• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2010

Президенттің төл перзенті

813 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Консти­туциясы күні... Еліміздің мемлекеттік мерекелері тізбесінде бұл тарихи мәні жөнінен аты Тәуелсіздік күнімен қатар аталатын аса маңызды даталардың бірі. Расында да, егер 1991 жылы 16 желтоқ­санда қабылданған “Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы” Конституциялық заңда біз әлемге жаңа мемлекеттің пайда болғандығы туралы мәлімдеп, дербес дамуға деген өз ерік-жігерімізді білдірсек, 1995 жылғы 30 тамызда өткен бүкілхалықтық референ­дум­ның нәтижелері бойынша қабылдан­ған Негізгі Заңда өз ниетімізді жүзеге асырудың нақты ұйымдық-құқықтық нысандары мен әдістерін жүйелі тұжырымдап бердік. Бұл екі құжат та біз кімбіз, қайдан пайда болдық, өзімізді кім деп сезінеміз, қайда ұмтыламыз және бұл дүниеде не үшін өмір сүреміз деген өте маңызды сұрақтарға байыпты жауаптар береді. * * * Осыдан 15 жыл бұрын қызу өріс алған саяси күрес жағдайында еліміздің Ата Заңын әзірлеу мен қабылдау үдерісі зияткерлік және рухани күштердің тастүйін жұмылуын талап етті. Әрі ол заңды түрде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың төңірегіне топтасқан демокра­тиялық өзгерістерді жақтаушылардың қиын да талассыз жеңісімен аяқталды. Қазір тарихтың сол кезеңінің сипат­тары “КСРО мен социалистік лагерьдің күйреуі”, “тоталитарлық жүйенің тал­қандалуы”, “елді большевизмнен арыл­ту”, “ұлттық өрлеу”, “демократиялық таңдау”, “саяси дамудың өзіндік жолын іздестіру” сияқты, ауқымды түсіндірмені қажет етпейтін кітаби ақиқатқа сыйып кеткендей көрінеді... Бірақ сол аласапы­ран кезеңде осынау драмалық астан-кестеннің бар ауыртпалығы біздің халқы­мыздың иығына түсіп еді. Экономикалық дағдарыс, өндірістің тоқырауы, қылмыстың белең алуы, жұмыссыздық, митингілік демократия, ұлтаралық қатынастардың асқынуы және саяси радикализм жағдаяттарымен бірге, мемлекеттік биліктің әлсіздігі мен теңге­рім­діліктің бұзылуы ең күрделі пробле­малардың бірі болып еді. Бұл көбіне-көп, бір жағынан, билік құрылымдарындағы ескіні көксейтін басым көпшілікке “өзара жол беру жолымен”, уақытша құжат ретінде қабылданған 1993 жылғы Конституцияның шикілігіне байланысты болса, оған қоса – басында “қызыл” Жоғарғы Кеңес тұрған консервативтік күштердің ымырасыздық іс-әрекеттеріне де байланысты еді. Осының бәрі жинала келе, елде жария етілген демократиялық өзгерістер мен нарықтық реформаларды жүзеге асырудың жолына бөгесін болды. Осы арада 1995 жылғы конститу­циялық реформаны қажет еткен жағдайды еске түсіре кеткен артықтық етпейді. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған егемен Қазақстанның тұңғыш Конститу­циясы тәуелсіздікті нығайтуда, жаңа мемлекеттік басқару органдарын құруда, демократияны дамытып, қоғамдық-құқықтық қатынастарды гуманизация-лауда белгілі бір рөл атқарды. Сонымен бірге, көбіне-көп Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясын қайталайтын ол Негізгі Заңға ымырашылдық сипатқа ие еді. Кеңестер вертикалы арқылы бұрынғы жүйенің шешуші тетігін сақтап қала отырып, жаңа Конституция іс жүзінде Қазақстанның жаңадан қол жеткізген мемлекеттігіне біртіндеп барып жарылатын мина қойған болатын. Іс жүзінде елде қосарлы билік қалыптасты, ол іс жүзінде мемлекеттің дамуын тұсап тастады және мұның өзі жедел шешімін табуды қажет ететін. Әлеуметтік-экономикалық ахуалдың одан әрі нашарлай түсуі жағдайында елдегі қосарлы билік заңды түрде парламенттік дағдарысқа ұласты да, бұл Кеңестер жүйесінің ыдырауы мен XІІ шақырылған Жоғарғы Кеңестің өзін өзі таратуына алып келді. 