• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Қазан, 2015

Ғасыр проблемасына айналуы мүмкін мәселе

481 рет
көрсетілді

Бүгінде кәрі құрлықта босқын мәселесі ең өзекті болып отыр. Әсіресе, сириялық мигранттарды Еуропаның босағасынан аттатып, төріне жайғастыру қиындық тудыруда. Дегенмен, БҰҰ мен Еуроодақ осыған қатысты оң шешімдерді қарастырып, босып жүрген жандарды «жайлы жерге» орналастырудың ретін табуда. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун әлемде отанын тастап кезіп жүрген келімсектердің саны күн сайын артып барады дегенді алға тартты. Сондықтан да қаржы дағдарысымен қабаттасқан босқындар проблемасы Еуропаның еңсесін езуде дейді сарапшылар. Қалай дегенмен де ғасыр індетіне ұласып бара жатқан босқын мәселесін бір жақты ету керек. Мұны әлемдік сарапшылар айтуда. Таяуда өткен саммитте Еуроодақ пен Түркия бір жақты келісімге келді. Енді серіктестік аясында қос тарап осы елдегі келімсектер жа­йын оңтайлы шешуге ниетті. Ал Италия экономикалық құлдырау үстінде. Мұндағы орман шаруашылығы қыруар шығынға батты. Ел билігі ауыл шаруашылығын ілгерілетіп отырған зәйтүн ағашын жаппай жоюды қолға алды. Оған себеп аталған ағаш айықпас дертке шалдыққан.

Әлемдегі 60 миллион адам – босқын

Бүгінде 4 миллион адам Сириядағы дағдарыс кесірінен үйлерін тастап, босып кетті. Бұл туралы Италияда іссапармен жүрген БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мәлімдеді. Оның айтуынша, дағдарыс пен соғыстан қашқан жұрттың нөпірінен әсіресе көршілес Ливан, Иордания, Түркия мен Ирак аса қатты зардап шегуде. Әлемдік сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі кезде Ливан тұрғындарының төрттен бірі сириялық босқындар екен. Айта кетейік, Сирияда 2011 жылдан бері азамат соғысы жүріп жатыр. Елдің берекесі кеткен, биліктің халықты ұстап тұруға қауқары жете бермейді. Осының салдарынан 2 миллион тұрғын шұғыл гуманитарлық көмекке мұқтаж. Тағы жарты миллионнан астамы кәрі құрлық елдерінен саяси баспана сұрауға мәжбүр болып отыр. Жалпы, Еуроодақта мигранттарға қатысты туындаған ахуал Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең күрделі дағдарыстардың біріне айналуда. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун: «Бүгінде дүниені дүрбелеңге салған қаржы дағдарысы Сирия секілді елдерді қажытып тастады. Мемлекеттің халықты тұрмыстық қажеттілікпен қамтамасыз етуге қауқары да, қаржысы да жоқ. Жалпы, статистикалық дерекке сүйенсек әлемдегі 60 миллион адамды елін тастап, «кәрі құрлықты» кезіп жүрген босқын деуге болады», – деді. Ал мигранттар мәселесі Венгрия мен Хорватия арасындағы қарым-қатынасты тоқтатты. Қазіргі таңда Венгрия билігі хорватиялықтар үшін шекарасын тас қылып жауып тастады. Бұл – елге ағылып келіп жатқан мигрант­тардың қарасына төтеп беру үшін жасалған шара. Есесіне билік шекарада екі транзиттік аймақ құрғаны туралы мәлімдейді. Мұнда мемлекеттен саяси баспана сұрағысы келген босқындар еш кедергісіз тіркеуге тұра алады. Айта кетейік, қыркүйектің ортасында Венгрияда жаңа көші-қон ережелері күшіне енген-ді. Сондықтан да ел аумағына заңсыз өткен келімсектер шұғыл түрде қамауға алынып, қылмыстық жауапкершілікке тартыла бастады. Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері бұл елге 383 мың босқын бас сауғалап келген екен.

