• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Тамыз, 2010

Үміт желкенін көтерген теңіз

747 рет
көрсетілді

Дана табиғат Жер атты тір­ші­лік байтағында ғажайып үйлесім­дер патшалығын орнатқан. Солар­дың бірі және бірегейі – планетамыз­дың Көгілдір Алқасы. Өмір Алқасы! Ол планета байтағында Жерорта, Қара, Каспий, Арал теңіздері, Бал­қаш көлі секілді келісті, даңғайыр тізбек құрап жатыр. Жердегі фер­дауыстай осы, мағыналы-мәнді алап – миллиондардың өмір кепілі, тір­шіліктің мәйекті өрісі. Сол тізбектің ең сынды тұсында көз қуантып, көңіл толтырып Арал теңізі шалқып жатушы еді... Жарты ғасырға жуық, экология­лық апат шеңгеліне түскен Арал үстінде, жаңа тарихымызда, әлем назарын аударған, халықаралық ау­қымдағы үш кезеңдік оқиға болды. Оның біріншісі: қызыл империя түндігі астында, ақпараттық қапаста тұншыққан Арал теңізі ақиқатын ББҰ-ның биік мінберінен Елба­сымыз айдай әлемге паш етті. Екін­шісі, 1993 жылдың наурызында проб­лемаға іргелес бес ел басшы­лығын Қызылорда саммитіне қау­ыштырып, халықаралық Аралды құт­қару кеңесі, халықаралық Арал­ды құтқару қорын құруды жүзеге асырды. Үшіншісі, жаңа мыңжыл­дық басында Елбасымыз “Кіші Арал” идеясын теңіз алабындағы бау­ырлас елдер алдында дәлелдеп, мақұлдатып, қорғап шықты. Осы оқиғалардың қатарында Арал экологиясы туралы заң, Үкіметтің түрлі бағдарламалары сияқты ел ауқымындағы елеулі оқиғалар да аз емес еді. Бұл бастамалар арасында, байқағанға, сабақтастық, бірізділік, терең қисындар бар. Ғаламдық проблеманың ауқым­ды шешімін әлемнің ізгі күштері әлі таба алар емес. Бұл, әйтсе де, шара­сыздық пен дәрменсіздік дегенге желеу болмаса керек. Еліміздің Арал үстіндегі жағдайды оңалтуға деген талмас ізденісі – осы жол­дағы нақты іс-қимыл қадамдары. Көп жылдық жұртшылық тілегінен туған, адамдардың ой, ниет, ұсыныстар квинтэссенциясы іспетті сондай тағы бір бастама ғасыр басында өмірге келген. Ол – Қа­зақстан қажырлы түрде қолға алған САРАТС (Сыр­дария арнасы және Арал теңізінің солтүстігін сақтау) жобасы еді. Еркіндік алған бауырлас елдер­дің жаңа тарихында көптеген игі өзгерістер жүзеге асса да, қасіретті Аралға деген көзқарас көп аса өз­гермей қалған жайы бар. Бұлай деуге себеп: Әму-Сыр алабындағы елдер ұстанымына тағдыры тым тәуелді Арал басында қаншама иман­ды сөздер ағыны ағыл-тегіл тө­гілгенімен, кешегі Кеңес заманын­дағы душарлықтан сол теңіз бір арылып шыққан емес. Таңғаларлық жағдай: дүмді саясатын тоқпақ ет­кен сонау темір жұдырықты орта­лық жоқ; адамдар мен ұлыстар иман­дылық бастауларына оралды; жер-суының иелігі өз қолдарына тиді; өз игілігіне жанашырлық жа­сайтын ізгі мүмкіндіктерге жетті. Бірақ Тұранның көгілдір жанары, Орталық Азияның салқын сабатты айдыны сол баяғы қасіретінде тоқтаусыз өше берді. Арал жер бетінен жойылуға келді. Енді кім кінәлі?! (Бір заманда “табиғаттың бермесін тартып аламыз!” деген сорақы ұран болып еді-ау...) Бүгінгі Арал енді Орталық Азиядағы имандылық пен мәдени деңгейдің қапысыз индикаторы сияқты көрінеді. Қазақстандық САРАТС жобасы осындай ахуалда, терең өмірлік қи­сынмен дүниеге келіп еді. Сырдағы еліміздің үлесті суымен, ондағы экология-теңіз-табиғат сыбағасы­мен, ішкі резервімізде үнемді жол­дар іздестірумен, ең болмаса, Сол­түстік Арал айдынын сақтап қалу керек! Теңізді екіге бөлген Көкарал-Баян өткелегі осыған сұранып-ақ тұр... Сол жерде 2004 жылы “Көк­арал” бөгетінің құрылысы басталды. 