• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2010

Ажал аждаһасы ауыздықталған күн

1454 рет
көрсетілді

29 тамыз — Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні

Қазақстан Республикасының ұсынысы Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан қолдау тауып, 29 тамыз — Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде тұңғыш рет бүкіләлем бойынша атап өтілмек. Ал бұл күн — Семей атом полигонында 1949 жылы алғашқы жарылыс жасалған және 1991 жылы Елбасы Жарлығымен Семей полигоны жабылған күн. * * * Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Орталық Азия аймағы аясында Қа­зақстан ядро­лық қауіпсіздікті ны­ғайту, ядролық ма­териал­дардың та­ралуына жол бер­­­меу және ядро­лық лаң­кестікпен күрес жө­нінде өңір­лік іс-қи­мыл жоспарын әзір­леуге баста­машы бол­ды. Осы тә­жіри­бені әлемнің басқа өңірлеріне де тарату орынды болар еді.

(Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте сөйлеген сөзінен).

* * *

АТОМ ИГІЛІККЕ ҚЫЗМЕТ ЕТСІН

Бүгінде әлемнің алдыңғы қатар­лы мемлекеттері біздің еліміздің ядролық қаруды ауыздықтау жө­ніндегі тәжірибесіне таңдана оты­рып, оны зерттеп білуге ұмтылуда десек, еш артық айтқандық болмас. Иә, әлемдік қауымдастық еш­қан­дай шарт қоймай-ақ, дүние жүзі бо­­йынша бірінші болып атом қаруы­­­нан өз ерік­терімен бас тарт­қан біздің еліміз бен Елбасымызға тәнті болып отырғаны да еш қоспа­сыз шындық. Осы орайда халық­ара­лық “Невада – Се­мей” қоз­ға­лы­сының президенті Ол­жас Сүлей­менов айтқандай, елі­міздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.На­зар­баев бұрынғы Кеңестер Одағы әскери-өндіріс ке­шенінің қатты қарсы­лығына қара­мастан, азаматтық ерлік және саяси кемеңгерлік үлгісін таныта отырып, өзінің тарихи шеші­мімен Семей ядролық сынақ поли­гонының үнін өшірді. Солайша ең алдымен мұн­дағы сы­нақ­тарға тыйым салып, по­ли­­гонды жабуға қол жет­кіз­ген Ел­ба­сымыз мұнымен де шек­тел­мей, қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бір­жола бас тарту жөнінде батыл қадам жасап, тиянақты шешімге келді. Соның бәрінде бүкіл Қазақстан халқы секілді халықаралық “Невада – Семей” қозғалысының екі мил­лионнан астам мүшелері де елі­міздің Тұңғыш Президенті сапы­нан табыла білді. Сондықтан да болар, өткен жыл­дың 18 маусымында Се­мей­дегі Ер­тіс айрығындағы атом құрбандық­тарына арналған “Ажал­дан да күшті” монументі жанында өткен сан мыңдаған адам қатысқан митингіде Елбасымыз қозғалыс серкесі Олжас Сүлейменовтің аты­на жылы лебіз біл­дірді. Алғаш атом бомбасы жа­рыл­ған 29 тамызды Ядролық сынақ­тарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні деп жариялау туралы идея осы арада Елбасы аузынан айтылды. Іле бұл идея Біріккен Ұлттар Ұйымы сынды мәр­тебелі ұйым тарапынан зор қолдау тапты. Сөйтіп, бұл күн ендігі жерде үміт пен қуаныш күніне де айнала түсіп келеді. Иә, бүгінде атом қазақ жерінде адам­зат игілігіне жұмыс істей бас­тады. Семей атом полигоны жа­был­ған соң арада бір жыл өтпей жатып Президент Жарлығымен кешегі по­лигон астанасы Курчатов қала­сында Ұлттық ядролық орта­лық құрылды. Бұл орталықты қа­зір­де ғылыми және іскерлік әлемін­дегілер жақсы біледі. Қазіргі таңда Курчатов жа­сарып, жаңғыра түсуде. Мұндағы үйлер қал­пына келтіріліп, жаңадан жұмыс орын­­дары көптеп ашылуда. Соның бәрі ел егемендігінің, Елба­сының қа­жыр-қайратының арқасы деп білеміз. Сұлтан КАРТОЕВ, халықаралық “Невада – Семей” қозғалысының вице-президенті. Семей. * * *

