Еліміздің өнер мен мәдени өмірінде М.Горький атындағы орыс драма театрының алар орны ерекше. Танымалдылық пен беделге ие болудың тылсым құпиясын білу мақсатында аталмыш театрдың директоры Еркін ҚАСЕНОВКЕ жолығып, әңгімелескен едік.
– Еркін Тілеуғазыұлы, әңгімемізді өзіңіз басқарып отырған Горький атындағы орыс драма театрының тарихынан бастасақ.
– 1899 жылға дейін театр өнерін жандарына азық етіп, әр жерде өнер көрсетіп жүрген шағын ғана жиһанкез әртістерге сол кездегі Ақмола губерниясының қала билеушілері тұрақты қойылымдар көрсетулеріне мүмкіндік жасау үшін бір ғимарат сатып алуға 100 рубль ақша бөліпті. Әртістердің өнеріне тәнті болып жүрген көпес Кубрин орыс өнерін тамырландырып жіберудің келешегі зор екенін терең түсініп, үлкен үмітпен ол да біраз қаражатпен меценаттық жасаған көрінеді. Осылайша ХІХ ғасырдың аяғында қала театры мәртебесін алған, бүгінде астаналық аталатын М.Горький атындағы орыс драма театры содан бері өз тұғырынан түскен жоқ. Театр 110-шы торқалы тойымен жалғасатын жаңа маусымға дайындық жұмыстарын бастап та кетті.
– Ұзақ жолды басып үлгерген өнер ордасы бүгінгі күні көрермендерін қандай қойылымдарымен сусындатуда?
– Біздің бүгінгі репертуарымыз жергілікті авторлармен бірге әлемдік және орыс классиктерінің туындыларымен өте бай, әрі жан-жақты. Атап өтсек, Р.Отарбаевтың “Сұлтан Бейбарысы”, Шекспирдің “Гамлеті”, Т.Уильямстың “Трамвай желание” атты драмасы, М.Булгаковтың “Мастер и Маргаритасы”, Ж.Коктоның “Человеческий голосы”, Н.Гогольдің “Ревизоры”, А.Чеховтың “Ивановы”, А.Вампиловтың “Утинной охотасы” А.Цагарелидің “Ханумасы”, С.Мрожек пен Ж.Сартрдің туындыларымен бірге К.Сергиенко, Е.Шварц, Г.Сапгир сынды авторлардың шығармаларынан 20-ға жуық және балаларға арналған күндізгі қойылымдар бар. Ал осы маусымдағы спектакльдер ішінен ерекше атап өтерлігі – Бертольд Брехттің “Страх и нищета в Третьей империи” атты қойылымын Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай көрерменге тарту еттік. Фашизмге қарсы шығармаларды мол жазған ақын, драматург Бертольд Брехттің бұл шығармасында Германиядағы фашизмнің алғашқы ошағы қалай пайда болғаны, еврейлердің шеккен зардаптары, соғыс кезіндегі халықтың әлеуметтік жағдайы бейнеленген. Атылып, асылып, абақтыға қамалып, қуғынға түсіп, берекелері кеткен Германияның әр аймағындағы еврей отбасылары мен халықтың әлеуметтік күйзелісін көре отырып, көз алдыңа сол уақытпен дәлме-дәл келетін Қазақстандағы зұлмат құрбандары – Ахаң (Ахмет Байтұрсынов), Әлихан, Шәкәрім, Мағжан, Сәкен, Бейімбет, М.Шоқай... тағы сол сияқты арыстарымыздың отбасы, ағайындары арасындағы күйзеліс белең алған қайшылықтарды көзге елестету қиын емес...
Қойылымның тағы бір ерекшелігі – режиссер дайындық барысында Станиславский жүйесімен бірге еуропалық қалыпқа айналған Брехт тәсілдерін шебер пайдалана білгендігі еді. Бұл өзі Брехттің новеллаларынан іріктеліп қойылған дүние десек, қасіретке толы қайғының тұманын сейілтпей автор трагедияны қалай алып шығар екен деп толғанғанымыз рас. Дегенмен шетелдік режиссер Егише Геворкян адам жанының тығырыққа тірелгенде кей кездерде сырт көзге өте ебедейсіз, ұсқынсыз тарта қалуымен бірге күлкілі жағдайда болатынын немесе қапелімде жасаған іс әрекеті мен айтқан сөзін қабыстыра алмай қалатынын өте шеберлікпен өріп, актерлер арқылы кейіпкер психологиясын тамаша суреттеумен танылды.
– “Өнерде жоқ шекара” деп айтып жатамыз. Режиссерлерді шетелден жиі шақырып тұрасыздар ма?
– Жаңа, жоғарыда атап өткен Б.Брехттің “Страх и нищета в Третьей империй” қойылымының режиссері – австриялық Егише Геворкян Франция, Германия, Америкада өз қойылымдарымен ізденіп жүрген жаңа бетбұрыстағы зор талабы бар жас режиссер. Оны алғаш рет шығармашылық топпен таныстырғанымда, кейбір кәнігі актерлар алғашында сенімсіздік танытқандай болып еді, кейін бірте-бірте шығармашылық ортаға тастай батып, судай сіңіп кетті.
Сырттан театрға кәсіби білікті режиссер шақырту қанатын жаңадан жайып келе жатқан кез келген жас театрға тән дәстүр. “Театрымыздың өз режиссері бар, сырттан шақырып, шығынданар жайымыз жоқ”, – деп жан-жағын қымтанып, әлемдік деңгейдегі өнер иелерінен мүлде бас тартатын, ал театрды тек облыстық іс-шара аясында ғана танитын әкімдер де жоқ емес. Құдай сақтасын, біз ондай пікірден аулақпыз. Сондықтан да болар, еліміздегі талантты режиссерлермен қатар халықаралық деңгейдегі қойылымдарымен танылып жүрген басқа елдерден өз ұсыныстарымен келіп жататын достарымыз баршылық. Ресей театрларында қойылымдарымен танымал болып жүрген мәскеулік А.Коневскиймен және ашхабадтық, Орта Азияда шығармашылығымен беделді сценограф Б.Амансахатовпен бірге қойған У.Шекспирдің “Гамлеті”, белгородтық В.Бородиннің Н.Птушкинаның “Браво, Лауренция!” шығармасы негізінде сахналаған спектаклі А.Цагарелидің “Ханумасы”, Бішкектен шақыртылған талантты жас режиссер Н.Асанбек пен театр суретшісі Ю.Нурматовтың Американың әйгілі классигі Т.Уильямс шығармасы желісінде әзірлеген “Трамвай желаниесін”, ақтаулық режиссер, “Тарлан” сыйлығының иегері Г.Мерғалиеваның “Мастер и Маргарита” сынды қойылымдарын көрермендеріміз зор ықыласпен тамашалап жүр.
– Шоқтығы биік осынау табыстарыңызды шетелдік көрермендерге таныту жағынан кенде емес шығарсыздар?
– Әрине, жалпы әртіс қауымды, оның ішінде актерлердің шеберлігін үнемі шыңдап отырудың тағы бір жолы, ол – халықаралық гастрөлдер мен республикалық, халықаралық фестивальдарға қатысу. Осы мақсатта соңғы 2-3 жылдың ішінде театр ұжымы гастрөлдік сапармен Алматы, Өскемен, Қарағанды, Челябі қалаларында, сонымен қатар Гранада (Испания), Саранск, Мәскеу, Санкт-Петербург, Бейжің қалаларында өткен халықаралық және республикалық фестивальдарға қатысып лауреат атанды.
Осылардың ішінде екі жайға ерекше тоқталғым келеді. Бейжің олимпиадасынан кейін сол қаладағы “Мәңгілік Шекспир” Халықаралық театр фестиваліне Қазақстандағы жалпы драма театрлары тарихында тұңғыш рет қатысуға мүмкіндік алған тек М.Горький театры болды. Ұлыбритания, Италия, Испания, Польша, Оңтүстік Корея қатысқан фестивальға Шекспирдің “Гамлетін” апарып, қанжығамызды майлап қайттық. Ал екінші бір сәтті кезең А.Пушкиннің “Каменный гость” қойылымымен 2007 жылы театрымыздың шағын тобы тұңғыш рет Еуропаға жол тартты. Біз, ол жолы ЮНЕСКО деңгейінде белгіленген “Орыс тілі жылы” аясында Людмила Путинаның басшылығымен өткізілген халықаралық Конгресс бағдарламасына еніп, ТМД елдері ішінде тек біздің театр ғана Испанияның Гранада қаласында өтетін халықаралық театрлар фестиваліне қатысуға жолдама алды.
