Аталарымыздың “көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың” деген қағидасы болмыстан туындаған түйін. Өмір талқысынан талмай, әрекет-құбылыстардың сан қырына қырандай қарай білу саналы адамды көсемдікке, абзал ағалық, ақсақалдыққа меңзейді. Бірақ меңзеуді, бағыттауды іске асыру, қоғамдық нәтижеге жету қандай қиын десеңізші. Бұған қанат бітіретін, шың-құзға құлаштауға қуат беретін қос қанат, Абай айтқандай, адамның ақылы мен еңбегі. Адамның адами қасиеттерін қайраған осы екеуі. Алысқа, абыроймен самғататын осы қос қанатты Бәйкен Әшімұлына дарытқан асыл ата-анасы. Табиғатынан етек-жеңі кең, жан-жаққа зерделі көз тастайтын Бәкең жастайынан қоғамдық қатынастардың қызу ортасында жүрді. Тіршіліктің қатал талаптарын терең түсінуге, іс-қимылдың қиын әдістерін игеруге ұмтылды. Сөйтіп туған халқының мызғымас мүддесін мұқият сақтауға, қорқып-үрікпей оны қорғауға белін бекем байлап, айнымас адалдығын танытты.
Өсу, өркендеу жолында молая беретін мүдделер адам санасын үнемі толассыз мазалайды, сананы билейді, тыныштық түндігін серпілтеді. Міне, қалың халықтың осы сана-сезімін ойға, бойға сіңіру, соның қоғамдық нәтижесіне жетудің сан қырлы жолын іздестіру саясатқа араласқан, саясат басына келген басшылар қызметінің өзегі екенін тарихи-қоғамдық даму үдерісі әр уақытта еске салады. Қалың, қарапайым халықтың санасынан өткен мүдделерді сезіну, іске асыру – басқару мәселелерінің кілті.
Бәйкен Әшімұлы тіршілік талабымен алғаш араласқан қоғамдық қызметтің бастапқы баспалдағынан бастап Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы болған жылдарының аяғына дейін туған елі, туған халқы мүддесіне мызғымас беріктік танытып, адал, жасампаздық қызмет көрсетті. Сондықтан ел аузынан түспеді. Елінің шынайы құрметіне бөленді. Зейнетке шыққан жылдарынан бастап, өмірінің соңғы сағатына дейін қадірлі қария, абзал абыз, ардақты аға болды. Оның өмірі, болмысы, жүріс-тұрысы ұлтқа үлгі болды. Елі оны ел ағасы деп таныды.
Қайраткерлік қыр-қасиеттер, басшы, көсем ретінде танылу туа бітетін, табиғи тарту емес. Қиындығы мол өмір өткелдерін еңсеру барысында туындайтын қазына. Оның өміршеңдігі, көпке қажеттілігі, қабылдануы шартты қазық, нысаналарға байланысты. Ғасырлар бойы айқындалып келе жатқан философиялық ақиқат бойынша, әлемдегі барлық өзгеріс, құбылыстар жағдай мен орынға, уақытқа тәуелді. Осы үшеуінен мүлдем сырт қалатын құбылыс, өзгеріс, өсу, даму сапалары болмайтынына қоғамдық қатынастар күнбе-күн көз жеткізіп отырады. Әрбір саналы адам осы үшеуіне зер салады, тіршілік тырбанысының талғамында бұлармен мұқият санасады. Олардың қатаң талаптарына сәйкес әрекеттенеді, іс-қимыл мақсатын қояды. Осы ағымда адам қабілеті, жаңалықтарға бейімділігі, білім-тәрбиеге құштарлығы, өзін-өзі қамшылай тәрбиелеуі бой көтереді. Адами қасиеттердің артықшылығы анықталады, қоғамдық қажеттілік өз қайраткерлерін іздеп табады. Олар іріктеледі. Зор сенім артылады. Сенім сыбағасы бұйырған тұлғаға қоғамдық жүйе аса бір маңызды іс жүктейді. Ол істің негізі – шешімдер қабылдау, қоғам қазына-байлықтарын ұқсату. Бұл ауыр жүк, нар жүгі, кей-кезде нар да әлсіз болып қала береді. Ел басқарудың ауыр азабын, оның уақыт ескіртпейтін, жауып тастамайтын жүйелі жауапкершілігін абзал азамат қана арқалайды. Бұған тәуекел деп кіріскен тұлғаның тұрақты серігі – жан-жақты терең ой, елім, жерім деп соққан ыстық жүрек, өмір өңдейтін, ұштайтын басқарудың шексіз шеберлігі.