1994 жылғы 7 наурызда сайланған Қа­зақстанның алғашқы кәсіби Парламенті – XІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңестің тағдыры да қайшылықтарға едәуір толы болды. Ол мемлекеттік құрылыстың ең бір күрделі – биліктің бөлінуі принципі аяқталып, өзінің қисынына жете қойма­ған, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі нақты мазмұнмен толықтырылмаған, Парламенттің, Президент пен Үкіметтің статустары аяғына дейін айқындалмаған кезде іске кірісті. Ол бір жылға жетер-жетпес жұмыс істеп, сайлау барысында заңның өрескел бұзылуының орын алуына байланысты, Конституциялық соттың шешімімен заңсыз деп танылды. Осы себеппен XІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңес өзінің өкілеттігін тоқтатты. Осындай жағдайда Мемлекет басшы­сы биліктің бүкіл ауқымын өзіне алуға мәжбүр болды және ең бастысы – бүкіл-халықтық талқылаудың негізінде жаңа Конституцияның жобасын әзірлеуге бастамашылық жасады. Пікірталастар барысында ең маңызды дейтін ескертпе­лер мен ұсыныстар ескерілді. 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референ­дум­ның қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Конс­титуциясы қабылданды, ол елімізді пре­зиденттік басқару нысанындағы мемлекет етіп жариялады. Кейіннен, 1996 жылғы 30 қаңтарда, Парламенттің І-сессиясында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев өткен кезеңге былай­ша сипаттама берді: “Шын мәнін-де, біз кеңестік идеология мен тәжіри­беден дәйекті әрі толық арыла алмаған бүкіл мемлекеттік жүйенің дағдарысын бастан өткердік. Бұл дағдарыс 1995 жылы өзінің шырқау шегіне жетіп, кешеуіл­детуге болмайтын конституциялық шешімді талап етті, себебі, мемлекеттік құрылымдар ендігі жерде ұтымды әрі іркіліссіз жұмыс істей алмайтын еді. Нәтижесінде бүкіл мемлекеттік билік жүйесін, соның ішінде оның заң шығарушы тармағын да конституциялық реформалау туралы шешім қабылданды. Заң шығару билігінде бос кеңістік пайда болған кезде, мемлекеттегі барлық істер үшін жауапкершілікті Президенттің өз мойнына алуына тура келді. Уақыт көрсеткеніндей, бұдан демократияға титтей де нұқсан келген жоқ, кейбіреу­лер­дің айтқанындай, ешкімнің басына диктатураның қою бұлты үйірілген жоқ. Керісінше, еліміз үшін сын болған сол бір уақытта халық, Қазақстандағы мемлекет­тік биліктің қайнар көзі мен соның бірден-бір қожайыны ретінде, референ-думда еліміздің жаңа Конституциясын қабылдап, реформалардың ілгерілеп, қоғамдық-саяси тұрақтылықтың сақталуы үшін өзінің шешуші сөзін айтты. Жаңа Парламент сайлауы біздің демократияға жігерлі ұмтылысымыздың айғағы болды, біреулердің болжамына қарамастан, ол қазақстандықтардың жоғары азаматтық белсенділігін танытты. Осы кезеңде заң күші бар жарлықтар арқылы құқықтық реттеудегі осал тұс­тарды жауып, мемлекеттің дау-жанжал­сыз дамып, қажетті экономикалық, әлеуметтік және саяси өзгерістерді жүзеге асыру үшін қажетті алғышарттарды жасайтын елеулі заңнамалық базаны әзірлеудің сәті түсті. Конституциялық нормаларды мейлінше тезірек “іске қосу үшін” Президент Жарлығымен конститу­циялық заңдардың негізгі бөлігі қабылданды. Осы уақытта мен барлығы заң күші бар 134 жарлық пен біздің халықаралық келісім-шарттарымызды ратификациялау туралы 60-тан астам жарлыққа қол қойдым”. Міне, осындай жағдайда ел Президенті Қазақстандағы мемлекеттік билік жүйесін конституциялық реформалау жөнінде саяси шешім қабылдап, жүзеге асырып еді. * * * Біздің жаңа Конституциямыз бола­тынын басшылардың шағын тобы 1994 жылдың аяғында Нұрсұлтан Әбішұлының өз аузынан естіп, білді: “Мен ғалым-заңгерлерден жұмыс тобын құруды ойға алып отырмын. Оның жемісті жұмыс істеуі үшін барлық қажетті әрі жеткілікті жағдайлар жасалуы керек. Бізге жаңа Конституция керек, егер біз оны қазір әзірлей алмасақ, онда елімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Қиындықтардан қашу, өзгенің жетегіне еру алған бағытымыздан ауытқу дегенді білдіреді, оны бізге тарих та, болашақ ұрпақтар да кешпейді. Таяудағы айларда біз бар күш-жігерімізді жұмылдырып, кәсіби мамандарға сүйене отырып, бұл іске ең кемел, саналы әрі жан-тәнімен берілген адамдарды тартуымыз керек...”