ЖАН ЖАРАСЫ ЖАЗЫЛАР ЕМЕС

Семей ядролық полигоны бұ­рынғы КСРО жеріндегі ең ірі ядролық полигон еді. Ол Қазақстан Республикасының бұрынғы Семей облысының, Павлодар, Қарағанды об­лыстарының шекарасында, Се­мей қаласынан 130 шақырым қа­шық­тықта, Ертіс өзенінің сол жаға­лауында орналасқан болатын. Поли­гоннан жалпы барлығы 304 000 шар­шы шақырым аумақ зардап шекті. 1989 жылы Олжас Сүлей­менов­тің бастамасымен Невада-Семей қозғалысы құрылып, осы қозғалыс әлем бойынша ядролық сынақ­тар­дың құрбандарын біріктірді. Соны­мен, 1989 жылдан бастап ядролық сынақтар өткізілмейді. Қазақстан Республикасы Прези­дентінің №409 Жарлығы бойынша ядролық поли­гон жабылды. 1992 жылы Қазақстан, тәуелсіз мемлекет ретінде Лиссабон хаттамасына ядролық қаруды таратпау бойынша қол қойды. 1993 жылы ТМД ел­дері­нің ең біріншісі болып Қазақ­стан ядролық қаруды таратпау туралы құжатқа қол қойды. Биылғы жылы Семей ядролық полигонының жабылғанына 19 жыл толды. Бұл Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясаты мен берік ұстанымының арқасында келген тыныштықтың мерзімі. Бүгінгі таңда Бесқарағай ауданы бойынша Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер үшін медициналық және әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Осы орайда “Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу жөніндегі кейбір мәселелер туралы” Қазақстан Республикасы Үкі­­метінің 2006 жылғы 20 ақпан­дағы №110 қаулысын жүзеге асыру негізінде 2006 жылдан бастап 1054 адам ниет білдірді, 18630,1 мың тең­ге сомада әлеуметтік көмек жүр­гізілді. 2010 жылдың 1 тамы­зына коммуналдық қызметтер үшін мү­ге­дектігі Семей ядролық поли­гонымен байланысты 287 азаматқа 574 000 теңге төленді. Мемлекеттік және азаматтық қызметкерлерге экологиялық 12 күндік демалыс беріліп, үстемақы төленеді. Полигоннан зардап шеккен­дерге медициналық көмек көрсету үшін ауданда жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларын, сүт безі қа­терлі ісігін, жатыр мойнының қа­тер­лі ісігін ерте анықтау мақ­са­тында алдын алу тексерулері және 18 жасқа дейінгі­лерді тексеру жүр­гізіледі. 2010 жыл­дың 7 айында 5632 бала және 1906 ересек адам жүрек-қантамыр жүйесі ауруларын, 412 адам сүт безі қатерлі ісігін, 512 адам жатыр мойнының қатер­лі ісігін анықтау үшін тек­серілді. Емдеуге жатқызу бюросы арқылы республикалық емханаларда 4 науқас емделіп шықты. Ауданның орталық ауруханасында 1124 науқас емделіп шықты. Зардап шеккен­дерге тәжірибелік көмек көрсету үшін 2010 жылдың 9-13 тамыз ара­лы­ғында Семей қаласының радиа­циялық медицина маман­дары­­ның бригадасы қомақты жұмыс істеді. Төлеужан ЖЕКСЕНБАЕВ, Бесқарағай ауданының әкімі. Шығыс Қазақстан облысы. * * *

ӘЛЕМ АСТАНАҒА КӨЗ ТІГЕДІ

Өткен ғасырдағы алапат зұл­мат – қазақ даласының ядролық сынақ алаңына айналуы еді. Бұл енді біз де, біздің ұрпақтарымыз да ешқа­шан ұмыта алмайтын қасірет. Сонау 1949 жылдың 29 тамызында таңғы сағат 6.30-да Семей полигонында жер­гілікті халыққа ескертілместен, жер үс­тінде қуаттылығы 30 килотонна бола­тын атом жарылысы орын алды. 1951 жылдың 18 қазанында уран бомбасы, 1953 жылдың 12 тамы­зында сутегі бомбасы және сыналды. Тек 1961-62 жылдардың өзін­де әуеде және жер үстінде 50 ядролық бомба сынал­са, 1963 жылдан 1989 жылға дейін жер астында барлығы 343 ядролық жары­лыс жасалды. Бұл тек сан ғана емес, оның ар жағында Семей өңірін­дегі, Шы­ғыс Қазақстан, Қараған­ды, Павло­дар облыстары тұрғындары­ның жыл­дар бойы шеккен қасірет-қайғы­сы, алапат сынақтардың зардабы, азамат­тар­дың тағдыры тұр. Полигон орна­ласқан Абыралы ауданы тараты­лып, жұрт атамекенін тастап, күшпен көші­рілді. Қаншама адам сәулелену, қатер­лі ісік, қан қысымы, іштен кем­тар болып туу, көз, психикалық ауру­лары­на шалдықты. Қаншама ауыр болса да қайсар халқымыз сол қиындықтардың бәріне жан-тәнімен қарсы тұрды, ақыры адамзат тарихындағы алапат зұлматты да жеңіп шықты. Бұл, әрине, еліміз­дің Тәуелсіздік алған­ды­ғының арқасы. 1991 жылы, дәл 29 тамызда Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы Назарбаев Семей ядро­лық полигонын жабу туралы Жар­лыққа қол қойды. Келер жылы ол тарихи күнге де 20 жыл толады. Мен сол сынақ аймағына жа­қын Абыралы, Абай өңірінде туып-өстім. Бала кезімізде мектепте жүр­генде, “занятие болады” дегенді еститінбіз. Мұғалімдеріміз сабақты дереу тоқта­тып, барлық оқушы­ларды мектеп сыртына шығарады. Сосын жер сілкінісі болатын. Кей­де үйде отырған кезімізде, ата-анамыз жер сілкінеді деп далаға алып шығатын. Соның бәрі ядро­лық қару сынағы екенін біз біл­мейтінбіз. Өсе келе, газеттердегі: “Семей полигонында қуаттылығы әл­де­неше килотонна, әйтпесе мегатон­на сынақ өткізілді” деген ТАСС ха­барын көзіміз шалып жүрді. Ол біздің бастан кешірген сілкініс екенін біле­тінбіз. Бірақ бар шарасыздықтан со­ған үнсіз мойын­сұнып көнуші едік. Барлығы 18,5 мың шаршы шақы­рым жазықтықты алып жатқан сынақ аймағы – бұл бұрынғы Абыра­лы ауданының, сондай-ақ онымен шектес Абай, Бесқарағай, Жаңасе­мей, Шұбар­тау, Май, Егін­ді­бұлақ, Қар­қара­лы