Сонау сексенінші жылдары Алматы қалалық сотында халық заседателі болып, өзінің қоғамдық негіздегі қызметін он жыл бойы абыроймен атқарған Мәриям Басарбайқызы бүгінде өткен күндерін ерекше бір қимастықпен еске алады. Оның өзіндік себептері де жеткілікті, өйткені еселі еңбек ете жүріп, қоғамдық жұмысты да талап деңгейінде атқара білу кім-кімге болмасын үлкен жауапкершілік жүктейтіндігі сөзсіз. Мәриям Елеуованың жоғары талап деңгейінен көріне білгендігін оның әріптестері де, замандастары да ашып айтады.
Алматы қалалық соты қараған талай істерге жүйелі түрде қатысып қана қоймай, халық өкілі ретінде өз пікірін де жасырмай ортаға салатын. Әсіресе, білместіктен жеңіл-желпі қылмыс жасаған жастарға ауыр жаза белгіленген кезде араша тұрып, оны жеңілдету туралы ұйғарымын бүгіп қалмаған кездері де аз емес. Алматы қалалық сотының сол кездегі судьясы Шора Оспанұлы халық заседателі Мәриям Басарбайқызына әзіл-шыны аралас ескерту де жасайтын. “Көпшілік үлкен құрмет тұтатын судья Шора Оспанұлының маған “елдің бәріне осылай ара түсе берсең, түрмеде ешкім қалмайды ғой” деген сөзі әлі есімде” дейді еңбек ардагері өткен күндерге көз жүгіртіп.
Бүгінде сексеннің асуына көтерілген, жан-дүниесі ізгілікке, мейірім мен қайырымдылыққа толы ананың өткен өмірінің бүгінгі жастар үшін берер тағылымы мен өнегесі мол. Сол сексенінші жылдары сәл бұзақылық жасаған жас жігітті бес жыл бас бостандығынан айыру туралы сот шешіміне қарсылық білдіріп, сөйтіп әділеттілікке қол жеткізгендігін ол мақтанышпен айтады. Және де бұл халық заседателі араша тұрған жалғыз іс емес екендігі айтпаса да түсінікті.
– Тағы бір қызығы, дейді әңгімесін одан әрі жалғастырған ол, сол оқиғадан кейін арада тура он бес жыл өткенде адам сенбестей бір қызық оқиға болды. Ұмытпасам, 1995 жылы тура жаңа жыл қарсаңында мені самайын ақ шалған әйел үйіме іздеп келіп, сыйлығым деп, қолыма он бес мың теңге ұстатты. Мен болсам, керегі жоқ, не үшін деп реніш білдірдім. Сөйтсем, өзін Надежда Иванова деп таныстырған әйел “бір кездері сіз менің баламды абақтыдан аман алып қалдыңыз, қазір отбасы бар, балалы-шағалы, сол үшін саған аналық ақ алғысым шексіз” деді. Әрине, ешкімнен жасаған жақсылығыңның өтеуін күтпейсің, қамшының сабындай қысқа ғұмырдағы ең басты құндылық – ар-ождан тазалығы ғой,– дейді еңбек ардагері.
Алматыдағы №12 орта мектептің сегіз класын бітіргеннен кейін қаладағы кооператив техникумына түсіп, мамандығы бойынша Дзержинский атындағы тігін фабрикасында еңбек жолын бастады. Бүгінгі Санкт-Петербург қаласында МҚҚ қызметкері болып, Алматыға жұмысқа ауысқан Басар Әлімқұловтың ғұмырлық жары болып, одан екі қыз, бір ұл сүйді, қазір немерелері бар. Үлкен қызы Сәуле әке аманатына адалдық танытып, бүгінде Қазақстанның Белоруссиядағы елшілігінде консульдық қызмет атқарады.
Уақыт өте келе ірі шаһардағы “Алатау”, “Жетісу”, “Тян-Шань” мейрамханаларында басшылық қызмет атқарған тәжірибелі маман “Кеңес саудасының үздігі” атағымен және өзге де сыйлықтармен марапатталды. Өмір болған соң, қиындықсыз болмайтыны сөзсіз. Әкесі Басарбай туған жері Кегенге соғыстан жаралы болып оралып, тура алты айдан кейін қаза болды. Сол кезде бар болғаны он бес жастағы Мәриям болса соңынан ерген екі бауырына, жалғыз қалған шешесіне сүйеніш болып, еңбекке араласты.
Жас қызды қатал уақыт ерте есейтті десе де болады. Анасы Құттықыз да тұла бойы тұңғышына риза болып, өмірден озды, мынау жарық дүниеде, сірә, ана алғысынан артық, одан қымбат ештеңе жоқ шығар?! Мәриям Басарбайқызы болса өзіне сонау жас кезінде туған әке-шешесіндей болған ерлі-зайыпты Әбдірашит пен Әмина Шалабаевтар, Галина Момбекованың жасаған қамқорлығы мен көмегін арада қаншама ұзақ жылдар өтсе де әлі күнге дейін ұмытпайды. Әсіресе, Шалабаевтар отбасының баспанасыз жүрген жас жұбайларға екі бөлмелі пәтер алуға көмектескендігі оның есінде мәңгі қалмақ.
– Мен жетекшілік жасаған мейрамханадағы отыз жастағы есепші Света Николаеваның жұмысын тексеру кезінде оның жеті мың рубльді жоғалтқаны анықталып, ісі сотқа берілетін болып шешілді. Сүрінбейтін тұяқ жоқ демей ме, халқымыз, сонда үш сәбиі бар жас келіншекті қатты аядым. Амалсыздан жақында ғана алған құндыз тонымды сатып, кеткен қаржының орнын толтырып, әйелді құтқарып қалдым. Қиындығы мен қызығы аралас осы ұзақ ғұмырымда менің ұққаным, әрбір адам қолынан келгенше жақсылық жасағаны жөн,– дейді Мәриям Басарбайқызы. Шындығында да, өмірден көргені көп, түйгені мол, көпшілік құрметіне бөленген жанның бұл сөзіне қосылмасқа болмайды.
Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.