• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2010

Қазақстан халқының татулығы мен бірлігінің негізі

963 рет
көрсетілді

Қазақстан ең әуелі қандай мемлекет болатындығын ай­қын­дап алды. Бізге өткен ғасырларға қарай кері тартпайтын, неше түрлі шектеулер қоймайтын, әр азаматтың құқығын аяққа тап­та­майтын ел қажет еді. Яғни, жаңа қоғамға лайықты, әлем елдерінің дамуына ілесе алатын, халықтың ғарыш заманындағы игіліктерге қол жеткізуіне жол ашатын мемлекет қажет болды. Сондықтан Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасу жолын таңдап алды. 1995 жылғы тамыздың 30-ы мем­лекет тарихына ең басты атаулы күн бо­лып жазылды. Өйткені, сол күні бү­кілхалықтық референдум арқылы рес­публикамызды мекендеген барша ұлт пен ұлыстың атсалысуымен, кең көлем­ді қолдауымен еліміздің басты құжаты қабылданды. Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі — өзінің егемендік құқығын баянды етті, ұстанған бағыт-бағдарын айқын көрсетті. Ата Заңымыз туралы ой қозғағанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев: “Егемен еліміздің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, демократиялық құнды­лық­тарын айғақтайтын бірден-бір құжат – бұл Конституция. Ата Заңы­мыз­дың алдында ала-құласы жоқ бәрі­міз де бірдей жауапты, бәріміз де бірдей міндеттіміз!” деген болатын. Еліміздің басты құжаты Қазақстан азаматтары­ның құқығын қорғауға бағытталған, сонымен қатар, қоғам алдындағы жауапкершілігін де айқындап берді. Конституция барлық заңдардың негізі, ал оның нормалары басқа заңдар үшін басты қағида болып табылады. Парламентке келіп түскен әрбір заң жо­басы жіті сараптаудан өтеді. Яғни, бі­рінші кезекте Конс­титуциямызға қайшы келмей ме, тармақ­тарында кем­ші­ліктер жоқ па, осы мәселе­лерге баса кө­ңіл бө­лі­не­ді. Бапта­рында екі­ұшты нор­ма­лары бар заң жо­ба­лары кері қай­та­ры­ла­ды, ондай жо­ба­лар тал­қы­лауға жіберіл­мейді. Сон­дық­тан Пар­ламент депу­тат­тары қа­был­да­ған әрбір заң Ата За­ңы­мыз­­дың қағида­ла­рына сәйкес бо­лады. Көп жағ­дайда депутаттардың өз­дері бас­та­­ма­шы болған заң жобалары­ның негізі Кон­ститу­цияның баптары­нан туындайды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның он жылдығын мерекелеу салтанатында: “Құқықтық мемлекет орнатып, әлемнің өркениетті елдерімен жан-жақты экономикалық-саяси тең дәрежеде қарым-қатынас қалыптастыру, ірі реформаларды жүргізу, демократиялық принциптерді құрметтеу – бәрі-бәрі Ата Заңымыздың аясында атқарылып жатқан істер. Әр азаматтың көзқарас еркіндігі, таңдау мүмкіндігі, сенімі, бейбіт өмірі қамтамасыз етілген елде ғана саяси тыныштық орнайды. Демократия дегеніміз ең алдымен қатаң тәртіп. Өзіңді, ортаңды, өмір сүрген қоғамыңды сыйлау, құрметтеу. Міне, Ата Заң бізге осы үлгі мен ұлы мақсат­тарды ұсынып отыр”, – деді. Шынымен де, өз ортасы мен қо­ғам­ды құрметтей білген азамат мем­лекеттік мүддені де жоғары қоятыны анық. Осы орайда бүгінгі таңда елі­міздің әрбір азаматы өз қызметінде ас­қан жауапкершілікті, әділдік пен таза­лықты басты ұстанымы ретінде алуы тиіс. Әсіресе, мемлекеттік қызметте істейтін азаматтарға жүктелетін міндет өте жоғары. Халқымыз “Адамына қа­рап, ауылын таны” деген. Қазір азама­ты­на қарап, мемлекетін танитын заман келді. Ендеше, арына кір тигізбей, атына жаманат келтірмей туған Ота­нына адал қызмет ету – азаматтары­мыздың парасатты парызы, мәртебелі міндеті! Міне, биыл Ата Заңымыздың қа­был­данғанына 15 жыл толып отыр. Бұл – біртұтас Қазақстан халқының ортақ мерекесі, санаулы жылдар ішін­де қол жеткізген жетістіктерінің бір белесі. Аталған мереке Қазақстан бой­ынша кең түрде аталып өтуде. Біздің өзге мемлекеттердегі елшіліктеріміз де, шетелде тұратын бауырларымыз да ең басты мейрамымызды жоғары дең­гейде атап өтетініне ешқандай күмәнім жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстан іргелі экономикасы бар, әлемнің алпауыт елдері санасатын, өнері мен мәдениеті қарқынды даму жолына түскен Еуразия кеңістігіндегі беделді мемлекеттің біріне айналды. Тәуелсіз Қазақстанымыз барлық сала бойынша жоғары көрсет­кіштері арқылы дүние жүзіне әйгілі болды. Қаржы дағдарысынан қысыл­май, дұрыс жол таба білген санаулы мем­лекеттердің бірі болып табылады. Еліміздің өркендеп дамуына, әлемдік қоғамдастықта кеңінен танымал болуы­на Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың сіңірген еңбегі орасан зор. Ел­басының көрегендікпен жасаған көп­теген бастама-ұсыныстары әлемдік дең­гейде мойындалып отыр. Ал таяу келе­шекте Қазақ елінің абыройы әлдеқайда асқақтай түсетініне, Жер шарындағы бейбітшілікті сақтаудағы батыл бастамалары қолдау табатынына, әлем елдерін достық пен келісімге бастайтын мемлекет болатынына кәміл сенемін. Мемлекетіміздің Ата Заңы Қазақ­стан халқының татулығы мен бірлігінің негізі екені анық. Мемлекетімізде орнаған тыныштығымыз – Отанымыз бен халқымыздың басты байлығы. Қа­зақстанымыздағы келісім мен бей­біт­шілік баянды бола бергей! Тұрарбек АСАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар кандидаты. АСТАНА. * * *

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН

Қазақстан Республикасы өзін дербес мемлекет ретінде әлемге жариялағанда сол тәуелсіздігінің тірегі Ата Заңын ал­ды­мен өмірге әкелді. Бұл уақыт талабы болатын.  Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ықылым заманнан бері өркениетке ұмтылған  қандай да бір мемлекет әуелгі кезекте конституциясын жасап, соған сәйкес өзге заңнамаларын шығарып, мемлекетін басқарып отырған. Мысалға, қазақ хандығын алсақ, “Есім ханның  ес­кі жолы”, “Қасым ханның қасқа жолы”, “Әз-Тәуке ханның жеті жар­ғысы” деген сөздер халық арасында бекер айтылмаған. Өмірдің өзінен алып, адамдар қажет­тілігі үшін жасалып, қолданысқа енгі­зілетін заңнамалар ұтқыр ойлар мен  өмір­шең идеялардан тұратыны мәлім. Десек, Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы ұрпақтан ұрпаққа қыз­мет етіп, жарқын болашаққа жол аша­тыны сөзсіз. Ел Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында “Қазақстан Респуб­ликасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” деп  анық жазылған. Сондықтан  конститу­циялық құрылыстың негізін қалаған  Ата Заңымыз Қазақстанның конститу­циялық дамуының  жаңа кезеңдеріне жол ашып отыр. Ата Заңымыздың  тағы бір артық­шы­лығы республикамызда тұратын адам­дардың еркіне сәйкес әрі оларды ұлтына бөлмей жасалғандығы болып табылады. Осы ойымызды ұштай түссек, ортақ тағ­дыр біріктіріп, жүздеген жылдар бойы бірге өмір сүріп келе жатқан халық­тардың құқығын тең қорғап, ортақ мүдде – Қазақстанның дамуына жұмылдыру  екендігі анық көрінеді. Оған негіз    тағ­дырдың жазуымен қазақ жеріне көшіп келген этностарға түсіністікпен қарап, жер беріп, өмір сүрулеріне мүмкіндік тудырған ата-бабаларымыздың кеңдігі, мейірбандығы, кемеңгерлігі, қонақжай­лығы, бауырмалдығы десек, қателеспей­тініміз анық. Соның нәтижесінде қа­зақстандықтар ортақ мүдде  тұрғысынан бірлік пен татулыққа қол жеткізіп, тәуелсіздігімізді қорғауға жұмыла кірісті. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік және рухани  тұрғыдан өсуіне күш, қуат, серпіліс берген  Конституциямыздың идея­лары, қағидаттары, нормалары саяси-құқықтық жағынан жақсы тал­данғанын уақыт көрсетіп отыр. Қара­пайым тілмен айтсақ, Ата Заңымыздың арқасында Қазақстан халқының мате­риалдық жағдайы жақсарып, әл-ауқаты артты. Елімізде қоғамның дамуына қажетті қағидаттар ескеріле отырып кәсіпкерлік еркіндігі, мемлекеттік және жекеменшік теңдігі дамытылуда. Негізгі Заң халықты әлеуметтік тұрғыдан жоғары деңгейде қорғап, өмір сүру жағ­дайын жеңілдетіп отыр. Медициналық қызмет көрсету, білім беру салалары жақсаруда. Тұрғын үй құрылысы екпін алып, жалақы және әлеуметтік төлемдер мөл­шері көбейтілуде. Отандық кәсіп­кер­лердің міндетті төлемдері де азай­тылуда. Жағдайы ауыр азаматтарға өтемақылар төлеу арқылы қолдау көр­сету әлеуметтік бағдарламалар арқылы  реттелді. Конституция азаматтардың әлеумет­тік құқықтарын қорғауда ерекше орын алатындығы сол – мемлекеттік деңгейде әлеуметтік құқықтарына кепілдік беріп, қорғау міндеттелген. Соның нәтижесінде азаматтардың құқықтары сақталып қана қоймай, материалдық тұрғыдан  да қам­тамасыз етілуде. Ата Заңымызда айқын белгіленген тағы бір мәселе жұмыссыз­дық, мүгедектік, қарттық және жалғыз­ілік­тік жағдайында азаматтың денсау­лығын сондай-ақ оның отбасының игі­лігін қолдау үшін әлеуметтік саясат жүргізу болып табылады. Бұл орайда Конституциялық Кеңестің рөлі ерекше. Өйткені, ол Конституцияның жоғары­лығын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган болып табылады. Мемлекет адам­дардың заман ағымына лайықты ба­қуатты өмір сүруіне қажеттіліктің бәрін жасауға міндетті десек, біздің мем­лекетіміз үшін адамға деген қам­қорлықтан, оны материалдық тұрғыдан қорғап, әл-ауқатын арттырудан басқа артық ешнәрсе жоқ. Мұны адам өмірін және құқықтарын конституциялық тұрғыдан мойындау деп түсінген дұрыс. 2007 жылдың 21 мамырында “Қа­зақстан Республикасының Конститу­циясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңның қабылданғаны баршаға мәлім. Бұл күнделікті өмірде қарапайым халық үшін көптеген мүм­кіндіктерге жол ашты. Негізгі Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыру­лардың оңды нәтижелерін еліміз бүгінде көріп отыр. Құқықтық мемлекет болған соң, әлемдік тәжірибеден өмірлік мәні зор, ең бастысы – халықтың игілігіне жарайтын дүниелерді алып, қолданысқа енгізудің ұтымды жақтары көп. Бұл ретте тұтқынға алу және қамауға алуға санкцияны тек сот беретіндігін, сондай-ақ, өлім жазасын қолдану ауқымына  шектеу қойылғанын  қуана құптаған дұрыс. Тағы бір ашық айтып қана қоймай, ел болашағы үшін жасалған игілікті қадамдардың бірі деп бағалауға тұратын қадам қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттің қаржыландыруына салын­ған тыйымның алынуы болып саналады. Міне, осындай өмірлік қажеттіліктерден тұратын, нақтылай түссек, адамның бақуатты өмір сүруі үшін жасалған қа­дамдар  біздің   конституциялық рефор­маны саяси-құқықтық сипатта жүргізген мемлекет екендігімізді  білдіреді. Заңнаманы білу, сыйлау, құрметтеу секілді құндылықтардан тұратын құқықтық мәдениетіміздің дамуына Ата Заңымыз жарқын жол ашқаны ақиқат. Жалпыхалықтың құқықтық мәдениеттің дамуы қоғамның алға басуына өзіндік ықпалын тигізіп отырады. Конститу­циялық құқығының бұзылуына ешкім жол бермесе, тиісті орындардан конс­титуциялық құқығын талап ете білсе, бірінші кезекте ел заңнамалары бұзыл­майды. Заң талабына сәйкес жұмысы жүрген мемлекет өркениетке қарыштап қадам басатыны тағы белгілі. Елдің құқықтық мәдениетін Ата Заңымызға сәйкес дамытуда бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше. Қорыта айтқанда, республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының өркениетке ұмтылған елімізге бергенінен берері көп. Данияр ЕСҚОЖАНОВ, Талдықорған қаласы  әділет басқармасы бастығының орынбасары.