Есімі елге елеулі
Жылдар көші ілгері қарай жылжыған сайын қай адамның да “Осы мен өмірімде ел үшін не тындырып, не қойдым? Өзімнен кейінгі толқынға, қала берді өсіріп-жеткізген перзенттеріме ұлағат етіп айтарлығым бар ма?” – деген қалың ойдың құшағына берілетіні рас. Ал әркімнің азамат болып қалыптасуы – өзінен. Кейбіреулер айтатынындай, бәрі де Жаратушыңның бақ-талайыңа жазғанынан болады.
Дүние-ғалам есігін ашып, Жұмыр жер – талдан иген бесігін сайлап, Әке – мейірін танытып, Ана – ақ сүтімен өмірдің нәрін бергенде, данагөй ұлы Абайдың сөзімен айтсақ, “ақыл, қайрат, жүректі бірге ұстаған...” перзент болу да екінің бірінің қолынан келе бермесі хақ. Ал перзент бола білгендердің бел ортасынан ойып тұрып орнын алуға лайық тұлғалардың бірі де бірегейі біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бекболат Мұқышев десек жөн.
Үлкендердің батасы, әке-шешенің, туған-туысқандардың үміті мен тілегі болар, Бекболат Бапанұлы бүгінде өсіп-өнген шаңырақ иесі. Кешегі қырқыншы жылы туған ол жетпіске аяқ басып отыр. Бірінші сыныпқа барған 1948 жылы әкесі Бапан дүниеден өткенде, оның туған ағасы Мұқажанмен, екі шешемен қалған ол, 1958 жылы 10 сыныпты тәмамдасымен, жоғары оқу орнына түсуге білімі мен білігі жете тұра жұмысқа тұруға шешім қабылдады.
– Әлі есімде, №2 шахтаның басқарушысы Евгений Мазур деген болды. Түсті металдар институтын бітірген кен инженері болатын. Соған барып жағдайымды айтып едім, бірден “өтінішіңді жаз” деді. Сосын: “Бәрі түсінікті. Бұғанаң бекімеген жассың. Сен шахтаның астына түсіп, жұмыс істерсің-ау, бірақ ол саған өте қиын болады. Тым болмаса бір жылдай осы мынау шахтаның үстінде рудаларды бункерге тасымалдайтын техниканың машинисі бол, саған қолайлысы сол”, – деп кеңесін берді.
Содан №2 шахтада “откатчик” болып 3-ші разрядпен жұмысқа кірістім, айлық алып үй-ішіне менің де қаржылай көмегім тие бастады. Алған жалақымды түгелімен шешеме әкеліп беремін. Қысқасы, үй-ішінің қалауымен 1959 жылы маусым айында, Көкшетау облысы, Қызылту ауданына қарасты Чапаев атындағы совхозда тұратын Мақұлқызы Алтынмен бас құрадым, – дейді ардагер аға сөзін әрі сабақтап.
1964 жылдың қазан айы Бекболат Мұқышевтың өміріндегі нағыз бетбұрысты кезең болды. Кеніш комсомол комитетінің жолдамасымен милиция органына қызметке орналасты. Бұл оның Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген кезі еді. Бастапқыда учаскелік уәкіл, арада біраз уақыт өткенде қылмысты іздестіру бөлімінің уәкілі болып жоғарылады. Көп кешікпей оны қылмысты жедел іздестіру уәкілі, аға уәкілі етіп тағайындады. Бұл алтын өндіру кентінде қоғамдық мүлікті, асыл металды ұрлау асқынып тұрған кез болатын. Осыларды ашудағы Бекболат Мұқышевтың тапқырлығы мен іскерлігі кезінде журналист, марқұм Тұрсынбек Тасқожиннің Целиноград облыстық “Коммунизм нұры” газетінде “№19116 іс”, журналист Аманкелді Жұмабектің “Құрықталған “қулар”, “Шырқы бұзылған мереке” деректі очерктерінде жан-жақты баяндалған.
– Алғырлығым, талапты да жігерлі жастығымды елеген болар, 1970 жылы шілде айының 20-да облыстық ішкі істер басқармасының бұйрығымен Қорғалжын ауданына лейтенант қана шенім бар мені милиция бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесінің бастығы етіп жоғарылатты. Қорғалжынға барғанымда ауданның бірінші хатшысы Ақтан Төлеубаев деген ағамыз екен. Ол елге, тек Ақмола өңірі емес, республикаға танымал, өте тәжірибелі, парасатты, алды кең, адамшылығы мол, Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Сол ауданға барғаныма өзім риза болдым, – дейді ардагер аға.
1974 жылдың күзі Бекболат Бапанұлының қызмет бабында тағы бір саты жоғарылаған өмір белесіндегі кезекті асу болды. Оның өз ісіне шынайы берілгендігін, қылмысты іздестіру саласындағы іс-тәжірибесінің әбден қалыптасқандығын, әсіресе өз бөлімшесі қызметкерлерімен тіл табыса небір түйіні шешілмес ауыр қылмыстарды ашудағы жұмыс істеу ерекшелігін жете бағалаған Целиноград облыстық ішкі істер басқармасының басшылары оны Шортанды аудандық милиция бөліміне басшылық қызметке ауыстырды.
– Осы қызметті 1980 жылға дейін атқардым. Абыройсыз болған жоқпын. Мұнда да бірталай азаматтармен қызмет бабында да, жайшылықта да жақсы қарым-қатынаста болдым. Бұл кезең тағдыр толқынындағы менің бұдан биікке көтерілуімнің, тағанын берік қалауымның бастауы болған еді, – дейді Бекең әңгімесін сабақтай түсіп.