Сірә, Бәйкен Әшімұлы басқалардан бұрынырақ осы жәйттерге терең үңіліп, халық мүддесінің нені қалайтынын, нені көздейтінін ұғынуға ұмтылып бақты. Ол өмірдің ащы-тұщы дәмін татты, ыстық-суығын сезінді, ой-қырынан сүрінбей өте білді, қан майданда от кеше жүріп, аман қалды. Кең байтақ еліміздің еңсесін көтеретін еселі еңбекке сабырлы ақылмен, ауқымды тәжірибе және біліммен кірісті. Қоғамдық қызметтің төменгі сатыларынан бастап, оның республикалық биігіне көтерілді. Техникум оқушысы, аудандық комсомол қызметкері, оқытушы, аудандық, облыстық ауылшаруашылық саласының қызметкері, аудандық, облыстық атком төрағасы, облыстық партия комитеттерінің екінші, бірінші хатшысы, республика Үкіметінің төрағасы, республика Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы – міне, қажырлы, жасампаз ерлік еңбегімен зор сенім арқалап, абырой, құрметпен өткізілген өмір өткелдері. Өнегелі, үлгілі өткелдер, осылар Бәкеңді ел тарихының төріне шығарды.
Елім, жерім деп жүрегі соққан, өз уақытының талабынан туындаған басқарудың ауыр жүгін арқалаған абзал, асыл азаматтар ел есінде сақталады. Олардың ісі халыққа қызмет етудің үлгісі ретінде жаңа ұрпақ санасына сіңірілуі керек.
Әр кезде, әр жылдарда еліміздің үкіметі басына атағы аймаққа аян абзал ағаларымыз келді. Олар өсіп-өркендеудің әрбір тарихи кезеңінде сол мезгілдегі ішкі-сыртқы жағдайды уақыт талабымен байланыстыра отырып, ұлт мүддесін үнемі алға тарта білді, әсте естен шығармады. Барлық мәселе Мәскеуде, орталықта қаралып, шешілетінін есепке ала отырып, осы тар шеңбердің аясында ұлттық сипаттарды сақтауда жарғақ құлақтары жастыққа тимей, жеке бастарын бәріне тігіп, келешек жауапкершілігінің жүгін көтерді. Бұл “тар жол, тайғақ кешуде”, есіл ағаларымыз айыпталды, атылды, “жеңіл” құтылғандары жазықсыз қудаланды. Тәрізі, тәжірибе көрсеткендей, билік, мансап үнемі масайрататын жәйт емес. Биліктегілердің өзіне байланысты қорғаушылары, сақшылары – адалдық, жұрттан алыс кетіп адаспау, келешек ұрпақ алдындағы ескірмейтін жауапкершілік. Басқару қызметіндегі азаматтардың аузынан шығатын сөзі шартарапқа тарайды. Іс-шаралары елдің көз адында, өз бағасын алады. Басшылар көптің көзінен, естіген құлақтан ешбір таса қалмайды. “Өлең шіркін өсекші елге жаяр” дегендей, отыз тістен шыққан сөз көпке жайылады, әр саққа жүгіртіледі. “Жақсының артынан сөз ереді” деген мәтелдің жаны бар.
Әлбетте, әлеуметтік төңкеріс нәтижесінде қалыптасатын қоғамдық-саяси жүйе меншік түрін анықтай отырып, өзінің билікті ұстап қалу, әрі нығайту, қолдаушылар тізбегін толықтыруды көздейді. Қоғамның барлық салаларына пәрменді әсер етеді. Кезек күттірмейтін міндеттерді белгілеп, тиісті шаралар қабылдайды. Әсіресе, сол жүйеге беріле қызмет ететін топ іріктеледі, жас мамандар дайындалады, шаруашылық, мәдени жұмыстардың бағдар-бағыты анықталды.