. Президент сөзінің мазмұны мен айтылу мәнеріне қарап, бәрі де алда атқарылар жұмыстың өте маңызды әрі кезек күттірмейтін екендігін сезінді. Бұл тек мынаны білдіретін: елді парламент дағдарысы титықтатып тұрған соңғы екі жылда Президент онсыз да уақытпен санаспай, тәулігіне 18-20 сағаттан жұмыс істеп жүргеніне қарамастан, жұмыс режімі бұдан да қызу бола түседі. Сөз орайында айта кетейін, мұндай қауырт жұмыс кестесі кейінірек, мәселен, астананы Ақмолаға көшірудің алғашқы айларында да болды. Күні бойы жұмыс істеген Елбасы түн ортасына қарай мәжілістер өткізіп жүрді. Барлық жұмыстар ауқымы өте құпия жағдай режімінде атқарылғанын айта кеткен жөн. Жобаға тартылған заңгер­лерге өз еріктерімен оқшауланатындығы ескертіліп, құпиялылықты сақтау міндет-телді. Еш нәрсе алаңдатпауы үшін Прези-дент оларды күнделікті міндеттерін ат­қарудан босатып, қаланың шет айма­ғындағы резиденцияға орналастырды. 1995 жылдың көктемінде Алматының көркем түкпірінде Президент елдің жаңа Конституциясын әзірлеуге жұмылдырған біліктілігі жоғары мамандардан тұратын, нағыз “ой фабрикасы” деуге лайықты топ бар ынта-жігерімен іске кірісті. Құжатты әзірлеу жөніндегі комис­сияға басшылық жасау Н.А.Шайкеновке жүктелген болатын. Содан соң Президент сараптамалық-консультативтік кеңес құрып, оның құрамына Ю.Г.Басин, В.А.Ким, К.А.Колпаков, А.К.Котов, Б.Ә.Мұхамеджанов, Е.К.Нұрпейісов, Ғ.С.Сапарғалиев, М.К.Сүлейменов, сондай-ақ шетелдік сарапшылардан С.С.Алексеев, Ж.Аттали, Р.Дюма кірді. Осы есімдерді санамалап көрсетудің өзі-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының ұйымдас­тырушылық дарынының мынадай бір тамаша жағын: мемлекет үшін өмірлік маңызы бар мәселелер жөнінде шешім қабылдарда – ғалым-заңгерлердің, тәжірибесі мол, білікті, нағыз алдыңғы қатарлы қоғамдық ойдың өкілдерінің пікірлерін міндетті түрде ескеретіндігін көрсетті. Жобаға қатысушылар тобы туралы сөз еткенде, оның аталған ресми тізіммен шектеліп қалмағанын да атай кету керек. Сөреге жақындаған сайын оған басқа салалардың мамандары – тарихшылар, саясаттанушылар, этнолог­тар, филологтар, журналистер, тағы басқалар да тартылды. Сондай-ақ жүктелген міндеттердің келелілігі мен сол күндердегі қызу қарқынмен атқарылған жұмыстар бірқатар дарынды, тамаша білім алған, мақсатты әрі отансүйгіштік пейілдегі жастардың танылуына ықпал етті. Осы маңызды құжатпен жұмыс істеу олар үшін мықты моральдық қолдау және тамаша өмір мектебі болды. Бірер жылдан кейін-ақ олардың көбі қызмет бас­палдағымен жедел өсіп, еліміздің алдыңғы қатарлы саяси, ғылыми, мәдени және іскер адамдарының тобына барып қосылып, сіңісіп кетті. Сол бастаманың табысты болуының тағы бір себебі жобаны әзірлеушілер ұжымында жақсы моральдық-психо­логиялық ахуалдың қалыптасуында дер едік. Олардың әрқайсысының өткенінде жылдар бойы қалыптасқан өз жұмыс стилі мен қолтаңбалары, өз көзқарастары мен ұстанымдары және, ең ақырында, бедел иелері мен басшылыққа деген өзіндік пікірлері бар-тұғын. Бұған шығарма­шылық иелеріне тән, көбіне сәл нәрсені көңілдеріне алып қалатын кірпияздықты қосыңыз. Сонда сіз ұйымшыл әрі жинақы команда болуы үшін Нұрсұлтан Әбіш­ұлының оларға дарытқан моральдық-этикалық қасиеттердің толық жиынтығын сезгендей боласыз. Дегенмен, әйгілі ғалымдардың осын-дай жаңа әрі ауқымды ғылыми міндетті ұжым болып шешудегі қызметі идеялық тұғырнамалар күресінсіз, пікірлер қай-шылығынсыз “майдан қыл суырғандай” қалыпта жүріп жатты десек, мұнымыз таңданарлықтай болар еді. Бірақ, осы кісілердің абыройына орай, олар ерекше бір проблемалық мәселелер бойынша Президенттің білімі мен тәжірибесіне иек арта отырып, ортақ нәтижеге жұмыс істей білді. Ал Елбасымыздың о бастағы мақсаты бойынша, Қазақстан Консти­туциясы қабылданған және бейімделген қалпында шет мемлекеттердің конститу­циялық құқығында бар барлық озық, ұтымды әрі келешегі зор қағидаттарды бойына сіңіріп, сонымен бірге, өзіндік ерекшелікке де ие болуы тиіс еді. Қазақстанның заңнамалық бағдар­ламасын әзірлеу алдында әлемнің ондаған елдерінің конституциялары оқылып, талданды. Менің білуімше, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі 20-дан астам елдің конституцияларын мұқият талдап, ең ұтымды-ау деген ережелерін конс­пектілеп, оларды Негізгі Заңмен жұмыс істеудегі қызметінде шығармашылықпен пайдаланды. Соның өзінде де мәселені жабылды деп қарауға ерте еді. Консти­туцияны бүкілхалықтық талқылау мен ол жөніндегі плебисцит әлі алда болатын. Ал олар құжаттың