• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2010

Сыр сырбазы

791 рет
көрсетілді

Сырдың Арал теңізіне құяр сағасындағы Қазалы өңірін жайлаған елдің осы бір бәкене бойлы, шымыр денелі азаматымен екеуміздің таныстығымыз қырық жылдан асып жығылады. Ұдайы емін-еркін сөйлесетін сыралғы жандар болсақ та, оның бір мінезінен сырбаз екінші мінезі күні бүгінге дейін елең еткізбей, “апырай-ә!” – дегізбей, қоймайды. Қызмет бабы бойынша ол кешегі партия­лық номенклатурадан – облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңге­рушісі, идеологиялық хатшысы, Қазақстан КП Орталық комитетінің насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, Қазақ КСР “Білім” қоғамы төрағасының бірінші орынбасары – кешегі кеңес өкілі ретінде бүгіндері үстінен қамшы түспейтін, сыналып, мінеліп, қыңқ етсе шенеунік болғанын бетіне басып, жөнді-жөнсіз мұқатылатындардан. Ал шын мәнінде, Дәуірхан Жәлиұлы Айдаров кешегі дәуірдің сөзін сөйлеуші рөлін ғана атқарған жоқ... Ауыл баласы шетінен атқұмар боп өседі. Дәуірхан талай аламан бәйгеде атқа шапты. Бірінші болса – жүлде алатын, артта қалса – тезек теретін пәлсәпаны ерте түсінді. Сондығынан ба, кейіндері ғылыми дәрежеге ие болып, философ атанған. Дәукеңнің қолына қалам ұстаса, не жай ауызша әңгіме айтса, өмірде көргені мен түйгенін қайып тігетін өнері бар. Сол өнерін қызықтаймын. Жуықта “Парасат” журналында “Үмбет қасқа” атты новеллам жарияланды. Оным әйтеуір бірдеңе жазайыншы деген ниеттен тумаған. Новелланың бас кейіпкері – Дәуірхан деген шабандоз жасөспірімнің албырт жүрегіне иманың кеміс болмасын деген ойдың алғаш рет қалай ұя сала бастағаны тебірентті. Етінің тірлігі мектеп табалдырығын аттаға­нында тағы да сезілді. Жетіншіні бітірісімен дайындық курсына түсіп, Қызылорда педагоги­калық институтының тарих факультеті аудиториясынан бір-ақ шықты. Үш жылдың биігіне ырғыған бұл балаға мақтау айтқандар Қыдырды үш рет түсінде көрген Жанқожа батырдың қанды көйлек досы, жұртты отырықшылдыққа бастаған Пұсырман бидей текті атадан ғой десті. Қайталанса артықтық етпес, Дәуірханның ер жетіп, есейген шақта атқарған қызметі не­гізінен идеология саласы. Қазіргі қайсыбіреулер айтатындай, үгіт-насихат тек социализмнің артықшылықтарын ғана түсіндіріп қоймайтын. Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары Қорқыт баба ескерткішінің, Тұрмағамбет жырау кесенесінің түрғызылуы, Ғани Мұратбаев пен Ыбырай Жақаевтың мемориалды мұражайының ашылуы, Нартай мен Манаптың ақындық мектебінің дүниеге келуі, сөзін Зейнолла Шүкіров, музыкасын Шәмші Қалдаяқов жазған атақты “Сыр сұлуы” әні мен осы аттас ансамбльдің пайда болуы секілді көптеген істердің тарихы айтылғанда Дәуірхан Айдаров есімі ауызға алынбай қалмайды. Өйткені, ол осы игі істердің үнемі басы-қасынан табылатын. Дәукеңмен жас жағынан құралпылас бол­ғандықтан, арамызда әзіл-қалжың үзілмейді. Кейде мен оған “Алтын медаль” атты әңгіме жазып, Рәш бәйбішені жағымды, Дәуірхан деген күйеуін жағымсыз кейіпкер етіп бейнелесем деп ойлап жүрмін” – деп қоқан-лоққы жасап қоятыным бар. Олай дейтінім, кеңес кезінде он бала тапқан әйел “Батыр-ана” алтын медалімен марапат­талатын. Осыны білетін, жеті құрсақ көтерген Рәкең бір күні еріне шай үстінде: Алтын медаль тағуға мен де бел байлап отырмын деген көрінеді. Сонда Дәукең күңк етіп: “Тоқтат. Жетті” депті. Осы әңгімені құлағым шалып қалған мен: “Ау, Дәуке! “Туған жер тағылымы” деген кітабыңызда “1926 жылғы санақ бойынша қазақ 6 миллион 200 мың еді. 1939 жылы екі миллиондай ғана қазақ қалды. Жан түршігерлік оқиға емес пе.”