Басқа басылымдардан
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) осыдан екі-ақ жыл бұрын іс жүзінде ыдыраудың алдында тұрған еді. Бірақ 2008 жылы Ресей Федерациясында, 2009 жылы Америка Құрама Штаттарында мемлекет басшыларының ауысуы ЕҚЫҰ-дағы жұмыс үдерісінің бұрынғыға қарағанда анағұрлым іскерлікпен жүруіне алып келді.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық әр жыл сайын ауысып тұрады. 2010 жылдың басында құрамына Еуропадағы, Солтүстік Америкадағы және бұрынғы КСРО аумағында пайда болған мемлекеттер (оның ішінде Орталық Азия елдері де бар) кіретін Ұйымға Қазақстан төрағалық ете бастады. Осы арада соңғы жиырма жыл бедерінде ЕҚЫҰ-ға тек ЕО-ға немесе НАТО-ға мүше, болмаса кандидат мемлекеттер ғана жетекшілік етіп келгенін айта кеткен жөн.
Қазақстан және 2010 жылдың сәуіріндегі Қырғызстандағы төңкеріс
2010 жылдың басында Қазақстан Үкіметі Президентке сол жылға арналған және үлкен мақсаттар қойылған өзінің бағдарламасын ұсынған болатын. Алайда, көп уақыт өтпей, көрші мемлекеттегі жанжалды реттеу мәселесі алдынан шықты. Сәуір айының басында Қырғызстанның бұрынғы басшылығы елдің солтүстігінде орналасқан мемлекет астанасы – Бішкек қаласынан қуылды. Оның барысында 80 адам опат болса, тағынан тайдырылған президент Құрманбек Бакиев азамат соғысы басталады деп қоқан-лоққы жасады. Осындай қиын жағдайда Қазақстан өзіне бітімгершілік рөлін алды. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекет ретінде Қазақстан Қырғызстанның бұрынғы және жаңа үкіметтері арасында үнқатысу орнатуға қол жеткізді. Бұл жерде Қазақстан өзінің іс-әрекетін ЕҚЫҰ-ның Венадағы орталық штаб-пәтерімен, БҰҰ-мен, ЕО-мен, Ресеймен, АҚШ-пен, Германиямен және өзге де мемлекеттермен үйлестіріп отырды. Қорытындысында тағынан тайдырылған президент өзінің алғашқы қанқасап пиғылынан бас тартып, Қазақстанның әскери авиациясының қатысуымен саяси баспана ұсынылған Белоруссияға әкетілді. Мұндай күрделі жағдайда Қазақстан делдал рөлін табысты атқара алған бірден-бір мемлекет болды десек, қателеспейтініміз анық. Өйткені, Қазақстан Қырғызстанмен шекаралас мемлекет қана емес, сондай-ақ осы елдегі аса ірі шетелдік инвестор да болып табылады. Сондықтан Астана Қырғызстанда тұрақтылық болғанына өте-мөте мүдделі және бұл елде өз әлеуетін одан әрі арттыруды қалайды.
Қазақстан Ресеймен, ЕО елдерімен, сондай-ақ басқа да Еуропа мемлекеттерімен, АҚШ-пен және шығысында шектесетін Қытаймен өзара сенімге құрылған қарым-қатынас ұстанып келеді. Экономикалық қуаты жөнінен Орталық Азиядағы өзге мемлекеттерден айтарлықтай озық тұрған Қазақстан Қырғызстанға көп көлемде гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екенін және оған әлеуеті жететінін айғақтады. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы Қырғызстандағы осындай түбегейлі өзгерістер кезеңімен тұспа-тұс келуін бақытты кездейсоқтық деп те есептеген жөн шығар.
