“Аулына қарап азаматын таны” деген емес пе. 90-шы жылдары Меңдіғара ауданындағы Харьков аулынан көшіп кеткендер туыстарына, достарына қайта қыдырып келгенде кәдімгідей таңданысын жасыра алмайды. Атақты механизатор Кәмшат Дөненбаева еңбек етіп жүргенде Одаққа дүрілдеп, даңқы шығып жататын ауылдан береке кеткен кезде адамдар туған жерді қалай қиып тастап кетерін білмей торыққан. Не жұмыс жоқ, не байланыс жоқ. Ауылдастардың бар үміті іскер азамат, “Харьков” шаруашылығының басшысы Сайран Бұқановта болған. “Кетпеңдер, көшпеңдер , ауылдастарым, бізде болашақта бәрі де болады, бәрі де қалпына келеді. Тек еңбек етейік, шыдайық!” деген ол. Дуалы ауыз екен, Сәкеңнің айтқаны келді. Қазір шаруашылықтағы техниканың барлығы жаңарған, диқандар жаңа технологияны меңгерген.
Ал ауылдың көркін айтсаңыз! Мектеп, балабақша, кітапхана, клуб, емхана–барлығы да жұмыс істеп тұр. 90-шы жылдары ауылдағы нарық қиындықтары кезінде телефонның өзіне жұрт зар болып қалып еді. “Қазақтелеком” акционерлік қоғамының арқасында қазір телефон байланысынан ешқандай қиындық жоқ. Енді әлгі мекемелердің барлығында да іс-қағаздары компьютер арқылы атқарылады. Оның үстіне тұрмысы жақсарған ауылдастардың әр үйінен компьютер көру қиын емес. Бүгінде қалалықтар телефонмен емес, интернет арқылы дөңгеленген дүниедегі бар хабарды біліп отырады. Қостанай қаласына туыстарына келгендер олардың үйлеріндегі интернетке немесе арнайы интернет клубтарға барып, ғаламторға шығатын, одан керекті материалдарын тартып алатын. Осы ауылда тұрған неміс ағайындардың көпшілігі Германияға қоныс аударған. Қазақтармен ағайындай болып қалған олар телефонмен хабарласқанда “интернетке шықсаңдаршы, емін-еркін хат жазысайық та” деп жатады. Бірақ үйлерге интернет желісін қосу телефон арқылы ғана мүмкін болатын. Оны өткізу қазекемнің асықпайтын мінезімен кейінгі қала беретін. Енді міне, “Қазақтелеком” акционерлік қоғамы EV-DO технологиясы негізінде сымсыз қатынас желісін іске қосты. Енді Харьков аулынан жазылған хат электронды пошта арқылы санаулы минөтте әлемнің қай түкпіріне де жетіп тұр. Мектеп оқушылары интернетте шарлайды, қызықты материалдарды табады. Қалалықтардан еш айырмашылығы жоқ, заманауи технологияның рахатын бірдей көріп отыр.
Мұндай қуанышқа тек Меңдіғара ауданындағылар ғана емес, көрші Сарыкөл, Қостанай ауданы жұртшылығы да ие болды. Жақында Қостанай облысына Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жұмыс сапары аясында ауылдық жерлерде құрылған сымсыз қатынас желісінің қанатқақты жобасының тұсаукесері де болды. Онда “Қазақтелеком” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев Елбасыға EV-DO технологиясын пайдалану негізінде мүмкін болған кең жолақты қатынас қызметтері туралы айтып берген еді.
Ауылдық жерлерде интернет желісіне кең жолақты қатынауды ұйымдастыру CDMA-450 стандарты негізіндегі сымсыз байланыс желілерін жайып тармақтау жобасының екінші кезеңі болып табылады. Бұл жобаның еліміз экономикасы мен әлеуметтік дамуы үшін де маңызы орасан зор. Сондықтан ол “30 корпоративтік көшбасшы” мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан серпінді жобалар қатарынан көрінеді. Ең бастысы, бұл сымсыз қатынас желісі ауыл мен қала тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздік мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Ауылдың әлеуметтік тұрмысының көтерілгендігін де көрсетеді.
Ауылдық желіге сымсыз байланысты енгізудің бірінші кезеңінде Қазақстанның барлық ауылдық елді мекендері телефонмен қамтылды. Ол үшін 392 базалық станса орнатылды, 232 мың ауылдық абонент телефон байланысына қосылды. Ал еліміз аумағының 60 пайызы CDMA-450 желісімен қамтылды.
Қазір ауылдағы “Қазақтелеком” АҚ абоненттерінің жалпы саны бір миллионнан асты. Ал еліміз аумағының 60 пайызы желімен қамтылды.
Интернетке шығу жылдамдығын ұлғайту үшін EV-DO (Evolutіon-Data Optіmіzed) стандарты әзірленді. Ол ұялы желілердің үшінші буыны – CDMA-2000 негізінде іске асырылуда. Мұның мәнісі, ол абоненттерді жерүсті телекоммуникациялары арналарына телімей-ақ, оларға кең жолақты қатынау қызметтерін ұсынуға мүмкіндік беретін қолданыстағы CDMA желілеріне үстемелеп салынған қондырғы. Жаңа технология жоғары жылдамдықпен ақпараттар беру мүмкіндігі есебінен интернетке қосылудың ең жоғары жылдамдығы –3 Мб/с дейін қол жеткізді. Ауылдық желіде EV-DO технологиясымен ақпараттар берудегі жоғары жылдамдыққа сандық деректерді ықшамдаудың тың алгоритмдерін қолдану есебінен қол жеткізілді және CDMA-450 желісі қамтитын аумақтың кез келген жерінде интернет қатынасының жоғары жылдамдығын қамтамасыз етеді.
Міне, Қостанай облысындағы біршама ауылдар өркениеттің осындай жетістігін пайдалана бастады. “Қазақтелеком” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, енді 2-3 жылда EV-DO технологиясын пайдаланатын сымсыз қатынас желісімен еліміздің барлық ауылдық өңірі қамтылатын болады.
Ауылдағы мекемелер қызметкерлері құжаттар, айлық, тоқсандық есеп беру үшін алыстан Қостанай қаласына ат арытып, арнайы келеді.
– Мен мектепте фельдшер болып қызмет істеймін. Аудандық, облыстық медицина мекемелеріне жиі баруыма тура келеді. Енді интернетті еркін пайдалансам, қалаға жүгіруім де азаяр деп ойлаймын. Ал ауылдық жерде көбіне үйде болғанда шаруаң бітеді,–дейді Ләззат Қыпшақбайқызы.
Енді Ләззат секілді өзінің басшыларымен жоғары жылдамдығы қамтамасыз етілген интернет арқылы хабарласуына әбден болатынын білгенде ауылдағы ағайынның қайсысы болса да көңілді бір демдеді. Өйткені бұл жұмысты өнікті, тұрмысты көрікті етеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы.