• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
31 Шілде, 2010

Асқақтады Асыда жайлау әні

1139 рет
көрсетілді

Бұрындары жаз шығысымен төрт түлік өсірген малшы қауымы көш түзеп, шалғыны белден келетін, таза ауа мен тұнық сулы тауды жағалайтын еді. Нарықтың өтпелі кезеңінде олар осы үрдістерінен жаңылып, шамасына, көрпесіне қарай көсілді. Қиындыққа қарамастан, бірін екі етсе, соңғы жылдары мал саны өсіп, өріс талғайтын, шұрайлы жайылым іздейтін кез де келіпті. Демек, шөбі шүйгін жайлау төрі олар үшін таптырмайтын мекен болған­дық­тан жаз қызығы осында жалғасуда. Той – қазына, дейтін хал­қы­мыз осы кезде бас қосып, қыстан аман-есен шыққанын, өрісі малға толғанын атап өтетін дәстүрлі жайлау тойын мерекелейтіні бар. Еңбекшіқазақтық малшылардың осындай мерекесіне биыл Талғар ауданындағы әріптестері де қо­сылыпты. Асы жайлауындағы шо­пандар кеңесіне облыс әкімі Серік Үмбетов, Парламент Мәжі­лісінің депутаттары мен бауырлас Түркия елінен келген бір топ қонақтар қатысып, оның мерейін әрлендіріп, тау бөктері қызық-тамашаға толды. Аудан орталығынан 80 шақы­рым қашықтықтағы жол күрделі жөндеуден өтіп, қатынас жақсар­ған. Жайлау төрінде 240 мыңнан астам қой-ешкі, 40 мың ірі қара, 15 мың жылқы бағылып, күтілуде. Елбасының тапсырмасына сай ха­лықты азық-түлікпен қамтама­сыз ету бағытындағы жұмыс жан­данып, мал басын өз төлі есебі­нен өсіру бағытындағы жұмыс­тар­дың тиянағы келтірілуде. Сон­дықтан да болар жиын бары­сын­да агроөнер­кәсіптік кешенді да­мы­тудағы еңбек өнімділігін арт­тыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен экспорттық әлеуетті жетілдіру бағытындағы жұмыстардың тияна­ғы келтіріл­ге­ні сөз болды. Өткен жылы сала­да­ғы жалпы өнім 220 млрд. тең­гені құраған. Ал, биылғы 6 айда 63 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, әр жүз аналықтан ай­тарлықтай төл алынғаны да та­быстың тай қазаны тасығанының дәлелі. Қазіргі кезде өңірде түлік санына шаққанда асыл тұқымды малдың үлесі артып, қолда бар тұқымның генофондын сақтауда да нәтижелі жұмыстар қолға алын­ған. Атап айтқанда, өңірде 152 асыл тұқымды мал шаруа­шы­лығы жұмыс істейді. Саланы да­мы­туға мемлекеттен жанды көмек көрсетіліп, биылғы жылы аталған салаға республикалық бюд­жеттен 302,3 млн. теңге көлемінде субси­дия бөлу көзделіпті. Оның 242,1 млн. тең­­ге­сі асыл тұқым­ды мал сатып алуға, 42,4 млн. теңгесі асыл тұқымды бала­пан шығаратын жұ­мыртқа алуға, 17,8 млн. теңгесі ірі қара малын ұрықтан­ды­руға жұмсалмақшы. Биылғы жылы мал өнімдерін жақ­сар­тып, сапасын арт­тыруды субси­дия­лауға рес­пуб­ликалық бюджеттен 3 млрд. 859,4 млн. теңге қарастырылса, оның тең жар­тысы игерілгені қуантады. Мұн­дай же­ңіл­дікті “Адал”, “Ай­дар­баев” ша­руашылықтары пай­да­ланып, бү­гінде тұтынушы тала­бын қанағат­тан­дырып отыр. Нә­тижесінде ет пен сүттің көпшілігі өңдеуден өткізіліп келеді. Өңірде тауарлы сүт фермасы, балық өң­деу зауы­ты, сүт қабылдау мен көк­өніс, жеміс-жидек қоймалары, тағы басқа орындар жұмыс істеп тұр. Осындай іргелі істерді өз сө­зіне арқау еткен облыс басшысы мал шаруашылығын өркендету­дегі өзге де маңызды мәселелерді егжей-тегжейлі