Қырғызстандағы тұрақсыздық жалғасуда
2005 жылы Қырғызстанда күш көрсету арқылы алғашқы төңкеріс жасалған болатын. Ал үстіміздегі жылдың сәуірінде билік алмасуы мемлекеттің өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетсіз екенін тағы да көрсетіп берді. Қырғызстандағы тәртіпсіздіктер мұнымен тәмамдалған жоқ. Мамыр айының ортасында адам шығынына ұрындырған оқиғалар қайталанды. 10 маусымда елдің оңтүстігінде жүздеген, кейбір деректерге сүйенсек, 2000-дай адамның өмірін қиған қарулы қақтығыстар орын алды. 400 000 адам көрші Өзбекстанға қашып, бас сауғалауға мәжбүр болды. Гуманитарлық апат этностық жанжал сипатында көрініс берсе, онсыз да күрделі жағдай оны өз мақсаттарына пайдаланып қалуға тырысқан кейбір мүдделі топтардың іс-әрекетінен ушыға түсті. Бұл арада есірткі мафиясы да өз үлесін құр жібермеуге ұмтылып бақты.
Есірткіні заңсыз өңдіру және контрабанда
БҰҰ-ның деректері бойынша, көптеген жылдардан бері бүкіл дүние жүзінде өндірілетін героиннің шамамен 90 пайызы Ауғанстаннан тарайды. Ол көрші өңірлер арқылы Батыс Еуропаға, Солтүстік Америкаға және Ресейге жіберіледі. 2009 жылдың күзінде БҰҰ төмендегідей деректер жариялады. Соған сәйкес, жыл сайын Ауғанстанда өндірілген героинді қолданудан әлемде 100 000 адам көз жұматын болса, оның 10 000-ы тек НАТО елдерінің үлесіне тиеді екен. Бұл сан батыс елдерінің 2001 жылы Ауғанстанда қазаға ұшыраған әскерилерінен бірнеше есе асып түседі. Қырғызстан өз кезегінде есірткі контрабандасы үшін маңызды транзиттік мемлекет болып табылса, маусымдағы қақтығыстардың эпицентрі болған Ош қаласын есірткі контрабандасының аса маңызды өткізгіш бекеті деп есептеу керек.
Қырғызстанда бүгінде тұрақтылық ұғымы атымен жоқ және де соңғы жылдары миллиондармен саналатын есірткі саудасынан түсетін пайда мемлекеттік биліктің дәрменсіздігінде өзіндік орны бар фактор болып отыр.
ЕҚЫҰ міндеті
ЕҚЫҰ көп жылдардан бері дағдарыстарды шектеуде және шешуде маңызды рөл атқарып келеді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Өйткені, Ұйым болашақта да өзінің қызметін бақылаушы ретінде ғана жалғастыратын секілді. ЕҚЫҰ-ны ұйым ретінде бұл үшін жазғыруға да болмайды, оған іс жүзінде тетіктер жетіспейді. Жаңасын құруға немесе қолда барды жетілдіруге бола ма? Қырғызстандағы қасірет тағы да қайталанып, бүкіл Орталық Азияны жаңадан дүр сілкіндіріп жүрмей ме? Бұл есірткі контрабандасының ағынын ұлғайтуға жеткілікті себеп болып табыла ма? Бұл сауалдар бүгінде өте көкейкесті.
Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде өткен айлар ішінде өзінің тиімді әрекет етуге қабілетті екенін көрсетті. Бұл белсенділік Қырғызстандағы қантөгісті қақтығыс кезінде шектеулі көлемде көрінгенімен, одан артықты күту де мүмкін емес еді. Осы дағдарыс барысында ЕҚЫҰ-ның кез келген уақытта жедел іс-қимыл таныта алмайтыны айқын аңғарылды. Қырғызстан басшылығы әуелі араласу туралы өтінішпен қайырылған Ресей де түсінікті себептермен тартыншақтай берді. ЕО, АҚШ және Қытай реакциясы Ресейдікінен де ұстамдырақ болды. Гуманитарлық апаттың ауқымдылығы мен есірткі контрабандасының ағыны белең алып тұрған шақта Қырғызстанда тұрақтылықты қалпына келтіру тек ЕҚЫҰ-ның ғана міндеті болып табылмайды десек те, Ұйым бұл жерде соңғы рөл ойнамауы тиіс.
ЕҚЫҰ алдында дамудың жаңа кезеңіне өту міндеті тұр ма?
Шілде айының ортасында “Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы” деген ұлы сөздердің бойына жаңа күшпен қан жүгірту мүмкіндігі пайда болды. Бұлай деп отырған себебіміз, қазақтың Алматы деген қаласында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі болып өтті. Оған 50-ден астам сыртқы істер министрі мен 500-дей дипломат қатысты.
Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле франциялық әріптесі Бернар Кушнермен бірлесіп былай деп мәлімдеді: “Біз Қырғызстанда бірге болған кезімізде елдің оңтүстігіндегі жағдай тынышсыз қалпында қалып отырғандықтан, полиция миссиясын енгізген жөн деген ортақ ұстанымға келдік. Бұл жөнінде Қырғызстан тарабы өтініш те жасады. Әуелде полиция офицерлерінің саны 52 бірлікті құрайтын болса, болашақта олар 102-ге дейін көбейтілуі мүмкін. Контингент саны көп емес және ол тиісті жеріне бірнеше айдан кейін ғана келе алатын болар. Елде болу мерзімі 4 аймен шектелсе, бұл уақытты ұзартуға да мүмкіндік бар”.
ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы саяси белсенділігін оның 90-шы жылдары Балканда көрсеткен белсенділігімен еш салыстыруға келмейді. Мәселен, ЕҚЫҰ-ның 2009 жылы тек Косовоға жұмсаған қаржысы оның бүкіл Орталық Азия елдеріне бөлінген бюджетінен 2 есе асып кетті. Бұл арада Орталық Азия тұрғындарының саны Балкандағыға қарағанда 20 есе аз екенін де қаперден шығармаған жөн.
Қырғызстандағы полиция миссиясын ЕҚЫҰ-ның шешімділік көрсеткені деп бағалау қиындау. Алайда Германия мен Францияның Қазақстанмен келісе отырып ЕҚЫҰ-ның жетекшілік рөлін көрсетуге және жауапкершілікті өздеріне алуға дайын екенін айғақтауының өзі маңызды факт. Ал Қазақстан Орталық Азияда тұрақтандырушы күш ретінде ерік-жігер және қабілеттілік танытып отыр. Аталған мемлекет үстіміздегі жылдың маусымындағы тәртіпсіздіктер барысында қатты зардап шеккен Қырғызстанның оңтүстігіндегі қалаларды қалпына келтіруге айтарлықтай қолдау көрсетуге ниеті бар екенін мәлімдеді. Оның үстіне Қазақстан Бішкекте ЕҚЫҰ-ның өкілдігін күшейту бастамасын көтерді. Өкінішке қарай, бұл бастама әзірше қандай да бір нақты нәтиже берген жоқ.
Есірткінің заңсыз өндірісі және контрабандамен күрес
ЕҚЫҰ қазірдің өзінде есірткінің заңсыз өндірісімен және контрабандасымен белсенді күрес жүргізіп келеді және бұл күрес уақыт өткен сайын шешімділігімен ерекшеленуде. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі барысында Орталық Азиядағы өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен (ОАӨАҮО) ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. ОАӨАҮО БҰҰ қаржыландыратын ұйым және ол өз қызметін Орталық Азия мен Ресейде жүргізеді. Мақсаты – есірткінің заңсыз айналымымен күрес.
Орталық Азия елдері есірткінің заңсыз айналымымен күресте өз әлеуеттерін арттыра түсуі тиіс. БҰҰ-ның 2010 жылдың маусымына қатысты бағамы бойынша, орташа есеппен алғанда айына ел аумақтары арқылы заңсыз өткізілетін героиннің 5 пайызы тәркіленеді екен. БҰҰ-ның деректеріне сүйенсек, Еуропадағы көрсеткіштер кейбір өңірлерде бұдан анағұрлым нашар. Мысалы, Балканда тәркіленетін есірткі көлемі оның жалпы заңсыз айналымының 2 пайызын ғана құрайды екен. Мұның ЕО елдеріне де қатысы бар.
