• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2015

ҰЛЫ ДАЛА АТАУЛАРЫ

8655 рет
көрсетілді

Халқымыздың ықылым заманнан бергі мәдени мұрасының бір сарасы жер астында сақталып келсе, екінші бір тобы жер бетінде, ашық аспан астында жарқырап тұрғаны баршаға аян. Біздің заманымыздан бұрынғы V- ІV ғасырларға тән «Алтын адам» және ожауға жазылған жазу археологтардың Есік қаласы маңайындағы Жуантөбені қазғанда табылса, Шығыс өлкеміздегі Берел қазба байлық ескерткіштері, Атырау облысындағы қорғанды қазғанда табылған «Алтын адам», Орталық Қазақстандағы қола, тас дәуірлеріне тән алтын дүниелер, түрлі мәдени бұйымдар жер астында сақталған жәдігерлер болса, жер беті, ашық аспан астындағы мәдени жәдігерлер де аз емес. Оған біздің дәуіріміздің бас кезіне тән Аягөз маңайындағы Қозы Көрпеш-Баян сұлу кесенесі, V-VІІІ ғасырларға тән және Талас, Сырдария, Іле өзендері бойынан, Қазақстан Алтайынан, Қарқара жайлауы және Жамбыл облысынан табылған көне түркі жазба ескерткіштері, Іле бойындағы Таңбалытас астроглифтері, Ұлытаудағы ХІV-ХV ғасырларға тән Жошы хан, Алаша хан, Болған ана, Домбауыл, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи, Арыстанбаб, Рәбиға Сұлтанбегім, Жамбыл облысындағы Дәуітбек, Айша Бибі, Қарахан, Бабажы Қатын, т.б. кесенелер қаншама?! Осылар тәрізді жер бетінде моншақтай шашылып жатқан мәдени ескерткіштің бір тобы, жер-су атаулары – халық тілі байлығының қайнар көзі, ғасырларға тән асыл қазынасы болып табылады. Біздер, кәсіби маман – ономастар ол атауларды бейнелі түрде «жер тілі» деп те атай береміз. Осы жер-су атауларының құрамында ежелгі заманғы, яғни біздің дәуірімізге дейінгі атаулар, ерте ортағасыр, ортағасыр, кейінгі ғасырларға тән атаулардың бары анықталып отыр. Тарих атасы Геродоттың жазуы бойынша, б.д.д. V ғасырдағы Каспий теңізі атауы болғанын білсек, сондай-ақ Арал теңізі, Сырдария, Алтай, Хантәңірі, Ертіс, Есіл, Іле, Орал, Қарқара, Қарқаралы, Жайық, Арыс, т.б. атаулардың да көне дәуірден барын көреміз. Демек, батысы Каспий теңізінен шығысы Алтайға, оңтүстігі Орта Азия, солтүстігі Ресей Федерациясымен шектесіп жатқан ұлан-ғайыр, кең-байтақ шексіз даламыздағы атаулар мың сан, тіптен сансыз көп. Мұның бәрі – біздің атамекен, атажұртымызға тән тарихи-мәдени жәдігер, қымбат та құнды асыл мұра. Атажұрт, атамекен өте кең ұғым. Халқымыздың атам заманнан бері мекендеп, суын ішіп, өсіп-өніп, өмір сүріп келе жатқан кең жазира жері. Оның айдын-шалқар көлдері мен мөп-мөлдір бастау қайнарларының, кең-байтақ, ұлан-ғайыр даласының атау­лары – халық тарихы, қоғам өмірімен біте қайнасып, ғасырдан ғасырға ұласып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, кейінгі буындарға мирас болып отырған мәдени мұра, өшпес шежіре, халықтың шынар ой, ұшқыр қиял, данышпандық зердесі мен ұлттық мінез-құлқы, барша болмыс-тірлігінің көрінісі. Мәдениеті мен ғылымы кемелденген өркениетті халықтар көне тарихының сыр-сипатын ашуға, оны танып-білуге септігін тигізер құнды мұралардың ешбірін назардан тыс қалдырмай, мейлінше құнттап, зерделей зерттеп, ғылым елегінен өткізіп отырады. Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу сыры бар. Осы орайда халқымыздың абзал ұлы, кемеңгер ғалымы Ш.Уәлихановтың: «Көне түркі салт-сана, әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланысты жер-су атаулары, адам аттары, тағы да басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады», – деген ұлағатты ойы еріксіз еске түседі. Олай болса, осынау қасиетті де құдіретті ұлы даламыз тұтас бір шежіре – оның беті құпиясы әлі толық ашылмаған сырлы кітап, ғаламат маржан сөз. «Жері байдың – елі бай» демекші, халқымыздың пешенесіне біткен жомарттық пен мәрттік, кеңпейілдік пен абзал адалдық куәсіндей жеріміз де – кең-байтақ, ұлан-ғайыр, ғажап та сұлу, көркем. Жер тарихы – ел тарихымен, оның қасиетті ана тілімен етене тығыз байланысты. Осы жайтқа жіті көз жіберіп, бар болмысы, жан-тәнімен сезінген Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің 1998 жылы нау­рыз айында зиялы қауым алдында сөйлеген сөзінде жер-су аттарының тарихилығы мен көнелігіне ерекше мән беріп, оны жинап зерттеудің бүгінгі мемлекетіміздің сая­си стратегиясы үшін де маңызының зор екендігін атап көрсетті. «Әрбір азамат тарих қойнауына тереңдеу арқылы өзінің ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын», – деп баса айтты. Еліміздің жер-су атауларын, ғылыми тілмен айтқанда топонимиканы зерттеп жүрген ғалымдар үшін бұл аса құнды пікір. Қазақ ономастикасының бір бөлігі саналатын жер-су аттары (топонимдер) ғасырлар жәдігері, мәдениетіміз бен тарихымыздың құнды қазына байлығы, мәдени мұрамыздың бір бұлағы деп айта аламыз. Республикамызда тек қана өзен аты 85 мың болса, көл аттары 50 мыңның үстінде. Олардың ең ірілері: Балқаш, Алакөл, Сасықкөл, Теңіз, Марқакөл, Зайсан, Шалқар, Индер, Қарасор, Шортанды, Шабақты, Үлкен Шабақты, Бурабай, Сілеті теңіз, Құсмұрын, Шағалалы теңіз, Үлкен Қарой, Сарықопа, Арыс, Ертіс, Есіл, Іле, Сырдария, Жайық, Кеңгір, т.б. Ал, қалалар мен кенттер, ауыл, село атауларымен қатар физика-географиялық атаулардың шамадан тыс мол екені баршаға мәлім. Топонимдердің шығу, пайда болу тарихы, ең алдымен халық тілінің байлығына, әрбір тарихи дәуірдегі қоғамдық өмірдің құрылысына, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, ел-жұрттың кәсіби тірлігіне, мемлекеттің дамып өсуі мен елді мекендердің жан-жағынан артып, молая түсуіне тікелей байланысты болып отырады. Жеріміздегі мыңдаған атаулардың шығу, пайда болу, дамып өсуі бір ғана дәуірге тән емес, талай ғасыр, тарлан дәуірлердің куәсі, біздің заманға жеткен бай қазына, асыл мұрасы. Қазіргі қазақ жерінде сан-қилы тарихи оқиғалардың болып өткені, бұл қасиетті де, құдіретті жерімізді талай ұлыс, тайпа, ел, халықтың мекендеп, мемлекет құрып, ғұмыр кешкендігі тарихтан мәлім. Біздің дәуірімізге дейінгі гидронимдер мен оронимдер – теңіз аттары: Каспий теңізі, Арал теңізі; өзен аттары: Арыс, Талас, Сырдария, Ертіс, Есіл, Іле, Кеңгір, Шу; тау аттары: Хантәңірі, Қаратау, Қазығұрт, Қарқара, Қарқаралы, Күршім, Тарбағатай, Маңырақ, т.б. Ерте орта ғасырға тән жер-су аттары: Тараз, Екіөгіз, Қаялық, Суяб, Сығанақ, Сауран, Орал, Талкиз (Талғар), Сарығ, Кермен, Кеш, Торғай т.б. Ортағасырлық жер-су аттары: Құлан, Отырар, Созақ, Сайрам, Сүткент, Жайық, Теке, Аспара, Шымкент, Түркістан т.б. Жоғарыда көрсетілген жер-су аттарының мағыналары қазіргі тіліміздің лексика-морфологиялық табиғаты жағынан түсінікті әрі мағынасы айқын сияқты көрінеді. Мәселен, Алакөл – «ала-құла көл», Хантәңірі – «тәңірі хан», Қаратау – «қарайып жатқан тау», Ұлытау – «үлкен тау», т.т. Алайда, бұлайша талдап түсіну үстірт, жеңіл қарау болар еді. Өйткені, ондай ескі, көне атау­лар қазіргі түркі тілдерінің лексикалық әрі фоно-морфологиялық заңдылығына бағы­на бермейді. Сондықтан ондай атауларды та­рихи-салыстырмалы және тарихи-типо­логиялық жолмен зерттеу нәтижелі болмақ. Жазба деректер мен археологиялық қазба материалдар – өткен дәуірдің орта ғасырында қазақ жерінде тұрақтар мен елді мекен және қала, қалашықтардың көп болғанын растап отыр. Оның негізгі себебін Орта Азия халықтары өмірінде көшпенділікпен қатар отырықшылықтың да болғаны кеңінен дәлелдей түседі. Тарихшылардың баяндауынша: «Отырықшылдық пен қала өмірінің даму қарқыны қазақтың барлық жерінде бірдей болмады. Сырдария мен Талас, Шудың оңтүстік аудандарында қалалардың дамуы әсіресе V-VІІІ ғасырларда үдей бастады». Қазақстанның көне дәуір қалаларының аттарын зерттеу, лингвистикалық тұрғыдан талдаудың тарихи-географиялық әрі этнографиялық мәні мен маңызы аса зор. Қазақстан тарихында Х-ХІІ ғасырлардағы ортағасырлық қалалар мен кенттердің қалыптасу жайы толық сипатталып, Қазақстанның ұлан-ғайыр даласы бірнеше табиғи-шаруашылық зонаға бөлініп қаралады. Олардың әрқайсысындағы қала тірлігінің, оның тарихының өзіндік ерекшеліктері болғаны да тарихымызда жете айтылады. Қазақстанның көне топонимдері тарихи лексика материалдары ретінде де, аса құнды да бағалы. Әсіресе, қазіргі рес­публика аумағында замандар бойы түрлі этникалық топтардың өмір сүргендігін, ал ономастикалық материалдар олардың тілдерінің қалдықтары ретінде біздің заманымызға жеткендігін, сол тілдердің құпия сырларын ашуға септігін тигізетін аса зор деректер болып саналатынын анық көреміз. Қазіргі топонимдер құрамында қазақ тілі материалы тұрғысынан талдауға көнбейтін, әдеби тіл нормасында жоқ лексикалық қабаттар жиі ұшырайды. Ондай топонимдердің кейбіреулері тарих атасы Геродот, Страбон, К.Птолемей, т.б. кездессе, басқалары V-VІІІ ғ.ғ. көне түркі жазба ескерткіштерінде, енді біреулері біздің дәуірімізден бұрынғы үйсін, қаңлы тілдеріне тән болып келеді. Бұндай атаулар қытай халқының «Ханнама», «Үйсіндер тарауы», «Тарихнама» сияқты атақты тарихи ескерткіштерінде бар. Ресейдің қытайтану ғылымының негізін қалаушы синолог-ғалым Я.Бичуриннің «Орта Азия байырғы ұлттарының тарихи материалдары» атты белгілі еңбегі, француз тарихшысы Хоутсма «Ханнама» мен «Тарихнамадағы» Батыс өңірлерін аударып, ондағы ономастикалық материалдарды көрсетсе, жапон оқымыстысы Ушида Канпу, т.б. ғалымдар біріге отырып, қытай тарихи кітаптарындағы Батыс өңір тарауларын аударып, түсінік жасап, баспадан шығарды. Міне, осылардың бәрінде де түркі атаулары, оның ішіндегі қазіргі қазақ халқын құрап отырған ертедегі ірі тайпалар: үйсін, қаңлы, қыпшақ, арғын, алшындар туралы, оларға тән ономастикалық материалдар көптеп келтіріледі. Біздің дәуірімізге дейінгі топонимдердің көпшілігі тау, теңіз, өзен, көл атаулары болса, кейбіреулері қала аттары ретінде ұшырайды. Мәселен, Алтай, Қаратау, Қазығұрт, Ұлытау, Алатау, Каспий теңізі, Арал теңізі, Балқаш көлі (бұрын Көк теңіз аталған), Ертіс, Арыс, Талас, Іле, Есіл, Сырдария, Ойыл, Қиыл, Тобыл, Жайық, Ембі (Жем), Хантәңірі, Талғар, Шығу, (Чегу), Тараз, т.