• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2010

Мемлекет дамуының іргетасы

676 рет
көрсетілді

Биылғы жылдың 30 тамызында Ата Заң – ел Конституциясының 15 жыл­­дығы аталып өтпек.  Бүгінде Қазақстан әлемнің беделді деген түрлі ха­­лық­аралық ұйымдарының мойындалған мүшесі екені белгілі. Ал Конс­ти­ту­ция – сол Қазақ елі мемлекеттілігін нығайту, ондағы саяси жүйені рефор­ма­лау ба­ғытында жасалған сәтті қадамдарға басты бағдар болғаны анық. Кеше елордадағы Ұлттық ака­де­миялық кітапханада “Қазақстан Рес­публикасының Конституциясына 15 жыл: заңнаманың ілгері дамуы” атты рес­публикалық ғылыми-тәжірибелік кон­ференция ұйымдастырылып, онда Ата Заңның дамуы мен оның жетіл­ді­рілу тарихы әңгіме өзегіне айналды. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Ас­та­на қаласының әкімдігі, Еуропа құ­қы­ғы мен адам құқықтары сарап­шы­лық институты және Құқықтық мәде­ниетті дамыту орталығы ұйытқы бол­ған ауқымды ша­раға орталық мем­ле­кеттік органдардың, шетел диплома­тия­лық корпусының, сая­си партия­лар мен үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері, Парламент депутаттары қатысты. Конференция барысында оған қа­ты­сушылар Конституцияның мемлекет үшін маңыздылығы, онда ратификация­ланған халықаралық құ­жаттардың ішкі заң­дарға қарағанда, басымдыққа ие екен­дігі, елдегі құқық қолдану тәжіри­бесі, құ­қықтық мәде­ниетті дамыту мәселелерін талқыға салды. Мәселен, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева Ата Заңның негізін қалау, оның негізгі алғы­шарттарын бекіту оңайға түспегендігін, бұл ұзақ ізденіс пен еңбектің, мол тә­жі­рибенің арқа­сын­да ғана жүзеге асқанын атап өтті. “Қа­зақстан өзінің таңдауын жасады. Бұл ретте Конституцияның алатын орны айрықша. Ол елімізді зайыр­лы, құқықтық мемлекетке айналдырудың негізі. Ел Президентінің қоғамды ілгерілету мақ­сатынан туған барлық жарлықтары осы Ата Заңнан бастау алады. Конституцияда сан ұлттар мен ұлыстардың мүдделері, адамдардың құқықтары мен бостандығы жоғары орынға қойылатындығы айрықша атап көрсетілген. 2007 жылдың 21 ма­мыр күні Елбасының бастамасымен Қазақстан Конституциясына тиісті өзгертулер мен толықтырулардың енгі­зілуі еліміздің барлық қоғамдық-саяси құрылымына жаңа өзгерістер әкелді. Сол арқылы дамудың жаңа, сапалы кезеңіне қадам бастық”, – деді ол. Сонымен қатар Астана қаласы әкімінің орынбасары өз сөзінде Қазақстанның 15 жылдық мерзім ішінде түрлі салаларда қол жеткізген жетістіктері мен білім, ғылым, әлеуметтік салада атқарылып жатқан оң шаралар жөнінде де ой тарқатты. Ал Қазақстан Республикасының Пре­зиденті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының кафедра меңгерушісі Николай Акуев бүгінде Конституцияның америкалық, фран­цуздық модельдерінің артықшылық­тары туралы көп айтыла­тын­дығына, алайда қазақстандық мо­дельдің де өз ерекшелігі мен өз орны бар екен­дігіне тоқталып өтті. “Әлемде Конс­титуцияның тұтастай мінсіз, әмбебап мо­делі жоқ. Ал Конституция, ондағы баптар кез келген мемлекеттің өз ерекшелігіне, мем­лекеттік құрылы­мына, ұлттық мен­та­литетінің өзгеше­лігіне сай болуы керек. Сонда ғана ол сол елдің ілгерілеуіне, демократиялық жүйесінің дамуына сеп болмақ”, –  дейді Н. Акуев. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.