Резюме
Сыртқы істер министрлері бейресми кездесуінің нәтижелері қандай? Қырғызстанға жоспарланған полиция миссиясы мен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестегі ынтымақтастықты ЕҚЫҰ-ның нақты шешімділігінің белгісі деп бағалауға бола ма? Әрине, бұлай бағаласақ, артықтау болар. Бірақ бұдан артықты күтудің өзі қиын нәрсе. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның жылдық бюджеті 160 миллион еуро шамасында ғана. Бұл қаржыны жеткілікті деуге әсте де келмейтіні анық. Сонымен қатар, бұл ұйым өте-мөте инертті. Қандай да бір нақты іс-әрекет хақында әңгіме қозғала қалса, әрбір мүше 56 мемлекет вето құқығына ие. Бірақ ЕҚЫҰ ешбір алмастыруға келмейтін пікірталас форумы болып табылады.
Ең бастысы – Алматыдағы бейресми кездесуде Ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлері 1999 жылдан бері өтпей келе жатқан ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет және үкімет басшыларының саммитін ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл айтулы басқосу жыл аяғына таман Қазақстанда өткізілетін болып белгіленді. Германия сол кездің өзінде-ақ Қазақстанға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Бұл жоғары деңгейдегі кездесуде қандай мәселелер бойынша келісім жасалуы тиіс? Өз ойымды ортаға салар болсам, мәселен, ЕҚЫҰ өз қызметінің басым бағыттарын Балканнан Кавказ өңірі мен Орталық Азияға қарай бұрғаны жөн. 90-шы жылдары белгіленген басымдықтар қазіргі заман шындығына сәйкеспейді. Есірткінің заңсыз айналымымен күреске де күш көбірек жұмсалуы тиіс және ол ЕҚЫҰ-ның негізгі міндеттерінің бірі болғаны ұтымды. Бұл жерде әңгіме мыңдаған адамның өмірі туралы болып отыр.
Кристиан ВИППЕРФУРТ, доктор.
Германияның “Eurasіsches Magazіn”журналында жарияланған.
* * *
ҰЙЫМ САММИТІНЕ ДАЙЫНДЫҚ БОЙЫНША КЕЗЕКТІ ОТЫРЫС ӨТКІЗІЛДІ
Алдағы 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) саммитіне дайындықтың әр қырлары бойынша құрылған жұмыс топтары 16 тамызда Ақордада өткен кеңес барысында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың берген нұсқауларына сәйкес өз жұмыстарын жалғастыруда.
Астанада ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев 11 жылдық үзілістен кейін алғаш рет болатын орасан зор халықаралық форумды ақпаратпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысын өткізді. Қ.Саудабаев өз сөзінде: “Елбасымыз әділ айтып өткендей, Астанада өтетін ЕҚЫҰ-ның алдағы саммиті тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемге таныту мүмкіндігін туғызады. Шынында да, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер мен 12 серіктес елдердің мемлекет және үкімет басшылары, 68 халықаралық ұйымдардың басшылары қатысатын саммитті жария ету үшін, елімізге және елордамызға бүкіл әлемнің көз қадалуын қамтамасыз ететін жүздеген дүниежүзілік БАҚ тілшілері Астанаға келеді”, деп мәлімдеді.
Осыған орай, саммитті лайықты әрі тиімді өткізу және оған ақпараттық сүйемелдеу жасау үшін тиісті мемлекеттік органдардың ерекше жауапкершілігі атап көрсетілді.
“Біз бүгін қонақтарымызбен саммит шеңберінде жемісті жұмыс істеу мүмкіндігімен қатар, Қазақстан және қазақстандықтар туралы көбірек мәлімет алу мүмкіншілігіне қол жеткізу үшін қажетті нақты қадамдарды талқыға салып отырмыз”, деп ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі ойын түйіндеді.
Отырыс қорытындылары бойынша тиісті мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
* * *
АДАМ ҚҰҚЫҒЫ – ҚОҒАМ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде үстіміздегі жылы желтоқсан айының басында Астанада болатын ЕҚЫҰ Саммитіне арналған еліміздің адам құқықтары саласындағы бағдарламалық құжаттарының тұсаукесері өткізілді.
Университет табалдырығын биылғы жылы имене басқан, балауса жастар – бірінші курс студенттері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Нұрғалиеваның дәрісіне көптеп жиналыпты. Залға толған болашақ заңгерлер алдында Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері Тастемір Әбішев, Леонид Мартынов, Гүлзи Нәби кезек-кезегімен еліміздегі 2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспары мен 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясаттың тұжырымдамасын таныстырып өтті.
12 жыл бойына аталған комиссияның хатшылығын басқарып келе жатқан Тастемір Әбішев студенттерге биылғы жылы еліміздің атқарып отырған халықаралық миссиясы– ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына тоқталып, оның үш өлшемі жайлы әңгімеледі. Солардың ішінде бірқатар сауалдар туындайтын мәселе деп адам құқығын сөз етіп, еліміздің азаматтарының өздері жұмыс атқаратын комиссияға жиі шағымданатынын алға тартты. Әрине, олардың көпшілігі негізсіз, бірақ, арасында заң бұзушылықтың, адам құқығының аяққа басылуының кездесетіні шындық деген шешен Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспарының Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленгеніне және оның халықаралық стандарттардағы құқық қорғау тетіктеріне сәйкес жетілдіру бағытында нақты қадамдарды көздейтініне мән бере сөйледі.
Құқықтық мемлекет құру бір күннің, тіпті бір жылдың шаруасы емес, деп бастаған негізгі ойын заң ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Нұрғалиева. Ол қалыптасу үшін жүздеген жылдар қажет. Ал біздің елімізде осы 20 шақты жылдың ішінде осы бағытта орасан зор жұмыстар атқарылды. Бізді комиссияның есептері ТМД бойынша ең үздік деп бағаланып келеді. Әрине, комиссия алдына шағымдарын айтып, мұңдарын шағып келген азаматтармен кездесу де оңайға түспейді. Заң бұзылып, қылмыс орын алғанда екі жақтың да бірдей қанағаттануы мүмкін емес. Әйтеуір, бір жақ өзін жапа шеккенге санайды, солармен бірге, жаныңды қоса ауыртып, бірінші кезекте заңның үстемдігі алға шыққанын анықтау үшін біліктілік қажет. Кейде біздің комиссия араласуымен заңнан ауытқыған сәттер анықталып, барлығы заң аясына қайтып келіп жатады, деді шешен.
Комиссия құрамына үкіметтік емес ұйымдар атынан мүше Гүлзи Нәбиқызының әңгімесін студенттер зор ықыласпен тыңдады. Қарапайым мысалдармен өз ойын ұғынықты жеткізген Гүлзи Нәбиқызы сөзін аяқтағанда жастар қолдарын шапалақтап та жіберді.
Кездесу барысында Ұлттық іс-қимыл жоспарының ұсынымдары мен Құқықтық саясат тұжырымдамасының іс-шараларын уәкілетті мемлекеттік органдардың іске асырып жатқандығы, бұл мәселенің өткен жолы Елбасының құқық және заң саласындағы мемлекеттік органдар басшыларымен кездесуінде нақты айтқандығы атап өтілді.
Студенттермен кездесу уақытында адам құқығы мен бостандықтарын іске асыру, заң үстемдігіне қол жеткізу, елімізде адам құқықтарын қорғаудың ұлттық тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша қызықты пікір алмасу болды. Жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.