- деп зар илегенде көз жасыңыз көл болады. Біздің де сай-сүйегімізді сырқыратасыз. Сөзіңіз бен ісіңіздің арасы неше шақырым? Әй тым алшақ-ау, әйтпесе қырқына шыдап қырық біріне шыдамағаныңыз қалай?! – деп өңмеңдеймін. Студент кезімізде біздерді қала мен дерев­няның арасында бұрын қарама-қайшылық, енді қазір социализм тұсында елеулі айырмашылық бар деп оқытатын. Он баланы ауырсынудың себебі сол қағидаға байланысты ма деймін. Дәукеңнің Қызылорда облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі кезі. Бір күні обкомның бірінші хатшысы Бектұрғанов Хасан кабинетіне шақырып алып, Орталық комитеттің аппаратына бөлім меңгерушісінің орынбасары қажет екен, бұл қызмет жөнінде сенің канди­датураңа тоқталыпты. Өзіміздің облысымыздың резервінде тұр деп едім, көнбеді. Самолетке билет ал да, тез жет Алматыға. Орталық коми­тет аппарат қызметкерін іріктегенде қосымша екі шарт қояды. Ол өкпе ауруына шалдықпаған болуы керек. Және бала саны шағын болуға тиіс. Сенің денсаулығың Құдайға шүкір. Ал. екінші мәселеде берер кеңесім: жаңа қызметке алынғың келсе, балаларыңның санын сұрағанда үшеуден арттырмағың деген ғой. Дәукең Орталық комитеттің екінші хатшысы Валентин Карповтың қабылдауында болады. Айдынды адам екен. Талай бастықтың алдын көрген Дәуірхан асып-сасқан жоқ. Қойған сұрағына жүйесін тауып жауап беріп отырады. Талай жылғы лекторлық тәжірибесі бар, облыстық радиокомитетті басқарып, орыс тіліне әбден төселген ол жауабының ұнағанын екіншінің тастай қатқан бетінің сәл жұмсара бастағанынан байқайды. Бір уақытта Карпов Айдаровтың анкетасы салынған папканы былай ысырып қойды да: “Отбасыңыз қанша адамнан тұрады? Балаңыз нешеу? – дейді. Дәуірхан: балаларымыз бен қолымдағы кемпір-шалымды қосқанда тоғыз жанбыз, – деді. Сол-ақ екен, Карповтың көк көзі шегірейіп кетіпті... Біраз үнсіздіктен соң ол: үйіңізге қайта беріңіз, шешіміміз жайлы өзіңізге хабар етеміз дейді. Обкомның бірінші хатшысы Хасекең араға күн салмай ізінше қайтып оралған Дәуірханды көргенде басын шайқайды. “Айтпап па едім мен саған!” – деді. Дәуірхан да өзінше ақталады. “Бәрі анкетада жазулы тұр, қайтейін...” Артынша Карпов Қызылордаға іссапармен келіп кетті. Осындағы бірер басшыдан Айдаров туралы сұрастырыпты. Олар: Айдаровты жақсы білеміз. Тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтыны өз алдына, жұртпен тіл табыса біледі. Білікті адам деген ғой. Сонсоң әнеу күні Карповтың кабинетіне ертіп барған идеоло-гиялық хатшы Саттар Имашев пен бөлім мең­герушісі Андрей Плотниковтер де ұсыныста­рын өткізуге тырысқан болса керек. Дәуірханға Алматының төрінен төрт бөлмелі пәтер тиді... Бәйбішесінің кеудесіне алтын медаль тағуына Дәукеңнің неге тосқауыл болғаны енді түсінікті болар: жайлаудай жайылған ауыл болса бір сәрі, бос үйге, қала шіркін баланың көптігін ауырсынбай ма? Сол қайшылық таршылықтың қысымынан шығар, Рәкең