Өңір өмірі
Жастарға жол ашық
Елбасы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін 2014 жылға дейін кем дегенде екі есеге дейін ұлғайту жөнінде міндет қойғаны мәлім. Оны іске асыру жолында жастардың іскерлігі мен белсенділігі үлкен арқау болуға тиіс. Абай қаласында осымен жетінші рет өткен ауыл өрендері өкілдерінің форумында аталған мәселе жан-жақты талқыланды.
Жастар жиынында облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлнәрайым Қаңтарбекова ортаға салғандай, өз туған өлкелерін гүлдендіруге деген құлшыныс жергілікті қыздар мен жігіттер тарапынан жылдан-жылға өсіп келеді. Бұған дейінгідей, қалаларға ағылу азайды. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша ауылда да жұмыс ауқымы кеңейді. Жеке шаруаны дөңгелетіп әкетуге мүмкіндік үлкейді. Ауылдар бейнесінің көркейіп, әлеуметтік әлуеті нығаюы жас мамандарды ел ішіне оралуға тартып жүр. Өз еріктерімен мұндай жолды қалаушылар былтыр 288 болса, биыл қатарларына 300-ден астам құрбы-құрдастары келіп қосылды.
Соңғы уақытта, сонымен қатар тұрғылықты талапкер кәсіпкерлердің белсенділігі күшейе түскендігін атауға болады. Осы орайда облыс әкімі гранты енгізіліп, берілуі бес жылға айналған бұл шараның арқасында біраз азаматтың істері оңғарылуына жол ашылды. Атап айтқанда, шағын және орта бизнеске араласушы 60 жайнақтың сол арқылы алға қойған мақсаттарын орындауға қол ұзарды. Абай ауданындағы Юбилейный ауылында ойын-сауық орталығын ашқан Жанат Жұмабаев пен Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылында көлік жөндеу шеберханасын құрған Ернат Мұқышев секілді орталарына серпін есушілер жер-жерде аз кездеспейді.Тек облыстық емес, аудандық әкімдіктер де кәсіпкерлікке талаптанушыларға жоғарыда аталғандай гранттарды беруге дайын. Әсіресе, Абай, Ұлытау аудандарындағы жастар ұмтылысын осылайша қолдау басқа жерлерге үлгілі үрдіс болып жатыр.
Форумға қатысушылар “Менің өлкемнің өткені, бүгіні және келешегі” атты тақырыптағы жоба тұсаукесерімен танысты. Екі күндік басқосуда олар бір-бірімен тәжірибе алмасып, жаңа ой-идеялармен байи түсті.
Үйренерлік үлгілі үрдіс
Өмірдің оңалуына анық айғақ осы болар, қазір облыста ажары мен бейнесіне сүйсіне қарарлық ауылдар қатары аз емес. Кезінде бар сәнінен айрылып, жүні жұлынған құстай күйге ұшыраған елді мекендердің біразы енді алыстан көз тартады. Нұра ауданындағы Щербаков және Изенді ауылдары солардың шоғырында шоқтығы биігі саналады. Біріншісі “Қайнар” ЖШС жетекшісі Сейітжаппар Нығметовтің шаруашылық шаңырағын шайқалтпай, тынысын кеңейту арқасында әлеуметтік әлуеті әлденсе, екіншісі “Отқанжар” ЖШС басшысы Қанат Отарбаевтың туған, өскен ортасына деген перзенттік парыз-қамқорлығы шапағатына бөленіп көркею үстінде.
Осы ауылдардағы игі істермен танысып, үйренуге бүгінде жан-жақтан келушілер көп. Қарқаралы аудандық мәслихатының хатшысы Орал Жүкібаев пен аудан әкімінің орынбасары Серік Дүйсетаев бастаған құрамына ауылдық округтердің әкімдері және шаруа қожалықтары жетекшілері қамтылған делегация солардың алғашқысы болды. Жергілікті тұрғындардың ауқатты тұрмысы үшін барлық жағдай жасалған бұл елді мекендер бейнесі көз сүйсінтерліктей. Изенді тыныс-тіршілігін көркейту ұдайы қамқорлығындағы осындағы “Отқанжар” серіктестігі мешітті, интернат үйін, наубайхананы, Бақтияр Артаев атындағы спорт кешенін, жазғы би және балалар ойыны алаңын, қымызхананы, тойхананы өз күштерімен салған. Сонымен қатар бір орталықтан қызмет көрсету орталығында орналасқан кітапхана, пошта, медициналық пункт ауыл көркі. Бүгінде мұнда Мәдениет үйін жөндеу жұмыстары аяқталып келеді.
Сондай-ақ Изендідегі көшелер, аулалар тазалығы да қарқаралылықтар назарын аудартты. Олар Щербаков ауылында “Қайнардың” күш-қаражатымен салынған дәрігерлік амбулаторияны, мейманхананы, қалпына келтірілген Мәдениет үйін аралап көрді. Озат диқандарға, малшыларға тұрғын үй тарту етілетін, тұрғындарға отын, жем-шөп тегін таратылатын үрдіс қызықтырды.
Өздерінде орналасқан шаруашылықтардың көмек-қолдауы арқылы гүлденіп, өркендеген аталған ауылдар бейнесін көзбе-көз көру қарқаралылықтарға үлкен әсер етті. Бұл үрдіс көрікті өлке іскер топтарына үлгі болмақ.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды облысы.
