• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2010

Егемендіктер елге шықты

561 рет
көрсетілді

Саршатамыз сазы Батысқазақстандықтар табиғаттың биылғы қытымырлығына қажыр-қайраттарын қарсы қоя білді Астана мен Оралдың ара­сына қатынайтын ұшақ ме­желі жерге таяған тұста борт стюардессасы: Құр­метті жолаушылар, санау­лы минуттардан кейін біздің ұша­ғымыз Орал қаласына келіп қо­на­ды. Сырт­тағы ауаның тем­пе­ра­турасы 41 градус ыстық деп ха­барлады. Са­ға­ты­ма қа­рай­мын. Жергілікті уақыт 17.30-ды көр­сетіп тұр. Түс әл­де­қа­шан ауып, күн екінтіге ең­кейсе де, сарша тамыздың ми қайнатар ыс­тығы қайтпаған-ау, сірә! Апырмай, ә, айырма­шы­лық қандай алшақ еді деген ой келді осы мезет. Тура үш са­­ғат бұрын Астана әуе­жайы­нан көкке көтерілгенде ауаның температурасы небәрі 23 градус қана еді. Орал өңірінде ұзаққа созылған құр­ғақ­шылық тұтастай алғанда мұндағы ауыл шаруашылығы өндірісін өрге бастыруға теріс әсерін тигізген жоқ па екен? Көңілдегі күпті сауалды орайы келген сәтінде облыс бас­шыларына қоюды да ойластырып шық­қан едік. Өйткені, шығармашылық сапар­дың басты мақсаттарының бірі Ақжайық аймағының бүгінгі жай-күйімен танысу, бір-екі ауданды аралап, ел игілігін еселеп жүрген қыр еңбеккерлерімен сыр бөлісіп, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақ­тықожа Ізмұхамбетовпен кездесу болатын. Осы ойымды Орал әуежайынан қарсы алған облыстағы меншікті тілшімізге айт­қанымда ол: – Іссапар мақсатын маған газет бас­шы­сы телефон арқылы хабарлаған. Сондықтан оның мән-жайын ретін тауып, облыс әкіміне жеткіздім. Ізгі ниетімізді құп алған облыс әкімі еш қарсылық білдірген жоқ. Ойға алған мақсат-жоспарларыңа сай ең алдымен елге шығып қайтқандарың дұрыс болатын шығар. Бәрін де өз көздеріңмен көрген жөн. Өйткені, журналист белгілі бір құбылысқа оған нақты зерттеу жүргізіп, көзбен көру арқылы ақиқатын айта алады деп ойлаймын. Ал іссапар қорытындысы бойынша мен сіздермен кездесіп, пікір алысуға, оған қажетті уақыт бөлуге әзірмін, деп тұжырым жасады. – Расында да көңілге қонымды, ойлы ұсыныс екен. Ендеше, қай аудандарға сапар шеккеніміз дұрыс, – дедім мен қаламгер әріптесіме. – Мәселенің бұл жағын да ойластырып қойғанмын. Сырым, Қаратөбе аудандарына қарай бағыт ұстаймыз. Аудандағылар ха­бар­дар. Жол-жөнекей шаруашылықтардың жай-күйімен етене танысармыз, – деді әр­кез елгезектік танытып жүретін меншікті тілшіміз. Жол мұраты – жету. Ырғалып, бө­гел­местен Сырым ауданына қарай бет бұрдық. Жаңа ғана аспанда бір шөкім ала бұлт пайда болған еді. Артынша өткінші жаңбыр сатырлатып ала жөнелді де, көп кешікпей сап тыйыла қалды. Табиғаттың қас-қа­ғымдық мінезіне қайранбыз. – Ала жаздай бір тамшы жаңбырға зар болып едік. Астанадан нұр ала келдіңіз, – деді осы бір сәтте бағанадан бері үн-түнсіз отыр­ған жүргізуші бауырымыз ішкі жан сарайына іркіліп келіп қалған қуаныш сезімін жасыра алмай. Иә, Сырым ауданында көзбен көріп, көңілге түйген жайттар аз емес. Биылғы қуаң­шылық бұл өңірге де әжептәуір зар­дабын тигізіпті. Соның салдарынан дәнді-дақылдар егістігі түгелге жуық есептен шы­ғарылған. Осы арада айта кетерлік мәселе: облыс көлемінде бұған дейін сақтандыру жұмыстарын атқарып келген компаниялар биыл аяқ астынан жалт берген болатын. Дегенмен, жергілікті “Сырым-Бірлік” өзара сақтандыру қоғамы 79 шаруашылық құрылымдағы 56583 гектар егістік алқап­та­рын сақтандырып, жерлестеріне дер кезінде қолдау көрсетіпті. Бұл аудандағы сақтан­дырылуға тиіс егіс алқаптарының 97,8 пайы­зын құрайды. Бұған қоса көршілес аудан­дағы “Теректі-Гарант” сақтандыру компа­ниясы да екі шаруашылық құрылымдағы 1822 гектар егісті сақтандырып, көршілік парыздарын адал атқарып шығыпты. Сырым батыр елі биылғы қуаңшылық зардабына қарамастан тұрғындарды арзан әрі сапалы көкөніс өнімдерімен қамту шараларын белгілепті. Бұған арнап аудандық бюджет есебінен тиісті қаражат бөлінген. Әсіресе, Сырым мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны арқылы іске асқан ұжымдық бау-бақша салу тәжірибесі өзін-өзі ақтап келе жатқанына куә болдық. Әсіресе, мұнда картоп дақылынан тәуір өнім жиналады деп күтілуде. Биылғыдай аптап ыстықта көкөніс өсі­ру­ге қажетті су мөлшері үш-төрт есе арта түс­кен. Ал су көздері мен ресурстары азая бастаған тұста ең тиімді тәсілдің бірі – тамшылатып суару. Жылдың ерекшелігі мен күрделілігіне орай сырымдықтардың нақ осы әдіске арқа сүйеп отырғаны өте құптарлық жағдай. – Тұрғындарды бүкіл жыл бойына ар­зан әрі сапалы көкөніс өнімдерімен қам­тудың басты жолдарының бірі – оны жы­лы­жай жағдайында өсіру, – дейді бізбен ой бөліскен Сырым ауданының әкімі Ерлан Нысанғалиев. – Осы мақсатта аудан аума­ғында қос бірдей жылыжай құрылысы бас­талды. Оның көлемі 700 шаршы метр алаң­ды құрайды. Аталған жылыжай құрылыс­тарының басты материалын поликарбонат­ты жабындылар түзейді. Сәтін салса бұл нысандар жыл аяғына дейін іске қосылмақ. Жоғарыда айтылғандай бұрын-соңды болып көрмеген биылғы ұзаққа созылған шіліңгір ыстықтың зардабы жөнінде еріксіз қалам тербеуге мәжбүрміз. Жымпиты жа­зық­тығында көзімізге ұшырасқаны тарты­лып, үзіліп-үзіліп қалған өзен-көлдер болса, оны қалай айтпай, оны қалай жазбай тұра аларсыз. Аудан аумағынан Өлеңті, Шідерті, Жымпиты, Есен-Аңқаты, Шолақ-Аңқаты, Бұлдырты және Қалдығайты өзендері ағып өтеді екен. Сонымен бірге Есентемір, Сасықкөл, Жаңғабыл сор аталатын көлдер де өңірдің көркіне көрік қосып, тұрғын­дар­дың кәдесіне молынан жарайтын. Сулы жердің нуы да, бауы да қашаннан ел игілігі есептелсе керек. Бірақ, жасыл желекті аймақ­тың күнге күйіп кеткен сүреңсіз суреті көңіл құлазытады. Нәр тамырындай сана­ла­тын өзендердің көпшілігі аптап ыс­тықтың әсерінен тартылып қалыпты. Ұзаққа созылған жалынды аңызаққа шыдас берген тек Шідерті өзені ғана ма дерсің. Үлкенді-кішілі энциклопедиялық анықтамаларда оның ең терең тұсы 12 метрге жететіндігі, ал орташа тереңдігі 4-5 метр екендігі көрсетілген. Биылғыдай та­би­ғаттың қатал сыны да осынау киелі Ші­дерті өзенін тайыздата алмапты. Асан қай­ғы бабамыз кең байтақ қазақ сахарасын Желмаямен желіп өтіп, оның төрт бұры­шын­дағы жер-су атауларына өз анықтама­сын айтқаны тарихтан мәлім. Абыз ата Шідерті өзенін көргенде: “Шөбің шүйгін, құйқалы, шідерлеген аттың өзі бір орында тұрып-ақ тойынатын нағыз шұрайлы жер екенсің” деп баға берген екен. Жиегі қаракөкшілденіп шалынған шырайлы Шідерті өзеніне жақындаған кезде жолбасшымыз, аудан әкімінің орын­басары Жолдыбай Батырниязовқа: – Мына ыстық шекемізді тесіп барады ғой. Суға түсіп, шомылып, сәл салқындап алсақ қайтеді,– деп өтініш жасадық. – Қалауларыңыз білсін. Алайда сақ болғайсыздар. Шідертінің жағасы тік жарлы. Бір аттағаннан-ақ бой бермей, күмбір-самбыр кете барасыз, – деді ол. Оның айтқаны рас боп шықты. Тік жарғабақ болғандықтан жағасының өзінде бой жоқ болып шықты. Жүзу білмеген адам үшін өте қауіпті екенін осыдан-ақ біле беріңіз. Тағы бір байқағанымыз, күн ыссы болып тұрғанда Шідерті өзенінің суы тас­тай салқын. Денемізді қарып жібере жаз­дады. Шідерті өзені суының тартылмауы­ның, әрі мұздай күйінде тұруының себебі – оның астында бұлақтар бар, яғни көзі бар деп түсіндірді жергілікті жолсерігіміз. Республикада қолға алынған әлеумет­тік-экономикалық реформалар біз аралаған Сырым ауданының тыныс-тіршілігінен де оң көрінісін таба бастапты. Өркениетті да­мудың бір белгісі тақтайдай тегіс жол екені баршаға аян. Облыс орталығынан 150 ша­қы­рым қашықтықтағы аудан орталығына жол азабын көрмей зыр етіп жетіп бардық. Сондай-ақ биыл аудан тұрғындары қи, көмір жағып, күл шығару машақатынан құтылыпты. Аудан орталығына газ құбыры тартылған. Келесі кезекте көгілдір алау ауылды аймақтарға жеткізілмекші. Соны­мен бірге биыл ауыз судан көп қиындық көріп жүрген Шағырлыой, Қособа ауыл­дарына су жүйесі құрылысы жүргізілген. Мұның алғашқысы аяқталып, пайдалануға берілсе, екіншісі алдағы қыркүйек айында тұрғындарды таза да сапалы ауыз суға кенелтпек. – Ауыз су – өмірлік өзекті мәселе. Оны түбегейлі шешу екі-үш жылдың аясы­на тарлық етеді. Сондықтан да біз ауданға қарасты барлық ауылдық аумақтарды ауыз сумен түгелдей қамту жөнінде кең құлашты жобалар әзірлеп, оны 2011-2020 жылдар аралағында облыста іске асатын ауыз су бағдарламасына ұсындық. Бұл ұсынысымыз қабылданды да. Осыған сай алдағы жыл­дары Жосалы ауылы маңындағы Кеңащы жерасты суы қорына геологиялық барлау жұ­мыстарын жүргізу белгіленіп отыр. Алдын ала жасалған зерттеулер оның қоры аудан тұрғындарының ауыз суға деген қа­жеттілігін толығымен өтей алады деп күті­луде, – деген еді толғақты мәселеге орай аудан әкімі. Халқымызда “Арттағыны қозғау – аға­лық, алдағыны болжау – даналық” деген әдемі тәмсіл бар. Осы бір нақылды соңғы бірер жылда өңірдегі оң өзгерістерге бас­та­машы бола білген, бүгінде әлі қырыққа да тола қоймаған облыстағы жас басшы­лардың бірі, Сырым ауданының әкімі Ерлан Нысанғалиевке де қатысты айта кетуге әбден орынды. Елім деп, жерім деп егілген азаматтың келешекті бағдарлаған кемел істері осылайша ой түйгізген. Сырым ауданының өткені мен бүгінгі кескін-келбеті жайында әңгіме өрбіткенде айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт бар. Кешегі өтпелі кезеңде аудан тұрғындары­ның бір бөлігі жабайы урбанизация үрдісін бастарынан кешірді. Жосылған лек облыс орталығына, іргедегі кеншілер қаласы Ақсайға қарай үдере көшкен. Бұған әрине сол шақтағы орын алған әлеуметтік-тұрмыстық түйткілдер, өтпелі кезеңнің қиыншылықтары себепші болғаны анық. Бір қуанарлығы, бүгінгі күні осы теріс үрдіс күрт тоқтап, тұрғындар ертеңгі күндеріне үлкен сеніммен қарай бастаған. Сырым ауданының әділет басқармасынан алынған мәліметтер мен деректер соңғы екі жылда аудан халқының саны табиғи өсім есебінен көбейіп келе жатқанын айқын көрсетеді. Яғни, деректер өмірден өткен адамдардың санынан өмірге келген сәбилер саны екі-үш есе көп екенін айғақтайды. Бүгінде тәуелсіздіктің қадір-қасиетін сезіну, әрі бағалау, қажет кезінде оны көзің­нің қарашығындай қорғау – қай кездегіден де маңызды, қай кездегіден де қажет. Тек сонда ғана біздің мемлекетіміз одан әрі ны­ғайып, өркениетті елдер қатарынан орын ала­тынымыз анық. Осындай отаншылдық сезімнің Сырым ауданы тұрғындарының бойынан көбірек бой көрсеткеніне сүй­сіндік те. Тәуелсіздікті қадірлей білу қасиеті оларға сонау ХVІІІ ғасырда қазақ жерінің отарлау саясатына қарсы ұзақ жылдар бойы бел шешпей күрескен Сырым бабаларынан сіңісті болғанын да аңғару қиын емес. Айта кетерлік жәйт, Сырым Датұлының туға­нына 250 жыл толуына орай, 1992 жылы Жоғарғы Кеңестің шешімімен бұған дейін Жымпиты аталып кеткен ауданға Сырым Датұлының есімі берілген. Оның бер жағында, жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде Жымпитыда Алаш арыстары ту тігіп, ұлттық мемлекет құру тура­сындағы идеяны көтергені өз алдына бөлек әңгіме. Алаш қозғалысының 90 жыл­дығы бұдан екі жыл бұрын Сырым ауда­нында кеңінен аталып өткені, оған газет басшысы Сауытбек Абдрахманов бастаған “Егемен Қазақстанның” өкілдері де қа­тысқаны да күні кешегідей көз алдымызда. Сол бір күндерде Алаш қозғалысының 90 жылдығы аясында “Теория, тарих, тағы­лым” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Онда республиканың түкпір-түкпірінен келген елімізге танымал алаштанушы ғалымдар аталған тақырыпта бұрын айтылмай келген тың деректерді ортаға тастаған еді. Түйіп айтқанда, Алаш идеясы бізге тәуел­сіздіктің қадір-қасиетін тереңірек түй­сінуге жетелейді. Ол бізге сонысымен қымбат, жоғарыда айтып өткеніміздей Сы­рым елінен осындай қасиеттерді көбірек сезініп қайтқанымыз іс-сапарымыздың басты олжасы деп білеміз. Облыс орталығына оралғаннан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Б.Із­мұхамбетов айтқан уәдесінде тұрып, газет тілшілерін қабылдады. Облыс басшысы мен егеменқазақстандықтар арасында емен-жарқын әңгіме өрістеді. Кездесу кезінде ол газет қызметкерлерінің бірқатар сауал­да­рына нақты жауаптар қайтарды. Уақыттың тығыздығына қарамастан Жайық айма­ғында атқарылып жатқан қыруар істердің жай-жапсарынан молынан құлағдар болғаны­мызға қуандық. Мерей марқайтқан әңгі­менің ұзын-ырғасы төмендегіше өрбіген-ді. – Бақтықожа Салахатдинұлы, биылғы жазда өңірде ұзаққа созылған ыстық ауыл ша­руашылығындағы жағдайды күрделен­діріп жіберген жоқ па? – Олай деп айта алмаймын. Айта алмай­тын себебім, қуаңшылық салдарынан дәнді-дақылдар егістігінің 60 пайыздан астамы күйіп кеткені болмаса, тұтастай алғанда облыстағы ауыл шаруашылығы секторында оң үрдістер байқалады. Өңірдегі агроөнеркәсіптік құрылымдарда мал басы кеміген жоқ. Күні бүгін қыстақтарға қажетті жемшөптің 85 пайызы әзірленіп, мал қыстайтын орындарға жеткізілді. Бұдан былай аймағымыз бірыңғай шикізаттық база күйінде қала алмайды. Ұқсату мен өңдеу кешендерін өдіріске кеңінен енгізу – бүгінгі күннің басты талабы. Бұған дейін іске қосылған мия, өсімдік майын шығара­тын зауыттар, диірмендер, жыл аяғына дейін іске қосылатын ірі мал бордақылау кешені биік межелер үдесінен шығатын аршынды қадамдар болмақ. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау – ұдайы назарымызда. Облыс тұрғындарын көкөніс өнімдерімен жыл бойы қамту мақсатында өңірде жаппай жылыжай құрылыстары басталды. Бұған өздеріңіз аралаған Сырым ауданының мысалында да көз жеткізіп қайтқан шығарсыздар. Осы арқылы көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұруға да мүмкіндіктер туады. Облыста ауыл ша­руа­шылығы өндірісінде атқарылған істердің алғашқы нәтижелері де айтарлықтай. 52 түрлі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігінің бағасы республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Бізде жоғары сортты нан бағасы 50-55 теңгеден аспайды. Бірінші сортты ұннан пісірілген бөлке нанның бағасы 40 теңге. Ет және ет өнімдеріне қатысты да жасалар түйін осындай. – Облыстағы отын-энергетикалық кешеннің қызметі туралы не айтар едіңіз? – Бұдан үш жыл бұрын облыстағы елді мекендердің газбен қамтылу деңгейі 27 пайыз ғана еді. Қазір ол 72 пайызға дейін көтерілді. Тұрғындардың санына шаққанда бұл мөлшер 80 пайызды құрайды. Бүгінде облыста табиғи газды өңдейтін кешен құрылысы басталды. Кейін кешенде өңде­ліп, сұйытылған газды тасымалдап, газ құ­быры тартылмаған түкпірдегі ауылдарға жет­кізбекпіз. Ол арнайы әзірленген қазан­дықтарға құйылмақ. Сол кезде облыс тұр­ғындарын көгілдір отынмен түгелдей қам­туға мүмкіндік туады. Қай жобаны қолға алғанда да оның экономикалық тұрғыдан тиімділігі мен үнемділігін қарастырғанның берері мол. Сұйытылған газды пайдалану жүздеген шақырым газ құбырын тарт­қан­нан әлдеқайда ұтымды. Өңірде энерге­ти­калық дербестікке жету мақсатында қуаты 54 мегаваттық газтурбиналы станса пайдалануға берілмек. Қазір оның бірінші блогы іске қосылды. – Жаңа оқу жылы есік қағып тұр. Об­лыс мектептері жаңа оқу жылына әзір ме? – Бұл сауалдарыңызға қатысты бір ғана мысал келтірейін. Соңғы үш жылда облыстағы 435 мектептің 200-іне күрделі жөн­деулер жүргізілді. Бұл осы уақыт аралы­ғында өңірдегі әрбір екінші мектеп қайтадан жаңғырды деген сөз. Демек, күрделі жөндеулердің басым бөлігі биылғы жылдың еншісіне тиеді. Осы мысалдың өзі мектептердің жаңа оқу жылына әзір екенін аңғартпай ма?! – Облыстағы орташа жалақы мөлшері қандай? – Бұдан үш жыл бұрын 52 мың теңге болса, қазір ол 70 мың теңгеге көтерілді. – Аймақта осы кезге дейін шешімін таппай жүрген қандай түйткілдер мен проб­лемалар бар? – Орал жерінде сонау кеңестік кезеңнен бері жол инфрақұрылымы мүлдем дамымай қалған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оған қаржы бөлу мүмкін болмады. Ал соңғы жылдар ішінде жетпіс жылда қолға алынбаған істі бірден бітіре салу ақылға да, қисынға да сыймайды. Облыстағы алты ауданның орталығына тас жол тартылмаған. Автожол құрылысының өзіндік құны өте қымбат. Оны облыстық бюджет түгілі республикалық бюджет те көтере алмайды. Міне, облыстағы шешімін таппай тұрған мәселе осындай. Сөйтсе де қол қусырып отырмай, көкейдегі үлкен ой-мақсатымызды жүзеге асырудағы жігерімізді ортақ арнаға құлшына жұмылдыра бермекпіз. Біз Батыс Қазақстан облы­сы­ның әкімі Бақтықожа Ізмұ­хамбетовке ашық та бүк­песіз әңгімесі үшін рахметімізді айтып, әуе­жай­ға асығыс бет түзедік. Әр мез­гілдің ғана емес, тіпті әр айдың өз әуені бар. Аптабы бет шарпыр сар­ша­тамыз сазын біз де анық сездік. Іссапар ба­рысында ба­тысқазақстандықтар бір жа­ғадан бас, бір жеңнен қол шы­ғара отырып,табиғаттың би­ылғы тосын сынына өзде­рі­нің қажыр-қайраттарын бе­кем қоя білгендеріне куә бол­дық. Үш күндік сапарда көр­геніміз бен көңілге түйгеніміз ала қағаз бетіне осылайша өр­нектелді. Жанат ЕЛШІБЕК, Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.