Еврейлер мен арабтар келісімге жете ала ма?
Қыркүйектің басында Вашингтонда АҚШ президенті Барак Обаманың араағайындығымен Палестина мен Израиль басшыларының арасында келіссөз басталған еді. Екі күндік келіссөзден кейін Махмуд Аббас пен Биньямин Нетаньяху ай ортасында Египеттегі Шарм-әш-Шейх курортында қайта кездеспек болып тарқасты.
Әлемдегі шешімі табылмай келе жатқан осынау шиеленіске байланысты бастамалар, әрекеттер үнемі сәтсіз аяқталып келеді. Мұны ең алдымен бітімге қарсылардың “еңбегі” деген жөн шығар. Қарсыластар екі жақтан да бар. Осы Таяу Шығыстағы шиеленістен пайда табатындар сыртта да кездеседі. Сөйтіп, әркез келісімнің жолы кесіледі.
Израиль-палестина шиеленісін шешу мәселесі халықаралық қоғамдастық тарапынан арнаулы төрттікке – АҚШ, Ресей, Еуроодақ және БҰҰ-ға жүктелген. Қарап тұрсаң, сол төрттіктің осалы жоқ. Шындап кіріссе, бұлардың қолынан көп нәрсе келетіндей-ақ. Бірақ олардың ойлары бір жерден шықпай жататын сияқты. Әсіресе, АҚШ пен Ресейдің мәселеге көзқарастары әртүрлі екені аңғарылады. Соңғы жиырма жыл әлетінде АҚШ айрықша белсенділік танытса, Ресей марғау ғана емес-ау, тіпті қарсыластар жағын қолдағандай да болатыны бар.
Осы жерде мына бір фактіге көңіл аударған жөн. Палестинаның өзінде бірі келіссөзді жақтайтын, екіншісі оған қарсы екі топ бар. Сол қарсы топ – ХАМАС соңғы парламент сайлауында жеңіске жетіп, үкімет құру құқығына ие болғанда, оларға қолдау көрсетіп, өздеріне бірінші шақырған да Мәскеу болды. Осыдан да жұрт біраз тұжырым жасаған.
Әркез АҚШ Израиль мен Палестина басшыларын өздеріне шақырып, келіссөзге күштегендей отырғызатын. Олардың бір еңбегі деп Ясир Арафатты өз бағдарламасындағы Израильді жою бірінші кезекті мақсат деген тұжырымнан бас тартқызғаны десе де болғандай. Содан кейін келісімге жақындаған да біраз сәт кезікті. Бірақ ішкі де, сыртқы да арандатушылар оған мүмкіндік бермеген. Сөйтіп, соңғы рет осыдан екі жыл бұрын Газадағы радикалды ХАМАС қозғалысының әскери құрылымына қарсы операция басталғанда келіссөзге де тосқауыл қойылып еді.
Биылғы келіссөзге қарсы әрекеттер де жетерлік. ХАМАС ұйымы Палестина басшысы Махмуд Аббасты сатқын деп қаралау науқанын өршітіп қана қоймай, Израильге қарсы оқ атып, арандатушылық әрекеттерге барып отыр. Олардың Египет пен Иордания басшыларына үндеу тастап, палестина-израиль келіссөзіне қатыспауға шақыруы да бұл оқиғаның халықаралық сипатын аңғартады. Ал Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың бұл келіссөзді “өлі туған” деп күстаналауы өз алдына, Аббастың заңды басшы екендігіне күмән келтіруі дипломатиялық шеңберге сыймайды. Оған Палестина әкімшілігінің өкілі Набиль әбу Рудейна жедел жауап қатып, Ахмадинежадты билікке алдау жолымен келген алаяқ деуі қарсыластардың қайшылығы тым тереңге кеткенін көрсетеді.
Енді келіссөздің алғашқы раундына келсек, АҚШ президенті Барак Обама мен мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның қатысуымен өткен кездесуден оң әсер қалғандай. Алдымен Аббас пен Нетаньяхудың құшырлана қол алысқанынан жұрт үміт күтеді. Келіссөздің күн тәртібіне жаңа Палестина мемлекетінің шекарасы, Израильдің қауіпсіздігі, Иерусалимнің мәртебесі және палестиналық босқындардың болашағы сияқты сүбелі мәселелердің шығарылуы да жақсылыққа жоралғыдай. Келіссөз бір жылдай мерзімге созылып, мәселелер жан-жақты сараланбақ.
Келіссөздің оң нәтиже беруі мүмкін бе? Алғашқы көңіл-күй, жалпы қалыптасқан саяси жағдай мүмкін деп тұжырым жасауға жетелейді. Махмуд Аббас пен Махмуд Ахмадинежад бір-біріне қарсы болса, Биньямин Нетаньяхудың алғашқысы жағына шығатыны даусыз көрінеді.
Келесі раунд Египет жерінде. Енді оған Хусни Мүбәрак бармай тұра алмайды. Барған соң араағайындыққа жүрмесе және болмайды.
Саяси ойын тәлкегіне ұшыраған молдавандар
Соңғы апта әлетінде молдавандар маңызды екі оқиғаны бастан кешті. Молдавияның өзінде ел президентін тікелей сайлау жөніндегі референдум дауыс берушілердің аздығынан өтпеді деп есептелді, ал одан бөлінген Приднестровье Молдавия республикасы деген өзінің жиырма жылдығын атап өтті.
Белгілі дәрежеде бұл екі оқиғаның бір-бірімен қатысы бар. Сыртқы күштердің ықпалымен сонау тәуелсіздікке қол созған тұста Молдавия республикасы өзінің экономикалық тұрғыдағы ең әлеуетті аймағынан айрылып, оның тауқыметін қазірге дейін тартып келеді. Сонда сырттағылардың қолдауымен пайда болған сепаратистік Приднестровье Молдавия республикасы бүйірден қадалған шаншудай орталық Молдавия республикасының саяси да, экономикалық та өміріне қатты ықпал етуде.
Тарихқа сөз жіберсек, бұл үшін ең алдымен осы елдің басшыларын кінәлауға болар еді. Олар өз елінің тұтастығын сақтай алмады. Бұған олардың өресі, басшылық кемеңгерлігі жетпеді десе де жөн шығар. Сол Приднестровьенің қалай бөлінгені, оған сырттан қандай қолдау болғаны жұрттың есінде. Сепаратистердің мүддесін қорғап, онда Ресейдің 14-ші армиясы тұрғаны белгілі. Ал Молдавия басшылары халықаралық ұйымдардың қолдауына жүгініп, өз елінің тұтастығын сақтап қалу орнына билікке таласып, қырық пышақ болып жатты.
Елдің берекесін кетірген сол алауыздық, билікке талас қазірге дейін жалғасып келеді. Бұған өткен жексенбіде болған референдум айқын дәлел. Міне, екі жылдан бері өз президенттерін сайлай алмай келе жатқан олар референдум өткізуді де ұйымдастыра алмай, масқара болып отыр. Дауыс беруге ең болмағанда халықтың үштен бірі қатыспағандықтан, елдегі билік дағдарысы тағы да біразға созылмақ.
Бұл елде президентті парламент сайлап келді. Ол үшін 100 депутаттың бестен үшінен астамы, яғни 61-ден көбі дауыс беруі керек. Бұған дейін коммунист Владимир Воронин сегіз жыл бойы президент болса, оның мерзімі (екі рет) біткен соң, ешкім парламент арқылы сайлана алмай отыр. Қажетті дауыс жинай алмады. Екі рет парламент таратылып, жаңа сайланған депутаттар президентті сайлай алмағандықтан, президентті тікелей сайлау жөнінде шешім қабылдайтын референдум да өтпей қалды. Енді жаңа парламент сайлауы өтуге тиіс. Сол жаңа парламент президент сайлауға қабілетті бола ма? Ол да белгісіз. Демек, Кишинеуде билік дағдарысы әлі біразға созылатын түрі бар.
Екінші оқиға – Приднестровье Молдавия республикасының жиырма жылдығына келсек, оны олардың өздері де, оның дүниеге келуіне тікелей себепші болған Ресей жағы да жағымды оқиға санаса, халықаралық қоғамдастық олай ойламайды. Жиырма жылдан бері ешбір ел оның тәуелсіздігін таныған жоқ. Дүниеге заңсыз келген құрылым деп есептейді.
Жалпы, Приднестровье туралы аз айтылып жүрген жоқ. Әсіресе, оны ақтаудың реті келген кезде Ресей жағы қапы жібермейді. Осыдан біраз бұрын Сербиядан Косово өлкесі бөлініп шығып, оның тәуелсіздігін көптеген елдер таныған кезде, Мәскеу мұны Приднестровьемен салыстырып, жағдай бірдей, ал бағалауда екі түрлі стандарт бар деп шулаған. Ал бұл екі құрылым әсте де бір өлшемге сыймайды. Приднестровье Молдавия республикасының орталық басшылығынан ешқандай да қысым көрмеген, сыртқы жақтың қолдауына сүйеніп бөлінген сепаратистік құрылым екені белгілі. Ал Косово болса, Сербия тарапынан қатаң геноцидтік репрессияға ұшырап, одан құтылудың жолы тек тәуелсіздік үшін күрес болғанына да жұрт куә. Содан да парасатқа жүгінгендер бұл екі құрылымға екі түрлі баға берді.
Қалай болғанда да, молдаван халқы өз елінде қалыптасқан жағдайдан тағдыр тәлкегіне ұшырап отыр. Ел бөлшектелген, билік басындағылар халық мүддесінен бұрын сол билікте қалуды ойлайды. Бұл берекесіздіктің де қашанға дейін созылары белгісіз.
Мамадияр ЖАҚЫП.