• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2010

Прокурорлық қадағалаудың пәрменділігі

858 рет
көрсетілді

Астана қаласының прокуроры, ІІІ сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Мұхтар ЖӨРГЕНБАЕВПЕН әңгіме – Жаңа Конституция мемле­кет­тің құқық жүйесін реформалаудың базасы болды деп айтады. Елбасы­ның үстіміздегі жылдың 17 тамы­зында өткізген кеңесте құқық қорғау органдарының қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жө­нінде реформа енгізілді. Сол туралы айтып берсеңіз. – Елбасымыз өзінің Жарлы­ғын­да құқық қорғау жүйесін жа­ңар­тудың негізгі бағыттарын нақты атап көрсетті. Прокуратура орган­дарының құқық қорғаудағы қыз­ме­тін үйлестіруді күшейтуге, проку­рорларға қылмыстық қудалаудың заңдылығын арттыруға деген талап қойылды. Ал реформаның маңызды бағыты құқық қорғау органдары­ның аппаратын оңтайландыру бо­лып танылады. Бұл міндетті шешу үшін штаттық бірлік сандарын дұ­рыс есептеу қажеттігі жөнінде нұс­қау берілді. Сондықтан да заңды­лық базаны жетілдіріп, көп өзге­рістер мен толықтыруларды енгізу қажет. Со­нымен қатар, қылмыстық саясат­ты ізгілендіру туралы жұмыс­тарды жүзеге асыру тапсырылып отыр. Бүгінде құқық қорғау саласында жүргізіліп жатқан реформалар не­гізінде Астана қаласының прокура­турасы көзделген шараларға бай­ланысты өз қызметінің беделін арт­тырып, оның бет-бейнесін өзгер­ту­ді, уақыт талабы мен халықаралық стандартқа сай келетін құқық тәр­тібінің жаңа жүйесін қалып­тас­тыруды және оларды жүзеге асыру ісін қолға алды. Прокурорлық қада­ғалауды одан әрі дамыту және жетілдіру жұмыстарын тиянақты түрде жалғастырудың жолдары қарастырылуда. – Мұхтар Әкебайұлы, прокура­тура – конституциялық заңдылық­тардың сақталуын қадағалайтын бірден-бір орган. Ал Астана қала­сының прокуратурасы биылғы жылдың бірінші жартысын қандай нәтижелермен қорытындылады? – Астана қаласының прокура­турасы бірінші жарты жылдықта біршама жұмыстар атқарды. Ең не­гізгі атқарылған жұмыстардың бірі – тұрғын үйлердің үлестік құры­лысы мен азаматтардың еңбек құ­қықтарының қорғалу заңдылығын қамтамасыз ету. Сонымен бірге, бюджет қаражаты шығындарының заңдылығы мен кәсіпкерлер құқы­ғының сақталу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Еңбек қорғау мен техникалық қауіпсіздік, жерді заңсыз басып алу жөніндегі заңнамалар мен денсаулық сақтау, табиғат қорғау заңнамаларын бұзу фактілері бойынша тексеріс жұ­мыс­тары жүргізілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Жүргізілген тексерістердің нә­тижесінде 8 мыңнан астам заң бұ­зу­шылық анықталды. Ал проку­рор­лық қадағалау актілерін қарау қо­рытындылары бойынша 373 тұлға тәртіптік және әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылып, зиян келтіру бойынша нақты 780 миллион тең­ге­ден астам қаржы қайтарылды. Елордамызда жалақыны уақытында төлету бағытында да көптеген жұ­мыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақ­сатта прокуратура жұмыс берушінің еңбек заңнамасын сақтауына үнемі мониторинг жүргізіп отыру ісі ұйымдастырылды. Өткен жарты жылдықта прокуратура органдары­ның араласуымен 5 мыңға жуық Астана тұрғыны 140 миллион тең­ге­ден астам сомадағы еңбек­ақы­ла­ры­на қол жеткізді. Сонымен қатар, алақол жұмыс берушілерге қатысты жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам қаржыны құрайтын 78 әкім­шілік іс қозғалды. Бүгінде қаладағы өзекті мәсе­ле­лердің бірі үлескерлер проблема­сы екені белгілі. Прокуратура қыз­мет­керлері осы бағытта атап өтер­лік жұмыстар жүргізуде. Мысалы, ағымдағы жылдың алты айында 773 үлескердің мүдделерін қорғай оты­рып, олар төлеген 6 миллиард тең­гені өндіріп алу үшін үлестік құ­ры­лысқа қатысу туралы келісім-шарт­тарды бұзу туралы 9 талап-арыз енгізілді. Сонымен қатар, тұрғын үй кешендері құрылыстарындағы қалыптасқан жағдайға байланысты үлестік құрылысқа қатысқандардың ақшалай қаражаттарын ұрлау факті­лері бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Қалалық прокуратура табиғат қорғау заңнамасының қатаң сақта­луына да ерекше назар аударуда. Тексеру барысында анықталғандай, “Астана Энерго” акционерлік қо­ғамы мен “Астана су арнасы” кәсіпорны қоршаған ортаға зиянды заттарды мөлшерден тыс көп шы­ғарған. Аталған кәсіпорындардың зиянды заттарды белгіленген нор­ма­дан тыс