15 жылдай ұсынылып, халықтық құрылыс түрінде талай нұсқасы са­лынып, талай апаттарға душар болған идея мемлекеттік, өркениетті деңгейде қолға алынды. Ұзыны 13 шақырым, биіктігі Балтық жүйе­сі­мен 44 метр алып нысан 3 жылда бітті. 4-5 жылда толады деп жоба­лан­ған айдынның кенересін су бір ғана қыста (!) шіреп шыға келді. Ең бастысы, осы бейнеттен күтілген зейнет шаш-етектен болды: Арал­дың табиғаты жұмсарды, экология тәуірленді; елдің әлеуметтік, эко­но­микалық әл-ауқаты түзелді; арал­дықтар өзінің ата кәсібімен қауы­шып, барақат тапты. Болашақ мұ­нан да жарқын игіліктер ашқандай – жобадағы теңіздің екінші кезегі 46 м., болашағы онан да биік нұс­қада белгіленген еді. Бірақ... Соңғы жылдары іс пен жоба басындағы жауапты адамдар сондай үмітті, аң­саулы бағыттан ауытқып, “Сары­шы­ғанақ” дегенді қаузап кетті. Халық өзінің жүдеу үмітімен, сор­таң жағалауда қала беретінге ұқсады. “Сарышығанақ” – сонау КСРО-ның аумалы-төкпелі уағын­да, ақша құнсызданып, алып импе­рия пышырай бастаған тұста өмірге келген амал. Ол проблемалы өлке­нің “қасбетін әктеп”, көзге түсер жағын жылтыратып қоюға ғана есеп­телген сол кезгі саясаттың жау­ырды жаба тоқыған жартыкеш ісі еді. Жаңа тарих ол тиімсіз іске өз үкі­мін айтты. Өрісті жаралап, он­сыз да экология зілі түскен өлкеге жаман тыртық салып, халықтың 15-18 миллион сом ақшасын желге шашып үлгерген құрылыс тоқта­тылды. Дер кезінде тоқтатылған сол бассыздық қайтымын ел әлі күнге риза сезімде айтады. Сол “Сарышы­ғанаққа” тағы да қаржы жұмсап, жаңа дем берушілердің бүгінгі та­рихи-имандылық пәлсафа­мыздағы ескі жыры түсініксіз. 2009 жылы наурызда өткен қоғамдық тыңдауда Қызылорда жұртшылығы бұл нұс­қаға түбегейлі қарсы болды. Бірақ іс басындағылар қоғамның негізді пікірін құлаққа ілмей, өз тұғыр­ларын қайталаумен болды: әлемдік дағдарыс – Солтүстік Аралға қаржы жоқ деп бір қорқытты; Сырдың суы кіші теңізге жетпейді деп тағы бір үбіжік шығарды; құжаттарды “Кіші Аралға” бейімдеу үшін кемі бір жыл уақыт керек деп және бір уәж айтты. Қарап отырсақ, сонан бері де 17 айға (!) қарапты... Ел көкейінде көп күтілген жақ­сы лепес биыл көктем Қызылорда облысының әкімі Б.Қуандықовтың аузымен айтылды: “Сарышығанақ” идеясы ел-жерге тиімсіз нұсқа; жо­баның 2-ші кезеңіне бөлінген қо­мақты қаржыны төгіп-шашпай келешекті “Көкаралды” көтеруге салу керек!..” Ақиқат бізге осылай бет бұрды. Дәлірегі, біз аңсаулы ақи­қатқа осылай жақындаған сияқ­тымыз. Әрине, аймақ басшысы шегесі терең қағылған “Сарышы­ғанақ” жолын тоқтатып, ел-жер тілегіндегі “Кіші Аралға” ынта ар­на­сын бұрғанда, үлкен тәуекел, шешімді қадамға барып отыр. Адам да, табиғат та бұған тілекші, бірақ, сонша ақша жұмсап, түрлі негіз­деулер мен тұсаукесерлерден өткізіп үлгерген нұсқаны тоқтатып, тілеулі болса да, тасада қалған игілікті “Көкарал” идеясын демеп, жолға салу оңай міндет емес еді. Сөзіміз әділ болуы үшін екі араны біршама саралап көрелік. Қайтерсің, имандылықпен қауы­шып, игі өркениетке бет бұрдық деген ХХІ ғасырда Үлкен Арал, ақыры, жер бетінен өшіріліп тынды. Енді, анығында, ғаламдық ауқым­дағы үміт кіші теңізде қалды. Құр­сағы солыңқы кіші айдынның жаға­сы, төсі, тереңінде лып-лып жанған шырақтай, лүп-лүп соққан жүрек­тей, сонау