• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Қыркүйек, 2010

Текті әулеттің тұяғы

946 рет
көрсетілді

Қолыма қаламымды алғаным сол еді, қара телефон безек қағып қоя берді. – Алло, тыңдап тұрмын. – Айналайын балам, мен Абдулла Әбенұлы деген атаңмын. Танисың ба, танымайсың ба, білмедім? – Танығанда қандай, сіз “Ұстаздардың ұстазы” атанған Абдулла ақсақалсыз ғой. – Рахмет, айналайын. Ұстаз болып туып, ұстаз болып қартайғаныма қуанамын. “Ұстаздардың ұстазы” деген бағадан артық марапаттың маған қажеті шамалы. – Әбеке, қандай тапсырмаңыз бар, айта беріңіз. – Балам, тапсырма емес, азын-аулақ өтінішім бар. Алла сыйлап, биыл 80 жастың желкесіне мініп отырған жағдайым бар. Балаларым мен неме­ре­лерім жүректеріне жазылып қалған өмір өрнектерін ақ қағазға түсірген екен. Соған байланысты өзіңмен емен-жарқын әңгімелессем деп едім. Менің мұным соқ­пақты да тоқпақты өмір жолын кейінгі ұрпақ­тарға ұлағат болар деген ниеттен туындап отыр. ...Сонымен қолымда Абдулла ақсақалдың інісі Әбдірахманның қызы – филология ғылым­да­рының кандидаты, доцент Күлзада Әбенованың жаз­ба­лары. Сәл-пәл үзінді берелік. “Әдетте тарихшы ғалымдар ұлттың, халықтың тарихын оның жеке тұлғаларының өнегелі істе­рі­мен, қалдырған ұлағатты іздерімен байланысты­рады. Сөйтіп, тұтас мемлекеттің өткенін баян­дайды. Отанның отбасынан басталатынын ескер­сек, бұл аксиоманы шағын ғана көлемде қарағанда, әр әулеттің де ауызға алар тарихы мен дәстүрі, мақтаныш тұтар істері оның жеке өкілдерімен байланысты екен. Оны өз әулетіңнің өткен жолына қарағанда анығырақ байқайсың да. Біздің әулеттің де сондай өнегелі қара шаңырақтардың қатарында екендігін мен де мақтаныш тұтамын. Егер біреулер менен : “Қай атаның ұрпағысың? Кімге қарап өстің?” – деп сұрай қалса, өз ата тегімдегі ауызға оралатын айтулы тұлға Абдулла атамды атаймын. Тегінде мұғалім мен ұстаз болудың айырмашы­лығы жер мен көктей екенін біреу білсе, біреу біл­мес. Мұғалім дәріс береді, пән үйретеді, ал ұстаз өне­ге береді, үлгі үйретеді. Мұғалімнен ұстазға ай­нал­ған санаттылар бар болар. Ал, шын мәнінде ұс­таз құрсақтан ұстаз болып шығады. Ұстаз болғандар ұстаз болып қартаяды. Менің атам дәл осындай текті атаның тұяғы”. Абдулла ақсақалмен әңгімелесу барысында оны шынында да, Күлзада айтқандай, тегінде бар тұлға болар деген ой жүрегімде жазылып қалды. – Мен, 1929 жылы Жаңақорған ауданындағы Төменарық елді мекенінде дүниеге келдім,– дейді әңгіме үстінде Абдулла ақсақал. Өкініштісі сол, бір жарым жасымда анамнан айырылып, тағдыр талқысын көп көрген әке тәрбиесімен өстім. Әбекеңнің айтуынша, әкесі Әбен Бекназарұлы араб тілін жетік білген сауатты кісі болған екен. Түп аталары Арқадан келіп, астық сатып жүргенде Бекназар осында қалып, егін еккен. Бертін келе Сырдың бойына шығыр орнатып, отырықшы­лық­пен айналысады. Көзі қарақты, көңілі сергек, заман арнасының ағысын ерте түсінген Бекназар ата өз ұрпақтарының келешегін ойлап, оларды арабша оқытып, қабілеттеріне сай ұсталыққа, молдалыққа баулиды. Құдайдың құдіреті болар, бір-бірімен тетелес өскен бес баласы өздерінің қабілеттерімен көп көзіне ілінеді. Үлкені Әбдіраман діни сауатты­лығымен