Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмысты болдырмау, оның алдын алу шараларын жүргізу, олардың құқықтық білімін арттыру – жергілікті мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының негізгі міндеті десек, бүгінгі күні облыстағы білім беру саласы жұмысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу – өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Премьер-Министр К.Мәсімов облысқа іс сапары кезінде облыстық білім басқармасына кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен балалардың панасыз, қараусыз қалуының алдын алу, олардың бос уақытының тиімді ұйымдастырылуына байланысты тапсырмалар берген болатын. Байқағанымыз, бүгінде осыған орай бірқатар мазмұнды жұмыстар жүргізіле бастапты.
Атап айтқанда, жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында осы мақсатта құқықтық тәрбие жұмыстарын жетілдіру, қылмыстың алдын алу және болдырмау жөніндегі облыстық білім басқармасының жеке жылдық жұмыс жоспары және облыстық ішкі істер департаментімен бірлескен жылдық жұмыс жоспары жасалынып, бағыттары айқындалыпты. Сөйтіп, облыстық білім басқармасының алқа мәжілістері мен кеңестерінде осы жоспарға сәйкес кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу мәселелері тұрақты түрде қарала бастаған.
– Оқушылар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында облыстағы 366 мектепте құқықтық тәрбие мен құқық бұзушылықтың алдын алу жөнінде кеңестер құрылса, облыстық ішкі істер департаментінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімімен бірігіп жасалған ереже бойынша 92 мектепте жоғары сынып оқушылары арасында “Жас полицейлер” отряды және Тараз қаласы мектептерінде мектеп оқушыларынан құралған “Қайсар” отряды, 379 мектепте наркологиялық бекеттер жұмыс істейді. Сонымен бірге, бүгінде облыс мектептерінде 1508 спорттық үйірмелер жұмыс істеп, оған 29773 оқушы тартылып отыр. Бұл барлық оқушылардың 16,4 пайызы. Ал 32 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептеріндегі 1118 секцияға 13659 оқушы, яғни барлық оқушылардың 7,6 пайызы қамтылған, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сұлушаш Құрманбекова.
Қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен қамтылуын дұрыс ұйымдастыру. Бүгінгі күні облыстағы мектептен тыс 34 білім мекемесінде 16800 оқушы қосымша біліммен қамтылса, оның ішінде Тараз қаласында орналасқан 3 мектептен тыс мекемеде 6073 оқушы қосымша білім алуда. Облыстағы 32 гимназия, лицей, дарынды балаларға арналған білім мекемелерінде 20383 оқушы сабақтан бос уақыттарында өз қызығушылықтарына қарай түрлі үйірмелерге қатысады екен.
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықты болдырмаудың тағы бір іс-шаралары – түрлі әскери-патриоттық, спорттық байқаулар ұйымдастырып, клубтар жұмысын жандандыру екені белгілі. Осы мақсатта облыс көлемінде мектептер мен кәсіптік лицейлердің, колледждердің оқушылары арасында 12 жыл қатарынан “Сапта жүріп ән айту” әскери-патриоттық байқауы өткізіліп келе жатқанын айта кету керек. Бүгінде облыста 28 мектепте әскери-патриоттық клубтар құрылып, оған 1604 оқушы қамтылыпты. Сонымен бірге, мектепішілік олимпиадалар мен мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталық базасында 12-14 жасар жас өскіндерге арналған “Ұлан” әскери-спорттық клубы, 9-10 сынып оқушыларына арналған “Құтқарушылар мектебі”, 6-17 жасар балаларға арналған “Мерей” өнер мектебі, сол сияқты “Тараз барыстары”, “Полицейлер академиясы” сияқты әскери-спорттық бағыттағы мектептер де жұмыс істейтінін көріп сүйсіндік.
Облыс мектептерінде құқықтық білімдер бойынша олимпиада өткізу де дәстүрге айнала бастапты. Ал әрбір айдың екінші сейсенбісі құқықтық білім беруге арналған. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азая түскен. Мысалы, облыстық ішкі істер департаментінде биылғы жылдың 6 айында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында 90 қылмыс тіркелген болса, бұл өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда 11-ге кеміп, 10,9 пайызға төмендеген.
Жалпы, құқық тәртібін бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады. Сондықтан тәртібі нашар, ішкі істер органдарында есепте тұрған оқушылармен жүйелі жұмыс жүргізуден жалықпау керек сияқты. Бізді риза қылғаны, облыстағы білім беру ұйымдарында құрылған қамқоршылық және ақсақалдар кеңесінің тарапынан бүгінде мазмұнды жұмыстар да атқарылуда екен. Атап айтқанда, Тараз қаласының 38 білім мекемесінде осындай қамқорлық кеңестері құрылып, “Білім туралы” Заңның 44 бабының 9 тармағына және Білім және ғылым министрлігінің білім беру ұйымдарында қамқорлық кеңесін құру, оның жұмысын үйлестіру туралы әдістемелік нұсқаулығына сәйкес көп жұмыстар атқарылған. Соның нәтижесінде 38 мектеп бойынша құқық бұзуға бейім 382 бала қамқорлыққа алынған. Олардың ішінде 201-і жетім, 191-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар екен.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.