б. Сол атаулардың қай-қайсысы болса да тіліміздің тарихы, мәдениеті мен этнология, тарих мәселелері жөнінде көптеген құнды деректерге ие. Олардың құрамында қазіргі әдеби тілімізде кездеспейтін, мән-мағынасы ұмыт болған, мүлдем құпия сырға айналған ескі сөздер мен тұлғалардың ізі сақталған. Халқымыздың өткен дәуірдегі тарихын, көрші елдермен жасаған мәдени қарым-қатынас және әдет-ғұрпын танып білуде де бұлардың атқарар рөлі аса зор. Өйткені, ол атаулардың бәрі – халық тарихы, қоғам өмірімен, адамдардың жеке басы, іс-әрекетімен біте қайнасып, кейінгі буындарға мирас болып отырған мәдени мұра, өшпес шежіре, халықтың шынар ой, ұшқыр қиял, данышпандық зердесі мен ұлттық мінез-құлқы, барша болмысының көрінісі. Әсіресе, қазақ хандығының құрылуынан бастап 550 жыл бойы дамып қалыптасқан миллиондаған жер-су атаулары зор байлығымыз. Орасан бай жер-су атауларының «жер тілінің» тілдік табиғаты жағынан басым тобы ана тіліміздің байырғы сөздерінен қойылған атаулар болса, екінші бір легі басқа тілдер сөзінен жасалған атаулар. Алайда, қазақ жер-су атауларының құрамында физикалық-географиялық атаулар тым басым. Әсіресе, тау, жота, қыр, қырат, асу, бел, белес, кезең, төбе, төбешік, шоқы, көл, көлмек, көлшік, өзен бастау, қайнар, тұма, бұлақ атаулары мыңдап емес, миллиондап кездесері хақ. Ал елді мекен атаулары ойконимдер де аз емес. Осыншама мол жер-су аттарының шығу, пайда болу жайлары мен мән-мағыналары бұл шалқар далада ерте замандардан қандай ру, тайпалар мекендеген деумен қатар, қазақ ру, тайпалары бұл жерлерде қашан, қай заманнан бастап өмір сүрген деген мәселелер де зерттеу нысанынан шет қалған емес. Өйткені, жер-су аттары – халық тілі мен мәдениетінің кемел байлығы, мәңгілік тарихи мұрасы. Олар ана тіліміз бен ұлттық тарихымыздың сыр-сипатын, халқымыздың этномәдени құбылыстарын тереңдей зерделеп зерттеу үшін де аса қажетті, өте қымбат та құнды дерек болары сөзсіз. Жер-су аттарының шығу, қалыптасып дамуында лингвистикалық факторлармен қатар табиғат құбылыстарының, жер бедері мен көрік-келбетінің ерекшелік сипаты, бейне көріністері, қоғам өміріндегі тарихы, әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің жай-жапсарлары тайға таңба басқандай анық та айқын көрініс береді. Олар өткен өміріміз бен тірлік-болмысымыздың рухани байлығына тән мәдени ескерткіш ретінде ғана құнды емес. Заман ағымына сай толысып, жаңарып қазіргі өмірімізде де ерекше қызмет атқаруда. Жеріміздегі парсы, араб тілдеріне тән атаулардың сақталуы ерекше назар аудартар жайт. Ол атаулар аса көп болмағанмен, кейбір облыстардың жер-су атаулары құрамында ұшырап отырады. Тілімізге енген араб тілі сөздерінің жалпы мөлшері зерттеушілердің пайымдауы бойынша 15-20 пайыз болса, оның ішінде өте басым тобы – кісі есімдері, ал жер-су атаулары мүлдем аз. Өйткені, жергілікті тұрғын қазақ жұрты өзі өмір сүріп жатқан мекеніне өз тұсынан араб атауларын қоймаған. ХІІІ-ХІV ғ.ғ. моңғол үстемдігі заманын­дағы моңғол атаулары, ХVІІ-ХVІІІ ғ.ғ. қалмақ тіліндегі жер-су атауларының ұзын-ырға саны қазақ жерінде мүлдем жұтаң. Белгілі ғалым Ғ.Қоңқашбаевтың зерттеуі бойынша моңғол тіліне тән атаулардың бар-жоғы екі жүзден артық емес. Ал қалмақ атау­лары аз ғана, бар-жоғы жүзге жетер-жетпес. Ал славян тілдеріне тән атаулардан сақталғандардың басым көбі – орыс тілі сөздерінен жасалған атаулар, олар негізі­нен антропотопонимдер (яғни есім-фами­лиялардан қойылған елді мекен аттары) болса, украин тіліне тән деген атаулар тым сирек. Орыс тілдік топонимдер орыс шаруаларын Қазақстанға ХІХ ғасырдың 60-жылдарында қоныс аударумен, одан кейінгі жылдар патшалық ресейдің отарлық саясаты негізінде жүзеге асса, кеңестік дәуірде оның идеологиясына сай үдей түсті. Әсіресе, Қазақстанда тың жерлерді игеру саясатымен байланысты келімсектер саны әлденеше миллионға жетіп, колхоз, совхоз, аудан, село, қала атаулары көбейе түсті. Тың жерді игерудің 25 жылдық мерекесінде «Наука мира» атты