Кеңестік саяси жүйе осы жалпы заңдылықтан сырт қалмады. Биліктін әдісі мен құрал күшін сарқа пайдаланды. “Барлығын кадрлар шешеді” деген сөздер ұранға айналып, өмір желісі болды. Жастардың ғылымға, білімге деген жорығына жол ашылды. Міне, осындай тарихи жағдайда, билік басына келген абзал ағаларымыз өз елі үшін орасан зор қызмет атқарды. Қабілеттерін қанаттандыра отырып, халық қажетін өтеді. Қазақ ұлтының басқа этностар өкілімен бірлесе, тату жағдайда көркеюіне күш салды.
Сабақтаса созылып келе жатқан сабаз басшылар сапында он төрт жылдан астам Бәйкен Әшімұлы болды. Сайланған басшылық қызметтерде Бәкең өзінің байсалды, нәтижелі, көптің көңілінен шығатын болмысымен танылды. Әр кезде даму, күрделену көлемі кеңейеді. Бәкең Үкіметті басқарған кезде республика міндеттері күрделі, атқарылған істер нәтижелі, көлемді болды. Тұрмыс-тіршілік, оның негізі – шаруашылық, мәдениет мазмұнды түрленіп жаңа сатыға көтерілді. Республиканың жер көлемі мен оның асты мен үстіндегі байлығына байланысты аса қауіпті, көптеген эксперименттердің сынақ алаңына, шаруашылық, әскери, идеологиялық шаралар жүргізудің тәжірибелік ауқымды аймағына айналды. Бұған қалыптасқан біртұтас шаруашылық және саяси жағдай – Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының мызғымас қағидаттары, талабы мен шешімі жол ашты. Қазақ халқының алысқа меңзеген мүдделерінен туындайтын көкейкесті ұсыныстар мен талаптар орталықта қаралса да, жалпы одақтық қажеттілікпен түсіндіріле салатын. Осы ұсыныстар дәлелді қайталана берсе, әртүрлі айыптар – ұлтшылдық, ұлттық шектелу, орталыққа өзін қарсы қою, интернационализм, патриотизмді елемеу, т.б. айыптардан “алқа” тағылатын, тағдыры күңгірт тартатын. Өсіп жеткен қазақ кадрларына деген сенімсіздік те етек алды. Орталықтан, жан-жақтан уақытша кенелуге келген келімсектер көбейді. Халқымыздың тарихы, мәдениетімен танысып, оны құрметтеу ысырыла бастады. Келімсектердің көбі өзін оқытушы, үйретуші, тәрбиеші ретінде сезініп, орталықтың жолдамасын бүркеніш етіп, сөздері мен істерінде шектеу шамалы болды. “Еркелердің” өрескелдіктеріне тойтарыс беру Орталық жағынан тым аз болды. Оның үстіне “өзімде де бар” дегендей, басшылықтағы азаматтар арасында өзара түсіністік, сөйтіп “бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығару” әдетке айналмады. Зәрезаптық көріністері – бас шұлғушылық, тура айтудан тайсалу, жеке басты сақтау созыла берді. Осы жәйттерге қарамастан, “мың өліп, мың тірілген” қазақ қауымы, оның арасынан суырылып шыққан адал азаматтар арқасында өзінің елін, жерін сақтап қалды, қалайда даму, өркендеу жолынан адаспады. Болашақ тәуелсіз Қазақ мемлекетінің іргетасы қалана берді. Қарапайым халық күнделікті тыныс, тұрмысын жайлы жасаудағы жеке мақсатын орындай отырып, келешекке қол созды. Күнделікті өмір мен келешекті байланыстырып, көптің іс-қимылын арнаға салу, бағыт-бағдар беру, қоғамдық салаларға тарту, шебер ұйымдастыру – басшылықтың міндеті. Осы міндетті арқалаған Бәкең Орталықта және республикада шешілетін көлемді ірі, ағымдағы үлкен-кіші мәселелерді мұқият қарастыратын. Терең талдау, салыстыру жасап, ішкі-сыртқы тәжірибе тағылымы таңдалып сұрапталатын. Бәкең Үкіметті басқарған жылдарда республика шаруашылығы мен мәдениетінің қарқындап өсуіне субъективтік жәйттердің ықпалды әсер еткенін ұмытуға болмайды. Партияның бас хатшысы Л.И.Брежнев Қазақстанда қызмет істеп, осы жерден өскендіктен республикаға ілтипатпен қарады, көмек көрсете білді.
