• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2010

Ұялы байланыс желісінің бағасы төмендеуі мүмкін

632 рет
көрсетілді

Жөн сұрасудың жедел жүйесі Бұрнағы күні Астанадағы “RІXOS” қонақүйінің “Жерұйық” залында Бәсекелестікті қорғау агенттігінің бастамашы болуымен “Интерконнект тарифтерін реттеу” деген тақырып бойынша семинар өткізілді. Оның шеңберінде сондай-ақ бұқаралық ақпарат құрал­дары­ның өкілдері үшін баспасөз жиыны ұйымдастырылды. Қазіргі таңда ұялы байланыс еліміздің телекоммуникация рыно­гында барынша қарқынды дамып келе жатқан сегменттердің бірі бо­лып қалып отыр. Оның үлесіне бай­ланыс қызметінің барлық түр­ле­рінен түсетін табыстар құры­лы­мы­ның 45,9 пайызы тиеді екен. Са­лыстыру үшін мұндағы интернет-қолжетімділік қызметінің алар ша­ма­сы – 5,2, радио мен теледидар­дың шегі – 3,4, ал пошта қыз­ме­ті­нің деңгейі 1,8 пайыз екенін айт­сақ, көп жәйт өзінен өзі айғақтала түсер еді. Бірақ, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, байланыстың бұл түрінің салаға осыншама мол табыс әкеліп тұрғанының тұтыну­шы­лар үшін тиімсіз тиетін келесі ке­нересі де бар. Ол – біздегі желі­ара­лық байланыс белгілеп отырған мөлшерлеменің қымбат болып отырғанында. Ұялы байланыс қыз­метінің телекоммуникация жүйе­сі­не ақшаны науалап құйып тұруы­ның ендігі бір ерекше себебі осы қымбатшылықта жатыр. Обалы не керек, соңғы уақыт­та­ры бұл тақырып жөнінде ұдайы мәселе көтеріліп келеді. Мәселен, биылғы көктемде Ақпараттандыру және байланыс мемлекеттік агент­тігінің басшысы Қуанышбек Есе­кеев Қазақстанда алдағы жылдан бастап ұялы байланыс қызметінің бағасы төмендей бастайтынын мә­лімдеген болатын. Ал Байланыс және ақпарат министрлігі шілде айында республикадағы ұялы бай­ланыс қызметі тарифтерінің қан­ша­лықты деңгейде негізді екенін тек­серуге кірісті. Бірақ, қайсыбір ел­дер­дегі секілді, байланыстың бұл түрінің бағасын оның оператор­ла­ры өз еріктерінше белгілеп отыра­ды. Біздің елімізде ондай оператор­дың төртеуі тіркеліп, жұмыс жа­сау­да. Солардың арасындағы “GSM Қа­зақстан” ЖШС бүгіндері 7 млн. або­нентке қызмет жасайды. Одан або­ненттер саны 250 мыңдай ғана кем “КаР-Тел” компаниясы да біз­дің рынокта қадамын нық басып тұр. Енді бұларға қалай бағаны төмен­дет­тіруге болады? Әлде биыл ғана осы ры­нокқа келіп қосылған жаңа “ой­ын­шы” — шведтің Tele2 дис­каунтері “тарифтердің шарпы­суын” туғызып, оның төмендеуіне себепкер бола ала ма? Семинарға қатысушыларды осы мәселелердің бәрі толғандырды. Семинардың соңында Бәсеке­лес­тікті қорғау агенттігі төраға­сы­ның орынбасары Рүстем Ақбердин бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының өкіл­дерімен кездесіп, жиында қол жеткен шешімді жеткізді. Оның ай­туынша, еліміздегі байланыс опера­торлары тамыздың 20-сы күні желі­аралық байланыстың мөлшерлеме­лерін тө­мендету бойынша ұсыныс жасайтын көрінеді. “Тамыздың 20-сында олар же­ліаралық байланыс мөл­шерлеме­лерін өз еріктерімен төмендету бой­ынша ұсыныстарын енгізулері тиіс. Сол кезде біз олар­дың қаншалықты дайын екен­дік­те­рін байқаймыз”, – деген ол бұл жердегі салмақтың “Кар-Тел” және “Қазақтелеком” АҚ-қа түсіп отыр­ғанын да жасырмады. Осы орайда агенттік байланыс оператор­лары­ның бұл тарифті барынша түсіруін күтіп отырғанын жеткізді. Бәсекелестікті қорғау агентті­гі­нің мәліметіне қарағанда, қазір же­лі­аралық байланыстың құны ми­нөтіне 19,98 теңгені құрап отыр. “Қазақ­станда абоненттерге ар­налған ұялы байланыс қызметіне тарифтер  тым жоғары”, – деп атап өтті Р.Ақбердин. Осы орайда ол тарифтердің қымбат болуының бір себебі ретінде ұялы байланыс саласындағы бөлек операторлардың желіаралық байланыс үшін мөл­шер­лемелері жоғары болып отырға­нын атап өтті. Тағы белгілі бол­ғаны, егер байланыс операторлары тиісті шешімге келмесе, онда моно­полияға қарсы ведомство бұл мөл­шерлемелерге мемлекеттік реттеу енгізуге ниетті сыңайлы. Сонымен, жөн сұрасудың жедел жүйесі болып отырған желі баға­сы­ның шамадан тыс қымбат екеніне принципті түрде тұжырымды баға берілді. Бұл төңіректе ойлану үшін байланыс операторларына ұсыныл­ған уақыт та тым көп емес. Ен­де­ше, осы озық ойдан нендей түйін шығатынын білетін күн де жақын. Серік ПІРНАЗАР.