мазмұнына да, құры-лымына да елеулі өзгерістер енгізуді талап етуі мүмкін еді, солай болып шықты да. Президент өзінің онсыз да тығыз жұмыс кестесінен уақыт жырымдап, жобаны әзірлеушілермен мейлінше жиі кездесіп тұруға тырысты. Бәлкім, анау-мынау саяси іс-әрекеттері мен шешім­дерінің өзіне мәлім алғашқы себептерін, уәждері мен жағдаяттарын, жоспарлары мен бағдарламаларын ашып айтып жатпаса да, ол топ мүшелерін жігерлі түрде асықтырып қана қоймай, демеп те тұрды... Әрбір бапқа, параграфқа, сөз тіркесі мен сөзге сыни тұрғыдан жан-жақты талдау жасалатын. Осы пікірталастар барысында Нұрсұлтан Әбішұлы айтыс-тартыстың нағыз қызған кезінде “Сен­беймін! Мұның осындай екенін маған дәлелдеп беріңдер!” – деп қызу­лана үн қата отырып, Стани­слав­скийдің жүйесіне сүйен­ген­дей күй кешуші еді. Содан кейін өзіне тән тезистік жылдам жазуы арқылы өз оппонент­те­рінің уәждерін блок­но­тына түртіп алып отыра­тын. Кейде пікірталас тұй­ық­қа тірелгендей бо-лып та көрінетін. Он­дайда, Нұрсұлтан Әбіш-ұлы осындай кезде айты­ла­тын: “қайтеміз енді, шеберліктің шегі жоқ қой” дегендей, бәріне “қайырлы түн” ті-лей отырып, ал өзі ұйқысыз түнді өткізіп, таңертең даулы баптың өзгертілген жаңа редакциясын алып келу үшін соңғы талқы­лау­дың стенограмма­сын ұмытпай өзімен бірге ала кетіп, үйіне қайтатын.. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тұңғыш Президентінің мұражайында Нұрсұлтан Әбішұлының жұмыс жазбаларымен толған оннан астам блок­ноттар мен түрлі көлем­дегі жекелеген парақтар мұрағаттық сақтауда еке­нін де айта кетейін. Олар, сөз жоқ, еліміздің Негізгі Заңын әзірлеу кезіндегі Елбасымыздың ыжда­ғат­ты да қызу жұмысы­ның куәсі болып табы­ла­ды. Сол мате­риалдардың қайсы­бір үзінділері оқу­шылар назарына ұсыны­лып отыр. * * * Заңдардың қатаң, стандартты әрі мейлінше қасаңдан-дандырылған, сондық­тан да “жалаң, жансыз әрі сүреңсіз” тіліне байланысты заңдық жанрдың нормалары мен міндеттеулері әлдебір эстетикалық әсемдік пен айрықша сөз жаңғыртуларын жасайтын алаңқай емес деген түсінік қалыптасқан. Бірақ зор ықыласпен және ынта-жігермен жұмыс істеген жағдайда іскерлік прозасының өзі де икемге илігетін болып шықты. Конституция жобасымен жұмыстың бас кезінде-ақ Президент оны әзір­леушілердің алдына Негізгі Заңды өзінің қандай күйде көргісі келетіндігі жөніндегі талаптарын нақты қойды: “Бізге әлдекімнің конституциясын көшіріп алудың қажеті жоқ. Біздің Негізгі Заңымыздың қазақы сипаты болуы тиіс, ол қазақтың көне дәс­түрлері мен өзіміз ұмтылып отырған келешекті қазақы көзбен көруді қамтуы керек”. Осылайша, жұмыс тобы болашақ мәтін шетелдік сыңарласының асығыс көшірмесіне да ұқсамайтын, тарихи-этнографиялық архаи­каның шаң-тозаңына кө­міліп те қалмаған “алтын арқауды” табуы тиіс еді. Процедуралық канондар мен дәстүрлерге схо­ластикалық қатып қа­лушылық шы­ғар­ма­шылық процеске тұсау болмауы үшін Пре­зидент оларды көрсоқыр дог­матизмнен де сақ­тан­дырды. Сол себепті, жобаны әзірлеушілер мәселенің тек жалаң заңдылық жағына ғана емес, Конс­титуция мәтінімен жұ­мыстың лексикалық-грамматикалық астарла­рына да, соның ішінде, қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалардың сөз­дік жағынан да, мәндік жағынан да мейлінше қатаң тең түпнұсқа болуына көңіл бөлді. Мәселен, қолына қазақтың тарихы жөнінде кітап ұстап көрмеген адам Нұрсұлтан Әбіш­ұлының Конститу­ция­ның: “Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақ­стан халқы, байырғы қазақ жерінде мемле­кеттілік құра отырып...” деп басталатын преам­буласындағы “байырғы қазақ жерінде” (“на искон­ной казахской земле”) деген тіркесіндегі байырғы деген көне мәдени сөзді қолдану арқылы оған құқықтық мәртебе бергеніне мән беріп те жатпауы мүмкін. Бұл орыс тілінде “ис­конной, коренной, прирожденный, пер­вородный, изначальный” деген мағына­ларға ие. Конституцияның бастапқы но­байларында бұл позиция ежелгі “древ­ний, давний, старый; сушествующий испокон веков; доисторический” және көне “древний, старинный, ветхий; устаревший, поношенный, подержанный (о вещах)” деген сөздерге негізделген болатын. Бірақ, бұл анықтамалардың дәлсіздігін, жетімсіздігін және толық еместігін өткір сезінген Президент ең дұрыс нұсқа ретінде осы байырғы сөзіне тұрып алды. Қазақтар үшін бұл қастерлі сөздің мағынасы онымен этимологиялық тұрғыдан мәндес байыр “прочный, устойчивый, надежный, добротный”, байрақ “знамя, флаг, штандарт” сөздерімен де төркіндес болып тұрады, т.с.с. Ал байырғы сөзінің терең тарихи төркіні мен философиялық-идеология­лық мазмұнына келер болсақ, оған жауапты көне түркілердің Орхон-Енисей жазба ескерткіштері береді. Сол дәуірде бұл сөз иер байырқы – “родное место от начала времен; исконная земля; священ­ная Отчизна; обетованная, завещанная, заповедная обитель; ойкумена; место, где впервые был поднят собственный флаг” түрінде жиі ұшырасады. 2-баптың 1-тармағындағы “Респуб­лика Казахстан является унитарным государством с президентской формой правления” деген сөйлемдегі унитарлық деген сөзді мемлекеттік тілге аудару да көп талас тудырды. Біреулер басты қатырмай, қарапайым жолмен унитарлы анықтамасын көшіріп ала қоюға шақырды, өзгелер өзіміздің лексикалық-грамматикалық формаларын тілге тиек етіп, бөлінбейтін, біркелкі, бірлікті, дара, дербес, т. б. сөздерді алуды ұсынды. Президент екі жақты да тыңдап болып: “Егер латынның unіtas “единство” сөзі “объединенный, единый, составляющий одно целое, и стремящийся к единству” дегенді білдірсе, онда қазақша бұл біртұтас – единый, неделимый дегенді аңғартады. Меніңше, бұл мейлінше айқын, тұжырымды әрі қолайы”, – дегенді айтты. Сәтті лексикалық таңдаулардың бірі Конституцияның 1-бабының 1 тармағын­дағы “светское (государство)” түсінігінің баламасын табу болды. Бұл мәселенің қиындығы мынада еді. 1994 жылға дейін біздің лексикографиялық әдебиеттер орыстың светский деген сөзін зиялы деп аударуды ұсынып келді. Сөздіктердің бірі, мәселен, мұны былай деп түсіндірді: “1. зиялы; светское общество – зиялы қауым; (ауыс. ақсүйектер); светская среда – ақсүйектер ортасы (қауымы)”. Бұл Конституция мәтінінде дәл болып шықпайтын әрі тіпті күлкілі де еді. Осы мағыналық қарама-қайшылықты жою қажет болды. Сол кезде көне зайыр сөзінен зайырлы деген жаңа термин шы­ға­рылды. Біздің тілімізге орта ғасырларда енген арабтың зайыр сөзі (нұсқасы: заһир) “1. ясный, открытый, отчетливый; 2. чело­веч­ный, гуманный, цивилизованный; 3. гражданственный, гражданский” дегенді білдіреді. Зайырлы деген сөздің сондай-ақ “добропорядочный, благо­детельный, милосердный, сочувствую­щий, сознательный, дальновидный” деген қосымша мағыналары да бар. Ол осы мағынасында қазақтың фольклорлық және кітаби-әдеби дәстүрінде жақсы белгілі. Мағынасын әдейі арттырып, мәнін мақсатты түрде анықтаудың нәтижесінде зайырлы лексемасы латынның seacularіs “светский” сөзінің дәл баламасы болып шыға келді. Әрі ол аталған ұғымның “діни, клерикалдық және теократиялық” мәндеріне қарсы “бейбіт, азаматтық” сипатын ашып тұрды. Бұл сөздің өмірде жолы болды, жұртшылық оны тез қабылдап, тілімізге сіңісіп кетті. Толық мағыналы термин мәртебесіне ие болған соң, ресми, ғылыми әдебиеттер мен оқулықтарда жиі қолданылатын болды. Осы аталған эпизодтарда Нұрсұлтан Әбішұлының ана тілімізге деген айрықша құрметі мен аялы қамқорлығы, оның сарқылмас коммуникативтік, гнесеоло­гия­лық және мәдени күш-қуатына деген сенімі айқын көрінді. Конституцияның арқасында жаңарып, қайта ой елегінен өткізілген және терминдік тұрғыдан кодификацияланған жекелеген сөздер мен сөз тіркестерінен басқа, Негізгі Заң “стильдердің үйлесімді өзгеруінің” көптеген үлгілерін өмірге әкелді. Соның нәтижесінде “хаттамалық формулалар” ойламаған жерден өзінің көркем және мағыналы афоризмдік қырымен жарқырай түсті. “Біз, Қазақстан халқы...” деп келетін тіркес әлдеқашан-ақ саяси сөз саптауларға, публицистикалық тақы­рыптар мен тартымды символикалық дәйектемелерге азық болды. Ал “Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең”, “Әркім­нің өмір сүруге құқығы бар”, “Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды”, “Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс”, т.с.