• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2010

Айта жүрер жәрмеңке

601 рет
көрсетілді

31 шілде мен 1 тамыз ара­лы­ғында елордадағы “Метро” кө­терме-бөлшек сауда орта­лы­ғы аумағында еліміз агро­өн­дірістік кешені жетістіктерінің “Қараөт­кел-2010” ІV жәрмең­кесі өтті. Оны Үкімет басшысы Кәрім Мә­сі­мов арнайы келіп тамашалады. – Агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мә­селесі алдыңғы қатарға шығары­лып отыр. Біздің көз қуанатын, мақ­тан тұтуға болатын дүние­ле­ріміз баршылық. Агроөнеркәсіптік кешен жоғары қарқынмен дамып келеді, – деген Премьер-Министр К.Мәсімов, – қайта өңделген өнім­нің номиналдық мәндегі кө­лемі еңбек өнімділігі секілді екі есе­ге дерлік өсті. Өңірлерде кез кел­ген бастамаларды іске асыруға мем­лекет жағдай жасап отыр. Бұл ауыл тұрғындарының да, агробиз­несті дамытуға үлес қосып келе жатқан жандардың да өздеріне сенімді серпілісте болуларына мүмкіндік береді, – деді. Сондай-ақ ол биыл субсидиялаудың жаңа тетіктері іске асырыла бастағанын, аталған шаралар агроөнеркәсіптік кешенді жедел әртараптандыруға жағдай жасайтынын және осыған ұқсас көрмелерді өткізу түрлі ба­ғыттағы мамандардың мүдделері мен күш-жігерлерін біріктіруге ықпал ететін маңызды құрал еке­нін де назардан тыс қалдырмады. Жәрмеңкенің ашылу салтана­ты­нан соң Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ақылбек Күрішбаев Үкі­мет басшысын жәрмеңкедегі “Аг­роөндіріс кешеніндегі инновация­лар”, “Агроөнеркәсіп кешенін да­мытуға арналған өнімдер”, “Ғы­лы­ми-техникалық қызметтер” се­кілді үш секцияға бөлініп орна­лас­қан экспозициялармен таныс­тыр­ды. Аталған жәрмеңкеге биыл үш жүздей қатысушы тіркеліпті. “Қараөткел-2010” жәрмеңкесі оған жиналған былайғы жұрт пен өз өнімдерін ұсынуға келген бар­лық азаматтарды ерекше бір сезім­ге бөлегендей. Қарасаң көздің жау­­ын алатын ауыл шаруашылығы техникалары мен асыл тұқымды төрт түлік, одан қалды дәмі тіл үйі­ретін түрлі ұлттық тағамдар жәр­­­меңкені тіпті ажарландыра түс­­­кендей. Қаз-қатар тігіліп бірі­нен бірі өтіп тұрған киіз үйлер де еріксіз көз тартады. Төрт түлік десе ет жүрегі елжі­ремейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Жәрмеңкеге келген бетте-ақ асыл тұқымды түліктерді маңайла­ған­быз. Шылбырын үзіп кетердей бо­лып кісінеп тұрған жылқыларға там­сана бердік. Осы жерде Олим­пиада чемпионы, әйгілі балуан Жақсылық Үшкемпіровті жолық­тыр­­дық. Алматы облысы, Балқаш ауданында орналасқан “Жақсы­лық” шаруа қожалығын басқара­тын ағамыздың асыл тұқымды жылқы өсіретінінен сырттай ха­бардар болатынбыз. Бұл жерде ол түрлі жастағы жабы жылқыла­ры­мен келіпті. Жылқыны жіті біл­гісі келген жанға ерінбей-жа­лық­­пай оның қыр-сыры жайын сипаттап тұр. Мамандығы мал ма­маны екенін ескерсек, Жақсылық аға­ның осы жолы өз кәсібіне шын берілген азамат екенін тағы бір аңғардық. Дәмі тіл үйіретін бал қымыз да жәр­меңке сөресінен орын алған. Сол­түстікқазақстандық “Арқалық” шаруа қожалығының қымыздары дәмін татқан жанды еріксіз сол жер­ге қайта апарғандай. Шаруа қожалығының цех меңгерушісі Зәу­реш Мұстафина күніне шама­мен 65 жылқы сауылатынын, олар­дан 400-500 шөлмек қымыз шығаратынын тілге тиек етті. Етті, сүтті