ортаға салды. Жиында аудан әкімі Әлихан Тойбаев, Қаражота селолық ок­ругінің әкімі Әбілбек Айтақынов, шаруа қожалығының басшысы Бешен Доғалов және басқалар Мемлекет басшысының мал шаруашылығын өркендетудегі алға қойған міндеттерін жүзеге асыру қажеттігін ортаға салып, кейбір мәселелерді де атап өтті. Көк майсалы жазықтағы дү­бір­лі тойды малшы қауым асыға күткені бірден байқалады. Қыстан аман-есен шығып, малын төлде­тіп, қырқымын өткізген жұрт бір-бірімен көрісіп, мәре-сәре. Шо­пандар қуанышын бөліскен Пар­ламент Мәжілісінің депутат­тары Уәлихан Қалижан, Зағипа Балие­ва осы өңірдің азаматтары болса да Асы жайлауына алғаш көтері­ліпті. Малшы қауымының бүгінгі жағдайын білген халық қалаулылары Жетісу жеріндегі мал шаруашы­лығының жақсарып, мал тұқы­мын асылдандырудағы жақсы іс­терді көздерімен көріп, байқаға­нын да жасырмады. Тәуелсіздігімізді ең бірінші болып қарсы алған елден шопан­дар мерекесіне депутаттар, әкім­дер мен кәсіпкерлер қатысты. Жер жаннаты Жетісудың тамаша табиғатына тамсана қараған қо­нақтар Түркияда мұндай мерекенің жоқ екенін айтады. Озат шопандардың еңбегін бағалаған облыс басшысы әріптес­терінен оза шапқандарды Құрмет грамотасы, Алғыс хат және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Ауыл шаруашылығын өркендетуде Қанат Үмбеталиев, Нұрлан Мұхамеджа­нов, Ұлдахан Құрманжанов және тағы басқа бір топ майталман­дар­дың маңдай тері арқасында аудан­ның ғана емес, облыстың көрсет­кіш­терін еселеудегі еңбектері ерекше аталды. Осыдан он жыл бұрынғы Асы­мен бүгінгі Асыны салыстыруға мүлдем келмейді. Өткен жылы қал­талы азаматтар шопандарға Алла­ның үйі – мешіт салса, енді олар бес уақыт намазын оқып, мінәжат етуде. Шопандардың төл мере­ке­сін­де жылжымалы поштаның жұ­мысы жанданды. Енді жайлаудағы жұрт хат-хабар алмасу үшін ауылға барып әуреленбейді. Арнайы автокөлік малшы қауымын аралап, қажет заттарын жеткізіп, өз қызметін ұсынады. Заман өзгеріп, ұмыт болған дүние­лердің жаңаша жаңғыруын шопанның ақ таяғын ұстаған ағай­­ын да құба-құп көруде. Мә­се­лен, 72 жастағы Құдайберген ақ­сақал­дың Асыда ата кәсіпті жал­ғастыр­ға­нына 55 жыл болыпты. Нәсібін ата кәсіптен айырған қария қыс­тау­ға, көктеуге, жайлауға шығып, күз­деуге келетін халқымыздың көш­пелі дәстүрін жалғастырған жан­дардың бірі. Жастарға айтары, үйретері мол тақуа жан. Қазақ халқының әр қуанышы­ның ажырамас бөлігі ұлттық ат спорты ойындары десек, жайлау төрінде ат жарыстырып, жүлдегерге бәйге тіккен ағайын палуан күрес­тіріп, көкпар тартысты. Тіпті, боз кілем үстіндегі үлкен мен кішінің күш сынасуының өзі қандай жа­расымды. Жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Қауым­ның қуанышын қазақ эстра­дасының жұлдыздары да еселей түсті. Олар биік сахнадан гөрі қа­лың жұрттың арасында ән айтуды жөн көргені де жарасымды еді. Малшылар кеңесін әр аудан өзіндік реңкімен, салтанатымен атап өтуде. Облыс басшысының мұндай тойды облыстық деңгейде өткізсек деген ойын малшы қауы­мы қолдады. Демек, жайлаудағы тойдың жалғасы бар. Ол Же­тісудағы еңбек майталмандарын біріктіретіні де анық. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.