с. жекелеген сөйлемдер мен сөз тіркестері жүздеген жылдар бойы ширатылып келе жатқан дайын мақал-мәтелдердей әсер етеді. Конституцияны әзірлеу тарихының тек бір ғана тілдік жағының өзі бізге ойлану үшін осыншама азық береді. * * * Нұрсұлтан Әбішұлының өз Әкімші­лігіне нобайы өз қолымен жазылып әзір­ленген жобасын беріп, соның негізінде “1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум өткізу туралы” Жарлық дайындауды тапсырған 1995 жылдың 28 шілдесі бәріміздің жақсы есімізде. Онда былай деп қаулы етілді: “1. 1995 жылы 30 тамызда республи­калық референдум өткізілсін. 2. Республикалық референдумға жаңа Конституцияның жобасы енгізілсін, онда: “Сіз 1995 жылғы 1 тамызда жарияланған Қазақстан Республикасы Конституция­сының жаңа жобасын қабылдайсыз ба?” деген сұрақ тұжырымдалсын. 3. 1995 жылы 1 тамызда бұқаралық ақпарат құралдарында бүкілхалықтық талқылауды ескере отырып, толықтырыл­ған және өзгертілген Конституцияның жобасы жариялансын. Конституцияның жобасы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына бір мезгілде жіберілсін”. Сол күні Президент Н.Ә.Назарбаев­тың төрағалығымен сараптамалық-консультативтік кеңестің қорытынды отырысы өтті. Ал жоба жарияланғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы отандық және шетел журналистеріне арнап баспасөз конференциясын өткізіп, онда қазақстан­дықтардың басым көпшілігі еліміздің Негізгі Заңына енгізілген идеялар мен принциптерді негізінен мақұлдағанын хабарлады. Жобаның идеологиясы мен негізгі мазмұны қолдау тапты, бірақ оның барлық бөліктері белгілі бір өзгерістерге ұшырады. Атап айтқанда, жобаның 98 бабының 55-не өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа Конституцияның жобасы БАҚ-та жарияланған сәттен бастап 4 - 28 шіл­де аралығында өткен қоғамдық талқы­лауға 3,5 миллионға тарта отандаста­рымыз қатысып, олар 32 мыңға жуық ұсы­ныстар мен ескертпелер берді. Жаңа­дан түсіп жатқан барлық корреспон­денциялар бойынша күн сайын мәлімет­тер құрасты­рылып, оларға жедел тиісті сараптамалар жасалды. Президент Әкімшілігінің қызметкер­лері үшін ол өте бір қызу да қауырт күндер болды. Себебі, барлық жұмыс тікелей біздің иығымызға түсті. Әрине, соның бәрін өзіміздің негізгі қызметтік міндеттерімізді атқара жүріп орындадық. Сол кезде кездескен қиындықтарды сезіну үшін ұйымдастырушылық-техни­калық сипаттағы мынадай бір ғана шағын мысал келтірейін. Қазір дербес ком-пьютермен және принтермен ешкімді де таңқалдыра алмайсың. Олар, сірә, екінің бірінде бар шығар. Бірақ ол кезде жазу машинкасының дәуірі әлі аяқтала қоймаған болатын. Алғашқы қарабайыр компьютерлер өмірімізге енді ғана ене бастап еді. Сондықтан тек қана арнайы машбюроның жедел әрі сапалы жұмысын жолға қоюдың өзі едәуір көңіл бөлуді және бақылауды қажет етті. Ақырында, бір ай өткеннен кейін, 30 тамыздың сәрсенбісінде Қазақстанда жаңа Конституция бойынша референдум болып өтті. Келесі тәуліктерде алғашқы қорытындылары белгілі бола бастады. Сол бойынша, референдумға сайлаушы­лардың 90,51% қатысты. Қатысушы­лардың 89,1% Негізгі Заңды жақтап дауыс берді. Президент үлкен баспасөз конфе­ренциясын шақырды. Онда ол ең алдымен барлық қазақстандықтарды осы тарихи оқиғамен құттықтады: “Еліміздің жаңа Конституциясының жобасын қолдап дауыс бере отырып, біздің азаматтарымыз бүкіл еліміз, әрбір азамат үшін маңызды таңдау жасады. Негізгі Заңда мемлекеттің принциптері ғана жарияланып қойған жоқ, сонымен бірге әрбір адамның, біздің азаматтардың тікелей өмірімен бай­ланысты шешімдер де қабылданды. Бұлар олардың бостан­дықтарына, құқықтарына, қоғам алдын­дағы міндеттеріне байла­нысты мәселелер еді. Бәлкім, Қазақстан тарихында бірінші рет халық өз болашағын өз қолында ұстады және сол үшін дауыс берді. Бұл – халықтың Конституциясы”. Президент шешімін кешеуілдетуге болмайтын іс-шаралар: Конституцияның күшіне енуіне байланысты өте таяу уақытта сайлау туралы, Парламент пен оның депутаттарының ста­тусы туралы жаңа заң­намалық актілер қабылдау қажеттігі туралы да еске салып өтті. Сол баспасөз конфе­ренциясында журналистер