Бекболат Бапанұлының осы айтқан сөзінің жаны бар. Қыранға да қанат қағар биіктік керек. Міне, сол мақсатпен ол 1980 жылы Мәскеудегі Ішкі істер министрлігі академиясының күндізгі бөлімінде екі жыл оқыды. Академияны 1982 жылы бітіріп келгеннен кейін Бекболат Бапанұлы Ақмолада облыстық қылмысты іздестіру бөлімі бастығының орынбасары, бір жылдан кейін бастығы болып тағайындалды. Осы қызметте жүргенінде министрлік оны жаңадан құрылып жатқан Торғай облысының облыстық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасарлығы қызметіне жіберді. Арқалықта Торғай облысы 1988 жылы бірінші рет жабылғанға дейін қызмет жасады.
– Мен Арқалықта қызмет істеген кезде обкомның бірінші хатшысы елімізге белгілі, мемлекет қайраткері Оразбек Қуанышев еді. Ол ағамыздың маған жасаған жақсылығы мен қамқорлығын әсте ұмытпаспын. Әсіресе, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі іле-шала басыма төнген қауіптің бетін де қайтарған сол кісі еді. КГБ-нің қызметкерлері “Бекболат Бапанұлы “желтоқсаншыларды” жақтаушы, соларға ақыл-кеңес беруші” деген тұрғыда жоғары жаққа мәлімет берсе керек. Содан ондағылар мені қызметтен аластатып, біржолата құтылудың жолы – Ауғанстанға жіберу деген шешім қабылдаған. Бұл тіпті партияның Орталық комитетінде де сөз болған. Бармаймын деп айта алмайсың. Комиссияның бәрінен өттім. Денім сау, он екі мүшем аман. Содан баратын болып Арқалыққа келдім.
Арада екі-үш күн, әлде бір апта уақыт өтті ме, Оразбек Қуанышев іздеп жатыр деген хабар келді. “Апыр-ай, не болып қалды, ол кісі шақыра қоятындай жұмыс жоқ сияқты еді. Бәлкім, облыстағы жалпы қылмыстық ахуалды білгісі келген болар” деймін. Бастығым демалыста, мен соның міндетін уақытша атқарып жатқанмын. Хатшысының хабарлауымен ішке кірсем, Орекең жалғыз екен.
– Ал, Бекболат, жағдай қалай, тыныштық па? – дейді ол.
–Тыныштық, – деймін мен.
– Сен Ауғанстанға барады деген не сөз, өз еркіңмен барайын деп жатырсың ба? – деді ол.
– Бұл жоғарыдағылардың шешімі. Олар барасың ба деді, мен барамын дедім. Бар әңгіме сол. Енді бұйрық күтіп отырмын, – дедім мен..
– Сонда... сенің шын барғың келіп отыр ма? – деді Оразбек Сұлтанұлы таңғалған қалыппен.
– Оразбек Сұлтанұлы, соғыс жүріп жатқан, қан төгіліп жатқан жерге соқа басым, бойдақ болсам, әрине, қарайлап жатпас едім. Бала-шағам, қартайған анам бар. Мүмкіндік болса, бармағаным дұрыс еді. Мені сол ой мазалайды, – дедім ағымнан жарылып.
– Олай болса, бастығыңның істеп жатқан қызметі де шамалы. Оны осы бірер айда ауыстырамыз. Сені соның орнына бастық қоймақшымыз. Сондай ұсыныс жасаймын. Сені Ауғанстаннан алып қаламын, – деді.
– Жақсы, рахмет, Ореке! – дедім елпілдеп.
Сонымен менің көзімше тікелей байланыс арқылы Алматымен сөйлесіп:
– Ал енді естідің ғой, қызметіңді әрман қарай істей бер. Осы жақын арада бір шешімге келеміз, – деді.
Алайда содан көп кешікпей Торғай облысы тарап, 1988 жылы Бекболат Мұқышев Батыс Қазақстан (ол кезде Орал) облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, көп ұзамай бастығы болып тағайындалды. Бұл еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі енді ғана жарияланған тұста жер-жерлерде әртүрлі топтар, әсіресе, Оралдағы казактар Қазақстанды іштен ірітуге, өздерінің автономияларын құруға жанталаса әрекет етіп жатқан кез болатын. Бекболат Бапанұлының Оралдағы қызметі осындай алмағайып тұспен сәйкес келді.
Осындай, ел ішінде дүрбелең туып жатқанда түрлі күштердің қақтығысып қалуына жол бермеуде сол кездегі ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Бекболат Бапанұлының батылдығы мен жігерлілігі айрықша көрінген еді. Өйткені дүрмекке түсіп, толқыған халықты тоқтату үшін үлкен біліктілік қажет болатын.
Осы орайда Бекболат Мұқышевтың ел үшін сіңірген еңбегі зор болды. Ол жайында Батыс Қазақстан облысындағы оны білетін азаматтардың барлығы әлі күнге дейін жырдай, тіпті аңызға бергісіз етіп айтатыны сондықтан.
Облыстық ішкі істер басқармасы бастығы дәрежесіне көтерілген, генерал-майор шенінде отставкаға шыққан, бүгінде Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы генерал-полковник Қайырбек Сүлейменовтің бірінші орынбасары қызметіндегі Бекболат Мұқышевтың өмір өрімдері осындай.
Бәдуан ИМАШ, журналист. Астана.