елді аузына қаратса, екінші ұлы – Әбді­жаппар темірден түйін түйген ұста болыпты. Сол кісіден қалған ұста дүкенінде әлі күнге дейін балғаның сартылы жаңғыра шығып тұрады екен. Ал, Әбен, Баһман, Оразалылардың бірі тігінші, енді бірі дихан, бірі мұрап болып, өздері өмір сүрген уақытта қазаққа тән емес кәсіптерді нәсіп етіп, ел игілігі үшін еңбек еткен жандар болса керек. Осын­дай аса зеректік қабілеті үшін Әбенге халық “Жұлдыз Әбен” деген ат беріп, айдар таққан. Сол “Жұлдыз Әбеннен” өмірге жеті ұл, бір қыз дүниеге келіп, олардан бүгінде 23 немере, 66 шөбере, 28 шөпшек тарап, өсіп, өркен жайып отыр. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Абдулла Әбенұлы “Ата көрген оқ жонар” деп қазақ айтқандай, әке тәрбиесін жастайынан зердесіне тоқып, мектепке бармай жатып-ақ хат таниды. – Біздің балалық бал дәуреніміз Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарымен тұспа-тұс келіп, бейнеті мол күндерді бастан өткердік,– дейді әңгіме үстінде Абдулла ақсақал. – Әкем маған оқуды, оқығанды көңілге тоқуды аманат етіп қалдырған болатын. Содан Төменарық ауылындағы жеті жылдық мектепті тәмамдап, Қызылорда қаласына атбасын бұрып, алдымен педагогикалық ущили­щеде, содан кейін сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы пединституттың филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша дәріс алдым. Әбекең 1958 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударып, ұлағатты ұстаздықтың сара жолына түседі. Еңбек жолын қаладағы №3 орта мектепте қатардағы ұстаздықтан бастаған ол өзінің өнегелі іскерлігі мен аса ұйымдастырушылық қабілеті арқасында №140 орта мектебіндегі оқу-ағарту саласында 40 жыл бойы еткен еңбегі – ұстаздық жолының ең бір жемісті кезеңі екен. Сол жылдары №140 орта мектеп Сыр аймағын­дағы білім беру саласындағы айтулы білім ордасына айналды. Әбекең –мектептің материалдық-тех­никалық базасын жақсарту, оқу-тәрбие процесінде оқушылардың шығармашылық және жеке тұлғалық қабілетін дарытуға ерен еңбек сіңірген тұлға. Әбекеңнің отбасы – өнегелі де берекелі отбасы. Көпшілік келіп Әбекеңнен ақыл сұрайды, бата ті­лей­ді. Осындай өнегелі өмір салтын берік ұстанған Аб­дулла ата мен Өзипа ана екі ұл, екі қызды өсіріп, өркен жайдырып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған. “Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол” деп Абай атамыз айтқандай, әке сенімін арқалаған Мұрат Әбенов әке үмітін ақтай алды. Ол талай-талай басшылық қызметте ел таныған азамат атанып, Парламент Мәжілісіне депутат болып сай­лан­ды. Сөйтіп, әкесінің ғана емес, халықтың ұлы болды. Әбекең тек өз кіндігінен тараған ұрпақтарына ғана емес, ата әулетінен тарағандарға, оны айтасыз, кез-келген адамға қамқорлық қолын созумен келеді. Білім алуға ынтазар, жаңалық атаулыға құштар жастарды көрсе балаша қуанып, олардың өмір жолдарына бағыт-бағдар беріп отырады. Абдулла ақсақал шапағаты Сыр өңірін шуаққа кенелтіп-ақ жүр. Атасы Бекназардан тараған әулетте ұлы болсын, қызы болсын бір де біреуінің шаңырақтары шайқалмай, түтіндерінің түзу шығуы –  осы ақ­сақалдың тәлім-тәрбиесінің жемісі. Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.