Президентке көп сауалдар қойды, олардың кейбіреулері едәуір “шымшымалы” сұ­рақтар болды. Алайда, бүкілхалықтық жеңістің сезімімен қанаттанған Нұр-сұлтан Әбішұлының көңіл күйі өте көтеріңкі еді. Сондықтан ол барлық шабуылдарға еңсесін биік ұстап, еркін әрі қуақылана жауап берді. Дегенмен, мұның өзі ұзап кеткен ке­руеннің соңынан әлсіз ес­тіліп жататын дауыстар еді... Мемлекет басшысының Әкімшілігінде жұмыс бұ­рынғыдан да қыза түсті. Президенттің тапсырмасы бойынша “Қазақстан Рес­публикасының Конститу­циясы туралы” Жарлық әзірленіп, оның мәтінінің Елбасымыздың қолы қойы­латын түпнұсқалары ба-сылды. 1993 жылы 28 қаң-тарда қабылданған Консти­туцияның алғашқы түп-нұсқасын сақтау үшін Ор­талық Мемлекеттік архивке тапсыру рәсімі 6 қыркүйекке белгіленді. 5 қыркүйекте референдумды өткізу жөніндегі Орталық комиссия санақ есебінің нәтижелері бойын­ша БАҚ-та ресми хабарлама жариялады. Сол бойынша, “Барлық 10253 учаскеде дауыс берілді. Референдумға қаты­су үшін тізімге ен­гізілген республика аза-маттарының жалпы саны 8 933 516 адам­ды құрады. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 8 091 715, немесе 90,58%. “Иә” деп дауыс бергендер саны – 7 212 773, немесе 89,14%. “Жоқ” деп дауыс берген азаматтардың саны – 800 839, немесе 9,91%. Жарамсыз деп табыл­ған бюллетеньдер 78 103. Дауыс берудің қорытын­дылары бойынша Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы қабылданған болып са-налады”. 6 қыркүйекте Қазақстан­ның жаңа Конституциясын салтанатты түрде ресми та­ныстыру рәсімі болып өтті. Соны аша отырып Нұрсұл­тан Назарбаев былай деп мәлімдеді: “Біздің Консти­туциямыз көптеген демокра­тиялық мемлекеттер конс­титуцияларының үлгілері бойынша, декларативтік емес, өзінің барлық құ­рылымы мен техникалық-заңдылық негізі, қатаң мемлекеттанушылық, саяси және құқықтық категория­лар жүйесі арқылы қазіргі заманғы мемлекет пен әлеуметтік бағдарлы на­рықтық эконо­миканы қа­лыптастырып және дамыту үшін сенімді алғышарттар жасайды”. 8 қыркүйекте жаңа Кон­ституция БАҚ-та жария­ланды. Қазіргі қолданыстағы Негізгі Заңды Елбасымыздың төл перзенті деп атауы­мызға әбден болады. Тым тәуір теңеулер мен салыстыруларды өмірдің өзі жиі ұсынып жатады ғой! Алғашқы сұлбасы әзірленгеннен бастап, мәтіннің референ­думда қабылданған соңғы редакциясы ресми түрде газет беттерінде жариялан­ғанға дейінгі Конституция жобасын әзірлеудің белсенді кезеңі тұп-тура тоғыз ай, тоғыз күнге созылыпты. 1995 жылғы Конституция Қазақстан тәуелсіздігі қалыптасуының бастапқы кезеңінің аяқталғанын білдіріп, өмірдің барлық салаларындағы жүйелі реформа­ларға серпін беріп, шын мәнінде біздің мемлекетіміздің дамуының жаңа парағын ашты. Алғашқы кезекте мемлекеттік биліктің құрылымы ауқымды өзгерістерге ұшырады. Конституция республикада мемлекеттік биліктің біртұтас екендігі және оның өзара “тежемелілік пен теңгерімділік жүйесін” қолданып әрекет ететін заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтары принципіне сәйкес жүзеге асырылатыны туралы идеяны бекітті. Конституция биліктің әр тармағының қызметінің конституциялық шекара-жігін айқындады. Президенттік институт билік тармақтары құрылы­мындағы төрешінің қызметін өзіне алып, принциптік тұрғыда жаңа статусқа ие болды. Мұндай ереже биліктің барлық үш тармағына ықпалды тетіктердің әсер етуі есебінен қамтамасыз етілді. Бұған ең алдымен Парламентті тарату құқығы және Үкіметтің Президент алдындағы жауапкершілігі жатады. Сот жүйесіне реформа жүргізілді, Конституциялық Кеңес құрылды. Бұрынғы кеңестік өкілдік органдар жүйесінің орнына келген қос палаталы Парламент жұмыс істей бастады. Кейінірек, тәуелсіздіктің алғашқы бес жылын қорытындылай келе, Нұрсұлтан Назарбаев бұл кезең өзіне жай кездегі көп жылдардың оқиғаларын сығымдап сыйдырып жібергендігін айтып өтті: “Біріншіден. Біз жаңа мемлекеттіктің негізін жасадық. Бұдан жүздеген жылдар бұрын үзілген эволюциялық процесс қалыпты арнасына қайтып оралды. Ал бүгінгі таңда қалыптасып жатқан нәрселерді ауқымы жөнінен ұлттың өткен жолының бірде-бір кезеңімен салыс­тыруға