1991 жылы 16 желтоқсанда елдігімізді, мемлекеттігімізді бүкіл әлемге паш еткен тәуелсіздігіміз республика өміріне елеулі өзгерістер енгізді. Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған егемендікке қол жетіп, Қазақстанның тәуелсіздігін бүкіл әлем жұртшылығы мойындады. Кеңестік жүйенің темір құрсауынан босанып, демократиялық даму жолына түстік. Өркениет талаптарына сай зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің іргетасын көтеруге барша халық бір кісідей атсалысты. Нәтижесінде еліміздегі ішкі-сыртқы саясатымыз, Қазақстан азаматтығы, Мемлекеттік рәміздер, Әнұранның жаңа мәтіні бекітілді. Еліміз БҰҰ-ға мүше болып қабылданды. Арада 17 жыл өткенде ТМД елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ төрағасы мәртебесін иеленіп, еуратлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға белсенді үлес қосып келеді.
Латын тілінен аударғанда “құрылыс” деген ұғымды білдіріп, мемлекет құрудың, ел болудың тетігі деген түсінік қалыптастыратын Конституция сөзі қазақ халқы үшін жат сөз емес. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елдігімізді сақтап қалған Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысында да дала билігін даналықпен ұштастырған конституциялық идеялар нақты көрініс тапқан. Адамгершілік, имандылық, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу, тілімізді, ділімізді, мәдениетімізді, халықтық дәстүрлерді көзіміздің қарашығындай сақтау қағидатын санасына ананың ақ сүтімен бірге дарытқан ата-бабаларымыз жетімін жылатпаған, жесірін далаға тастамаған. Тоқсан рулы елді толқытқан соғыс, бейбітшілік, барымта, құн, жетім, жесір дауларын тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен түйіндеп, екі жақты да разы қылып отырған. Баталы билердің аталы сөзіне хан да, қара да тоқтаған.
Қазақтың атақты Төле, Қазыбек, Әйтеке билері Шыңғыс ханның заманында қалыптасқан “Елге тек сұлтан, төрелер билік жүргізу керек” деген саясатын шектеп, ендігі жерде ел басқаруға оқыған, дана адамдардың араласуын қолдайды. Хан сайлауында алауыздыққа кең жол ашатын жүзге бөлінуге түп тамырымен қарсы шығады. Төле би “Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін” деп аттандаса, Қазыбек би “Біз үш жүз қазақ керіспейік, асылы бізге керіскен жөн емес” деп пәтуаға шақырады. Әйтеке би “Егер де үш жүздің билікке таласуы тоқтамайтын болса, қазақ елі күйреуге ұшырап, басқа халықтың езгісіне түсіп, жуандардың жұдырығына жем болады” деп дабыл қағады.
Сол бір аумалы-төкпелі заманда Ресей империясының қанатының астынан пана іздеуге мәжбүр болып, айналып келгенде хандық мемлекеттігін жойып алған Қазақстанның құқықтық жүйесі одан кейінгі жылдары түп-тамырымен өзгерді десек еш қателеспейміз. Патша билігін құлатқан Қазан төңкерісінен кейін кеңестер құрамындағы алғашқы конституциямыз 1924 жылы қабылданса, одан кейінгі конституциялар 1937 және 1978 жылдары күшіне енді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін араға екі жыл салып, яғни 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. Алайда кешегі кеңестік жүйенің тонын қайта айналдырып тіккен Ата Заңымыз өркениет көшіне ілесе алмады. Ел азаматтарының құқықтары мен билігін жүзеге асыру нысандарының жұмысын реттеу нақтыланбады. Сол себептен, уақыт талабына толықтай жауап бере алатын Ата Заң қажеттігі күн тәртібіне өткір қойыла бастады. Осының бәрі ескеріле келе бүкілхалықтық референдум арқылы 1995 жылы 30 тамызда қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен, барша қазақстандықтардың ортақ мүддесін көздей қабылданған Ата Заңымызда “Бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму” мәселесі күн тәртібінде бірінші кезекке қойылған. Жалпы ережелер деп аталатын 1-бөлімде Қазақстан Республикасының стратегиялық бағыты –демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуетті мемлекет құру деп атап көрсетілген. Сонымен бірге, Ата Заңымыздағы конституциялық өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып үш тармаққа бөлінді. Президенттік-парламенттік басқару жүйесі енгізіліп, Елбасы ұсынысымен Президент құзырындағы өкілеттіктердің жетекші бөлігі Парламентке берілді. Кең байтақ республикамызды мекендеп отырған сан-алуан ұлттар мен ұлыстардың бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруіне даңғыл жол ашып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының құзыреті кеңейтіліп, өз тараптарынан депутаттар сайлау мәртебесін иеленді.
