• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Қыркүйек, 2010

Ойыл орманы

1331 рет
көрсетілді

Талбесік Ақтөбе өңірін жасыл желекке малынып тұр деуге келмейді. Соң­ғы жылдары “Жасыл ел” бағ­дар­ламасы аясында елді мекендерді көгалдандыруға, орман қорларын толықтыруға ерекше көңіл бөлініп, жасыл желекті аумақтар кеңейе түсті. Соның өзінде аумағы 30 062 900 гектарды алып жатқан облыста мемлекеттік орман қоры­ның жері 199718 гектарды құ­райды. Ал ор­манмен қамтылғаны 42899 гектар жер ғана. Облыста жеті орман ша­руашылығы бар. Бұлардың тал-дарағы сиректеу өңірде жасыл желекті аумақты ке­ңей­туге елеулі үлес қосып ке­ле жатқаны сөзсіз. Біздің бү­гінгі әңгіме арқауына айна­л­дырғалы отырғанымыз көне Көкжардағы Ойыл орманы болмақ. Бұл ор­ман­ды ба­сында Көкжар жәр­меңкесіне сусып жетіп бару қаупі бар Барқын құмын тоқтату үшін орыстар қолдан отырғызды дегенді алға тартады біле­тін­дер. Бұған қазақтың белгілі ақыны, Мем­лекеттік сый­лық­тың лау­реаты Есенғали Рауша­нов­тың “Астана ор­ма­ны” деген мақаласындағы мы­на деректер де дәлел болады. “Одан бері де кешегі Асанқайғы “Ойыл көздің жасы еді” деп еміреніп өткен Ойыл өзенін бойлап жүре қалсаңыз, қарасаң көзің талатын жылмиып жатқан жазық даланың қақ ортасында ойламаған жерден оазиске тап боласыз. Бұл – ұзындығы жиырма бес, ені үш шақырымдай келетін Ойыл орманы. Адам таң­ға­ларлық жәйт. Айдала. Жа­қын маң­да бұлағы орғылаған тау-тас түгіл, қырқа-қыраты жоқ. Анда-санда қанаттыдан қарға мен ала қанат сауысқан ғана ұшады. Кенет көздің жауын алатын кө­гілдір әлемге еніп кетесіз. Аспан теп­кен зәулім қарағайлар ыспа ша­ғыл арасында жамбастап ұйықтап жатып кенет түрегелген ертегінің алып батыр­лары секілді. Ақ қайың­дар аралы аспаннан түскендей әсер етеді. Орыс отарлаушылары Ойыл­да қала салып, Көкжар жәрмеңке­сін ұй­ымдастырғанда біздің далаға мәңгі бекінуді көздегені хақ. Соның бір дәлелі – осы орман” деп жазады. “Ойыл орман шаруашылығы” мемлекеттік мекемесінің директоры Серік Мусиннің айтуынша, оның жиегінде орналасқан ауылдың Екпетал аталуы да сондықтан болса керек. Ойыл ауданының жері жартылай шөлейт аймаққа жатады. Қырында киік жортқан сайын далаға сән беріп тұрған осы орманды ойылдықтардың “шағын Швейцарияға” балайтыны да рас. Ойыл орман шаруашылығына 23754 гектар орман қоры жері қарайды. Оның ауданның әлеумет­тік-экономикалық дамуына қоса­тын үлесі де қомақты. Ақтөбе облысы бойынша тек қана Ойыл орман шаруашылығы мекемесі дербес ауыл болып отырғаны да шындық. Шаруашылық орталығы – Екпетал ауылында әлеуметтік мәселелер оң шешімін тапқан деуге болады. Орталау мектеп, балабақша бар, кітапхана, ФАП жұмыс істейді. Төрт телеарна көрсетеді, телефон байланысы үйді-үйге барып, ұялы телефоның алып тұр. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Темір далалық орман шаруашы­лығы бөлімшесінен іріленіп, өз алдына Ойыл орман шаруашылығы болып құрылған қазіргі мемлекеттік мекемеде орманшы, 35 жұмысшы еңбек етеді, 20 адам маусымдық жұ­мысқа тартылады. Елуге тарта түтін тоғысқан ауылда шаңыра­ғы­нан бір адам жұмыс істемейтін үйді кездестірмейсіз. Серік Мусиннің “Ой­ыл орман шаруашылығы” мем­­лекеттік мекемесінің тізгінін ұс­та­ғанына көп болмаса да, өз ісін же­тік білетін басшы екен. Осы жердің азаматы болғандықтан, ша­руашы­лықтың тыныс-тірші­лі­гінен жақсы таныс екенін аңғартты. Оның да себебі бар, ата-анасы ос­ында істе­ген, орманшылар әуле­ті­нен болып шықты. Жұмыстың басы-қасында жүрген орман шебері Ерлан Мұ­хамбетәлин мен инже­нер-механик Қылыш Жантелиннің білікті ма­мандар екені көрініп тұр. Шаруашылықта бір шынжыр табанды, бес”Беларусь” тракторы екі жеңіл көлік, екі жүк мәшинесі, бір автобус бар. Көбі ескі бол­ғандықтан, ұдайы жөндеуді қажет етеді. Осы техникалармен өрттен қорғау, қураған ағаштарды кесіп-бұтау, басқа да түрлі науқандық жұмыстарын атқарады. Мұнда ағаш көшеттерін өсіретін 7 гектар екі питомник бар. Көшет те жас сәби сияқты, көп күтімді қажет етеді. Бо­лашақта тамшылатып суару технологиясын енгізу көзделуде. Сол кезде көшет өсіруге кететін шығын анағұрлым азаяды. Бұл да табыс көзі. Көшеттерді көршілес аудандарға өткізеді. Көршілес Атыраудан келіп алып тұрады екен. Былтыр ақылы қызмет көрсетуден 4, 5 млн. теңге табыс тауыпты. Ана­бір жылдары орманды қорудан бас­қа қосалқы шаруасы құлдыраған ша­руашылық бүгін облыста ал­дың­ғы қатарда. Оған қазіргі эконо­ми­калық көрсеткіші куә. Шаруашы­лық­тың негізгі табыс көзі ағаш кө­шет­терін сату болғанымен, ауыл­дың шаруасы үшін қажеттің бәрі де осынан табылады. Сұраныс болса, шарбақ та тоқиды, кетпен-күрек саптарын да жасайды. Орман қорын толықтыру мақ­сатында жыл сайын 75 гектарға ағаш көшеттері егіледі. Бұл шаруа биыл да жалғасуда. Көшпелі құмды тоқтату үшін бұдан екі-үш жыл бұ­рын Сарбие, Көптоғай ауылда­ры­ның әрқайсысының маңына 100 гектар, Ойыл селосының іргесіндегі көпірдің жанынан 5 гектар жерге әртүрлі ағаш көшеттері отырғызыл­ған екен. Қазір олар бой түзеп қа­лыпты. Көршілес аудандарға, аудан орталығындағы мекемелерге биыл­дың өзінде “Жасыл ел” бағ­дарла­ма­сы бойынша біраз ағаш кө­шет­тері өткізілген. Мекемеге қа­рай­тын Саралжын орманшылы­ғында да орман қорын толықтыру мақ­са­тын­да көп шаруа жасалуда. Үс­тіміздегі жылы “Ауылдың өр­кен­деуі – Қа­зақстанның өркендеуі” акциясына қатысқан 14 оқушы ауыл көше­ле­рін тазаласа, “Жасыл ел” жаса­ғы­ның 50 мүшесі орманды санитар­лық тазалау жұмыстарына атсалыс­ты, ағаштарды күтіп-бап­таудың басқа да шаруаларын атқаруда. Айтпақшы, мұнда бұрынғы ал­масының дәмі тіл үйіретін Ой­ылдың алма бағы қайта қолға алы­нып, он гектарға үш мыңға жуық түп алма ағаштарының көшеттері отырғызылыпты. Көшеттерді күтіп-баптау жұмыстарының арқасында шығымдары жақсы дейді. Мез­гілінде суару, сирету, өсімдік зи­ян­кестеріне қарсы улау сияқты қыруар шаруасы бар. Деген­мен, шаруашылық жұмыс­шы­лары бәріне де дер ке­зінде үлгеріп жүр. Кезінде “Эко­логиялық таза ауыл” бай­қауы бойын­ша елді ме­кендерді сани­тарлық таза­лау, абаттандыру жұмыста­рын жақсы ұйым­дас­тырғаны үшін марапат­талған ауылда бұл үрдіс биыл да лайықты жалғасын тауыпты. Ауыл кө­шелері тап-таза, ағаштардың түптері әктелген. Ауылдағы тұрғын үйлер мен мекемелер тәртіп­ке келтірілген, көлде­нең жатқан ештеңе көрін­бей­ді. Шағын ауылдың мұн­дай болуына шаруашылық та көмек қолын созып ке­ле­ді. Сондықтан, екпеталдық­тар қандай қиын кезде үдере көшкен жоқ. Отыны дайын, малын өсіріп, жұмысын жа­сап, тұрмысын түзеп аудан орталығына таяқ тастам жер­де тұрып жатыр. Орман ша­пағаты тиген ауылдың ын­­тымағы мен бірлігі мықты. Шаруашылық шағын ау­ылдағы барлық шараның тұрақты бас демеушісі болып жүр. Жыл сайын орманға жүргізілетін санитарлық та­за­лық кезінде жиналған от­ын ау­дан­ның соғыс және еңбек ар­да­гер­лері мен мүге­дектеріне же­ңіл­де­тілген бағамен берілсе, аудан­да өте­тін қайырым­ды­лық шарала­ры­нан да тыс қал­майды. Ауылдағы ор­та­лау мектеп­тің де мереке ке­зін­де иек ар­та­тын мекемесі осы. Сон­дай-ақ, ме­­реке каникул сайын ау­ыл­дағы “УАЗ” көлігі арнайы жібе­ріліп, Ақ­төбеде оқитын сту­дент­тер­ді тегін алып келу дәстүрге айналған. Мемлекеттік мекеменің дирек­торы Серік Мусин Ойыл орманын­да теректің түрлері, қарағайдың, қандыағаштың, жуса ағашының, үйеңкінің, қайыңның өсетінін айта келіп, мұнда туристерді тартудың мүмкіндігі мол екенін де тілге тиек етті. Қарағайдың табиғи тамыр тартып отырғаны қуантты. Оның айтуынша, осы ағаштың тұқымы жерге түскен соң соңғы жылдары қоры молайған құм астындағы тұщы судан ылғал тартып, бой түзеп кететіні шыны керек, бұрын-соңды біз естімеген жаңалық бол­ды. Мұнда қасқыр, қарсақ, түлкі, қоян сияқты аңдар мен өсімдіктің алуан түрлері кездеседі. Барқынның қалың құмының ортасындағы Қызылқарасудың табанын балдыр­дан тазартып, кәдеге асыруға бо­латынын да есімізге салды. Дема­латын орындар салынып, сервистік қызмет көрсету түзеліп жатса, жол қатынасы жақсарған тарихи өңір Ойылдың өзіндік ерекшелігі бар табиғатының аясында болу үшін, аңын, құсын, балығын аулау үшін туристер келуі де мүмкін ғой. Ке­ңес­тік кезеңде арып-ашып Ор­ын­бордан, Орскіден Ойыл өзеніне балық аулау үшін келіп жүрген орыстарды көргенбіз. Әрине, бұл жергілікті билік пен қалталы кә­сіпкерлердің жадында болар бола­шақтың еншісіндегі шаруа дер едік. Дегенмен, мұндай игілікті істің ойда жүргені жақсы, әрине. Біз көрген Ойыл орманының қазіргі жағдайы осындай. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. Ойыл ауданы.