Еуроодақ Түркиямен серіктестікке қол жеткізді

«Еуромарш-2015» Брюс­сель­ге жетті. Ереуілшілер Испания, Франция, Люксембург арқылы өтіп, енді Бельгия астанасына табан тіреп отыр. Қазіргі кезде 600-ге жуық белсенді Еуроодақтың қатаң саясатына қарсы. Бұған қоса олар босқындарға көмек және АҚШ пен Еуроодақ арасындағы еркін сауда мәселесін күн тәртібіне шығаруды талап етуде. Жалпы, акцияға қатысушыларды солшыл саясат ұстанған партиялар мен Еуропа одағы елдерінің кәсіподақтар федерациясы да қолдап отыр. Осылайша белсенділер Еуроодақтың саммиті өтіп жатқан ғимаратқа баса-көктеп кіргісі келді. Бірақ, бұған тәртіп сақшылары жол бермей, 104 адамды қамауға алды. Оның 30-ы испаниялықтар. Сарагоса университетінің профессоры Педро Арройо «Ондаған жыл бойғы жұмыс текке кетейін деп тұр. Яғни, қоршаған ортаны қорғау, өндіріс климатын бақылау сияқты мәселелер шетте қалуда. Сондықтан, еркін сауда жөніндегі заңдарды қайта қарау қажет», – дейді. Ал Бельгия ұлттық кәсіп­одағының бас хатшысы Фелипе ван Kейрсбилк: «Қазір заң құпия күйінде дайындалуда. Тіпті, оның мәтіні Еуропарламентте де оқылмайды. Сондықтан, мәселені жан-жақты қараған дұрыс сияқты. Әйтпесе, көптеген қиындыққа әкеліп тірейді», – дегенді алға тартуда. Қалай дегенде де белсенділер әлемді шарпыған қаржы дағдарысы мен босқындар мәселесіне алаңдаушылығын білдіріп отыр. Ал Еуроодақ саммит қорытындысы бойынша босқындар мәселесін шешу үшін Түркиямен бірлесе жұмыс істеуге көшті. Сондай-ақ, саммит отырысында пайда көздеп келген «экономикалық мигранттарды» отанына қайтару және босқындар мәселесімен айналысатын «Фронтэкс» агенттігінің құзырын күшейту жайында шешім қабылданды. Қазірде мигранттарды шекарада тіркеп, оларды Еуропа елдеріне бөлетін 6 орталық бар. Мұның бәрін Франция, Ұлыбритания және Германия қадағалайтын болды. Еурокомиссия төрағасы Жан Клод Юнкер Түркия мен Еуроодақ арасында визасыз қатынау мүмкіндігін жылдамдататынын жеткізді. Бұл – бірінші кезекте босқындар мәселесін шешуге бағытталған қадам. Жан-Клод Юнкер «Түркиямен серіктестік орнату біз үшін тиімді. Біріншіден, осы елдегі көптеген мигранттар сол мемлекетте қалмақ. Екіншіден, босқындар арасында қылмыскерлердің Еуропа елдеріне өтуіне тосқауыл болу. Бізге босқындар мәселесін шешу үшін 2,3 млрд. еуро жеткіліксіз», – деді. Ал Еуроодақ президенті Дональд Туск: «Біз маңызды келісімге жетіп отырмыз. Түркиямен арадағы көптеген келіссөздерден кейін осындай серіктестікке қол жетті. Енді босқындар мәселесін шешу әлдеқайда жеңілдейтіні даусыз», – деп ағынан жарылды.

Италия билігі ормандардағы ауру ағаштарды жоюға кірісті

Кәрі құрлық, оның ішінде босқындар мәселесіне төтеп бере алмай еңсесі езілген Италия енді тіптен қиындыққа душар болып отыр. Олай дейтініміз, елдің экономикасының бір бөлігін алға сүйреп келген орман шаруашылығы құлдыраудың алдында тұр. Тарқатып айтар болсақ, Италиядағы қауіпті бактериялар зәйтүн тоғайын тұтасымен жалмап барады. Әзірге әлем бойынша бұл індетке ем табылмай тұр. Амалы құрыған жергілікті билік жазылмас ауруға шалдыққан ағаштарды біржола құртуға мәжбүр. Бірақ үкіметтің бұл шарасына шаруалар наразы. Италияның оңтүстігіндегі тоғай ішінде бірнеше күннен бері араның дауысынан құлақ тұнады. Билік миллионнан астам зәйтүн ағашын отап жатыр. Өсімдіктер «зәйтүн алапесі» деп аталып кеткен жаман індетке шалдығыпты. Олардың біразының жайқалып тұрғанына бір ғасырдан асқан. Шаруалар ежелгі ағаштарды аман алып қалу үшін барын салуда. Стефано Тревизи есімді шаруаның пікірінше, қасиетті ағашты кесуге болмайтын көрінеді. Ол: «Бұл зәйтүн талын құртуға ешкімнің құқы жоқ. Кімді жіберсеңдер де мен бұл ағаштан бір елі де ажырамаймын. Ол бәріне керек. Италияда зәйтүн майын өндіру соңғы 2 жылда 30 пайызға төмендеді. Ағаштардың түбіне шіркейлер мен бактериялар жетуде. Осының кесірінен зәйтүн майының бағасы 30 пайызға қымбаттады», – дейді. Ал зәйтүн тоғайының иесі Джованни Салиа: «Ағаштарды кескенмен мәселе шешілмейді. Оларды емдеу керек. Ағашты жою – адамзатты жойғанмен бірдей. Мына сұмдықты жасауға тапсырма бергендердің не ойлағанын мүлде түсінбеймін. Кәсіпкерлер зәйтүн майының бағасы әлі өседі деп санайды. Мен осыған сенемін», – дейді. Сондай-ақ, сарапшылар бұл кері үрдіс бірнеше жылдан бері дағдарыстан шыға алмай отырған Италия экономикасын одан әрі тығырыққа тірейтін болады дегенді айтуда. Себебі, бұл ел зәйтүн майын өндіру бойынша әлемдегі жетекші орынға ие. Тіпті, мемлекеттік елтаңтабада да зәйтүн ағашының бұтағы бейнеленген. Осылайша амалы таусылған Италия билігі шаруалардың қарсылығына қарамастан тәуекелге бел буып, ормандарды өртеуге кірісті. Топтаманы дайындаған Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан».