• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
31 Шілде, 2010

Ата заң айшықтары

2046 рет
көрсетілді

АЗАМАТТАР ҚҰҚЫҒЫНЫҢ ТІРЕГІ Қазақ елі көптен күткен еркіндік кеңістігіне зор құлшыныспен әрі белсене қадам басты. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялап, 1992 жылдың соңына дейін бұл шешімді іске асыру кезеңдерін бастады. Терең талқылау, салиқалы сараптау барысында біртұтас Қазақстан азаматтығы, тәуелсіз экономикалық жүйе, қаржы-несие, салық және кеден мәселелері, Қазақстан Рес­пуб­ликасының мемлекеттік рәміздері белгі­лен­ді. 1992 жылы 4 маусымда мемлекеттің Туы, Ел­таңбасы, 11 желтоқсанда Әнұранның жаңа мәтіні бекітілген. 1992 жылы Қазақстан БҰҰ-ға мүше болып қабылданды, 29 қыркүйекте қа­зақтардың Бірінші дүниежүзілік құрылтайы ашылды. 1993 жылы қаңтарда тәуелсіз Қазақ­стан­ның тұңғыш Конституциясы қабыл­данды. Осыдан кейін Қазақстанның сырт­қы елдермен қатынасы күшейді. Ал 1995 жылдың наурызынан бастап егемендіктің тағы бір белесі басталды. Ол еліміздің Конституциялық Сотын танумен, Жоғары Кеңестің депутаттарының өкілеттілігіне қол сұғылмайтындығымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының ашылуымен ерекшеленді. 1995 жылы 30 тамызда Бүкілхалықтық ре­ферендум өткізіліп, нәтижесінде Қазақ­стан­ның жаңа Конституциясы қабылданды. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конс­титуцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы, оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге кел­ген сәттен бастапқы кепілді құқықтарына қа­тысты нормаларға байланысты болды. Бұл орайда Қазақстан Республикасының Прези­денті саяси жүйенің басты тұлғасы болып та­бы­лады және билік тармақтарынан жоғары тұ­рады. Сөйтіп, президенттік басқару жүйесіндегі мемлекет қағидаттарына сай Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады. Ағымдағы жылдың 30 тамызында тәуелсіз еліміздің Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толғалы отыр. Конституция – мем­ле­кеттің Негізгі Заңы. Ол ең алдымен елдегі адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтарын жариялайтын, оларға кепілдік беретін, елдегі әлеуметтік құрылыстың негіздерін, басқару мен мемлекеттік құрылымның нысанын, орталық және жергілікті билік органдарының негіздерін, олардың құзыреті мен өзара қарым-қаты­нас­тарын, мемлекеттік рәміздерді және астананы айқындайтын өкімдік акт. Актілердің немесе конституциялық рәміздердің жиынтығы – барлық басқа заң­дар­ға қатысты жоғары күшке ие Заң. Қазіргі кезде Пар­сы шығанағындағы кейбір абсолютті мо­нархиялық елдерде (Сауд Ара­бия­сында, Оманда) ғана конс­титуция жоқ. Конс­ти­туция мемлекеттің бастапқы саяси және құ­қықтық құжаты болып табылады. Ол қоғамның өмір сүруі­нің саяси нысанын, мемлекеттік орган­дар­дың жүйесін құ­рып, орнықтыратын, олардың қалыптасу тәртібі мен жұмыс істеу тәсілін белгі­лей­тін, азаматтың бос­тандықтары мен құ­қықтарын баянды ететін ұзақ мерзімдік қолданыстағы басты құжат. Бұрынғы Конс­титуцияда меже­ленген мақсатқа қол жет­кізілгенде, қоғам­ның алдына жаңа міндеттер қойылғанда ғана жаңа Консти­ту­ция қабылдау қажет­тігі туындайды. Кө­бі­несе Конституция қағидалары тікелей қолданыста болады. Тәуелсіз мемлекеттің жаңа Конституциясы­ның кіріспесінде Қазақстан халқының бос­тандық, теңдік мұраттарына адал екендігі паш етілген. Жалпы ережелер аталатын 1-бөлімде Қазақстан Республикасының стратегиялық ба­ғыты, демократиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуетті мемлекет құру негізделді. Сондай-ақ, жүзеге асыратын қызметтің негізгі қағидаттарын бекітті. Онда қоғамдық келісім, елдегі саяси тұрақтылық, елдің экономикалық дамуға бағытталуы қазақстандық патриотизм—отансүйгіштік, мемлекет өмірінің мейлінше маңызды мәселелерін демократиялық жолмен шешу қағидалары, мемлекеттік биліктің біртұтастығы мен тармақтарға бөлінуі, тағы басқалар айқындалған. “Адам және азамат” деп аталатын бөлімде адам мен азаматтың құқықтары мен бос­тан­дықтары баян етілген, азаматтық қатынас­тар­ды реттейтін нормалар мазмұндалған. “Пре­зидент” бөлімінде президенттік басқару ны­санындағы мемлекет болып табылатын Қазақ­стан Республикасындағы Мемлекет басшысы­ның немесе Елбасының мәртебесі мен құзырлы өкілеттігі жан-жақты сипатталған. Ал Парла­ментке қатысты бөлім Қазақстан Республи­ка­сының заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілдік органы – қос палаталы Парламенттің өкілеттігі, оның депутаттарын сайлау қағидалары және депутаттардың өкілет­тігі, құқықтық жағдайы мен мәртебесі, Парла­менттің ұйымдастырылуы мен қызмет етуі, таратылу мүмкіндіктері негізделген. “Соттар және сот төрелігі” бөлімінде мемлекеттік билік тармағының бірі болып табылатын тәуелсіз сот билігін жүргізу, сот төрелігін жүзеге асыру, сотта іс жүргізу нысандары мен сот жүйесі тұжырымдалған. Қазақстанның әр азаматы ҚР Конститу­ция­сын, оның ішінде өз құқықтары мен міндет­те­рін бұлжытпай орындауға міндетті. Алайда, нақты өмір ағымында негізгі заң талаптарын бұзушылық фактілері кездесіп жатады. Оның себептері де әртүрлі. Бірқатар азаматтар өз құқықтарын білмеуден сүрінсе, енді бір тұлғалар заң қағидаларын біле тұра оны бұзуға жол береді. Қандайда болсын, тәртіп бұзушылық, басқа да қылмыс жасаған адамдар сот орган­дарының алдында жауап береді. Елімізде қазіргі кезде қолданыстағы заң ережелерін орындамау – Конституция бап­та­рын бұзу деген сөз. Өйткені Қазақстан Респуб­ликасында қабылданған заңдардың бәрі Негізгі Заң – Конституцияға сәйкестендірілген. Бү­гінде үй мүліктерін ұрлау, адамдарды соққыға жығып, киім-кешектерін тартып алу, мал ұрлау, кісі өлтіру қылмыстары орын алып жатады. Қылмысты мас күйінде жасаушылар да кездеседі. Қолданыстағы Конституцияның 75-бабында Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады деп көрсетілген. Ал 77-бапта судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз, ол Конституция мен заңға ғана ба­ғынады делінген. Ата Заңымызда көрсетілген­дей, бұл бір жағынан судьяларға мәртебе десек, екінші жағынан ол үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да судьяларға қателесуге бол­майды. Әртүрлі жағдайда сот алдында жауап бере­тін адамдардың ішінде өзінің Конституциялық құқықтарын білмейтіндері де жиі кездеседі. Ал ол жеке тұлғаның өз басына қосымша проб­лемалар туғызумен қатар, соттың да іс қарауын қиындатады. Сондықтан мектеп оқушы­лары­нан бастап, зейнеткерлерге дейін еліміздің Негізгі Заңы – Конституцияны бес саусақтай білуі тиіс. Біздің еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптастыруда. Осының нәтижесінде Қазақстанда нарықтық реформалар ойдағыдай жүзеге асырылды, халықтың әл-ауқаты өсіп, экономикасы қарқынды дамып келеді. Саяси жағынан тұрақты мемлекеттің қашанда озық тұратыны анық. Біздің еліміз солардың алғы шебінде тұр. Сәбит ӨСКЕМБЕКОВ, Ақмола облыстық соты апелляциялық алқасының төрағасы. Ақмола облысы.

* * *

АДАМ – ҚОҒАМЫМЫЗДЫҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ Ата Заңымыздың 17-бабында “Адам­­ның қадір-қасиетіне қол сұ­ғыл­май­ды. Ешкімді азаптауға, оған зор­лық-зомбылық жасауға, басқа­лай қа­тыгездік немесе адамдардың қадір-қа­сиетін қорлайтындай жә­бір көрсетуге, не жазалауға бол­май­ды” деп атап көрсетілуінің өзі қоғамымыздың басты қазынасы – адамдардың конститу­ция­лық құ­қық­тарының қорғалуына қан­ша­лықты дәрежеде мән берілгендігін аңғартса керек. Осы қағидалардың мүлтіксіз орын­далуын мақсат тұтып,  қыл­мыс­тық іс жүргізу кезінде азамат­тар­дың конс­ти­туциялық құқық­тары­ның қорғалуына прокурорлық қадағалаудың пәрмен­ді­лі­гін арт­ты­ру жолында  және   азаптау,  зор­лық-зомбылық жасау, басқалай қа­тыгездік немесе адамдардың қа­дір-қасиетін қорлайтындай жәбір көр­сетуге, не жазалауға қарсы  конвенция  міндеттемелерінің тиісті деңгейде орындалуын көздеп, Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Бас прокуроры ағымдағы жылдың 1 ақпанында “Қыл­мыстық іс жүргізу аясына тартылған және ма­ман­дандырылған мекемелерде ұста­лын­ған азаматтардың азаптау және басқа да  заңсыз тәсілдер жайлы арыздарын тексеру туралы” нұсқаулық  қабылдады. Сонымен қатар, 2010 жылдың 1 ақпанында Бас прокурор Әділет, Ішкі істер, Денсаулық сақтау ми­нистр­лері­нің және Ұлттық қауіп­сіздік коми­тетінің “Уақытша ұстау абақтысында, тергеу абақтысында және қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұста­латын адам­дар­ға медициналық куәлан­дыру жүргізуге сот-медицина маман­да­рының міндетті түрде қатысуын қам­тамасыз ету туралы” бірлескен бұйрығын мақұлдап, Бас про­ку­ра­тура, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Эконо­ми­калық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің “Құқық қорғау орган­дары және азаматтық қоғамның субъектілерінің алдын-ала тергеу және анықтаудың заңсыз тәсілдері жайлы арыздарды  тек­серудегі бірлескен іс-қимылдары жайлы” бірлескен бұйрығы қабылданды. Сонымен қатар, Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Арнайы баяндама­шысы М.Новактың жазбаша түр­дегі ресми мәлімдемесінің негізін­де сотталған­дар­дың конституция­лық құқықтарының сақталуына қадағалауды күшейту жөнінде  жұмыс жоспары жасалды. Осыған орай, Бас прокуратура сая­си қуғын-сүргінге ұшыраған адам­дардың құқықтарын қайтару және жазалардың орындалуында прокурор­лық қадағалаудың пәр­мен­ділігін арт­ты­ру мақсатында азаматтарды ақтау және жазаның орындалу заңдылығына  проку­рор­лық қадағалауды жетілдірудің 2010-2012 жылдарға арналған тұ­жы­­рымдамасын дайындап, қолда­ныс­қа енгізу мәселесін қарастыруда. Адамдардың бас бостандығы­нан айыру  орындарында ұста­луында, жа­за­ның орындалуында  әлеуметтік әді­лет­тіліктің қалпына келтірілуі, сот­талғандардың заңда қаралған реттегі құқықтарының сақ­талуы прокуратура органдары­ның әрдайым назарында болып, бұзылған тәртіп пен құқық бұ­зу­шылыққа қарсы батыл да прин­цип­­шіл көзқарас ұсталынып, кінәлі жау­апты лауазымды адам­дар­дың жауап­кер­шілікке тарты­лулары қамтамасыз етілуде. Енді бұл пікірімізге дәлел ретінде    біраз деректер мен  мы­сал­дар келтіре­лік. Өткен 2009 жылы жазаның орын­далу заң­дылығын қадағалауды ұйым­дас­тыру кезінде прокуратура орган­да­ры қызметтерінің  аса өзекті бағыт­тарының бірі ретінде түзеу мекемелері мен тергеу абақты­ларын­дағы сезіктілер мен айып­талу­шы­лар­дың және соттал­ғандардың консти­туциялық құ­қық­­тары­ның  сақталуына баса на­зар ауда­ры­лып,  қылмыстық ат­қару жүйесіне қарасты мекемелер мен органдарында 2623 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 5105-ден астам түрлі заң бұзушылық фактілері анықталды. Прокурорлық ықпал ету акті­лері­нің қаралу қортындылары бойынша қылмыстық-атқару жүйе­сінің мұндай заң бұзушы­лықтардың орын алуына кінәлі 1370 қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 25-і  қыз­мет­терінен босатылды. Сон­дай-ақ, жаппай саяси қуғын-сүр­гінге ұшы­ра­ған адамдарға қатысты әділдіктің ор­натылуын қамтамасыз ету мақсатында 1611 мұрағаттық істер мен арнайы қоныстану­шыларға қатысты құжаттар зерде­ленген. Ал ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында прокуратура органдары аталған салада 2397 тексеру жүргізіп, соның нәтиже­сінде 3353-тен астам түрлі заң бұзушылық жайлары анықталды. Келтірілген деректерден про­курор­лық қызметте жоғарғы әлеуметтік құндылықтар ретінде адамның құ­қықтары мен бостан­дықтарының  қорғалуы әрдайым бірінші кезекте тұратын мәселе екендігін байқау  қиынға соқпас деп ойлаймын. Еліміз егемендік алған сәттен бастап осы заманғы құқықтық жүйені қалыптастыруға бағыттал­ған ауқымды іс-шараларды ұдайы жүргізіп келеді. Солардың бірі қылмыстық атқару саясатын дамыту болып табылады. Еліміздің құқықтық саласын же­тіл­діру ең алдымен оны адам құ­қық­тары туралы халықаралық акті­лердің және сотталғандармен қарым-қаты­нас­тың негізгі қағидаттары мен тәрті­бін ай­қын­дайтын халықаралық келі­сімдердің ере­желеріне сәйкес келтіруге байланысты болатыны  белгілі. Бұндай жетістікке жету үшін бірінші кезекте бас бостан­дығынан айы­ру орындары­ның өзіндік мәдениетін өзгерту арқылы соттал­ғандардың мінез-құлқының түзелуінің шын мәніндегі жақсаруына қол жеткізу алғышарт болып табылатын­дығын естен шығармағанымыз абзал. Мемлекетіміздің тиісті ха­лықара­лық ұйымдарға қосылуы еліміздегі қыл­мыс­тық жазаларды атқару сала­сында ха­лық­аралық стандарттың ден­деп енгізілуін талап етеді. Сондықтан да бірінші кезекте бас бостандығынан айыру орын­дарындағы сотталған­дар­дың конс­титуциялық құқықтарының бұл­жымай сақталуына әркез ерекше назар аударылуы бүгінгі күннің талабы ғана емес, оны нақты жүзеге асыру барша­мыздың ортақ абы­ройлы міндетіміз. Б. СЫЗДЫҚОВ, Бас прокуратураның  бөлім бастығы.