ау­дан­дарының жері. Бұл – қазақ руха­ниятының талай майталмандары туған киелі топырақ. Үлкендер аңыз етіп айтатын қа­ра­­­­ғ­ай­лы таулар, сылдырап аққан бұлақ­тар­дың бұл күнде жұрнағы да жоқ. Жер бетіндегі сынақтар сал­дары­нан “Атылған көлдер”, былай­ша айтқан­да, қолдан зорлықпен жа­сал­ған “Атом көлдері” пайда болған. Дегенмен, тағдырдан теперіш көр­ген ел-жұрт құдіретке тәубе айта­ды. Ең бастысы ­­– зіркілдеген сы­нақ­тар біржолата тоқтады. Кур­чатов қала­сындағы Ұлттық ядролық орта­лық бейбіт мақсатта жұмыс істеуде. Жақында елге бардым. Сондағы ауылдағы ақсақалдардың көкейін­дегі арманына құлақ түрдім. Бір кезде кеңестік тоталитарлық режім­нің сал­дарынан күшпен таратылған Абыра­лы ауданы қайта құрылса, көп жұмыс орны ашылып, еліміздің экономи­касын дамытуға бұдан да көп үлес қосуымызға жол ашылар еді, дейді азаматтар. Өйткені, Абы­ра­лының орта­лығы Қайнар ауылы Семей қала­сынан 300 шақырым жерде орналас­қан, Семей қаласы әкімдігіне қарай­ды. Оның үстіне республикалық маңы­зы бар Семей-Қайнар тас жолы кеңестік кезеңде салынғалы жөндеу көрмеген. Бұл Семей-Қарағанды тас жолының құрамдас бөлігі. Өткен жылы “Ақ­шың” корпорациясының прези­­ден­ті, кәсіпкер азамат Марат Құр­манбаевтың басшылығымен “Абы­ра­­лы – Дегелең” қоғамдық қоры құрыл­ды. Қайнар ауылында поли­гон құрбан­дарын мәңгі есте қалдыру мақ­сатында биік мұнаралы мону­мент тұрғызылды. Жергілікті халықты әлеуметтік тұрғы­дан қолдау жүргізілуде. Бұл да жеткіліксіз. Семей полигонының зар­дап­тарын жою үшін Үкімет тарапынан кешен­ді Мемлекет­тік бағдарлама жасалып, ядролық сынақ құрбандарын сауық­тыру және жан-жақты жеңіл­діктер беру мақса­тында Ұлттық қор құрыл­са, нұр үстіне нұр болар еді. Әрі ядролық қарудан алғашқы болып бас тартқан елімізге шет мемлекеттер де жәрдем қолын созар ма еді?! Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өткен жылғы жасаған ұсынысы бүкіл әлем тарапынан қолдау тауып, БҰҰ Ассамблеясында ар­найы бекітіліп, “29 тамыз – Ядро­лық сынақтарға қарсы халықара­лық іс-қимыл күні” болып белгі­ленді. Бұл әлем назарын Қазақ елі­нің бейбіт саясатына аудартқан Елбасымыздың асқан көреген­дігінің тағы бір жарқын белгісі. Бауыржан ЖАҚЫП, “Қазақ энциклопе­дия­сының” бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор. * * *

ҮЗДІКСІЗ ҮРДІС

Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл таныту бір немесе бірнеше елдің еншісіндегі іс емес. Мұндай іс-қимыл жалпыадамзаттық мәселе. Ол тұтас жаһандық сипат алып, халықаралық деңгейге көтерілген кезде ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізері кәміл. Осы тұрғыда алды­мыздағы жексенбі, 29 тамыз – Ядро­лық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні болып бел­гіленуі әлем жұртшылығының ортақ ізгі мақсат-мұраттарын таныта алады. Мұндай іс-қимыл үздіксіз әрі ұдайы жүргізіле беруге тиіс. Осы тұрғыда бүгінгідей атаулы дата күні республиканың батысында Атырау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында ұзақ жылдар бойы атомдық, ядролық және ракеталық сынақтардың ошақтарына айналып келген полигондар жөнінде аз-кем ой-пікір қозғағым келеді. Мұның біріншісі – Азғыр атом полигоны. Мұнда Кеңес одағы кезінде атом қарулары сыналған. Ол алпысыншы жылдардың аяғын­да жабылғанымен, оның тұрғындарға тигізген зардабы әлі толық жойылып біткен жоқ. Екіншісі – Капустин Яр раке­та­лық сынақ полигоны. Осынау аса ірі сынақ алаңында ракеталық сынақтармен бірге ішінара ядролық қару-жарақтар да сынақтан өткізіл­гені жөнінде біздің қолы­мызда нақты деректер бар. Міне, алпыс бес жылға таяп қалды, Капус­тин Ярдегі дүркін-дүркін зіркілдер әлі күнге дейін тоқтамай, толастамай келеді. Осы уақыттың аралығында мұнда 180-нен астам жаңа қару-жарақ түрлері сыналған екен. Осыншама көлемде сынақ жүргізілген аса ірі полигонды әлем­нің өзге бірде-бір мемлекеті­нен кездестіре алмайсыз. Азғыр атом полигоны мен Капус­тин Яр ракеталық полигон­дарында жасалған жарылыстардың салдарынан аталған аумақта шұң­қыр­лар пайда болды. Тіпті осы аумақтың бір жерінде жер опы­рылып түсіп, оның орнында радио­активті көл орнаған. Ол зәрлі, за­һар­лы суға толып тұр. Респуб­лика көлемінде қызмет жасайтын ядро­лық орталық оған толыққанды зерттеулер жүргізгенін қалар едік. Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл таныту – жалпыхалықтық іс. Біздің “Нарын қозғалысы” қо­ғам­дық бірлестігі де полигон аума­ғында орналасқан тұрғындардың еркі мен мүдделерін білдіруді мақсат етеді. Осы орайда бүгінгі күні Нарын жұртшылығы атынан Елбасы – Қазақстан Республика­сы­ның Тұң­ғыш Президенті Нұр­сұл­тан Назар­баевқа олардың риза­шы­лығын жет­кізуді бірлестіктің төрағасы ретіндегі парызымның бірі деп санаймын. Айтайын дегенім, бұдан тұп-тура екі жыл бұрын, 2008 жылдың 22-23 қыркүйек күндері Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облы­сында болған сапары кезінде өңір жұршылығымен кездесті. “Нұр Отан” ХДП филиалының 800 орын­дық мәжіліс залында өткізіл­ген осы кездесуде мен Елбасына Капустин Яр сынақ полигонының тұрғындар денсаулығына тигізіп отырған әсері жөнінде баяндап бердім. Ол кісі сөзімді бөлмей, мұқият тыңдады. Осы кездесуден кейін көп ке­шік­пей Нұрсұлтан Әбішұлының тіке­лей тапсырмасына сәйкес по­ли­гон маңындағы аймақтарға тиіс­ті зерт­теулер жүргізіле бастады. Соны­мен бірге полигондағы жары­лыстар­дан зардап шеккен тұрғындарға ар­нал­ған ауданаралық сауықтыру ке­шенінің жобасы әзірленді. Бұл ке­шен өткен жылы іске қосылды. Сонд­ай-ақ жергілікті бюджеттің есе­бі­нен поли­гон аумағында тұра­тын адамдарға әлеуметтік көмектер берілді. Осы кездесуде мен “Нарын қозғалысы” қоғамдық бірлестігінің атынан Капустин Яр полигонының әсерінен туындайтын зардаптарды төмендету, тұтас мемлекеттік дең­гей­де одан зардап шеккендерге әлеу­­меттік пакеттер шоғырын әзір­леу жөнінде ой-пікір айтқан едім. Аталған ұсыныс республикалық салааралық бағдарлама жобасын жасаудың қажеттілігі тұрғысында көрініс тапты. Бұл ұсыныс Мем­лекет басшысы тарапынан қолдау тауып, сол сәтте Нұрсұлтан Әбіш­ұлы рес­пуб­ликаның Қоршаған ортаны қор­ғау, Денсаулық сақтау, Эко­номика және бюджеттік жос­парлау, сонымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау ми­нистрлігіне бұл мәселені жан-жақ­ты талдап, тиісті ұсыныстар әзір­леу қажеттілігін айтқан еді. Соған сәйкес жоба төңірегінде қолға алын­ған кешенді мәселелер бар да шығар. Оған біздің ешқан­дай күмәніміз жоқ. Жоғарыда айтылғандай, ядро­лық сынақтарға қарсы іс-қимыл таныту – үздіксіз үрдіс. Бұл бағыт­та атал­ған министрліктер Елба­сының тап­сырмасына сәйкес тиісті ұсыныстар әзірлеп жатса, ол еш­уақытта кештік етпейді деген ойдамын. Кәкен КӨБЕЙСІНОВ, “Нарын қозғалысы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халықаралық экология академиясының корреспондент-мүшесі. Батыс Қазақстан облысы. * * *

ПОЛИГОНМЕН ҚҰРДАС ЕДІК

“Мен атоммен құрдаспын, Ме­кен­­деген жерімді. Ащы үнін тыңдап­пын, Ашқан күннен көзімді”, деп абайлық ақын Төлеген Жан­ғалиев айтпақшы, ұлы мәртебелі тағ­дыр біз­дің пеше­не­мізге полигонмен құрдас болуды жаз­ған екен. Яғни, 1949 жыл­дың ақ­пан­датқан бора­нын­да өмірге келсек, ал сол жылдың та­мыз айы­ның соңын­да қазақ сахара­сында, қа­сиетті Дегелең өңірінде алғашқы атом бомбасы сы­нақ­­тан өт­кі­зілген бола­тын. Ашық ас­пан ас­тын­да­­ғы мұндай жарылыс аз-кемі жоқ, ба­қан­дай 14 жылға созылды. Одан кейін­гі жерде сы­нақ ширек ға­сыр бойы жер ас­тында жүргізілді. Со­лай­­ша ке­йін­де заманы­мыздың заң­ғар ақын­дары­­ның бірі Олжас Сүлей­менов айт­қандай, бейбіт заманда 40 жыл бойы үн-түнсіз қаты­гез соғыс жүріп жатыпты ғой. 1953 жылы алғаш рет сутегі бом­басы сынақтан өткізілгенде төрт жас­тағы ойын баласы екенбіз. Сонда ту­ған жерден елдің еріксіз ауа көшіп, әбі­герге түсіп, жылап-сық­тағаны есте қалып қойыпты. Абырой бол­ған­да біз­дің Саржал ауылының тұрғын­дары сынақ аяқталған соң елге қайтып орал­са, өкінішке қарай, көршілес Абыралы ауданы таратылып тынды. Сол шақта ауылда қалып қойған бірен-саран малшы­лар зауал күні ас­панда алып саңырауқұлақ пайда бо­лып, оның көзді қарықтырғанын ай­тып, елді тағы бір дүрліктірсе, жұртта қалған қайсыбір ит пен мысықтың ұсқыны тіпті адам шошы­ғандай еді. Өйткені, олар­дың үстіндегі қыл­шық­тан түк қалмай түсіп қалыпты. Осыдан кейін-ақ аспандағы алып са­ңырау­құлақты, оның көз қарық­ты­рар “кере­метін” өзіміз де көріп өстік. Сынақ бола­тын күні әр ауыл түгіл, әр қыстаққа атқа мінген бір-бір офи­церден келіп, өз­дерінше бұйрық­тарын бере бастайды. Яғни, ең басты­сы, жарылыс болып жатқан шақта еш­кім де аспанға қарамауы керек. Боранды күні бала мен ит құтырады де­мекші, оны елеп жатқан біз жоқ­пыз, жа­рылысқа жанарымызды ау­дар­май іш­кен асымыз бойымызға сің­бейді. Сон­да атамыз: атқа міне ал­май­тын әуме­сер­лер атомды қайтіп мең­гер­мек, деп мысқылдап күліп отыратын. Әрине, сол қасіреттің бәрін біз, полигон құрдастары бірден түсіндік десек артық болар. Бірақ мұнан ке­йінгі жерде біріне бірі жалғасқан қор­қынышты жағдай­лар санамызда бейне бір фото­сурет­тей таңбаланып, өшпес­тей б­олып ізін қалдыра берген. Үлкен­дердің әлденені түсіне алмай, өзара күң­кілдесіп жататыны да есі­мізде. Сөйтсек, олар өз тұрғы­лас­тары­ның белгісіз жай-күйіне алаң­дай­ды екен ғой. Айталық, Рымқұл де­ген ақсақал­дың бүкіл денесі өз-өзінен шұрқ-шұрқ тесіле бастапты. Дәрігер­лер болса оның себебін білмеген­дік­тен, диагноз қоя алмай, өз бастары­мен әлек. Өткен ға­сыр­дың алпысын­шы жылдарының ба­сындағы осы бір оқиғаны жергілікті ха­лық­тың ақыр­заман көрінісіндей қа­был­дағаны да өтірік емес. Одан кейін... Иә, одан кейін біріне бірі жалғас­қан өкінішті оқиғалар біздің әулетке де келіп