Ең бастысы, ашылып жатқан өндіріс орындары инновациялық жетістіктерге негізделуімен ерекшеленеді. Олар бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруы тиіс. Қазіргі уақытта әлемдік экономикада бәсекеге қабілеттілік үшін инновациялық жобалар болуы басты қағида. Бұған жаңа көзқарас қалыптасу үстінде. Ғалымдарымыз да атсалысуда. Бұл жан-жақты мәселені қамтиды. Біздің елдегі жоғары оқу орындары, сондай-ақ, кәсіптік-техникалық колледждер жаңа буын түлектерін оқытып шығаруға бейімделуде. Осы тұста дуалды оқыту жүйесінің де оң әсері болмақ. Бұл – өз ішімізде мамандарды даярлау ісі. Сонымен қатар, мамандарымыздың шетелдерде білімін жетілдіруіне де көңіл бөлініп отыр. Сонда отандық өндірістеріміз қажетті мамандармен толық қамтылатын болады. Экономиканың дамуын әртараптандыру – ең маңызды бағыт. Біздер шикізатқа тәуелді болып қалмауымыз қажет. Өйткені, шикізаттың бүгін бағасы болғанмен, ертеңгі күні түсіп кетуі мүмкін. Бүгінде жаһандағы мұнайдың, сол сияқты қазба байлықтардың бағасы құбылып тұр. Жаңа инновациялық жобалар негізінде өнімдеріміз өңделіп, отандық тұтынушыларға жеткізілсе және шетелге шығарылса, анағұрлым тиімді болары сөзсіз. Сонда еліміздің экономикасы да тұрақты дамитын болады. Мысалы, біз жылына 7-8 млн. тонна бидайымызды шетелге шығарамыз. Ал оны өңдеп, отандық өнім ретінде экспортқа шығарсақ, көп ұтар едік. Сол секілді мал шаруашылығындағы тері мен жүннен қаншама бағалы өнімдер жасауға болар еді? Сонымен қатар, мұнайды да өзіміз өңдеп, дайын өнім ретінде шетелге экспорттайтын кез келді. Мұнайдың құрамында қаншама бағалы өнімдер бар? Осы тұрғыда инновациялық жобалар іске асырылғаны жөн. Мұндай кәсіпорындардың санын арттырсақ, өзімізде қанша жұмыс орындары ашылар еді? Соған орай мамандар тәрбиеленетіні даусыз. Жаңа өнімдерді алу үшін ғалымдарымыз құлшына жұмыс істер еді. Өзіміздің мұнайымыз бен қазба байлықтарымызды, бидайымызды, етіміз бен сүтімізді жан-жақты өңдеп, дайын өнім түрінде шығарғанымыз дұрыс. Өйткені, біздің өнімдеріміз экологиялық, табиғилық жағынан алғанда әрқашанда таза әрі сапалы екені анық. Ол әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие болатынына сенімдіміз. Бәсекеге қабілетті және табиғи өнімді шығаруымыз керек. Елбасының берген тапсырмалары мен алға қойған міндеттері осындай. Сондықтан ҮИИДБ-нің біздің экономикамыз бен қоғамға, әлеуметтік жағдайды жақсартуға қосатын үлесі айтарлықтай. Сондай-ақ, әлемдік экономикада өз елімізді танытуда рөлі айрықша. Қазір, сүт өнімдері дайын ұнтақтардан жасалатыны жөнінде жиі айтыла бастады. Ол ұзақ сақталады әрі тасымалдауға оңай. Барлық дүкендердің сөрелерінде толып тұр. Бірақ осы ұнтақтан жасалған сүт өнімі экологиялық таза, сапалы сүтті нарықтан тықсырып бара жатқан сияқты. Тұрғындар бастапқыда білмеген шығар немесе өзіміздің таза өнімдеріміз аздық еткен шығар. Ал қазір біздің өнімдеріміз жеткілікті. Өркениетті елдің адамдары тауардың бағасына емес, оның құндылығына, тазалығы мен табиғилығына қарайды. Қазақстан таза өнім шығарады. Бізде кейбір елдердегідей гендік түрлендірілген өнімдер пайдаланылмайды. Сондықтан өзіміздің, балаларымыздың денсаулығын ойлайтын болсақ, көзқарасымызды өзгертіп, отандық өнімді алуымыз керек. Бізде сүт те, ет те, айран да, қаймақ та, ірімшік те – бәрі бар. Мысалы, сүт неше күн сақталатынын баршамыз жақсы білеміз. Ал шетелден келген өнімнің қанша уақыты тасымалдауға кетеді, қоймаларда және дүкен сөрелерінде қанша тұрады? Сондықтан алты ай сақталған сүтті ішкен қандай, екі-үш күндік сүтті ішкен қандай болатынын әр адам өзі ойлауы тиіс. Оның сапасы, дәмі қалай болатыны айтпаса да белгілі. Ет өнімі де сол сияқты. Бірнеше жыл мұз болып қатып жатқан еттің сапасы да, дәмі де болмайды. Және оның адамға калориялық пайдасы да жоқ. Қазір біздің өнімдеріміз сапалы шығып жатыр. Әрине, әлемдік нарыққа шығу үшін әлі де сапасын, өзіндік құнын жақсарта түсу керек. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың денсаулыққа пайдалы, таза өз өнімдерімізді тұтынуының маңыздылығын атап айтты. Осы орайда, қазір қоғамда отандық өнімді таңдау жөнінде жақсы бастамалар жүріп жатыр. Бұған бұқаралық ақпарат құралдары үлкен үлес қосуда. Әлемде экономикалық өзгерістер бір-бірімен тығыз байланысып жатады. Біз де нарық заңымен өмір сүрудеміз. Әлемдік дағдарыс тек бір ғана аймақты қамтымайды, экономика саласы бір-бірімен байланысты болғаннан кейін, мұндай үрдіс әр елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына өз әсерін тигізеді. Бірақ оған біз дайынбыз ба, дайын емеспіз бе, барлық мәселе осында жатыр. Қазақ «Сақтансаң – сақтайды» деп айтады ғой. Сондықтан біз мұндай жағдайда сыртқы әсерлерден өзіміздің экономикамызды, өндіріс орындарымызды, шағын және орта кәсіпкерлігімізді қолдау қажеттілігі туындайды. Оларды алдын ала сақтандыруымыз қажет. Өз өндірісімізді қалыпты деңгейден төмендетіп алмауға күш салғанымыз жөн. Ең болмаса, бұрынғы деңгейде ұстап қалғанымыз абзал. Мүмкіндігінше бір, тіпті, жарты қадам болса да алға басқанымыз дұрыс. Осы мәселені Елбасы айтып келеді. Қаржы дағдарысының алдын алу үшін, экономикамызды қорғау үшін Ұлттық қордан арнайы қаражат бөлінді. Оның қандай салаларға бағытталатынын Президент өз Жолдауында нақты көрсетіп берді. Елбасы «Нұрлы Жол» бағдарламасын ұсынды. Әлемде дағдарыс болып жатса, біз өзіміздің ішкі инфрақұрылымдарымызды дамытуды қолға алып отырмыз. Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің қарсы іс-шараларды қолға алғанымызды көрсетіп отыр. Елбасы айтқандай, дағдарыс – келеді, кетеді. Бірақ ұлт болашағы, ұрпақтар жалғастығы, мемлекеттің баяндылығы мәңгілікке қалады. Бұған дәлел Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсімі кезінде болашағы біртұтас ұлт, Мәңгілік Ел болу үшін халықтың алдында жария еткен ең өзекті бес ұлттық институттық бағдарламаны ортаға салғандығында. Аталған бағдарламада ел болашағының келешекте жарқын болуы үшін ең әуелі қазіргі заманға сәйкес кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заңның үстемдігі, әділ сот төрелігін жүргізу, индустрияландыру мен экономикалық өсім қажеттігі атап көрсетілген. Бүгінде біз қысқа мерзімде әлемге қазақстандық экономиканың ғажайып үлгісін көрсеттік. Қазір Қазақстан – Орталық Азиядағы экономикалық көшбасшы. Алдағы шешуші міндет – халқымыздың тұрмыс жағдайын жақсарту. Ол үшін түбегейлі құрылымдық реформаларды жүзеге асыра отырып индустрияландыруға негізделген экономикалық өсімді қамтамасыз етуіміз керек. Егер біз Елбасының қазіргі жүргізіп отырған көпвекторлы саясатын бүкіл халық болып қолдап, әсіресе, жоғарыда айтылған бес институттық реформаны және «Нұрлы Жол» бағдарламасын аса тиімділікпен орындап шықсақ, онда әлбетте Елбасы айтқан 2050 жылы 30 елдің қатарына қосылуымыз керек деген меже мезгілінен бұрын орындалатыны күмәнсіз.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты.