Жуықта еліміздің бір қиырындағы Достық бекетінде Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының жаңа тарихындағы сәтті бастауларды еске салатын мәнді бір шара өтті. Бұл шара осы екі ел экономикасының дамуына лайықты үлес қосып келе жатқан Ақтоғай – Достық пен Усу – Алашаңқай темір жол желілері түйілісуінің 20 жылдығына арналды. Аталған темір жол желілері алғаш рет 1990 жылдың 12-ші қыркүйегінде түйілісіп, осыған орай Еуразиялық көлік дәлізін қалыптастыруда үлкен рөл ойнайтын маңызды жаңа жол желісінің ашылу салтанаты болған еді. Енді міне, зырлап өте шыққан жиырма жылдан кейін аталған тарихи оқиға құрметіне орайластырылған екі күндік шараға “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ басшылары, ардагерлері, қытайлық қонақтар қатысты.
Тарихи деректерге жүгінсек, КСРО мен Қытай арасындағы шекаралық темір жол өткелін салу жөніндегі жұмыстар 1970 жылдары қолға алына бастаған болатын. Дегенмен бұл жұмыс екі мемлекет арасындағы салқын қарым-қатынас әсерінен болса керек, өз арнасын тауып, дұрыс жолға түсіп кете алмады да тоқтап қалды. Сонан кейін Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болған 1990 жылы қайта қызу серпінге ие болды.
Егер әңгімені одан да әріден қозғайтын болсақ, тарихы сан мыңдаған жылдарды қамтитын көне Қытай мен ежелгі түркі әлемінің өзара қарым-қатынастарында ризашылықпен еске алуға лайық небір тамаша кезеңдер аз кездеспеген. Көрші елдер бірінің тіршілігінен екіншісі нәр алып отырған. Соның айшықты мысалдарының бірі ретінде көне Жібек жолын айтуға болады. Батыс пен Шығысты байланыстырған осы әлемдік деңгейдегі сауда жолы біздің ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай әсер етіп, оның бойында көптеген қалалар пайда болған еді.
Осы Жібек жолының тоқырауы Орталық Азияның әлемдік тіршілік арнасынан бірте-бірте ажырауына, Еуразия секілді алып құрлықтың орта тұсында тұрып-ақ мешеу шеткері аймаққа айналуына алып келді. Тұтас түркі дүниесінің ыдырау үрдістері, бұрыңғы қалыптасып келе жатқан отырықшылық өмірдің аяқ асты етіліп, көшпелі өмір салтының барынша үстемдік құруы міне, осы Жібек жолының бойынан жан кетуімен одан әрі үдей түскен болатын.
Қазақстанның өз тәуелсіздігіне ие болысымен шығысымыздағы алып мемлекет Қытаймен қарым-қатынасты жаңа мағынада қалыптастыра отырып, оның экономикалық қуатынан нәр алуға, әрі осы арқылы батыс пен шығысты байланыстыра алтын көпір рөлін атқаруға деген ұмтылысы Елбасымыздың көреген саясатының белгісі еді. Ол үшін көне Жібек жолын жаңа заман бейнесінде қайта жандандыру қажет болды. Оның үлкен мүмкіндігін темір жол бере алатын еді. Сөйтіп жоғарыда аталған темір жол желілерінің түйісуі екі елдің жаңа қалыптаса бастаған экономикалық қарым-қатынасының аса маңызды оқиғасы ретінде айшықты тарихи деректердің кең айналымына енді. Маңызды жобаның жүзеге асырылуы еуразиялық көлік дәлізін қалыптастыру жоспары аясындағы темір жол жылжымалы құрамдарының транзиттік мүмкіндігін арттырып қана қоймай, екі елдің арасындағы алыс-берістің артуына, экономикаларының дамуына қосымша серпін берді.
Бүгінгі күні Достық – Алашаңқай темір жол өткелі “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ-ның әріптестері – екі елдегі жүк жөнелтушілер мен жүк қабылдаушылар үшін аса тиімді транзиттік дәліз болып табылады.
Достық стансасы – жүк жіберуге арналған шекаралық өткел. Онда жүктерді түсіріп-тиеумен қатар, оны сұрыптау жұмысы да атқарылады.
Стансада 12 тарамды жолы бар сұрыптау дөңесі арқылы бір тәуліктің ішінде 2500 вагоннан тұратын пойыздарды жасақтап, тарату, сұрыптау жұмыстары жүзеге асырылады.
Жүктерді басқа вагондарға ауыстырып тиеудің 9 орыны бар. Оның екеуі жабық вагондардағы қорапты-орамалы бөлшек жүктерге, үшеуі ашық жылжымалы құрамдарға, екеуі контейнерлік жүктерге арналған.
Мұнда вагондардың доңғалағы 1520 миллиметрлік табанынан 1435 миллиметрлік тар табанға ауыстырылады. Тәулігіне 220 вагонның доңғалағы ауыстырылады.
Достық стансасын және Ақтоғай – Достық темір жол телімін дамытудың 2008-2011 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ президентінің бұйрығымен стансадағы өңдеу жұмысы мен сервистік қызметтерді жандандырудың іс-жоспары бекітіліп, жүзеге асырылу үстінде. Электрмен қамту орталығын жаңғырту, екі бірдей жолтабандарында қосымша қабылдау-жөнелту паркінің құрылысын жүргізу, жүк ауыстыратын қосымша орын жасау, Қытайдан келетін жұмысшыларға арнап әкімшілік және тұрмыстық корпус тұрғызу және басқа да жұмыстар осы шаралар аясында іске асырылуда. Белгіленген шаралардың басым көпшілігі қазірдің өзінде орындалып та қойды.
