• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2010

Жұмыс сапасы жобалаудан басталады

683 рет
көрсетілді

Соңғы жылдары Қазақстанда құры­лыс жұмыстары қарқынды жүруде. Осы істің мінсіз әрі тиянақты жүзеге асуы, бірінші кезекте, олардың әу баста дұрыс жобалануларына тікелей байланысты. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі “Мемса­раптама” РМК-нің бас директоры Бір­­лік ЕРЕЖЕПОВПЕН төмендегі әңгіме де осы төңіректе өрбиді. – Бірлік Бекмырзаұлы, технологиялық күрделілігі жоғары категориядағы жобалардың мемлекеттік сараптамадан өтетіні белгілі. Сіздің ойыңызша, еліміз үшін маңызды ғимараттардың сенімділігі мен қауіпсіздігін жобалау сатысының өзінде-ақ қалайша қамтамасыз етуге болады? – Ұзақ жылдар бойы қалыптастырылған жобалау жүйесі, өкінішке қарай, соңғы жыл­дары бүлініске ұшырауда. Жобалау-смета­лық құжаттар сапасының төмендігін бүгінде басты проблемалардың қатарына жатқызуға болады. Қазіргі уақытта техникалық жа­ғы­нан күрделі әрі айрықша сипатты нысан­дарды жобалау мен іздену жұмыстарына өткізілген тендерлерде көбіне-көп адам саны аз жобалау ұйымдары жеңімпаз болып жүр. Оған себеп “Мемлекеттік сатып алулар ту­ралы” заңда жеңімпазды анықтаған кезде оған қатысушылардың бірі белгілеген тө­менгі баға, яғни өтініш берушінің бағалық көрсеткіші шешуші критерий болып табы­лады деп көрсетілген. Ондай жағдайларда жеңіп шыққан компанияларда көбіне-көп тиісті тәжірибе мен материалдық-техни­ка­лық база және білікті мамандар бола бер­мейді. Осыдан келіп олар субмердігерлерді тартады, ал ол жобалаушылар жауапкерші­лігінің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Бол­маған жағдайда біздің сарапшыларға жо­ба­ларды қайта қарап, оның бүкіл бөліктеріне түзетулер енгізуге тура келеді. Іс жүзіне кел­генде, бөгде біреулердің қателіктерін түзету­дің сыртында, олар жобалаушыларды оқытумен де айналысып кетеді. Қалыптасқан осындай жағдайда Құры­лыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері агенттігі жобалау ұйымдары мен жобалаушылар үшін лицензиялар беру жүйесін қайта қарау туралы мәселе қойып отыр. Ұсынылғалы отырған жаңалықтың түп-төркіні жобалау ұйымдарын өздерінде бар әлеует пен ресурстарға сәйкесті күрде­лілігі мен ауқымы әртүрлі деңгейлердегі нысандарды жобалаумен айналысуға рұқсат ала алатындай дәрежеде мамандандыруға келіп саяды. Әңгіме компанияларды категориялар бойынша екшеу жөнінде болып отыр. Дәл осындай көзқарасты құрылыс-монтаж ұйымдарына қатысты да ұстану қажет. – Бір сұхбатыңызда сіз жұмыстары қана­ғаттанғысыз деп танылған күнде мердігерлерді қазірдің өзінде “қара тізімге” енгізіп немесе лицензияларынан айыруға болады деген едіңіз. Айыпты болған компаниялар көп пе? – Біз реестр жүргізіп, ең сенімсіз деген жобалау ұйымдары бойынша Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне тоқсан сайын ақпарат беріп оты­рамыз. Агенттіктің құрылуына байланысты сәулет, қала құрылысы және құрылыс қыз­меттерімен айналысатын барлық субъек­ті­лер­ге деген талап айтарлықтай