жеткен. Яғни, жасы алпыс­тан енді ғана асқан үлкен әкеміз тосыннан келген қылта­мақ ауруынан көз жұмған. Тосыннан дейті­нім сол, бұған дейін қақ­қан қазықтай тік жүретін, өзі де тік мінезді атамыз поли­гонға жақын маң­дағы ескілікті бір қора-жайды жөндеп келген соң қалпақтай ұшып, тез арада-ақ жүдеп-жадап сала берген. Ер ары­са тулақ дегендей, содан қайтып оңалма­ған. Содан сәл беріректе әжеміз де қыл­­­та­мақ ауруы­нан көз жұмды. Бес бие­нің сабасын­дай дейтіндей іші-сырты бірдей кеңінен жаратылған әжеміздің ақыр соңында бір шөкім болып қал­ғаны жанымызға қалай батты десеңіз­ші. Сонау сұрапыл соғыс жыл­дары еңбек армиясына алынып, Сібір жа­ғы­на аттанып кете барған ата­мыз­дың туған інісі Оразбайдың соңында қалған бір тұяқ – Болат аға­мыз да жасы елуге келмей жатып о дү­ние­лік болып кетсе, ол да ядролық сы­нақ зар­даптарының салдары. Жал­пы, по­лигон аймағында оның зауалы тиме­ген отбасы, әй жоқ-ау, сірә! Сынақ зардаптары бірте-бірте жас таңдаудан қалған. Сөйтіп, жай оғы мектеп бітіргелі жатқан шақта біздің сапымызға да келіп түскен. Қатарлас сыныпта оқитын Мұрат есімді бозба­ланың қолымызға мектеп бітіргендігіміз жөніндегі аттестатты алған күні қыршы­нынан қиылғанын, сол күні ақ таңды қарсы ала отырып, ұйықта­маған қалпы бірге өскен құрбы­мызды ақтық сапарға шығарып салға­нымызды қайтіп ұмы­тармыз. Соңынан марқұмның қанында ақ түйіршіктер шамадан тыс көбейіп кетіпті деп естідік. Мұндай ауру түрін бұрын-соңды естіп білмеген ел тағы шошынған. Одан кейінгі жерде жергі­лікті халық арасында анемия, аллергия, жүйке, қан тамыр­лары, тері аурулары “сәнге” айналған. Ана бір жылдары осы ауылда 30 шақты жылқы тұяқ серпуге жарамай арам өлді. Мұның сыртында ұсақ мал­дың айналма ауруымен шығынға ұшы­рап жатуы қалыпты құбылысқа айнал­ды десе де болады. Бар өзен-су ласта­нып, кеңес заманында әрқай­сысы 8-12 мың сомға түскен құдық­тар тар­ты­лып қалып жатса, малға ғана емес, жанға да қатер. Соған қара­мастан, бұрынғы Семей атом по­ли­гонының бастығы генерал Ильен­ко­­ның кезінде біздің де, міне, Кур­чатов қаласында тұрып келе жат­қаны­­мызға пәлен жыл болды, егер ондай қауіпті сезсем қызымды тездетіп басқа жаққа жібермес пе едім, яғни жергілікті бас­шы­лар әлеуметтік мәсе­лелерді өз күш­терімен шеше алма­ған соң бәрін поли­гонға жапқысы келеді деп сайрағанын ұмытқан жоқпыз. Оны айтасыз, бұ­рын­ғы КСРО Жоғарғы Ке­ңесінің бұ­рын­ғы депутаты Петру­шенко деген пол­ковнигіңіздің Саржалдың маңын­дағы атом көлінің (сол заманда кар­тада жоқ қалалар, осындай жасанды көлдер пайда болған) адам денсау­лығына зиянсыздығын дәлелдеймін деп суға қойып кетіп, ақырында мерт болғанын да білеміз. Тегінде Саржал мен Дегелеңнің арасы 30 шақырымдай ғана жер. Одан әрідегі Абыра­лы, Егіндібұлақ, Қар­қаралы өңірі де, бергідегі Бесқарағай, Май аудандары да полигон