болмайды. Екіншіден. Біздің нарықтық эконо­мика құруға қарай шешуші ұмтылыс жасауымыздың сәті түсті. Кәнеки, ауыл-аймақтық баға беруден іргені аулақ сала тұрып, шындықтың көзіне тура қарайық­шы. Әлемнің нарықтық реформациялар шапшаң әрі дәйекті жүргізілген аймақтарында бүгінгі таңда тұрмыс деңгейі күрт көтерілді; ал табансыздық пен жартыкеш әрекеттер бой көрсеткен жерде бұл қадам тұйыққа апарып тіреді. Біз бес жыл ішінде ілгері ұмтылуымызға қажетті институттарды құрдық. Үшіншіден. Бүгінгі таңда нашар түсінілетін, бірақ құқықтық жүйеде ұзақ мерзімді нәтижелері болатын бетбұрыс жасалды. Біз ілгері қарай алыс кеттік және күні кешегі тоталитаризмнің сүргінге толы құқықтарынан мәңгіге құтылдық деп үміттенемін. Және біз жеке-дара партияның өктемдігін талқандадық. Ол сөздің мәнінде қалыпты партия бола да алмады, керісінше, өктемшіл мемлекеттік аппаратқа айналды. Егер қысқа ғана айтсақ, еркін қоғамның құқықтық негізі жасалды. Төртіншіден. Біз өз жас мемлекетіміз қалыптасуының мейлінше күрделі учаскесін қан төгусіз өттік. Көп ұлтты және көп дінді елге бұрынғы мемлекет пен қоғамдық құрылыстың дереу ыдырауы жағдайында мұның қанша­лықты күшке түскенін келесі ғасырдың тарихшылары айтатын болады. Бірақ бұл – біздің даусыз жетістігіміз, онда халықтың кемеңгерлігі де, басшылықтың саяси ерік-жігері де бейнесін тапты. Бесіншіден. Қазақтың мемлекеттік бірлестіктері ежелгі Қытай, Араб және Еуропа дерек көздерінде еске алынға­нымен, Қазақстан ешқашан да осындай дүние жүзі таныған мемлекет ретінде болған емес. Бұл соңғы бес жылдың жетістігі. Кәнеки, Қазақстанның ыдырап кеткен империяның шет аймақтағы бұрышынан дүниежүзілік қауымдастық құрметтейтін және ядролық қарусыздану сияқты ғаламдық процесте орасан рөл атқарған тәуелсіз мемлекетке дейінгі ауқымы жағынан ғаламат қашық жолды жүріп өткенін есте сақтайық. Егер әлем бізді топтасқан, демократиялық, бір пікірлестердің экономикалық қуатты қоғамы деп көретін болса, дүниежүзілік қоғамдастық Қазақстанды осы ретте тани беретінін түсіну маңызды. ...Біздің буын ту сыртынан тарих тынысын сезіп тұр десек, бұл қыздыр­малы қызыл сөз емес. Миллиондаған ата-бабаларымыздың алдындағы, даланың ұлы билеушілері мен батырларының алдындағы, осы жүзжылдықтың алғашқы отыз жылының керемет дарынды мемлекет қайраткерлерінің алдындағы, бәрінен бұрын талай жылдардан кейін тәуелсіз мемлекеттер сапында өз орнын қайта тапқан халықтың алдындағы ерекше жауапкершілік жүгі бізге осылай айтқызып отыр. Мұндай тағдыр жер бетіндегі халықтардың бәрінің маңдайына жазыла бермейді, қысқа ғана уақыт аралығында осыншама күрделі міндеттерді шешу де кез келген халықтың қолынан келмейді. Өзіміздің қуатты мемлекеттігімізді құра отырып, тиімді экономиканы қалыптас­тыра отырып, ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтап қалу – ХХІ ғасырдың табалдырығындағы біздің міндетімізді осылайша тұжырып айтуға болар еді. Әр түрлі ғасырлар мен әрқилы дәуірлерде тарих біздің халқымыздың алдына өте қатаң, кейде тіпті қатал міндеттер қойып отырған. Мемлекет­тігімізден айырылғанда да біздің халық ретінде сағымыз сынған жоқ. Ғасырлар тоғысында тұрған осы сәтте де біз жағдайды боямалаудан аулақпыз. Алайда ұлттық тарихымыздың қандай бел-белесінде де біз өзіміздің мемлекетті­гімізді сан ғасырлар бойы тапжылмай тұ­ратындай етіп құруға дәл осындай мүм­кіндік алып көрген емеспіз. Тағдырдың осы сирек сыйын пайдаланып қалу – біздің ұрпақтың маңдайына жазылыпты”. * * * Казіргі замандастарымыз үшін ай­наламызда болып жатқан тарихи оқиға­лардың ауқымы мен маңызын толық пайымдау кейде қиынға соғады. Бұл болашақ ұрпақтардың еншісіндегі іс. Сонымен бірге, адам зердесінің табиғаты ең айшықты және ең маңызды деген оқиғаларды бірер ғана сөзбен жадында сақтап қалуға бейіл. Кім білсін, ғасырлар мен мыңжылдықтар тоғысында тәуелсіз мемлекетімізді өркендету кезеңіне де халқымыз “Нұрсұлтанның нұрлы жолы” деген айдар тағар, бәлкім. Ал әзірге тәуелсіздігіміз нығая берсін, бұл жол ұзақ та бақытты әрі мазмұнды бола түссін делік. Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы.