• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Тамыз, 2010

Өмір мен өлім ортасында жүріп жаралыларды құтқарған жандарды да ұмытпайық

654 рет
көрсетілді

Бүкілдүниежүзілік Қызыл Крест ұйымы өздерінің “Флоренс Най­тингейл” медалімен медбикелерді Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен ерліктері мен қайтпас қайсар­лық­тары үшін марапаттаған. Сол жо­ғары деңгейдегі награданы иелен­ген 780 медбикенің арасында қазақ­стандық қыздар да аз емес. Өлім мен өмір егескен қан майдан алаңынан ауыр жараланған 480 қызыл әскер мен офицерді алып шыққан мед­бике, көкшетаулық М.Смирнова-Кухарская жөнінде атап айту қажет. Ол жоғарыдағы награ­даның иесі. “Флоренс Найтингейл” медалін алғандар арасында сондай-ақ шым­кенттік Р.Исқақова, жамбылдық А.Дмитриенко, Ақмола облысынан В.Широкая және павлодарлық А.Дмит­риева сияқты әскери мед­бикелер де бар. Әрине, қаршадай қыздардың жау­­ға деген ыза-кегі олардың бой­ларына ерекше күш-қуат, лүпілдеп соққан жұдырықтай жүректеріне жалындаған жігер беріп, атпалдай азаматтарды арқасына салып, ұрыс даласынан алып шығуы Жеңіске деген құдіретті сенімнің жемісі екендігі сөзсіз. Адам баласы төзгісіз ауыртпалыққа қарамай соғыстың бітуін жақындатуға орасан зор үлес қосқан медбикелер арасында қаза болған, хабарсыз кеткен және бір­не­ше рет ауыр жараланғандар да өте көп болған. Статистикалық дерек­тер­ге қарағанда, тек 1941-1943 жыл­дар аралығында қанқұйлы шайқас­тар­да қаза тапқан олардың саны –– 22591-ге жеткен. Айтуға тым оңай әрі жұтаң цифрлардың соңында қаншама қыршынынан үзілген қызғалдақ тағдыр, ата-аналардың қасірет-қайғысы мен көлдей көз жасы жатыр десеңізші?! Біздің елімізде ең алғаш рет әс­кери медицина тарихын зерттеумен айналысқан Қазақстан Республи­касы денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина ғылымдарының кандида­ты Мәрияш Жақыпованың есімі бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Жо­ғарыда келтірілген тарихи дерек­тер Мәрияш Әбілқызының “Тыл­дағы Қазақстан және Орта Азия рес­публи­кала­рын­дағы эвакогоспиталь­дар” атты кіта­бынан алынып отыр. Бұл еңбектің бүгінде еліміздің тұң­ғыш Президенті мұражайында сақ­талып, сонда тұруы да көп нәрседен хабар берсе керек. Шын мәнісінде де, бұл ғылыми-са­раптамалық ту­ын­ды соғыс тарихын­дағы құнды мә­лі­мет­терге бай және мазмұны да те­рең. Медицина мұра­жайында ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған білікті маманның өмірінде 2005 жы­лы ерекше қуа­ныш­ты оқиға болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баевтың Мәрияш Әбілқызына жолдаған құттықтау хатында мынадай жылы лебіз бар еді: “Сіз сияқты қайсар ұрпақтың өкілдері Отанға қалтқысыз қызмет етудің үлгісі бола отырып, біздің бүгінгі таңда жасампаз елде өмір сүруімізге, еркін мемлекет пен демократиялық қоғам құруға мүмкіндік берді. Сіздің бүгінгі күні де өз үлгіңізбен жас ұр­пақ бойында Отанға деген сүйіспен­шілік сезімі мен атамекенді лайықты қорғаудың қасиетті парызын тәрбиелеуді жал­ғастырып келе жат­қаныңыз үшін шынайы алғы­сымды білдіремін”, – делінген болатын Елбасының құт­тықтау хатында. Бір құптарлығы, бұл еңбектегі от-жалынға оранған ұрыс даласын­дағы медбикелердің, санитарлық нұсқаушылардың, әскери дәрігер­лердің көзсіз батырлығы туралы тың деректер оқырмандар тарапынан жо­ғары бағаланды. Оның өзіндік се­бептері де бар. Өйткені, бұл туынды Қазақстанның әскери және азамат­тық медицинасындағы біріккен іс-шаралар тарихы жөнінде баяндай­­­тын бірден-бір еңбек болып табы­ла­тындығын еліміздегі әскери тұл­ға­лар, сала ғалымдары атап көрсетеді. Қарағанды облысы, Қазыбек би ауданының Егіндібұлақ селосында дүниеге келген, соғыс басталғанда мектеп табалдырығын аттап үлгер­ме­ген бүлдіршін қыз Мәрияштың есейе келе адам жанының араша­ш­ы­сы – дәрігерлік мамандықты таңдауы­ның салмақты себебі де мол болды. – Біздің ауданнан майданға алғаш рет аттанған 16 адамның бірі – аудандық атқару комитетінің бөлім бастығы, менің әкем – Әбіл Жақыпов еді. Біз оларды жылап-еңі­реп, ат-арбаның соңынан көп жерге дейін жаяу еріп отырып, шығарып салдық. Ауданның Қарағандымен жол қатынасы – аптасына бір рет келетін кішкене ұшақ болатын. Онда мәшине дегенді білмейтінбіз, көлік­тер тек ат және өгіз арба ғана еді. Ау­данға пошта ұшағы қонғанда одан тек жауынгерлерден үшбұрышты хат және “қара қағаз” келетін. Қайғылы хабарды ауыл бастықтары, үлкен адамдар әр үйге жиналып барып, ес­­тіртетін. Содан, біз ауданның кіш­кен­тай балалары бастары біріккен көп адамды көрсек болды, зәреміз ұшып қорқатынбыз. Олар енді кім­нің үйіне барар екен деп арттарынан бақылап, көздеріне көрінбей еріп жүріп, тек сол үйдің есік-терезесінен сығалап, еңіреп жылап тұратынбыз. Сонда біздер ылғи: “Дәрігерлік көмек көрсетілмей далада қалды-ау, дәрі­герлер оларды неге өлімнен құт­қа­­рып қалмады, дәрігерлер қасында болса өлмес еді ғой. Олардың аузы­на су тамызып, беттерін ешкім жап­пады-ау”, деген сөздерді еститінбіз. Осындай қайғылы күн біздің үйге де келіп жетті. Әкемізден қара қағаз алдық, онда “хабарсыз кеткен, қай жерде өлгені белгісіз” деп жазылып­ты. Сонда шешем мен әжемді: “Мен үлкен болып бой жетсем, дәрігер бо­лам, олардың қайда, қандай жағ­дай­­да өлгенін, жаралы жауынгерлерге көрсетілген дәрігерлік жәрдемдерді тексерем, жыламаңдар”,– деп жұ­батушы едім, – дейді Мәрияш Жақыпова өткен күнді күрсіне еске алып. Балалық шағындағы осы бір арман, өмірлік мақсат оны дәрі­гер­лік мамандықты таңдауға итермеледі. Ең басты ғұмырлық мұрат-мүддесі хабарсыз кеткен асыл да ардақты әкесі туралы нақты дерек тауып, оның қай жерде опат болғанын білу еді. Сондықтан да, жұмыс істей жүріп кішкентай екі баласын жол­дасына қалдырып, еңбек дема­лыс­тарында бірнеше жыл қатарынан Мәскеу мен Ленинградта, өзге де қалаларда, Қорғаныс министрлігінің әскери-медицина мұрағатының өте құпия материалдарын ақтарып, жараланған, жоғалған жауынгерлер тізімін шұқ­шия қарайтын. Қолжаз­б­а­ларға толы дәптерлердің әр бетін ашқан сайын хабарсыз кеткен, әбден сағынып, сарғайтқан әкесімен жүз­десетіндей қобалжып, қос жана­ры­нан аққан жасы алдындағы дәптерге үздіксіз тамғанын өзі де байқамай қалатын-ды. “Үлкен өкінішке қарай, мен қан­ша талпынып, жаным жай тап­пай, қайғыдан қан ішсем де жан әкем мен жақын туыстарым туралы ешбір де­рек таппадым. Бірақ, осы мұрағаттар­дан қазақстандық майдан­гер-дәрі­гер­лер мен медбикелердің соғыс госпи­тал­дарындағы жанқияр­лық жұмыста­ры туралы құнды мә­лі­мет­тер жинап, екі кітапты жарыққа шы­ғардым. Мақсатым – қазақ­стан­дық дәрі­гер­лер мен медбикелердің от пен оқтың ортасындағы ерен ер­лігі ел есінде мәңгі қалсын”,– дейді ардагер ана. Сонымен, Қазақстан террито­рия­сындағы эвакогоспиталдардың ат­қарған қызметінің тарихын зерт­теуге қомақты үлес қосқан ғалым бұл бағыттағы ізденістерін жасының ұлғайғанына қарамастан әлі де жал­ғастыруда. Миллиондаған жан­дар­дың өмірін аждаһадай жалмаған жойқын соғыс біткелі, міне, 65 жыл. “Майдандағы ең сұрапыл шайқас – Сталинград үшін болды. Жер-дүние өртке оранса да, адамдар өлімнен сескенбеді. Міне, осы бір сәттерде ауыр жарақат алған көптеген сол­даттар өмірін қазақстандық медиктер – В.С.Горгоц, М.Маткаримов, М.Д.Исмағұлова, М.К.Иванова және басқалар аман алып қалды”. Тарихи деректер осылай дейді. Бұл өмірден түйгені көп, тағылымы мол ананың өз отандастарының, соғыстан оралмаған әке аруағы алдындағы тағзымы, жас ұрпаққа айтар аманаты. Негізінде атамекенді туған анаңдай қастерлеп, қадірлеудің озық үлгісі осындай болса керек. Бақыт БАЛҒАРИНА,Алматы.