журналда 3,5 мың орысша жаңа атау қойылғанының мақтаныш болғаны белгілі. Осыншама ұлан-ғайыр жерімізді Шығыс пен Батыс, Еуропа мен Орта Азияны жалғастырған әйгілі Жібек жолы да басып өтті. Сөйтіп, әртүрлі сенім мен нанымдағы халықтар мен ұлыстар бұл өлкеге келіп, сауда-саттық жүргізіп, өз тілдерінде сөйлеп, мәдени қарым-қатынас жасады. Бұл жағдай жергілікті халық тіліне әсер етіп – жер, адам, ел аттарының қойылуына да ықпал етпей қоймады. Әрбір атаудың шығу, пайда болуы мен тек-төркіні, олардың бастапқы мән-мағыналарын анықтау мәселелерін тарихи-салыстырмалы, салыстырмалы-типологиялық тұрғыдан зерделей зерттеп, мән-мағыналары көпшілікке түсініксіз, тіптен мүлдем белгісіз атаулардың құпия сырын ашу көпшілік қауымды қызықтыра түсері сөзсіз. Осымен бірге жер-су аттарының қолданылу аясы, оның қоғамдық қызметі, мемлекеттік мәні де келелі мәселе екені белгілі. 2012 жылғы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауында белгіленген «Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлығы» басымдылығында белгіленген іс-шараларға еліміздің мыңдаған елді мекен, өзен-су, т.б. атауларын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сауатты таңбалау алға қойылды. Осы жұмысты бірізділенген стан­дарттық жүйеге енгізудің ғылыми прин­циптерін айқындау мақсатымен ономас­тика бөлімі 2013-2015 жылдарға жоспар­ланған «Қазақстан Республикасының оно­­мас­тикалық атауларын ұлттық және халық­аралық стандарттаудың ғылыми прин­цип­тері» атты жоспарлы жұмысты дер кезінде аяқ­тау барысында қажырлы еңбек етуде. Оно­мастика бөлімінің қызметкерлері күні бұрын ойластырып қойылған ұлы мақ­сат – аса қажетті еңбекті орындауға жұмы­ла кіріс­пек. Ол мақсат – еліміздің Тәуел­сіз­дігі­нің 25 жылдық мерекесіне «Қазақстан Рес­­пуб­ли­­ка­сының топонимдері. Топонимия Рес­пуб­­­лики Казахстан» атты көлемді еңбекті тарту ету. 1990-2015 жылдар аралығында мемлекеттік ономастика комиссиясы тарапынан жүздеген тарихи атаулар қалпына келтіріліп, жұмысшы кенттері мен ауыл, село, теміржол бекеттерінің атаулары өзгертіліп, кейбір нысана аттары жаңадан аталып, олардың орысша транскрипцияларының түзетілуі жайындағы тұжырымдамалары негізінде Президент Жарлықтары және Үкімет қаулыларымен бекітілді. Олар бұл кітапта тұтас қамтылып, өзгеріссіз берілмек. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы «Егемен Қазақстан» газеті бетінде С.Абдрахмановқа берген сұхбатында, кейіннен жарық көрген «Өмір өткелдері» атты кітабында жер-су атаулары жайында: «Қазақстандағы барлық жер атауларының сөздігін шығарып, қай атау қандай жағдайда, қандай мағынамен қойылған, ол сөздің түпкі төркіні қандай болған дегенді ғылыми тұрғыдан анықтап көр­сету керек. Жеріңе қойылған ат елің­нің ұрпақтарға қалдырып кеткен хаты сияқ­ты ғой», деуі өте орынды ойтолғам. Өйтке­ні, жер-су атаулары – халық тілі мен мәдение­тіміздің кемел байлығы, мәңгілік тарихи жәдігері, асыл мұрасы. Ана тіліміз бен ұлттық тарихымыздың сыр-сипатын, халқымыздың этномәдени құбылыстарын тереңдей зерделеп зерттеу үшін де аса маңызды, өте қымбат та бағалы дерек көзі екені даусыз. Олай болса, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ономастика бөлімінің қызметкерлері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бұл тапсырмасын бұлжытпай орындауға, барша күш-жігер, білімін салып кірісуге сақадай-сай екендігін білдіреді. Телғожа ЖАНҰЗАҚОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор. АЛМАТЫ.