Жақында стансаға Қытайдан қазіргі заманғы талаптарға сай келетін 15 маневрлік локомотив жеткізілді.
2009 жылдың аяғында бірыңғай ресімдеу залының ашылу салтанаты өткізілді. Ол арқылы көліктік, ветеринарлық, фитосанитарлық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бекетінің өткізу жұмыстарының құжаттандырылуы жеделдетілді. Залда ақпараттық стендіде тасымалдауды ресімдеу және тауарды алып жүру құжаттарының қозғалыс барысы “онлайн” кестесі арқылы көрсетіледі. Қазақстанға транзиттік ел ретінде Еуропа мен Азия мемлекеттерінің қызығушылығының артуына байланысты Қазақстан Үкіметінің қолдауымен “ҚТЖ” ҰК” АҚ-тың 2008-2012 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы түзілді. Онда Достық стансасын одан әрі дамыту мәселесіне жеткілікті деңгейде назар аударылған.
Стансаны дамыту жоспарларында әлеуметтік мәселелерге де барынша көңіл бөлінген. Мәселен үстіміздегі 2010 жылы Достық стансасында үш қабатты сегіз үйден тұратын шағын ауданның құрылысы аяқталған еді. Осы бойынша ұлттық компанияның президенті Асқар Мамин 216 тұрғынға тұрмысқа жайлы жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
Станса тұрғындарына ауа райының қолайсыздығына және еңбек жағдайының ауырлығына байланысты материалдық өтемақы беріліп тұрады.
Сөйтіп ежелгі Жібек жолын жалғаған Қытай мен Қазақстан арасындағы достық және экономикалық ынтымақтастық мәселелері іс жүзінде көрініс тауып, жан-жақты өрістей түссе, бұған темір жол саласының да қосып отырған үлесі зор деуге болады. Соның ішінде Достық стансасының екі ел шекарасында географиялық тұрғыдан қолайлы орналасуы Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдың тасқындай түсуіне ықпал етуде.
Осы ретте Қорғас-Жетіген темір жол желісінің салынуы Достық стансасының маңызын төмендетпейтіндігін айту парыз. Мамандардың айтуынша, Достық стансасындағы тасымал көлемі 2020 жылы 20 миллион тоннаға жетеді деп жоспарланып отыр. Әлемдік экономикалық дағдарыс ауыртпашылығы айыға қоймаған 2009 жылдың өзінде Достық стансасы арқылы тасымалданған жүк көлемі рекордтық көрсеткіш – 15,5 млн. тоннаға дейін жетуі осы жоспардың нақтылығын алдын ала дәлелдей түскендей болды. Бүгінде шекаралық стансадан өтетін жүктер көлемі Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік тасымалдың 20 пайыздан астамын құрайды.
Салтанатты басқосуда сөз алған “ҚТЖ” ҰК” АҚ-тың Персоналды басқару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі вице-президенті Асхат Акчурин аталған темір жол желілері мен Достық стансасындағы бүгінгі қол жеткізілген жетістіктер Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының көреген саясатының жемісі екендігін атап көрсетті. Оның айтуынша осыдан жиырма жыл бұрын стансада небәрі 56 ғана теміржолшы болса, бүгінде олардың қатары сегіз мыңға жуықтаған. Міне, осы бір санының өзінен-ақ көптеген жайтты аңғаруға болатындай.
Алматы темір жол бөлімшесінің директоры Бауыржан Орынбасаров биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемін 16 млн. тоннаға жеткізу көзделіп отырғандығын жеткізді.
Тәуелсіз мемлекеттің алғашқы Көлік министрі болып жұмыс істеген темір жол саласының ардагері Нығметжан Есенғарин өз сөзінде бүгінде Қытайдан Еуропаға, Ресейге жылына 3 млн. тонна транзиттік жүк жөнелтілетіндігін, енді оны 20 миллион тоннаға жеткізудің жолдары қарастырылып жатқандығын айтып өтті.
Қытай делегациясын бастап келген ҚХР темір жол министрлігінің халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары Сун Лиши, халықаралық қатынастар департаментінің бөлім бастығы Ван Ляньбин, Үрімші темір жолы, Солтүстік-Синьцзян темір жол компаниясының өкілдері екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бұрынғыдан да жоғары қарқынмен дамитындығына сенім білдірді.
Салтанатты рәсімнен соң Достық стансасының қалыптасуына сүбелі үлес қосқан теміржолшылар “Адал еңбегі үшін”, “Достық –Алашаңқай шекаралық өткелінің 20 жылдығы” мерейтойлық кеуде белгілерімен марапатталды.
Қазақстанның өнер жұлдыздары күшімен қойылған концерттік бағдарлама көпшілік көңілінен шықты.
Жоңғар қақпасының өтінде, Алатаудың шетінде орналасқан Достық шекаралық стансасы тұрғындарының есінде сақталатын маңызды шара міне, осылайша салтанатты жағдайда дүркіреп өтті. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық қарым-қатынастың жылдан жылға қарқынмен дамып келе жатқандығын дәлелдеп берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.