ұлы судың болар-болмас өмір тынысы сақталып қалған еді. Жаратушы-болмыс, осылайша, өзі Қазақстан бетке Көкарал түбегі, Берг бұғазымен сол қайран Арал­дың қайталанбас жәдігер-қасиетін аман-есен сақтап қалу миссиясын ұсынып тұр емес пе!.. Міне, осыны ұғынып-пайымдау бізді көшелілік жолына бастайтын парасат тұғыры болмақ. Арал ауданының 70 пайыз ша­ма­сында халқы (Арал қаласын қоса) “Кіші Аралдың” ежелгі жағалауын­да, атақоныс, ата мазарын қимай, көп уақыт үміт созып, теңізін күтіп отыр. Бұл жағалауда Бөген, Көне­бөген, Қарашалаң, Қаратерең, Ақбасты, Ақеспе, Тастүбек және Мергенсай ауылдары, Арал қаласы тұр. Экологиядан үдере көшкен біраз ағайын осы жерлерге жетіп табан тіреген. “Кіші Арал” – ең алдымен солар үшін өмір шарты. Сарышығанақ – кіші теңіздің бір пұшпағы, бұл су толса, ол да тірі­леді. Ал кіші теңіз – бүкіл Аралдың оннан бір айдыны. Оған жаратылыс Үлкен Аралдың кешенді табиғатын берген. Бұл бақиға бет бұрған Аралдың қайталанбас тіршілік дү­ние­сін ертеңге сақтап қала алатын ғажап мүмкіндік. Мұндағы теңіз түлігінің ішінде атақты Арал қаязы, бекіресі, албырты, шөмейкесі және таспа шалаңы сияқты, өзге әлемнің еш жерінде кездеспейтін кереметтер бар. Мұндай жәдігерді Сарышы­ғанақ сақтап қала алмайды. “Көкаралда” іргесі көтеріліп, игі нәтижесін берген сенімді негіз тұр. Ол бетке жол, электр желісі тарты­лып, жұмысшылар қыстағы салын­ған. Бөгеттің оңтүстік-батыс аймақ­тағы экономикалық, стратегиялық рөлі аса зор. Ал, әлгі “Сарышы­ға­наққа” сондайлық қымбат комму­ни­ка­цияны тыңнан салу керек. Маңында ел жоқ құлатүздегі ны­санда елеулі экономикалық, стра­тегиялық маңыз да болмайды. Бұл бөгетте кеме өткізетін шлюз орнату, шығанақ суын тұшыту ниеттері тым шығынды және ел-табиғатқа қатерлі эксперимент болуы мүмкін. Мы­салы, каскадты шлюз теңіздің та­би­ғи тіршілігіне үлкен нұқсан кел­тіретін құрылғы болмақ. Ол жұмыс істеуі үшін үнемі қуат көзін, қыста күту, жазда пайдалану сияқты тұрақты қызмет шығынын қажет етеді. Ал ащы сулы ежелгі теңіз шы­ғанағында төменгі Сырдың “ауыр” суымен тұщы көл жасаймын деу – экология мен тіршілікке қауіпті тәуекелге бару... Мұндай артық “бас ауруының” не керегі бар?!. Және, “Сарышығанаққа” бола Қамбаш сияқты реликті көлден арна қазып, оның табиғатын бұзу да мақұл­дар­лық іс емес... Таразының екі ба­сын­дағы “Кіші Арал” – “Сарышы­ғанақ” нұсқаларында осындай принципті кереғарлықтар бар. Су мәселесі. Мамандардың шек­теулі-кепілді есебіне қарамас­тан, Сырда теңізге жетімді су бар деп батыл айтуға болады. Әсіресе, дарияның қысқы ағыны толымды. (Маман есебін бұза толған “Кіші Арал” мысалын еске алайық.) Күні бүгін де (соңғы бірнеше жыл!) “Көкаралдан” Ұлы теңіз сортабына жүздеген миллион текшеметр су құлап жатыр. Сол сумен мыңдап, миллиондап балық кетіп, кері қайта алмай ол қырылып жатыр... “Кіші Арал” ішкі резервімізден су үнемдеу мақсатын да айқындаушы фактор болады. Дария суын пайдалануда экологиялық мәдениетке ынталан­дырады. 