Егеменді еліміздің экономикалық тығырықтан шығуын жеделдетіп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын анағұрлым жақсартуға тың серпін берген жаңа тұрпаттағы Ата Заңымыз сот жүйесіне де соны леп әкелді. Атап айтқанда, сот кадрларын іріктеу Жоғарғы Сот Кеңесіне, тұтқындауға санкция беру прокуратурадан алынып соттарға берілді. Өлім жазасына мораторий енгізілді. Соттар мен судьялардың мәртебесі көтеріліп, әлеуметтік қорғалуының құқықтық кепілдіктері нығая түсті. Жас жеткіншектер ісімен айналысатын ювеналдық сот, мамандандырылған, әкімшілік соттар жұмыс жасауға кірісті. “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Конституциялық заңға, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне, “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” Заңға тиісті түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Алқа билер институты құрылды. “Сот жүйесінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары” бекітіліп, “Жоғары Сот Кеңесі туралы” Заң, “Аралық соттар туралы”, “Халықаралық коммерциялық төрелік соттар туралы” заңдар мен басқа да маңызды нормативтік қаулылар сот беделін көтеріп, түрлі дауларды шешудің баламалы әдісін жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды.
Ата Заңымыздың 75-бабында “Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады” делінсе, 77-бабында “Судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз, ол Конституция мен заңға ғана бағынады” деп атап көрсетілген. Осының өзінен судьялардың мәртебесінің қаншалықты биік екендігін және жауапкершілігінің қаншалықты жоғары екендігін айқын аңғаруға болады. Өркениет талабына сай Конституциямыздың қабылдануы нәтижесінде экономиканың, қоғамдық-саяси өміріміздің барлық саласында ілгерілеуге қол жеткізілді. Республика халқы Елбасының сара саясатын қызу қолдап, демократиялық реформалардың жүзеге асуына белсенді араласты. Уақыт үрдісіне сәйкес мұнан кейін де екі рет – 1998 және 2007 жылдары Конституцияға қосымша толықтырулар енгізілді.
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы судьяларының V сьезінде сөйлеген сөзінде “Соттарда мыңдаған адамдардың тағдыры, өзара даулары шешілетінін, олардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалатыны баршамызға мәлім. Соттар қызметінің тиімділігі, жедел және толық орындалуы кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының негізі болып табылады. Соттардың шешімдеріне қарап қоғамның мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады, заңның үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың мүдделерін қорғау қабілеті бағаланады” деп атап көрсетті. Еліміз егемендік алған күннен бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев соттардың мәртебесін жоғарылатып, беделін көтеруге, материалдық-техникалық базасын ұдайы жаңартып, судьялар мен сот қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселесін күн тәртібінен бір сәтке де түсірген емес. Соның бір айқын айғағы республика соттары арасында тұңғыш рет Атырау облыстық сотының жаңа ғимаратының салынып, пайдалануға берілуі. Оның ашылу салтанатына Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қатысып, сот ардагерлері, судьялармен және сот қызметкерлерімен кездесу барысында сот беделі мемлекет беделі екендігін қадап айтты. Егеменді еліміздің әрбір азаматы ел Конституциясының қағидаттарын басшылыққа алуларына, судьялардың сот төрелігін жүзеге асырған кезде тек қана заңға бағыну керектігіне ерекше тоқталды. “Мынандай замана талабына сай салынған әділ сот сарайында жағымсыз қылықтарға жол бермеңіздер”, деген ізгі тілегін білдірді.
Биыл тәуелсіз еліміздің Конституциясының қабылданғанына 15 жыл толып отыр. Осы кезеңде еліміздің экономикасын шыңыраудан шыңға көтеріп, тіліміздің, дініміз бен діліміздің, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне кең жол ашып берген, барша қазақстандықтарды ортақ мақсат жолына жұмылдыра білген Елбасымыз Н.Назарбаевтың ерен еңбегін бүкіл әлем жұртшылығы мойындауда. Тәуелсіз Қазақстанның осынау аз ғана уақыт ішінде ғасырлар жүгін көтерген мол жетістіктері Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының елімізде конституциялық заңдылықтарды орнықтырудағы айрықша еңбегінің, көреген, данагөй саясатының арқасында жүзеге асырылуда десек, еш қателеспейміз.
Жақсылық АЛАНОВ, Атырау облыстық сотының төрағасы.