Л.И.Брежнев пен Д.А.Қонаевтың достық қарым-қатынастары да қолайлы жағдай туғызуға өз себін тигізбей қойған жоқ. КОКП Орталық комтеті Саяси бюросының мүшесі басқарып отырған республика басшыларының дәлелді, қонымды ұсыныстары орталық министрліктер мен мемлекеттік жоспарлау комитетінде қаралып, тиісті шешім тауып отырды. Оның үстіне Бәкеңнің өзіне және басқаларға талап қоя білетін, Мәскеу алдында қойылатын әрбір мәселені жан-жақты дайындайтын, оларды одақтық үкімет мәжілістерінде анық, көз жеткізе айтатын дағдысы А.Н.Косыгиннің жұмыс стилімен ұласу тапты. Сондықтан Бәкең ерекше бағаланды.
Партия номенклатурасына алынатындар міндетті түрде қызмет баспалдақтарынан өтіп, өзінің саяси және іскерлік қабілетін, сапасын таныту талабы қойылатын. Бәкең осы талаптарға сай сынақтан сүрінбей өтті. Орталықтың ауыр, қатаң сынағы тың жерді игеру, жаңа совхоздар құрып, шаруашылық, тұрмысқа қажетті салаларды жолға қою жылдарында Бәкеңнің үлесіне үйіле тиді. Көкшетау обкомының екінші хатшысы кезінде бірінші хатшының міндетін атқарды. Бірінші хатшы болып келген Белоруссия үкіметінің төрағасы, Кеңестер Одағының Батыры А.Е.Клещев ауыр науқасқа душар болып, Мәскеуде, Кремль емханасында ұзақ емделді, ақыры сонда дүние салды. Осы мезгілде Бәкең облысты басқарды. Тың өлкесіндегі обкомдардың бірінші хатшыларының арасында жалғыз қазақ Бәкең болды. Орталық өзі жіберген кадрларын асыра бағалау кезінде Бәкең ешбірінен кем түспеді. Артықшылығы жергілікті тұрғындардың жай-жапсарын, шаруашылық және мәдени мәселелерді шешу жолдарын терең түсінді, оларды халық мүддесіне бағындыра білді.
1959 жылдың аяқ кезінде, Хрущевтің ұсынысымен Қазақстан Орталық партия комитетінің солтүстік облыстар бойынша бюросы құрылып, оның төрағасы, Орталық комитет хатшысы болып Т.И.Соколов жіберілді. Бюро 1960 жылдың ақпанынан бастап Ақмолаға орналасты. Обкомның бірінші, екінші хатшыларының кабинеті, бірнеше бөлмелер алынды. Алматыдан Соколов екеуіміз (мен оның орынбасары болып бекітілгем) келдік.
Бір күндері Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, Ф.Кәрібжанов тапсырма берді. “Сен бастығың Соколовпен келісіп, Бәйкен Әшімовті Көкшетау обкомының бірінші хатшылығына ұсыныс дайында” делінді. Соколовтың демалыс бөлмесінде, түскі ас кезінде Бәкең жөнінде айтып, кадрлар есебінің жеке парағын толтырып дайындайық деп келістік. Құжат берілді. Бір жеті өтті, үн жоқ. Есіне салуға тура келді. Соколов сейфін ашып, құжатты алды да “сен қазағыңды қыстырма!” деп кабинет бұрышына лақтырып жіберді. Тұрып кетіп, қағазды көтермей, есікті қаттырақ жауып шығып жүре бердім. Кабинетіме келіп, республика басшыларына болған жайды баяндадым, Бәйкен Әшімұлын тың өлкесінен басқа облысқа ауыстыру жөнінде ұсыныс айтылды. Көп ұзамай Бәкең Қарағандыға облатком төрағасы болып бекітілді. Қарағандыдан кейін Талдықорған обкомының бірінші хатшысы, Үкімет төрағасы болғаны белгілі.