бағыттағы зеңгі ба­ба тұ­қымы да қарағанның көзін қа­рып қалып тұр. Ақмола облы­сы­ның Астана іргесіндегі Қосшы ауы­лында орналасқан мал тұ­қы­мын асылдандырумен айналы­са­тын “Асыл түлік” АҚ жетіс­тік­тері де жеткілікті екен. Олар жәрмеңкеге әкелген суыр қара ала тұ­қымы мен швед тұқымды сиырларды көргенде таңданы­сың­ды жасыра алмайсың. Акционер­лік қоғамның басқарма төраға­сы­ның орынбасары, ауыл шаруа­шы­лығы ғылымдарының кандидаты Жора Алмантай қос жануар жө­нінде: “Мынау сіздер көріп тұрған суыр қара ала тұқымының үш жа­рым жастағы аналығы 305 күнде 12 184 литр сүт береді. Салмағы тон­наға жуық. Ал мына швед тұ­қы­мының салмағы 1 тонна 200 ки­­лоны құрайды. Бұл көбіне тау­лы аймаққа бейімді. Екеуі де етті, сүтті бағыттарда өнім береді”, – дейді. Сонымен қатар ол осын­дай жәрмеңке жыл сайын өз жал­ғасын тауып жатса игі еді деген тілегін де жасырмады. Ал қазақ­тың ақ бас сиырларымен Солтүс­тік Қа­зақстан облысы Тай­ынша ау­да­ны­нан кел­ген “Ала­бо­та” асыл тұ­қым­ды мал зауыты” ЖШС бас зоо­технигі Ан­тон Малиновский­дің де жәрмең­ке­нің ұйымдасты­ры­­луына ризашы­лығы өзгеше екен. – Тәжірибе алмасу мен жаңа әріптестер табуда, сонымен бірге ұқ­сатқан өніміңді жалпақ жұртқа ұсынып, пікір алмасуда бүгінгі жәр­­­меңкенің жөні бөлек деп есеп­теймін. Осындай жәрмеңкелер жиі өткізіліп жатса, саладағы се­рік­­тестерге сенімді серпіліс бере­тіні айқын, – дейді ол. Ауыл шаруашылығы дегенде оның техникалары жөнінде де айтпай кете алмайсыз. Сымдай ті­зіліп самсап тұрған әйгілі “Бе­ла­русь” тракторлары мен олардың тұ­қым себетін қосалқы тірке­мелері жәрмеңкеде түгелімен түр-түрімен орын алыпты. Семейдегі “СемАЗ” зауытынан келген тех­ни­каны жеткізіп беру жөніндегі ме­неджер Андрей Базаров та трак­тор мен оның бөлшектері жай­ында жан-жақты түсіндіріп, құрақ ұшып тұр. Қазақтың қол өнері де еш ха­лықтан кем емес мәдени мұрамыз екені белгілі. Түрлі жәдігер заттар мен киіз үй көріністері жәрмең­ке­нің ажарын ашып, келген жұрттың таңдайын еріксіз қақ­тырып жатты. Қарағанды облысы Ақтоғай ауда­ны Нармамбет ауылынан келіп киіз үй тіккен ерлі-зайыпты қос қария Са­ғын­тай Сұлтанов пен Жа­мал Қоқы­мо­ва­ның қуаныш­та­рын­­да шек жоқ. Қа­­риялар “Сәр­сем­беков” ша­руа қо­жалығынан шо­­пан ата тұқы­мын алып келген Ба­тыр­­бек Сәр­сем­бе­ков пен Ержан Әмір­қ­ұловтың киіз үйлерін әкел­генін айта келе, елор­да­ны көру мүм­кін­ді­гіне ие бол­ғанды­ғына өздерінің шек­­сіз риза­шы­лы­ғын білдіріп, еліміз аман болсын деген ата-аналық тілек­терін жеткізді. “Қараөткел-2010” жәрмең­ке­сіндегі бұл жүзден бір көріністер де­сек, жа­ңы­лыс­пай­мыз. Жәрмеңке аясында ауыл ша­руашылығы тауар­ларын өнді­ру­шілер үшін ауыл шаруашылы­ғын­дағы марке­тинг, мал шаруа­шы­лы­ғында және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы ғы­лыми же­тіс­тіктер секілді бағыт­тарда семинар-ке­ңестер өткізілді. Шараны ұйым­дас­­тыру тарапынан еліміздің үздік ауыл шаруашылығы тауар өнді­рушілері “Қараөткел-2010” алтын медалімен марапат­талса, жәрмең­кеге қатысу­шылар мен келушілер арнайы кон­церттік бағдарламаны тамашалап, ерекше көңіл-күймен тарасты. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ. Астана.