1993 жылғы Қызылорда саммитінде қабылданған су бөлу шарты соны күш алады. Және “Көксарайдың” су реттеуші рөлінен үлкен игілік күтіледі. ”Кіші Арал” мен “Көксарай”, түбі, бір үйлесімде болады деген үміт зор. Қазақстан, Сібір суларын оңтүстік өлкелерге жеткізу мәселелері де күн тәртібіне қойылып келеді... Солтүстік Арал­дың су есебінде тағы бір-жар жайт­ты ескеру керек: бұл айдында, оңтүс­тікке қарағанда, булану аз, жауын-шашын басымдау. Батыс шыңдардың шолақ сай, өзенше, бұлақтары, Ырғыз-Торғайдың жер асты ағындары – есепке алынбаған тағы бір “кіріс көздері” болмақ. “Көкаралды” көтеру, әрине, қомақты қаржы талап етеді. Қаржы негізін САРАТС-2 кезегінде “Са­рышығанаққа” енді “шашылмай­тын” ақша құрауға тиіс. Және бұл игі бастамаға Үкіметіміздің елеулі қолдауы болатынына сенім мол. Мысалы, “Көксарай” бөгетінің (45 км.) үштен бірінен сәл ғана асатын “Көкарал” тоспасының (17 км.) келешек маңызы мен қайтарымы су реттегіштен кем болмаса керек. Бұл орайда жоғарыда келтірілген игі уәждерге не қосуға болады? “Кіші Арал” суының жиегі Балтық Жүйе­сіндегі 50-53 метр деңгейге көте­рілсе, жерімізде Сарышығанақтан 5 есе үлкен теңіз пайда болады. Ба­лық аулау көлемі 3-4 есе көбейеді. Өлкенің экологиясы көп жақсарып, халықтың әлеуметтік, экономи­ка­лық әл-ауқаты артады. Қызылорда облысының батыс аймағын сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған Сарбұлақ су көзі қуат алады. Ақтөбе облысының шығысы мен оңтүстігі, Қостанай облысының оңтүстігі, Қарағанды облысының батыс аймақтары, Қызылорда облысының экологиялық зіл астындағы үлкен өңіріне Солтүстік Аралдың тікелей әсері сезіледі. Арқаның егісті алқап­тары, Үстірт-Бетпақдала, таулы өлкелер климатында оң өзгеріс күті­леді. Кіші теңіздің күтулі деңгейін­де, шалғайдағы Құланды ауылы іргесіндегі Тұщыбас шыға­нағына “Көкаралдан” су жетіп, Үлкен Аралдың да бір айдыны қайта тола бастауы мүмкін. Аралдың оннан бір айдыны, 6000 шаршы шақырымдық “Кіші Арал” – Орталық Балқаш, Ыстық­көл секілді үлкен су болады. Жұрт­шылық қайта қауышқан теңізімен енді заманауи әлеуметтік-экология­лық фәлсафа ұстанар болар. Қа­тыбас тұтынушылық ниеттерден мәдениетті түрде арылу шарт. (Теңіз үстінде сондай тұтынушылық әре­кет әлі орын алып отыр.) Аспаны шағырмақ шөлді өлкенің теңізі бірегей курортты-туристік кешен бола алады. Ерек табиғат, ыңғайлы жағрафиялық орналасу, балық, ет, шұбат, қымыз сияқты жеңсік ас осыған өзіндік реңк береді... Бұр­масыз Арал ежелгі сүрдектердің, сан тарау жолдардың, болашақты “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” күре жолының нақ бойында ж­а­тыр... Бәлкім, сондай келешек үшін, қажет болса, САРАТС жобасының 3-ші кезегін де ойластыру артық болмас?.. Жаңа бетбұрыс алғашқы ретте Республика Парламентінде, ел Үкі­­ме­ті деңгейінде түсіністік тапты. Ен­ді Мемлекет деңгейіндегі қолдау, Ел­басының қамқор сөзі күтіліп отыр. Алып теңіздің ауқымды айды­нын адам қолымен көтеру – адам­зат тарихында мысалы аз, бәлкім, болмаған оқиға. Бұл жағдай қуаты мен имандылығы бір өрім боп өрілген еліміздің нұсқалы өнегесі. Арал проблемасына қатысы бар, іргелес елдердің бірде-бірі мұндай батыл қадамға әлі бара алған емес. Солтүстік Аралдың ауқымды ай­дынын көтеру идеясы Елбасымыз­дың қажырлы бастамасымен өмірге келді. Осы игі бастаманың келешегі де Елбасымыздың жіті, ынталы назарында. Үміті оянған теңізін күту ха­лыққа керемет сенім мен оптимизм берді. Жұртшылық ізгі мақсат төңірегіне ұйысты. Жарты ғасырдай экология сынына шыдаған ағайын үміт желкенін көтерген көк теңізін, жақсы тілекте, енді қанша уақыт болса да күтуге пейілді. Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ, жазушы. Қызылорда.