алтын медаль жайын сөз еткенде, Карповтың қабағы сияқты Дәукеңнің қабағынан қар жауып кеткені... Дәукеңе мен: – Зейнетке шыққан кезіңізде нағыз қыды­рымпазға айналдыңыз. Немере сүйем деген желеумен Лондон, Швейцария ма, талай жердегі елшіліктердің табалдырығын тоздыру­дасыз. Ал, Рекең алтын медаль тағынып жүрсе ғой, бүкіл 510 миллион шаршы метр жер шарын шарлап кететін едіңіз, – деп қалжыңымды еселей түссем, Дәукең жауап орнына күледі де қояды. Дәукеңмен қалжыңдасқанда Ахиллес табанындай және бір “осал” тұсын пайдаға асырамын. Ол ғылыми дәреже алған филосо-фиялық жұмысының тақырыбы. “Становление и развитие казахских народных обычаев и традиций” деп аталады. Туған жері Қызыл­ордаға ма, шет елге ме, сапарға аттанып қайтып оралғанында дау туады. – Ау, Дәуке, қазақтың жолаяқ, сарқыт деген ежелгі әдет-ғұрпы барын айтып, бәрімізге тәлім-тағылым соққанда сондайсыз. Ал жеме-жемге келгенде сол дәстүрді алдымен бұзатын өзіңізсіз. Бұ қалай?!.. – дейміз ғой. Әзілді қойып, шынына көшсем, Дәукеңе үлкен өмірлік тәжірибесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде философиядан бес-алты жыл оқыған дәрістері, өзінің Құдай берген қабілеті мына егде тартқан шағында қалам қарқынын үдете түсуге жол ашты. Дәукең кітаптарының алды Қазақстан Жазушылар одағының деректі әдебиет секциясының көзіне түсті. Сол секцияны ұзақ жылдар бас­қарған Сапар Байжан-Атаның, “Социалистік Қазақстан” газетінің ұзақ жылдар бас редакторы болған, әрі Қазақстан Журналистер одағын басқарып “Сардар Сапар” атанған қайран Сапекеңнің он томдық “Қазақ әдебиеті тарихының” 10-томында дәйекті әдебиет хақында жазған арнайы тарауында Дәуірхан Айдаровтың “Ақ ниет” (1997) атты шағын кітабы жоғары бағаланды. Дәукең шығармасына “сыршылдығымен, өмір жайлы, туған жер мен замандастар жайлы өрнекті де өркенді ойларымен оқырман жанын шапағына бөлейді” деген сипаттама берілді. Сапар Байжан-Ата әділін айтқан: “Автор көп ретте өз пайымдары мен түйіндеулерін ел аузынан жиған-терген мақал-мәтелдермен, көңілге қонымды қанатты сөздермен көмкеріп, мәнерлеп отыруды дағды етеді. “Керуен озбақ – көңіл тозбақ”, “көргені жақсы көш бастайды”, “ер қартайса да, ой қартаймайды”, “жүйрік аттың белгісі шашасында”, “екі аяғым – пырағым, екі көзім – шырағым”, “асылын ардақтаған ел азбайды”, “туыспау керек, туысқан соң сөз қуыспау керек”, “сұңқар сынығын сездірмес”, “батыр – аңғал, ер – көдек”, “идеологы жоқ қоғам әкесі бар да – шешесі жоқтай, жетім қоғам”, “тарих – халықтың зердесі”, “құдайдың бір аты – “халық” сынды сөз орамдары мен ой өрнектері татымды да тұшымды, сергек зердені селт еткізбей қоймайды”. (Қазақ әдебиетінің тарихы Он томдық. 10-том. Алматы. “Қазақпарат”. 2006.) Философия докторы, профессор Садуақас Темірбеков те Дәукеңнің “Замана тынысы” атты (2004) қоғам және адам, идея және идеология, қазақ философиясы мәселелерін сөз еткен кітабын “ой-тұңғиығына батырып, оң-солыңды тереңірек тануға, алған бағытыңның дұрыс-бұрыс екенін бағалай білуге өз шама-шарқынша көмектесіп, сүйеніш-тірек болатын дүние” деп риза көңілмен мадақтайды. Айтты-айтпады, Дәуірхан Айдаровтың мемуары ма, философиялық ізденістері ме – бәрі-бәрінде толғанбайтын тақырыбы жоқ десе де болады. Оның “Туған жерім, шыққан тегім” (2000), “Өткен өмір – көрген түс”(2002), “Сыр елінің соңғы ханы” (2007), “Туған жер тағылымы” (2009) кітаптары өз өлкесінен бастап, исі қазақ, қала берді жаҺан пробле­маларына бойлайды. Талай тарихи кезеңдерден бел асады, олардың мәселесін заманалық қазіргі қайшылықтармен қайшыластырады. Пікірімен бірде келіссең, екіншісі жөнінде келісе қоймайсың. Бірақ қалай болғанда да ойланып қаласың. Бір кітабындағы фотосуретіне қарасам, кеудесінде “Еңбек Қызыл Ту”, екі “Құрмет белгісі” ордендері, толып жатқан медальдар жарқырайды. Бұл наградалар табан ақы, маңдай тердің жемісі екенін қазір біреу білсе, біреу біле бермейді. Қызылорда обкомының бюро мәжілісінде бір коммунисті партиядан шығару мәселесі қаралып жатты. Автобазаның бастығы екен. Қолында әке-шешесі, інісі, қарындасы, екі баласы, әйелі... дегендей үйлі-баранды адам арызданып жүріп, кезегі келгенде жаңа пәтерге көшеді. Ескі үйді әке-шешесі мен іні-қарындасына қалдырады. Үстінен арыз түседі. Сұғанақтық көрсетіп, ескі үйін мемлекетке қайтармады... депті. Сол арыз бастауыш партия ұйымында, аупарткомда қаралып, әлгі кісі туралы партиядан шығарылып, қызметінен босатылсын деген қаулы қабылданады. Облыстық партиялық бақылау комиссиясы қаулыны бекітуді сұрайды. Мәселенің бұлайша қойылуына бюро мүшесі, идеологиялық хатшы Дәукең қайран қалып отырған. Істің насырға шауып бара жатқанын көріп, сөз алуға сұранып қол көтерді. Айтқаны: бізге осы не боп барады? Әдет-ғұрыппен санасу жоқ. Қазақ қайта енші алып жеке отау құрған уақытта ауыл-аймақ боп қуанып, ұлан-асыр той жасамаушы ма еді?! Диссертациялық жұмысының осындайда пайдасы тиді. Отау құру жөніндегі халық дәстүрінің коммунистік идеологиямен толық үйлесетінін теориялық жағынан да негіздеп береді. Обком бюросы Дәукеңнің уәжін дәлелді деп тауып, қаулы аяқсыз қалсын деген шешімге келді. Жігіт ағасы жасына тақаған үйелмендей кісі, басына үйірілген қара бұлттың таза айыққанын сезгенде жылап жіберіпті. Меніңше, Дәукеңнің өмірге көзқарасында жүрегінің ізгілігіне білімділігі, білімділігі ізгілігіне сүйенетін сияқты. Біріне-бірі – жәрдемші. 1989 жыл. Бес арыс боздақтардың жаңа ақталған тұсы. Мен “Мағжан Жұмабаев” атты екі баспа табаққа жуық қолжазбамды Қазақ КСР “Білім” қоғамына алып бардым. Тез арада басып бермес пе екен деп. Баспа орындарының жайы белгілі, алдымен қолжазбаң келесі жылғы жазылатын дүниелердің жобасына енгізіледі. Ал мына қоғам ұнатты екен, тез арада қолма-қол шығара қояды. Ол кезде бұл қоғамның бірінші орынбасары, іс жүзіндегі басшысы Дәуірхан Айдаров болатын. Басқа біреу болса, ол кезде институт директорлығын да қимаған, қуғынға түскен Елеукеновті ең жоқ дегенде қоқиланып қарсы алады ғой. Бұл кісі өйтпек түгілі, мені көргенде қуанғанын жасырмай, орнынан тұрып, құшағына алды. Бетбұрыс дегеніңмен, большевиктік қырағылық әлі күшінде тұрған уақыт еді ғой. Ұлтшылдық дегенге жоғары жақтың аса сақтықпен осқырына қарайтын кезі... Ал менің Мағжан туралы кітапшам еш бөгетсіз жарық көрді. Бір әрпіне тимепті. Шу бойының сүлейі, “Құтты біліктей” рухани биік қазына иесі Жүсіп Баласағұн “қадірлі кісі қартаймайды” деген екен. Сол сөз тура Дәукеңе қаратып айтылғандай. Шерияздан ЕЛЕУКЕНОВ.