– Қала басшылығы тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатыр?
– Әрине, қала әкімі И.Тасмағамбетовтың атқарып отырған жұмысы ұшан-теңіз. Қалаға әкім болып келісімен Имекең біздің театрға келіп, әртістеріміздің мұң-мұқтажын тыңдады, спектакльдерімізді тамашалады. Кездесу, пікір алмасу нәтижесінде көптен бері шешімін таппаған мәселелерді талқыладық. Театр қызметкерлерін пәтермен қамтамасыз етуді шешіп берді. Әртістеріміздің біразы пәтер алып, соңғы 2-3 жылдың ішінде үйлі-баранды болып жатыр. Осының бәрі және жоғарыда айтылып жатқан шығармашылық жетістіктеріміз қала басшыларының өнерге деген ерекше ықыласы, дұрыс көзқарасының жемісі деп білемін.
– Сіз басқарып отырған театрдың ресейлік театрлардан айырмашылығы қандай және олармен байланыстарыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Ресей ТМД және Балтық жағалауы елдеріндегі орыс театрларының өтпелі кезеңде жабылып қалмауын қатты қадағалады. Ресей атқамінерлері мен мемлекет басшылары “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып” Театр қайраткерлері одағы жанынан орталық ашты, ассоциация құрды. 2004 жылдан бері бағдарлама жобасы бекітіліп, жыл сайын мол қаржыны мемлекет өзі бөліп отырады.
Биыл сәуірде Санкт-Петербургте “Встреча в России” атты 18 мемлекеттің орыс театрлары қатысқан беделі зор халықаралық фестиваль өтті. “Балтийский дом” театрында ұйымдастырылған бұл іс-шараға біздің театр осымен екінші рет қатысып отыр. Осы жолы да 35 адамның барлық шығындарын өз мойындарымен көтеріп алды. Біз А.П.Чеховтың “Иванов” атты пьесасымен бардық. Мен “Русский мир – в поисках будущего” тақырыбымен “Үкіметтік бағдарлама аясында шетелдегі отандастарға РФ мемлекеттік саясатын тарату” ғылыми-практикалық конференциясына қатыстым. Қазақстандағы орыс театрлары жағдайын баяндап бердім. Фестивальға қатысқан ұжым өзге елдерден келген театрлардың жай-күйімен, шығармашылық өресімен, театрлардың ұлттық құрамымен танысып шықты. Ал біз өз кезегінде жемісті жұмыс істеп жүргенімізге көздерін айқын жеткізіп қайттық.
Ондағы үлгі тұтар тағы бір үрдіс – театр маусымдары аяқталар шақта “Қолдау-қорғау” орталығының бағдарламасы аясында Мәскеу қаласының сыртындағы демалыс орнында жазғы театр мектебін өткізеді. Бұған ТМД және тағы да басқа шет елдердегі орыс театрларының әрбірінен 35 жасқа дейінгі әртістерді жинайды. Жиналған 500-700 адамды бір ай бойы барлық шығынын көтере отырып, сахна тілі, сахна қозғалысы, би сабақтарын өткізеді. Танымал актерлермен кездесулер, театрларға барып спектакльдер қарау, талқылау дәрістерін жүргізеді. Мәскеудің басты театрларынан мықты режиссерлерді жалдап, жастарды іріктейді, топ-топқа бөліп, лайықты қойылымдар шығарады. Қайтар кездерінде осы қойылымдардың көшірмелерін жазба табақшаларға түсіріп, өздеріне береді. Баға қояды. Диплом тапсырады. Міне, нағыз актер шеберлігін шыңдайтын мектеп осы болса керек.
Ал біздегі Мәдениет министрлігінің ұйымдастыратын жыл сайынғы театрлар практикумы өз қажеттілігін жоғалтқалы қашан. Биыл, мысалы, тағы да сол жылдағыдай облыс театрларының басшыларын жинап алып, Ресейден Г.Дадамян дегенді шақыртып, ұзақ-сонар лекция оқытты. Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының бір ұстазы Қазақстан театрларының өзекті мәселесінен сыр шертті, облыстардан келген басшылар пікір-ұсыныс айтқан болды... Жылда осы. Алматыға не Астанаға жиналамыз. Кейінгі жылдары кейбір облыстардан тіпті қатыспайтын болды.
Міне, осы практикумға жұмсалатын қаржыны қайта қарау керек шығар. Практикумда айтылатын ой, пікір, ұсыныстарымызды министрліктің алқа мәжілісінде көтеру керек. Ол протоколға еніп, нәтиже беретін іс-шараға, нормативтік құжаттарға айналу керек. Ал менің айтып отырғаным бөлек. Жастарды кәсіби шыңдау бағдарламасын мемлекет өз қолына алуы керек. Бірлі-жарым лауреат атанған, диплом әкелген жетістікке бөркімізді аспанға ата берудің қажеті жоқ. Театр өзегі актер емес пе? Кейде тіпті, шебердің өзінен тәлім алған адамның өзі театрға бара сала тоқырауға ұшырайды. Сондықтан өнердің бәсеке екенін еш естен шығармаған абзал. Республикалық театрлар мектебі, мол тәжірибесі бар Е.Обаев, Е.Тәпенов, Е. Оразымбетов, Т.Теменов, М.Ахманов, Қ.Қасымов, Г.Мерғалиева сынды режиссерлердің класын жаз айында Алматының маңындағы бір демалыс үйінде ұйымдастырып, әр театрдан болашағы бар жастарды жинаса, бізде де жасындай жарқырайтын өнер жұлдыздары шығарына күмәнім жоқ. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясынан Д. Тұранқұлова, М.Әбзелбаев, М.Байсеркенов А.Құлбаев сынды білікті ұстаздар дәріс өткізсе, тіптен құба-құп.
– Сізді көпшілік, кезінде “Қазақ тілі” қоғамының патриоты ретінде таныған екен. Бізде 1990 жылдардың басында Алматыдағы көптеген қазақ балабақшалары мен қазақ мектептерінің ашылуына ықпал еткеніңізден хабардармыз. Мемлекеттік тіл патриоты болу үшін ең алдымен, адамға қандай қасиеттер қажет? Бүгін осы істі жалғастырып жүрсіз бе?
– Мен қазақ мектебін бітіріп, басқа ұлт өкілдерімен етене араласпай өстім. Өнер институтында да қазақша оқыдым. Орысша білмегендігімді кезінде өз бауырларым бетке салық, арға ұят етіп таңды. Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов, ұстаздарым М.Байсеркенов, Р.Қаныбаева сияқты ұлт өнерін бәрінен жоғары қоятын дарабоз тұлғалардың жалынды ойлары мені қайта ширата түсті. Қазақ театрында жұмыс істей жүріп, көп нәрсе үйрендім. Енді “Қазақ тілі” қоғамына мен бармағанда кім барады. “Қазақ тілі” қоғамының алғашқы қарлығаштарының бірі болып, жан салып қызмет істедім.
Алматыда 90-шы жылдан бергі ашылған қазақша мектеп, балабақша, сонымен бірге мекеме, оқу орындарынан “Қазақ тілінің” бастауыш ұйымдарын ашу жолында көп іс атқардық. Кейіннен де мәдениет, өнер, ақпарат саласындағы мемлекеттік жұмыстарды атқара жүріп, тіл саясатынан ешқашан алыстаған жоқпын.
Мақсат Қазақстандағы театр өнері саласында 110 жылдық тарихы бар М.Горький атындағы орыс драма театры ұжымымен бірге, осы елдің абыройын көтеріп айтулы театрлардың алдыңғы қатарында болсақ дейміз. Ауылда туып-өскен қазақтың қарапайым қара баласына астаналық орыс драма театрының тізгінін ұстау бақыты бұйырса, осынау жауапты қызметті мінсіз атқаруда азаматтың алдында асқаралы міндет тұратыны айқын ғой.
Әңгімелескен Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.