мөлшерде шығарғандары үшін қоршаған ортаға келтірілген зиян көлемі тиісінше 95 миллион теңге мен 53 миллион тең­геден ас­там қаржыны құраған. Осы факті­лер бойынша проку­ратура әкімші­лік құқық бұзу­шылық туралы іс қозғап, тексеру нәтижесінде 21 мил­лион теңге көлемінде айып­пұл салған болатын. Бұл қар­жы толық көлемінде төленді. Бүгінгі таңда кәсіпорын рес­публикалық бюд­жетке әкім­шілік айыппұлмен қатар шығын сомасын ішінара қайтарды. Сондай-ақ осы акционерлік қо­ғамның бірқа­тар лауазымды тұлғалары әкім­шілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік сатып алу ту­ралы заңнаманы бұзу фак­тілері де кездеседі. Мы­салы, осыған қадағалау жүр­гізу ба­рысында жалпы көлемі 2 319 300 000 теңгеге жа­сал­ған үш конкурс мемлекеттік сатып алу туралы келісім-шарт қорытын­ды­сына дейін күшін жойды. Осыған бай­ла­нысты алты тұлға жаза­ланды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық етуіне орай азамат­тар­дың конс­титуциялық құ­қықтары мен бостандықтары­ның мүлтіксіз сақ­талуына ерек­ше назар аударылып ке­леді. Азаматтардың конститу­ция­лық құқықтарын бұзғаны үшін өткен жарты жылдықта 22 лауа­зымды тұлға тәртіптік жауап­кершілікке тартылды. Ал өткен жыл­дың осы мерзімінде 11 лауа­зымды тұлға тәртіптік жауапкер­шілікке тартылған болатын. – Сыбайлас жемқорлық сипа­тын­дағы құқық бұзушылықтар да кездесетін болар? – Сыбайлас жемқорлықпен кү­рес барлық құқық қорғау орган­да­ры­ның міндеті. Бұл мәселе Мем­лекет басшысының үнемі наза­рында. Нақты мәліметтер келтіре­тін болсақ, Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа салынғаны үшін 20 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылған. Ал биылғы жыл­дың бірінші жартысында Астана соттарымен сыбайлас жем­қорлық қылмыстары үшін 39 тұл­ғаға қатысты 23 қылмыстық іс қа­ралды. Соттардың қылмыстық іс­терді қарау тәжірибесі көрсеткен­дей, сыбайлас жемқорлық сипа­тын­дағы қылмыстардың ең көп та­ралған түрлеріне лауазымды тұлға­лардың пара алулары, олардың қыз­мет бабын асыра пайда­лану­ла­ры, сондай-ақ қызметтік лауазы­мын пайдалана отырып, өзгенің сеніп тапсырған мүлкін иемдену­лері жататыны анықталды. Осыған байланысты қалалық прокуратура төрт сыбайлас жемқорлық қыл­мыс­тық істі тергеуді аяқтап, сотқа жолдады. – Сот қаулыларының орындалу пәрменділігі қандай? – Прокуратураға сот қаулы­лары­ның ұзақ уақыт орындалмауы туралы көптеген арыз-шағымдар түсіп жатады. Осыған байланысты үлескерлердің ақшаларын қайтарту, жер телімдерін мәжбүрлеп алу, сондай-ақ жалақы қарызы және басқа мәселелер негізінде 191 про­курорлық тексеріс жүзеге асы­рылды. Прокурорлық актіні енгіз­геннен кейін 418 миллион теңгеден астам сома бойынша 172 іс жүргізу орындалды. Сөйтіп, мемлекет кірі­сіне 83 миллион теңгеден астам қаржы түсті. Прокуратураның бастамасымен Астана қаласының шегіндегі мүлікті анықтау бойынша жұмыстар жүргізілген болатын. Нәтижесінде сот орындаушылары­мен және жол полициясы қызмет­кер­лерімен 25 борышкердің ав­то­көлігі тұтқындалып, борышкер­лер­дің басқа аймақтардағы анықталған жерлер бойынша 12 орындаушы­лық құжат жолданды. Сонымен бірге, үлескерлердің қарыздарын төлеу іс жүзіне асырылды. – Мұхтар Әкебайұлы, кейбір деректер елордада қылмыс санының көбейе түскенін көрсетеді. Оны ашуда қала прокуратурасының үлес салмағы қандай дәрежеде? – Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы Астанадағы жасалған қылмыстар­дың көбейе түскенін көрсетті. Ол негізінен Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша елордада арыздарды және қылмыс туралы ақпараттарды элек­тронды тіркеу жөніндегі қанат­қақты жобаның жүзеге асырыла бастағанына байланысты. Бұл қылмыстық жағдайдың нақты бет-бейнесін көруге мүмкіндік берді. Астана қаласы құқық қорғау ор­гандары үйлестіру кеңесінің жұ­мысы аясында құқық қорғау қыз­метін жетілдірудегі тапсырмалар­ды шешуге баса назар аударылған. Барлық жоспарланған іс-шаралар дәйекті түрде жүзеге асырылып ке­леді және үнемі бақылауда болады. Жалпы, Астана қаласын­дағы про­куратура органдарының қызметі мемлекеттік органдар мен басқа да салаларда заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбай­лас жемқорлықпен және қыл­мыс­тың өзге де түрлерімен күресті нығайтуға жұмылдырылған. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.