артты, лицензия алушыларға қойылар біліктілік талаптары қатайтылды және нақтыланды­рылды, сол сияқты лицензия алғандардың жұмысына бақылау да күшейтілді. Бұл ба­ғытта Астана және Алматы қалалары әкім­дерімен бірлесе отырып жұмыстар жүргі­зі­луде. Осы орайда үстіміздегі жылы Астанада бірқатар компаниялардың, олардың ішінде жобалаушылар ғана емес, сонымен қатар құрылыс компаниялары да бар, лицензия­ларынан айырылғанын атап өту керек. Дегенмен, бұл да жауапсыз жобалаушы­ларды тоқтата алған жоқ. Ең ғажабы сол, олардың көршілес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау ұйымдарына (өңірлердегі) өтініш беру арқылы, өзге өңірлерде ли­цен­зия алу мүмкіндіктері бар. Ал жобалау ұй­ым­дары өз қызметін елдің бүкіл аумағында жүргізуге құқылы. Рынок біліктілік әле­ует­тері ала-құла мыңдаған компаниялардың ұсы­ныстарына толы, бірақ олардың ара­сын­да толыққанды кәсіби құрылымдар саусақ­пен санарлық қана. Сондықтан тиісті қыз­мет­тер үшін лицензия алғандарға бақылау жа­сау қиынға түсуде. Осыдан-ақ саланы ли­цензиялаудың жобалаушылар мен құрылыс­шыларға лицензия беру мен бақылау жүр­гізудің бірегей республикалық бақылау тетігі бар жоғарыдан төмен қарайғы жүйесіне қай­та көшу қажеттігі туғанын аңғаруға болады. Біздің ойымызша, бұл проблеманы жо­ба­лау және ізденіс жұмыстарына лицен­зия­ны орталықтандырылған жүйе арқылы беру және жобалау ұйымдарының бірегей ре­гис­трін құру арқылы шешуге болады. Ал жер­гілікті атқару органдарына өз аумақта­рында орналасқан құрылыс материалдарын ш­ы­ғаратын кәсіпорындарға қатысты лицен­зия­лар беру функциясын ғана қалдыру керек. – Білуімізше, Ресей құрылыс саласын ли­цензиялау жүйесінен бас тартқан. Онда жо­балау, ізденіс, құрылыс, жөндеу жұмыстарына рұқсат беруді кәсіпорындарды салалық принциптер бойынша біріктіретін өздерін өздері реттеуші ұйымдар мойындарына алған. Қазақстан үшін солтүстіктегі көршіміздің тәжірибесі қаншалықты тиімді? – Біздің елімізде кәсіптік бірлестіктер бақылау құзыреттеріне ие емес, сондықтан аталған нұсқа біз үшін үйлесе қоймайды. Өзін өзі реттеуге көшуде саланың ерек­шелігін де ескеру қажет. Ал ол жұмыстар мен қызметтердің сан-алуандығына, құры­лысты салу мен оны одан әрі пайдаланудағы тәуекелдердің аса жоғарылығы сияқты проб­лемаларға келіп тіреледі. Мәселен, өзін өзі реттейтін ұйымдар құра отырып, Ресейде са­ланы мемлекеттік реттеп отыру да ішінара сақ­талған. Атап айтқанда, жобаларға мем­ле­кеттік сараптама жасау мен құрылыс қыз­ме­тіне бақылау жүргізу бұрынғыша қалып отыр. Жобалау, құрылыс және құрылыс ма­териалдарын шығару саласын лицензиялау мен мемлекеттік сараптама жасау мәселесі ТМД-ға мүше мемлекеттердің Құрылыс қыз­меті жөніндегі үкіметаралық кеңесінің ХХІХ отырысында айтарлықтай пікірта­лас­тар туғызды. Кәсіптік ортада бұл мәселеге қатысты пікірлер әлі де біркелкі емес. – Сіз нысандарға тапсырыс берушілердің, бірінші кезекте, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жобалаудың сапасы мен нормативтік мерзімдерін сақтауына қатысты жауапкершіліктерін арттыру проблемасын талай мәрте көтердіңіз. Содан бергі жерде қандай да бір өзгерістер болды ма? – Үстіміздегі жылдың бірінші жарты­жылдығында біз мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын нысандар бойынша 3934 құжаттар пакетін қарадық, бұл жобалардың жалпы санының 80,3 пайы­зын құрайды. Міндеттердің басымдығын ескере отырып, “Мемсараптама” РМК мем­ле­кет­тік және салалық бағдарламалар бой­ынша әзірленіп жатқан жобаларға айрықша назар аударды. Талдау конкурс жағдайында мем­лекеттік ұйымдардың нысанның бар бол­ға­ны бір жыл ішінде жобаланып, құрылы­сы­ның басталуын қарастыратынын көрсетіп берді. Ал кеңестік кезеңде күшінде болған нормативтер бойынша өнеркәсіп алыбының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 48 ай, яғни 4 жыл бөлінетін. Біз кеңестік кездегі алып құрылыстарға әуестенушіліктен бас тарттық, бірақ қазіргі уақытта да қоғамдық, әлеуметтік-тұрмыс­тық, коммуналдық мақсаттағы ірі кешендер тұрғызылуда. Ал ерекше нысандарға мұқият көзқарас қажет. Өкінішке қарай, тіпті естуге де оғаш, сапаның төмендігі жоспарлау, қар­жыландыру және мемлекеттік сатып алулар тәжірибесінің әп деп басталу кезеңінен-ақ орын алады. Осыған енді одан кейінгі саты – жобаны жүзеге асыруда нормативтік мер­зімдер мен құрылыс технологиясының сақ­талмайтынын қосыңыз. Мысалға, бастапқы жобалауда қарастырылған материалдар қол­данылмайды. Бізде әлі күнге нысанның құ­ры­лысты жүргізу барысында бекітілген жо­ба­лық шешімдерге қаншалықты сәйкес бо­лып шыққанына кәсіби тұрғыдан баға бе­ре ала­тындай инжинирингтік компаниялар жоқ. Осындай әрекеттердің, дәлірек айтқанда, әрекетсіздіктердің салдары құрылыс сапа­сының төмендігіне әкеліп соқтырады, ал тапсырыс беруші, кең мағынада алғанда, ол үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайды. Қазіргі сәтте Әкімшілік кодекс бойынша ең зор жаза ­– ол ірі компаниялар үшін маса шаққандай да әсер етпейтін айыппұлдар. Тапсырыс беруші нашар орындалған немесе мүлде орындалмаған жұмыс үшін жауапкер­ші­лікте болғанда ғана оның тиісті бақылау­ды жүзеге асыруға деген мүддесі арта түспек. – Кемшілікке кеңшілік жасаушыларды Құрылыс кодексінің талаптары тәртіпке шақырады деген үміт бар. Айтқандай, осынау маңызды заң жобасының тағдыры не болып жатыр? – Жалпы, құрылыс сапасына жауапкер­шілік мәселесін азаматтық-құқықтық қаты­нас­тар саласынан іздеген жөн. Құрылыс қыз­метін нормативтік қамтамасыз ету және те­х­никалық реттеу жүйесіне келер болсақ, қа­зіргі уақытта Құрылыс және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық істері агенттігі қол­даныстағы база мен оның құры­лым­да­рын түбегейлі реформалау тұрғысында үлкен жұмыстар жүргізуде. СНиП-тер (құрылыс нор­мативтері мен ережелері) жүйесінен бір­тін­деп бас тартудамыз. Нәтижесінде техни­ка­лық регламенттері бар, халықаралық стан­дарттарға сәйкес келетін Құрылыс кодексі басты салалық құжатқа айналуы тиіс. Таяу болашақта құрылыс саласындағы заңна­ма­лық талаптарды Кеден одағы бойынша әріп­тестеріміз – Ресей және Беларусь елдерінің заңдарымен үйлестіруіміз қажет. Қазақстандық нормаларды халықаралық талаптарға бейімдеу мәселесіне келсек, агент­тік америкалық және еуропалық стан­дарт­тарға талдау жасап, оларды біздің нор­ма­тив­термен салыстыру жұмыстарымен ай­на­лы­суда. Осындай жұмыстардың нәтиже­сін­де ең ұтымды деген нұсқа қабылданатын болады. – Отандық сарапшылардың біліктілікте­рін көтеру жүйесі қалайша жолға қойылған? – Біз мемлекеттік сарапшылардың кә­сі­би тұрғыда өсуі, жобаларға мемлекеттік са­рап­тама жасаудың ықпалдылығы мен тиім­ділігін арттыру үшін қыруар жұмыстар жүр­гізудеміз. Тұрақты жұмыс істейтін сарап­­шы­лардың біліктіліктерін көтеру жүйесі осы мақ­саттарды көздейді. 2010 жыл­дың алғаш­қы жартысында ғана “SCAD Offіce”, “ЛИ­РА”, “Солярис” қазіргі заман­ғы бағдарла­ма­лар кешені мен басқа да ин­женерлік бағ­дар­ламаларды оқыту бойынша бірнеше рес­публикалық семинар өткізілді. Ба­вар құры­лыс индустриясы одағының ша­қыруымен Мюн­хенде өткен мамандан­ды­рылған семи­нар­ға қатыстық. Онда құрылыс алаңдарын­дағы қазіргі заманғы логистика мәселелері талқыланды. Халықаралық су ассоциация­сының (ІWA) Мәскеу кон­фе­ренциясында сумен жабдықтау және ағын суларды тазартудың көкейкесті мәселелері қозғалды. Австрияда қазақстандық сарап­шылар за­уытта бола отырып су құбырлары желілеріне колодезсіз орнатуға арналған бітегіш арма­туралар өндірісімен, ал Германияда қазіргі заманғы жолдармен және жол техникасымен танысты. Осы жылдың басында “Мемсараптама” РМК мен оның аумақтық бөлімшелері “ТЮФ СЕРТ” және “ИНТЕР СЕРТ” ха­лықаралық сертификаттау орталықтарының тиісінше сапа менеджменті және менедж­мент жүйесін интеграциялы енгізу (ИСМ) сертификаттарын алды. – Сіз жаңа құрылысты ынталандыру мен жүйенің мөлдірлігі туралы айтып өттіңіз. Бірақ “Мемсараптама” атына да дәл осындай сындар айтылып жатады... – Біз келіп түсетін ескертпелерге тұрақ­ты мониторинг жүргізіп, өз жұмысымызда сарап­шылар жұмысының ашықтығы мен мөлдірлігіне баса назар аударып отырамыз. Бас офисте біз өзіміздің сайт арқылы қанат­қақты режімде ашық электронды хабарласу жүйесін енгіздік. Жыл соңына дейін бұл жүйе біздің бүкіл аумақтық бөлімшеле­рімізде де енгізілетін болады. Осы арқылы инвесторлар мен бюджеттік бағдарлама­лардың әкімшілері, тапсырыс берушілер мен жобалаушылар өздерін қызықтырған жо­ба­ның мемлекеттік сараптаудың қай саты­сында тұрғанын, сарапшылардың қандай ескертулер жасағанын, тапсырыс берушінің қандай қорытынды алғандығын біліп отыру­ларына болады. Кез келген кәсіпорын бас­шы­сының өз бағыныштыларының сөзіне ға­на иек артып қоймай, сараптамада жатқан жо­баның жағдайы мен сарапшылар ескерт­пелерін орындау жөніндегі жұмыс үдеріс­те­рін тексеріп отыруларына мүмкіндігі бар. Мемлекеттік сараптамаға деген талаптар жыл өткен сайын қатая түсуде. Сондықтан біз оларға сәйкес болып қана қоймай, со­нымен бірге жаңа жұмыс жағдайларына күні бұрын дайындала да білуіміз керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.