Ер есімі ескерусіз қалмайды
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері арасында Жұмабек Тәшеновтің есімі ерекше аталады. Қара қылды қақ жарған әділдігінен, шындықты бетке айтқан турашылдығынан айнымаған асыл азамат өмір бойы ұлтына, еліне қалтқысыз қызмет етті. Кеңестік кезеңнің темір құрсауында жүрсе де Қазақ елінің тұтастығын сақтап қалған күрескерлік қасиеті әлі күнге дейін аңыздай естіледі. Оның саналы ғұмырының біраз бөлігі Қызылжар өңірінде өтті. 1948-52 жылдары Солтүстік Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған тұстары да ұлтжандылық, адамгершілік тұлғасы тіпті ерекшеленді.
Алайда, онымен бірге қызметтес болған адамдар, соғыс және еңбек ардагерлері айтулы тұлғаны ұлықтау, еске алу жөнінде талай ұсыныс жасағанмен, есімі бертінге дейін ескерілмей, елеусіз қалып келді. Биыл бастама жергілікті билік орындарынан қолдау тапты. Жуырда ол жұмыс істеген бұрынғы облыстық атқару комитеті ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Оның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов, марқұмның ұлы, тарих ғылымдарыының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мұрат Тәшенов, еңбек ардагері Николай Сахаров сөйлеп, мемлекет және қоғам қайраткері жайлы әңгімеледі.
Сөз арасында жұртшылықтың облыс орталығындағы №20 қазақ мектебіне Ж.Тәшеновтің есімін беру жөніндегі өтініші тиісті орындарға жіберілгенін айта кеткен жөн.
Өмір ЕСҚАЛИ, Петропавл.
“Жасыл десанттың” жақсы бастамасы
Жуырда Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде еліміздің шығысында жаңада құрылған “Жасыл десант” атты экспедиция мүшелерімен кездесу өткізілді. Аталған экспедицияның құрамындағы жиырма шақты жауынгер өзен бойымен жеті күндік сапарға аттанып бара жатқандықтарын мәлімдеді.
Олар сапар барысында өзен тазалығын, жағалаудағы топырақ құрамын, ағаштар мен өсімдіктер жайын, бір сөзбен айтқанда, жалпы Ертіс бойындағы экологиялық ахуалды зерттеп қайтпақ. Өзен бойындағы тазалықтың ешқандай қалыпқа сәйкес еместігін баршамыз көріп жүрміз. Бүгінде адамдардың демалып отырған жерлерінде артына қоқыс қалдырып жүре беретіні дағдылы іске айналғаны өзімізге белгілі. Ал полиэтилен пакеттер мен түрлі сусындардан босаған бөтелкелердің жылдар бойы жата беретіні, сөйтіп, экологияға орны толмас зиян келтіретіні айтпаса да түсінікті.
Сөйтіп, олар Семейден өзен бойымен Катонқарағай ауданын бетке алып жүзіп кетті. Алдағы уақытта мұндай экспедиция дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.
“Жәрдем” қоры көмекке келді
Ақсу қаласындағы осы қоғамдық қордың директоры Анар Айдарханова тағдыр тәлкегіне ұшыраған кейбір адамдарға арнайы орталық ашуды көптен бері ойлап жүрген екен. Жалпы, қазір қай жерде болмасын тұрақты мекен-жайлары жоқ, көшелерде, үй аулаларында қаңғып жүретін жандар аз емес.
Бұлардың осындай күй кешіп жүргендері өз алдына, бұл көпшіліктің ортасында жағымсыз жайлар да тудырады. Саламатты өмір салтын ұстанғысы келетін халық, әрине, айналасының таза, денсаулығы жақсы, дұрыс тұрмыс тіршілік кешетін адамдардың болғанын қалайды. Ал, күл-қоқыстан тамақтанып, үйлердің әр бұрышында түнеп жүретін қаңғыбас жандардан қоғамды арылтуды, оларды еңбекке бейімдеп бір ортаға жинағанды “Жәрдем” аталатын қоғамдық қор мүшелері осылай қолға алды. Сөйтіп, еліміздегі Жапония елшілігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан “Асыл шөптер тамыры” атты гранттық бағдарламасына қатысты.
Бағдарлама бойынша 87 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражатқа қала орталығынан бір үйді сатып алып, күрделі жөндеу жасауға кірісіп кетті. Әлеуметтік мәселелерді орындауға арналған бұл бастаманы қолдауға қалалық әкімдік, “Ақсу – біздің ортақ үйіміз” атты қоғамдық қор қолдау көрсетті. Қазір Анар Айдарханова көптен бері ойлаған орталық та ашылды. Бұл үйдің әрі қарай тұрақты жұмыс жасап тұруы үшін қоғамдық қорлармен қатар, жай адамдар да қатысып көмектерін бере алады. Тағдыр тәлкегіне түскен бұл адамдарды өмірге қайта бейімдеп, еңбекке тартатын орталық үшін “Ақсу – біздің ортақ үйіміз” дейтін тағы бір қоғамдық қор да қайырымдылық шарасын жасап, 1 миллион теңгедей қаражат бөлді. Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Ержан Рақымжановтың айтуынша, ораза айында қайырымдылық жасау, ниет пен пейілге сай болу – жақсылық. Алдағы уақытта қалалық әкімдік бұл орталықты толықтай қамтамсыз ету үшін 4 миллион теңгедей қаражат қарастырмақшы. Бұл қаражат азық-түлік қорына, медициналық көмек көрсетуге және бейімдеу орталығында еңбек ететін адамдарға бағытталады.
Сонымен қатар, Ержан Мэлсұлы биылғы жылы қарттар мен мүгедектер үйінің де жылу, су жүйелері жаңартылып, бөлмелерге желдеткіштер орнатылып, күрделі жөндеуден өткенін айтып өтті.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.