Тамыз айында Елбасы “Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлыққа қол қойды. Бұл құжатты еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылу, зайырлы мемлекет құру жолындағы жаңа, табысты қадамдардың бірі деп бағалаймыз. Аталған Жарлықты жүзеге асыру мақсатында республика аумағында қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы жағдайларға байланысты, сот жүйесінің қоғамдағы орны, болашағы туралы ой-пікірлерімізді көпшіліктің назарына ұсынсақ дейміз.
Бүгін біз, Қазақстан Республикасында Қазақстан халқының Конституцияда көрсетілген құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз қорғауды қамтамасыз ететін, халықаралық стандарттар мен демократиялық принциптерге негізделген, мемлекеттік биліктің қасиетіне нұқсан келтірмейтін тәуелсіз сот жүйесінің құрылғанын мақтанышпен айта аламыз. Десек те, уақыт бір орнында тұрмайды. Заман өзгереді, ұрпақ ауысады. Заманмен бірге заң да өзгереді. Сол себепті еліміздің сот жүйесіндегі заңдылықтар мен ұстанымдардың өзгеріп отыруы орынды құбылыс.
Сот төрелігінің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ететін бірден- бір жауапты тұлға – судья. Судья дегенде көз алдымызға кешегі бір ауыз сөзбен бүкіл бір елдің мәселесін шешіп, жесірін жылатпаған, жетімін құлатпаған, дарқан даланың данагөй ақылмандары, от ауызды, орақ тілді, қазақтың даңқты билері – Төле би, Қазыбек би мен Әйтеке би көз алдымызға келеді. Қалың қазақты дуалы ауыз шешендігімен, көреген көсемдігімен айрандай ұйытқан осынау үш абзал би заманында үстіне мантия киіп, кең залдарда отырмаса да, қара бастың қамын ойламай, байтақ қазаққа бас болып, телісі мен тентегін тыя біліп, әділдігімен, турашылдығымен ел ықыласына бөленіп еді.
Судья, ең алдымен, әділдік пен турашылдықтың жаршысы болу керек. “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деп бекер айтпаған халқымыз. Осынау ұлағатты сөздің астарына ұлттық таным - түсінікпен тереңдей үңілсек, судья туғанды емес, ең алдымен, иманды болуы керек деп білеміз.
Судья қай уақытта да өз қызметінде Ата Заңымызбен қатар Қазақстан Республикасы аумағында қолданыстағы барлық заңнамалық актілерді, жалпыға бірдей адамгершілік нормаларды және мінез-құлық ережелерін басшылыққа алуы тиіс. Мұның бәрі айналып келгенде, судья әдебі деген ұғыммен тоғысады. Судья заң талаптарына сүйене отырып, әділ шешім қабылдаушы тұлға ғана емес, судья, ең алдымен үлкен мәдениет пен парасат иесі болуы керек. Егер біздің арамыздан бір адам өзінің жеке басының мүддесін мемлекет, заң, ар мен ождан мүддесінен жоғары қойып, заң бұзушылыққа жол берсе, бүкіл сот жүйесіне, судьялар мәртебесіне зор нұқсан келетінін жақсы түсінеміз және осындай қолайсыз жағдайлардың алдын алу барысында көптеген кешенді шаралар атқарылуда.
Мен қызмет жасайтын Қостанай облыстық соты қаралатын істердің саны жағынан республикадағы алдыңғы қатардағы ұжымдардың бірі. Тек қана ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыс соттарында 16 905 азаматтық іс, 2439 адамға қатысты қылмыстық іс, 9892 адам жөнінде әкімшілік істер өндірісімен аяқталды. Аталған азаматтық істердің 5-еуі, қылмыстық істердің 16-сы, әкімшілік істердің 1 700-і бойынша ғана арыздар мен наразылықтар түскен. Азаматтық істердің – 0,4, қылмыстық істердің – 0,3, әкімшілік істердің – 0,1 пайызы облыстық сотта қайта қаралғанда өзгеріске ұшырады. Аталған көрсеткіштер сапа ахуалының тұрақты екеніне дәлел бола алады. Дегенмен, соттардың жұмысында кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Аталған кемшіліктер тек судьялардың біліктілігіне, адалдығына ғана емес, қолданыстағы кейбір заңдарды қайта қарау мәселесіне де байланысты болып отыр.
Республика Жоғарғы Сотының құрамында азаматтық және әкімшілік, сонымен қатар қылмыстық істер қарайтын қадағалау сот алқалары құрылғаны белгілі. Ал облыстық және оған теңестірілген соттар апелляциялық және кассациялық алқалардан тұрады. Облыстық соттардың құрамында арнайы мамандандырылған алқалардың болмауы жалпы реформалау бағытына сәйкес келмейді және бірінші сатыдағы соттармен жұмыс ұйымдастыруда тиімді болмай отыр. Сондықтан облыстық соттардағы апелляциялық алқаны азаматтық және әкімшілік, қылмыстық істер жөніндегі алқаларға қайта бөліп, ал кассациялық алқа төрағасының міндетін облыстық соттардың төрағаларына жүктеген дұрыс болар еді. Сонымен қатар, облыстық соттарда кассациялық тәртіпте қаралатын қылмыстық істердің соттылығы принципін қайталап зерделеген жөн деп есептейміз.