ошағынан соншалықты алыс емес. Сонда деймін-ау, Сталин, Берия сынды қанқұйлы жен­деттер атом ордасына қазақ сахара­сын әдейілеп таңдағанына дау бар ма! Қазірде кейбір алдыңғы толқын өкіл­дерімен бірге, өкінішке қарай, қайсы­бір біздің тұстастары­мыздың өзі Ұлы­британияның бұрынғы премьер-ми­нистрі Уинстон Чер­чиль­дің “Сталин соқа ұстаған халықтың қолына атом қаруын ұстатып кетті” деген сөзін алға тарта­ды. Ал біз болсақ бұл кешегі ашар­шылық пен 37-ші жылдың лаңы­нан кейін енді ес жинай бастаған қазақ халқына арнаған “ұлттар көсемінің” соңғы “сыйы” деп білеміз. Енді бір сәт мына сәйкестікке көңіл аударыңыз­шы. Ана бір заманда қалың қолын Шың­ғыс­тауда жасақтаған Шыңғыс­ хан қала­ларымыз­ды жермен жексен етсе, енді келіп жиыр­масыншы ғасырдың дикта­торы Сталиннің ажал аждаһасын Шың­ғыстауда, Абай елінде, жалпы қазақ са­хара­сында орнықтырғанын көрмейсіз бе. Сол заманда шетке шық­қан семей­ліктерге Семейден, Шыңғыс­тау, Абай еліненбіз деп айтпаңдар деген жазыл­маған заң болғанын да жақсы білеміз. Өздерінше құпиялықты сақтаймыз деп ұлт намысын аяқ асты еткен мұндай озбырлықты кім көрген? Еліміз егемен­дікке енді қол соза баста­ған тұста жо­ғарыда айтқан Төлеген бауырымыз­дың: “Жер қуарды, су азайд­ы, гүл өлді, Қа­рауыл­­ға қап-қара бұлт түнерді. Тілімізді тістей-тістей қанаттық, Үнімізді шығарамыз біз енді!” дейтіні сондықтан. Әйтеуір, абырой болғанда еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев еге­­мен­дікке қол жеткізген беттен ел тіле­гіне құлақ түре білді. Сөйтіп, Ел­ба­сы­ның алғашқы Жар­лықтарының бірі­мен атом аждаһасы атанған Семей по­ли­гоны бір күнде жабы­лып тынды. Бі­рақ сол шақта қай-қайсымыз алдағы жиыр­ма жылға жетер-жетпес уақыт ішін­де Қазақ елі бас­шысы­ның әлемдегі қауіп­сіздік жөнін­дегі тамаша баста­малары алпауыт мемле­кет серкелері, Бірік­кен Ұлттар Ұйымы сынды мәрте­белі ұйым тарапынан қол­дау тауып, 1949 жылдың 29 тамызын­да алғаш сынақ жасалған күн ендігі жерде Ядро­лық сынақтарға қарсы халық­аралық іс-қимыл күні болып жариялана­тынды­ғын болжап білген жоқ едік. Оның сыр­тын­да поли­гон аймағына БҰҰ-ның Бас хатшысы арнайы келіп, ат басын ті­рей­тін­дігін кім біліпті. Соның бәрі Ел­басымыз­дың, еліміздің абыройы. Сон­дай күнге жеткенімізге тәубе дейік, ағайын! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * Пан Ги Мун: Қазақ­стан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдауымды білдіре­мін. Оның бұл қадамы біздің ядро­лық қарусыз әлемді құру ісі­міздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің бас­шылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолы­мен жүруі тиіс. Мен БҰҰ-ның Бас хатшысы ре­тінде ядро­лық сынақ алаңының қақ жүре­гінде тұрып, барлық әлем елдерін Қазақстаннан үлгі алуға ша­қырамын.

(Қазақстан Республикасына сапары кезінде сөйлеген сөздерінен).