• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2010

Көппен кеңес — ойға өріс

478 рет
көрсетілді

Кеше Қарағандыда өткен Тілдерді қолдану және дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған “Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы” атты қоғамдық тыңдау болды. Онда сөз бастаған Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева атағандай, бұл барлық өңірде өтетін кездесулердің алғашқысы екен. Жаңа бағдарлама бойынша жан-жақты түсіндірме жасаған баяндамашы алға қойылған мақ­саттарға қол жеткізуде атқарылар шараларды да таныстырды. Осы орайда көпшіліктің пікірлері мен ұсыныстары оған өзгертулер және толықтырулар енгізілу кезінде ерекше ескерілмектігіне назар аудартылды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы Бақытқали Мұсабеков өз сөзінде тоқталғандай, аймақтағы ішкі де­мо­графиялық себептерге байла­ныс­ты мемлекеттік тілді басым­дыққа айналдыру оңайлыққа соқ­пауда. Әйтсе де бұдан тау шағы­лып, талпыныс жасып отырған жоқ. Жұртты қазақшаға бет бұр­дыру бағытында жергілікті тіл жан­ашырларының тәжірбиесі алысқа аян. Ол сондай-ақ, қол­байлау жасап жүрген мәселелердің шешімі табылуға, соның ішінде үйренуге ықыласты қызметкер­лерді жұмыс уақытын бөліп оқытуға қолдау жасалса құба-құп болар еді деді. Талқылауды жалғастырған “Болашақ” университетінің рек­торы, ғылым докторы Нұрлан Дулатбеков заңдардың бұдан былай қарай қазақ тілінде дайын­далып, жазылуына көшілуі керек­тігін атай келіп, экономика мен бизнес тілін қазақшаландыруға көңіл бөлінбей келе жатуын, енді қалтарыста қалдыруға болмайтын­дығына тоқталды. Оның пікірі бойынша тұрғылықты халық өкілдерінің біразы осы салада қызмет етеді. Сондықтан қазақша сөйлеуге жұмылдырудың үлкен тірегі сонда жатыр деген ойын об­лыстық кәсіпкерлер қауымдасты­ғының төрағасы Талғат Доскенов қостап, бұған өздерінің ынталы екенін ортаға салды. Абай ауданының әкімі Тұрар Алтынбековтің пайымдауынша еліміздің күш-қуаты өскен, беделі биіктеген сайын мемлекеттік тіл мәртебесі де нығая түсіп отырғаны байқалады. Бұған аудан өмірінен алға тартарлық мысалдар жеткілік­ті. Мәселен, жаңадан ашылған 200 орындық қазақша балабақшада тәрбиеленушілердің 57-сі өзге ұлт жеткіншектері. Қазақ мектебіне оқуға өз тілегімен келіп қосылу­шы­лар да аз емес. Бұл байсалды, байыпты тіл саясатының нәтижелі нышаны. Сонымен қатар ол құлақ түрдіріп өткендей мемлекеттік тілді насихаттауда, мерейін көтеру­де ауызбірлік қажет. Бұл мәселеге келгенде саяси ұстанымдар әртүрлі болғанмен, азаматтық үн бір бо­луы керек. Еврей ұлтық-мәдени орталы­ғы­ның жетекшісі Бэла Каменец­кая, Қарағанды техникалық университетінің студенті Николай Смолин жаңа бағдарлама жобасын мұқият оқып шыққандарын, оның көпшілік тарапынан түсіністік тауып отырғандығын атады. Келелі мәселе қозғалған ке­ңеске Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров қатысты. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.