Қызметінен заңсыз шеттетілген жан осы сауалға жауап таппай табанынан таусылып жүр
Айсин Сайран зейнетке әне-міне шығамын деп жүргенде жұмыссыздар қатарына қосылды. № 17 жол бөлімінің бастығы Владимир Частухин дәрігерлік сараптамалық комиссияның /ДСК/ 2007 жылғы 23 тамыздағы шешімін негізге ала отырып келесі күні-ақ онымен еңбек шартын үзді. ДСК-нің оны пойыздар жүрмейтін жерлерге жұмысқа орналастыру жөніндегі медициналық қорытындысы аяқасты етілді. Ресейдің Оңтүстік Орал темір жол басқармасына қарасты Петропавл бөлімшесінде 14 жыл бойы қыстың қақаған суығында, жаздың аптап ыстығында жүріп жол жөндеген еңбегі ұмытылды. Бұйрықпен танысуға, еңбек кітапшасын алуға, кету қағазын толтыруға мүмкіндік берудің орнына, құтылғанша асықты. Басшының штаттық кестеде бос орын жоқ деген сылтаумен заң талаптарын бұрмалауына, ұжымдық келісім-шартты аяқасты етуіне не түрткі болды?
Қақ-соқпен шаруасы жоқ қарапайым мамандық иесі жұмыстан қысқарып қалса да, темір жол басшылығы ағаттығын түзетер, айыбын түсінер деген үмітін көпке дейін үзбей жүрді. Әркез жұмыс басынан табылып, әліптің артын күтті. Істің сағыздай созылып бара жатқанын аңғарғаннан кейін заңсыз бұйрықтың күшін жою және жұмысқа қайта орналастыру талабымен Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасына шағымданды. Өкінішке қарай, заңдылықты қадағалайтын мекеменің адам тағдыры тайталасқа түскен сын сәтте тегеурінділік танытудың орнына жауырды жаба тоқи салғаны қынжылтады. Прокурордың міндетін атқарушы М.Тәниев мырза шағымның шекесіне “А. Оралбайға! К. Сартаевқа! Тексеру жүргізіңдер!” деп шиырлап қол қойғанда “бәлі, екі қызметкерді қосуына қарағанда...”–деп іші жылып қалған. Сөйтсе, ерте қуанған екен.
– Істің ақ-қарасын айырып береді деген көлік прокуратурасынан жауап кешігіп келді. Оның үстіне А.Чакаров деген прокурордың жіберген хаты шындықпен үйлеспейді. Соған қарағанда темір жолдағылардың шығарыпсалма жауабына сүйене салған секілді. Өздері тексерсе, бұра тартушылықтарға көздерін жеткізер еді, – дейді жапа шегуші налыған үнмен.
Ол көлік прокуратурасынан қайыр болмаған соң Петропавл қалалық сотына арыз түсірді. Сотта еңбек шартының негізсіз тоқтатылғаны, басқа да заңсыздықтар анықталды. Бәрінен де бос жұмыс орындары бола тұра ұсынылмағаны таңқалдырады. Шамасы, тамыр-таныстарына беріп, солардың шарапатына бөленген тәрізді. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал келтірейік. Мемлекеттік еңбек инспекторы С. Гусева сотта 24-26 тамыз аралығында бос жұмыс орындары болғанын, ол міндетттерді жұмысы бар адамдардың атқарғанын мәлімдеген. Демек, С. Айсиннің талабы заңды. Енді әділдік салтанат құруы тиіс еді. Жоқ! Сот талапкердің өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Себеп біреу: талап мерзімінің өтіп кеткендігі. Сайранның маңдайы тағы тасқа тиді. “Япырым-ау, сонда менің конституциялық құқығымды кім қорғау керек? Жанайқайыма құлақ түретін жан бар ма?” деп шыр-пыр болды. Оның сот шешіміне қарсы бұлтартпайтын уәждері бар. Біріншіден, Ресей Федерациясы Еңбек кодексі бойынша жұмыс берушіде жарамды жұмыс болмағанда, қызметкер басқа қызметке ауысудан бас тартқанда еңбек шарты үзіледі. Екіншіден, бұйрықтың көшірмесі немесе еңбек кітапшасы берілген күннен бастап еңбек дауы бойынша сотқа жүгінуге болады. Темір жол басшылығы тарапынан осы талаптардың сақталмағанын байқау қиын емес. Жәбірленуші облыстық соттың “ол жұмыстан босату туралы бұйрықты және еңбек кітапшасын алудан қасақана жалтарған, адалдық танытпаған, жол жөндеуші қызметінен босату туралы бұйрықтың күшін жоюды сұрамаған, басқа жұмыс жөнінде ресми жүгінбеген, жауапкер оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан жоқ” деген уәждерімен де келіспейді. Еш ескертпестен еңбек шартын тоқтатса заң органдарына жүгінбегенде қайда баруым керек? – деп таусыла сөйлейді жапа шегуші.
– Дәрігерлік сараптамалық комиссияның мені пойыздар жүретін жол жөндеу қызметіне жарамсыз деп тауып, жеңіл жұмысқа орналастыруға ұсыныс жасауы да ақылға қонбайды. Кезінде қан қысымым көтеріліп, дәрігерлік есепте тұрғаным рас. Сол кезде қысқартса қайда қалды? Соңғы жылдары денсаулығым сыр берген емес. Қан қысымым қалыпты. Жұмыстан қалып көрмеппін. Кәсіби шеберлігімді жетілдірумен келемін. Құр аттай шауып жүрген мені санаттан шығарып тастаулары қисынсыз. Меніңше, шындықты бетке айтқаным үшін жазықты болып қалған сыңайлымын, – деген ол жұмыстан шығарар алдында болған бір оқиғаны баяндап берді.
Бірде басшылық оған улы дәрілермен жұмыс істеу жөнінде тапсырма жүктейді. Ол арнайы құралдар мен киімдер беруді, сөйтіп, жағдай жасауды талап етеді. Ауысым шебері “ істей бер, бұл жолғы дәрілердің адам ағзасына зияны жоқ” деп кетіп қалады. Ол құр тұрғаннан ештеңе өнбесін біліп іске кіріседі. Түс ауа ауысым шебері оны басқа учаскеге жібереді. Сірә, улы препаратпен көп істесе, пәлесі жұғып жүрер деп секемденген болу керек. Бір кезде оның басы айналып, жүрегі лоқсып, бойын әлсіздік билей бастайды. Уланып қалмасам жарар еді деген күдікпен бір үйден сүт алып ішеді. Осы сәтті аңдып тұрғандай бастығы жетіп келіп “Сен неге жұмыс орнын рұқсатсыз тастап кетесің? – деп зеки жөнеледі. Онсыз да өзін жайсыз сезініп, сіркесі су көтермей тұрған Сайран еңбек тәртібіне қатысты кемшіліктерді қадай айтып, болған жәйтті жоғарыдағы басшыларға жеткізетінін ескертеді. Ішкі ойы, бір қорқытып алу болатын. Содан он күнге жуық емделіп, сауығып шығады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары А.Рәшева берген анықтамада қауіпсіздік құралын қолданбай гербицидпен жұмыс істеу салдарынан халінің нашарлағаны, ем-дом алғаннан кейін денсаулығының қалыпты күйге түскені, нормадан тыс ауытқулар болмағаны, қанағаттанарлық күйде жұмыс атқара алатыны жайлы мәліметтер келтірілген. Соған қарағанда, қара жұмысқа төселіп, шыныққан азаматтың дімкәстікке ұшырап, бала-шаға нәпәқасынан айырылуы көңілге қона қоймайтын сияқты. Оның “мені уладыңдар ғой” деп ашумен айтқан сөзі әлдекімдердің шамына тиіп, қолайына жақпай қалуы да мүмкін. Ал бос жұмыс орындарын жасырып, бүркемелеудің біз білмейтін әлдеқандай тылсым сырлары бар ма? Темір жол басшылығы оны жұмыстан өз өтінішімен кетіруге, көлік прокуратурасынан арызын қайтарып алуға әрекет жасағанымен, иліктіре алмаған. Бұдан кейін, реті келсе, аяқтан шалып, омақаса құлатуға ұмтылатыны өз-өзінен түсінікті жәйт. Бұл айтылғандар жорамал-пайымдаулар болғанымен, кей фактілер осылай ой қорытуға итермелейді.
– Енді Жоғарғы Сотқа шағымдану қамына кірісіп жатырмын. Ең бастысы, заңсыз бұйрықтың күшін жоюға қол жеткізу. Сонда жұмысқа қайта алу секілді мәселелер өз-өзінен реттелері анық. Қашан әділдікке жеткенше тыным таппаймын, – деді қоштасар сәтте үш жыл бойы шындық үшін шырқырап, табанынан тозып жүрген азамат қайсар мінезінен айнымаған күйі.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.