Бәкең зейнетке шыққан соң от басында отырып қалған жоқ. Көпшілікпен араласудан, үлкенді-кішілермен кездесуден қол үзбеді. Азаматтар атақты ағаларын аялай білді, басына көтерді. Бәкең еліміздің жаңа тарихи жағдайдағы күрделі мәселелеріне зер салып, өз пікірін білдіріп отырды, басшылық шешімдерді қуаттады. Астана, Алматыдағы маңызды шараларға белсене қатысты. Өзінің ой парасатынан әсте танбай, мінезінде, жүріс-тұрысында, пікір алысуда абзалдығын көрсетті.
Бәкең мен Бақыт Әсетқызы өздерінің кең, берекелі, дархан дастарқан басына әріптестерін, іні-қарындастарын, келіндерін жинап, мәре-сәре болғанды ұнатушы еді. Бәкең жиналғандардың әрқайсысына жылы лебізін, ағалық, аталық тілегін білдірген соң, әрі сабақтауды, әдетте, маған тапсыратын. Тапсырар алдында Бәкең күлімсіреп, еркелете: “Сен бойыңа ет пен май жинамайсың. Жаныңа, Нағима екеуіңнің жинайтындарың, қадірлеп сыйлайтындарың – жақсы адамдар, достарың, ағайын, бауырларың мен қарындастарың. Бір кезде жастарды басқарсаң, енді шалдарды басқар!” деп нығыздаушы еді. Біз Серағаң – академик Қирабаев екеуміз ағайдың тапсырысын орындауға, қонақтардың қысылмай, көңілдері көтеріңкі болуына атсалысатынбыз. Тамаша, жан жадыратар жиындар, ойын-күлкіге толы қызық мәжіліс кештері келмеске кетті, тарихқа айналды. Бақыт Әсетқызының жасаған дастарқаны өзіне тән ерекшелігімен мүлде бөлек болып көрінетін. Қазақтың дәстүрлі дастарқан тартуына басқа ұлттар тағамдары мөлшерлі қосылғанда, дастарқан үсті өзгеше өң алып, ерекше қанағат сезім тудыратын. Қонақтарды қарсы алып, шынайы ықыласпен күтуде Оңдасын, Нейлюфар, Роза, Бота, Лаура, Ғалым, Марат аяқтарынан тік тұратын. Олардың ата-анасына, қонақтарына деген құрметі – оқу, тәрбие көре білгендіктің нәтижесі екені белгілі. Әкесі мен шешесіне деген ыстық сезімдері ерекше көзге түсті. Олар Бақыт Әсетқызын бірнеше ай бойы күні-түні күтумен болды. Бірінен соң бірінен айрылу азабын тартты. Ақырғы сапарға шығарып салудың, одан кейінгі күндер қайғысын арқалады. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлынан бастап, Алматы әкімі Ахметжан Есімов пен облыс әкімі Серік Үмбетовтің, жақын-жуық көпшіліктің емдеу, өмірден озғанда шығарып салудағы қамқорлығы айтарлықтай есте сақталатын жан тербелісі болды. Аруақты ардақтау – азамат борышы, ата дәстүрін сақтау, жұрт алғысын алу, әрі жас ұрпаққа үлгі, өнеге. Бәкеңді ел ағасы, абзал абыз деп, ал Бақыт Әсетқызын ұлттың ұлы аналары арасында төрден көрінеді деп ардақтау – халқымыздың жоғары бағасы, құрметі.
Аққу іспетті өмір бойы бірге, сәні, жаны жарасып, араларына ай салмай сағыныш отымен өмірден озған Бәйкен Әшімұлы мен Бақыт Әсетқызы Алатау аясына мәңгі жайласты. Олардың аттары мен атақтары Алатау биігіндей аспандай береді.
Сағындық КЕНЖЕБАЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагері, профессор.