ТҰРҒЫН ҮЙ ТҰРУҒА ЖАЙЛЫ БОЛУЫ ҮШІН
Ел экономикасының ауқымында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының әлеуеті үлкен. Бүгінде бұл салада еңбекке жарамды қазақстандықтардың 18 пайызы жұмыс істейді. Яғни, 200 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының жылдық табысы 500 млрд. теңгені құрайды. Бұл мемлекетіміздің ішкі жалпы өнімінің 3 пайызына тең. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТҮКШ) өзара тығыз байланыстағы екі негізгі бағыттан тұрады. Бірінші, коммуналдық қызмет саласы, оған тұтынушыларды су, газ, жылу және электр қуатымен қамтамасыз ету, су тарату мен кәріз қызметі, сондай-ақ елді мекендерді абаттандыру шаралары кіреді. Екінші, тұрғын үй қатынастары саласы, оған көп пәтерлі үйлердің ортақ мүлкін пайдалану және басқару қызметі жатады.
Сонымен бірге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы әлеуметтік маңызы жоғары сала болып табылады. Өкінішке орай, бізге кешегі кеңестік дәуірден мұраға қалған коммуналдық сала инфрақұрылымының пайдалану мерзімі асып кеткен әрі моральдық тұрғыдан әбден ескірген еді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын жекешелендіріп алған бизнес субъектілері инфрақұрылымдарды түбегейлі жаңғыртуға қаржы салудан жалтарып, оларды ақырына дейін барынша пайдаланып, таза табыс табу жолына түсті. Осының салдарынан бүгінде республикамыздағы сумен жабдықтау жүйесінің 64 пайызының, су тарату желісінің 66 пайызының, жылу жүйесінің 63 пайызының, электр желілерінің 73 пайызының және газбен жабдықтау жүйесінің 54 пайызының тозығы жетіп, жедел жаңғыртуды қажет етіп отыр.
Осыған байланысты Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жолдауында “Коммуналдық желілерді қайта жарақтандыру мен жаңғырту. Бұл – сумен қамтамасыз ету, жылумен қамтамасыз ету, энергетика мен кәріз сулардың нысандары мен желілері. Бұл көзге көрінбейтін жұмыс, бірақ та бізге оны бәрібір істеуге тура келеді. Ол – болашақ дамудың негізі”, деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын түбегейлі реформалау міндеті күн тәртібіне қойылып отыр. Жақында өткен Үкімет отырысында 2020 жылға дейін еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мен кең көлемде модернизациялау бағдарламасы қаралды. Ұзақ мерзімге арналған бұл бағдарлама еліміздегі коммуналдық жүйелерді түбегейлі қайта құрып, заман талабына жауап беретін инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді.
Ақиқатында, Мемлекет басшысының баламасыз бастамасымен жаһандық қаржы дағдарысына қарсы ел Үкіметі қабылдаған бірлескен іс-шаралар бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту мақсатында арнайы “Жол картасы” жасалынып, бұл саланы реформалау бетбұрысы өткен жылы басталып та кеткен болатын. 2009 жылы осы мақсатпен бюджеттен 61 млрд. теңге қаржы бөлініп, 862 жоба іс жүзіне асырылды. Бұл шараны жүзеге асыру барысында 81 мың жұмыс орыны ашылды. Сөйтіп өткен жылы ТҮКШ саласын жаңғырту мақсатында 284 шақырым жылу жүйесі, 737 шақырым электр желісі, 284 шақырым газбен жабдықтау желісі, 1029 шақырым сумен жабдықтау құбыры, 172 шақырым су тарату жүйесі қайта салынды және күрделі жөндеуден өткізілді.
Үстіміздегі жылы еліміздің ТҮКШ саласын дамыту және кең көлемде модернизациялау тұжырымдамасын іс жүзіне асыру мақсатындағы 2010-2014 жылдарға арналған кешенді жоспар белгіленіп, жүзеге асырыла бастады. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл шараларды орындауға бес жыл ішінде 300 млрд. теңге қаржы бөлінбек. Оның 200 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен, қалған бөлігі жергілікті бюджеттер есебінен қарастырылады. Салаға бес жыл ішінде тең көлемде жыл сайын 60 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп отырады. Бөлінген қаржының басым мөлшері инженерлік жүйелерді жөндеуге және қайта жаңғыртуға жұмсалатын болады.
ТҮКШ саласын дамыту және кең көлемде модернизациялау тұжырымдамасы бойынша, арнаулы іріктеу байқауларынан өткен инвестициялық жобалар ғана бюджеттік қаржыландыруға жіберілетін болады. Бұл ретте мына бағыттарға басымдық берілмек: жергілікті бюджеттен қосымша қаржыландырылатын коммуналдық меншік нысандарын жөндеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға; бұрын басталған жұмыстарды бітіруге; мейлінше ескірген нысандарды модернизациялауға; нысандарды апатты жағдайдан құтқарып, олардың тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз етуге; тұрғындарды бұрын болмаған коммуналдық қызмет түрлерімен қамтуға; ресурс және энергия қуатын үнемдеуші технологияларды өндіріске енгізуге. Міне, осы басымдықтарды негізге ала отырып, өңірлік әкімдіктер 2010-2014 жылдар аралығында ТҮКШ саласын дамытудың өңірлік бағдарламаларын белгілеу жұмыстарын аяқтады.
Тұжырымдамаға сәйкес елді мекендерді сумен қамтамасыз ету мәселесінде бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру көзделініп отыр. Атап айтқанда, қаржыны үнемдеу және бақылауды күшейту мақсатында жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелері орталықтандырылған түрде әзірленетін болады. Тұжырымдамада белгіленген кешенді міндеттерді жүзеге асыруды үш кезең бойынша жүргізу қарастырылған. Бірінші кезеңде, яғни 2010 жылы облыс орталықтарындағы және Астана мен Алматы қалаларындағы сумен жабдықтау және су тарату нысандарының қазіргі жағдайына жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Көкшетау қаласының бұл саласына толық жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасалынады. Екінші кезеңде, яғни 2011 жылы Атырау және Шымкент қалаларының техникалық-экономикалық негіздемелерін дайындау жұмыстары аяқталуға тиіс. Ал 2010-2014 жылдарды қамтитын екінші кезеңде басқа қалалардың техникалық-экономикалық негіздемелері дайындалып, белгіленген осы шаралар бойынша кешенді жұмыстар атқарылатын болады.
Жоғарыдағы келелі міндеттерді ойдағыдай іс жүзіне асыру мақсатында алдын-ала үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Еліміздің ТҮКШ саласын дамыту мен кең көлемде модернизациялаудың қазақстандық орталығы құрылды. Орталықтың алдына бірнеше келелі міндеттер қойылды. Олар – саланы дамыту мен кең көлемде модернизациялауға арналған жобаларды қаржыландыруға бюджеттен тыс инвестициялар тарту, ТҮКШ сласында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерді несиелеудің тиімді жолдарын қарастыру, ресурстар мен қуаттарды үнемдеу технологияларын өндіріске енгізу, мемлекет және жеке меншік әріптестігінің тиімді жолдарын тауып, саланы басқарудың заманауи тәсілдерін тәжірибеге енгізу болып табылады. Міне, осы кешенді шаралар толық жүзеге асқан кезде еліміздің ТҮКШ саласы тиімді де табысты жұмыс істеп, бизнес құрылымдар арасында беделді де бәсекеге қабілетті құрылымға айналмақ.
Ұзақ мерзімге арналған осы кешенді бағдарламаның маңызды бағытының бірі – тұрғын үй секторын дамыту міндеті. Өткен жылы осы мақсатта “Тұрғын үй қатынастары туралы” арнайы заң қабылданған болатын. Мәселені барынша зерттей келе, бұл жаңа заңға биылғы жылы тағы да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олар мынандай маңызды бағыттарды қамтиды: бірінші, мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қоры құрылатын болды. Себебі, осы уақытқа дейін еліміздің мемлекеттік тұрғын үй қорлары әкімдіктер мен кәсіпорындар меншігінде ғана болып келді. Мемлекеттік орталық органдардың тұрғын үй қорлары ешбір заңдастырылмаған еді. Енді ол толық заңдастырылды. Екінші, қызметтік тұрғын үй қорын бөлу тетіктерін оңтайландыру болып табылады. Осы уақытқа дейін әкімдіктер қызметтік тұрғын үйлерді нақты азаматтарға тікелей беріп келді. Енді жаңа заң нормалары бойынша, әкімдіктер қызметтік пәтерлерді тұтас ұйымдарға (сот, прокуратура, полиция) бөледі, олар өз кезегінде белгіленген тәртіп бойынша тиісті қызметкерлерге береді. Үшінші, пайдалануға жарамсыз деп танылған апатты жағдайлардағы үйлердің азаматтарына тұрғын үй берудің жеке кезегін енгізу. Бүгінгі күнге дейін мұндай санаттағы азаматтар жалпыға ортақ тұрғын үй кезегіне тіркелгендіктен, бірқатар қиындықтарға тап болатын, тіпті үйлері құлап қалса да жалпы кезекті күтіп, пәтерсіз қалғандар аз емес. Енді жеке кезек бойынша тіркелген азаматтардың осы мақсат үшін бөлінетін тұрғын үй қорынан пәтер алу мүмкіндігі жеңілдей түспек.
Сонымен бірге заң талаптары бойынша, мемлекеттік тұрғын үйді жекешелендіру тәртібінің жаңа ережелері белгіленетін болады. Бұл ретте тұрғын үйді жекешелендіру ережелерін бекіту өкілеттігі Үкімет құзырына беріледі және тұрғын үйді жекешелендіру мәселесі тек әкімдіктер арқылы ғана жүзеге асырылады. Тұрғын үйді жекешелендіру тәртібі пәтерлердің қалдық құны бойынша есептелінетін болады. Жаңа заң нормаларында түрғын үй мәселелеріне қатысты бұдан басқа да бірқатар өзгерістер енгізілген. Бұл өзгерістердің барлығы негізінен тұрғындардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында мүмкіндігінше әлеуметтік әділеттілікті орнықтыруға бағытталған. Қорыта айтқанда, еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын 2020 жылға дейін дамыту және кең көлемде молернизациялау бағдарламасы бүл салада ұзақ жылдардан бері қордаланып келген проблемаларды түбегейлі шешіп, тұрғындар үшін өмірлік маңызы бар саланың өркениет талабына сай өрістеуіне мүмкіндік береді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.