Қылмыстық істер бойынша ізгілендіру бағытын ұстану міндеті судьялардың V съезінде басты міндеттердің бірі ретінде аталды. Біздің облыс бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 564 адам бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, яғни бұл көрсеткіш 42,2 пайызды құрайды. Осы мән-жайларды талқылайтын болсақ, 335 адам ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталса, 229 адам орта және жеңіл қылмысы үшін жазасын өтейді, оларға тек қылмысты қайтадан жасағаны үшін осындай ауыр жаза тағайындалған. Бас бостандығынан айырылған адамдардың санын объективті түрде азайту үшін Қылмыстық кодекстің 58, 59, 60-баптарының талаптарын қайта қарап, әсіресе қылмысты қайталап жасаған кезде жаза тағайындау тәртібін өзгерткен тиімді болар еді. Сонымен қатар, қылмыстық жауапкершіліктің кейбір түрлерін, мысалы, жеке айыптаудан туындайтын және басқа құрамдарды әкімшілік жауапкершілікке ауыстыру мәселесін шешкен дұрыс.
Тағы бір мәселе, сот органдарында азаматтық істер бойынша өндірісті негізсіз қозғағаны үшін, татуласу, бітімгерлікке келу рәсімдерінен бас тартқан тараптардың жауапкершілігі туралы институтты заңдастыратын уақыт жеткен сияқты. Мысалы, ағылшындардың сот тәжірибесінде, сот процесін жүргізуге кеткен шығындардың барлығы, дауласушы тараптардың қайсысының пайдасына шешілгеніне қарамастан, татуласу рәсімдерінен бас тартқан тараптан өндіріледі екен.
Соңғы жылдары соттар тәжірибесінде арнаулы заңгерлік білімі жоқ, кей жағдайда тіпті жоғары білімі де жоқ салық және басқа мемлекеттік органдарында есепте тұрмайтын, әрекеттері ешқандай органмен қадағаланбайтын, өздеріне “өкіл” деп айдар тағып, азаматтардың сеніміне кіріп, оларға пайда келтіруден гөрі жеке бастарының мүддесін жоғары қойған шала сауатты заңгерлер көбейіп кетті. Осы мәселені біз әртүрлі деңгейде көтеріп жүрміз. Алайда, Азаматтық іс жүргізу кодексінің 57-бабының 7-тармағына (тапсырма бойынша өкілдік) өзгерістер енгізбей, аталған келеңсіздікті жою мүмкін емес.
Кадрларды даярлау және іріктеу мәселесі де өткір тұр. Бұл жұмысты ортақ бір жүйеге келтірсе дұрыс болар еді. Қазіргі таңда Жоғары Сот Кеңесінің бұл мәселеге байланысты атқарып жатқан шаралары толығымен құптарлық. Дегенмен, сот жүйесіне тек базалық заңгерлік білімі бар, сот саласында қызмет істеген немесе арнаулы оқу орнын бітірген кандидаттар тартылуы тиіс деп санаймыз. Жоғарғы Соттың жанынан құрылған Сот әкімшілігі жөніндегі комитеттің жұмысынан сот жүйесіне тиісінше көмек көрсетілмей, кейбір тұстарда олардың шарасыздығынан бірқатар жұмыстарды сот төрағаларының атқаруына тура келді. Соттардың жұмысын ұйымдастыру мен сот төрелігін жүзеге асыру бір кеңседе жүргізілетін біртұтас процесс.
Соңғы уақытта Сот әкімшілігі мен соттар жүйесінің арасы алшақтап, олар соттардың жұмысын ұйымдастырудың орнына басқа қосымша мәселелерге көп көңіл бөліп кетті. Аталған мәселе Елбасының Жарлығына байланысты түпкілікті шешіліп, Жоғарғы Сот жанынан соттардың жұмысын қамтамасыз ететін департаменттің құрылуы заңды шешім деп есептейміз. Аталған Жарлық сот жүйесіндегі қордаланып қалған бірқатар мәселелердің мемлекеттік тұрғыдан шешілуіне негіз болды.
Президенттің сот жүйесіне деген қамқорлығын әр уақытта сезінеміз және соттардың материалдық-техникалық базаларының нығаюына, судьялардың мәртебесі мен әлеуметтік жағдайларының өсуіне қолдау өз жалғасын табады деген ойдамыз. Сот жүйесінің жұмысын жан-жақты, объективті түрде халық арасына таратуда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор екенін жақсы білеміз. Өкінішке қарай, қазіргі таңда сот жұмысын баспасөз бетінде жариялау мен насихаттау мақсатында тиімді тетік болмай отырғаны да жасырын емес. Кейбір жағдайларда баспасөз өкілдері соттарда қаралатын даулардың пайда болу себебі мен негізін анықтаудың орнына, судьялардың әрекетіне баға беруге көбірек көңіл бөледі.
Сондықтан сот жұмысының ашықтығы мен шынайылығын насихаттау үшін “Сот журналистикасы” деген институт құрып, осы бағытта арнайы мамандар жұмыс істеп, жұртшылыққа сот процесі жайлы шынайы ақпараттар жеткізгенін жөн деп санаймыз. Нарықтық қатынастардың ел өміріне тереңдеп енуіне, ел экономикасының өсуіне, жаңа қоғамдық қатынастардың пайда болуына байланысты реформалық шаралар жалғаса бермек.
Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ, Қостанай облыстық сотының төрағасы. Қостанай.