• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Қыркүйек, 2010

Құрмет әркімнің өзінен басталады

680 рет
көрсетілді

Ішкі істер министрлігінің Алматы қалалық училищесі – тәртіп сақшыларын дайындайтын бірегей ұстахана.  Жуырда біз ҚР ішкі істер қыз­метінің үздігі, осы оқу орнының басшысы по­лиция полковнигі Дабыржан МАЖИРИН­МЕН әңгімелескен еді. – Дабыржан Тыныбайұлы, ал­ды­мен әңгімені өзіңіз басшылық жасап отырған оқу орнының ерекшелігінен бастасаңыз. – Қоғамдық тәртіпті сақтау мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде еліміздің құқық қорғау қыз­метінің, яғни полицияның мой­ны­на артылар жүк қашанда жеңіл бол­ған емес. Ішкі істер министрлігінің қарамағындағы 3 жоғары, 2 ар­нау­лы және ішкі істер органдарына тәртіп сақшыларын даярлайтын 13 оқу орны осынау жауапты саланы тұрақты түрде маман кадрлармен қам­тамасыз етуде өз міндетін абы­роймен атқарып келеді. Мен бас­қа­рып отырған оқу орнының жо­ға­рыдағы білім ошақтарынан ерек­шелігі сол – біз тәртіп сақшы­ла­рын алғашқы міндетті бастауыш дай­ындықтан өткізетін жедел мер­зімді оқу орны санатындамыз. Яғни, әлгінде атап өткен кәсіби ба­ғыттағы оқу орындарын бітірмеген, бірақ ішкі істер органына қызмет етуге үміткер әрбір жас міндетті түр­де біздің сыныптардың парта­сына отыруға міндетті. – Демек, оқу орнында өзге кә­сіп­тік мамандық иелеріне полиция қызметінің әліппесін үйрететін бол­дыңыздар ғой? Оларды білім сапасы мен дәрежесіне қарай іріктейсіздер ме, әлде білім жалпыға бірдей деген бағдарлама аясында өте ме? – Өте дұрыс байқағансыз. Жал­пы, полицияда қазақ жастарының басым көпшілігі қызмет ететіні баршаға аян деп ойлаймын. Тіпті “ұлттық мамандық” деген әзіл-шы­ны аралас айтылатын сөздің төр­кі­ніне арланып, намыстанудың қа­же­ті жоқ. Өйткені, ақиқатында солай емес пе? Біз мұнда ішкі істер ор­ган­дарына қызметке тұратын жоға­ры және орта білімді үміткерлерді үш бағытта оқытамыз. Қатардағы және кіші басшы құрам лауазым­да­рына үміткерлер үшін оқу мер­зімі 3 ай болса, орта басшы құрам лауазымына үміткерлер үшін 2 ай, ал Қарулы Күштерден запасқа бо­сатылған ішкі әскерлердің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілеріне 1 ай. Қысқа оқу мерзімі кезінде тыңдаушыларға өз саласы бойынша білім көлемін ұлғайтып, дағдылар мен машықтар қалыптастыруы бірінші кезекте тұрады. – “Ұлттық мамандыққа” тәр­бие­леу барысындағы дәріс беру ана тілімізде жүргізілетін шығар? – Ана тіліміз – Тәуелсізді­гі­міз­дің алтын діңгегі. Ол қазір қоғам­дық қатынастардың барлық сала­сын­да қолданылады. Еліміздің мемлекеттік басқару саласында, заң шығару мен сот ісін жүргізуде іс-қағаздары міндетті түрде қазақ ті­лінде толтырылады. Біздің оқу-дә­ріс сабақтарымыз да ұлттық құрамның әртүрлілігіне қарамастан, қазақ тілінде жүргізіледі. Тыңдаушы­ла­ры­мыз мемлекеттік тілдің қажеттілігін терең ұғынған. Оған ана тілімізді өркендету ісіне оқу орнында ұйым­дастырылып тұратын түрлі мәдени шаралар елеулі септігін тигізуде. Бұған қосымша сахналық көрініс­тер, тілдік сайыстар, ұлттық қол­өнер көрмелері мен тәрбиені ұлағат көзі ретінде дәріптейтін әдеби шы­ғармашылық кештер өрелі іске үл­кен өзгерістер енгізуде. Сондай-ақ тыңдаушылар мен жеке құрамның сапқа тұру сәті мен саптық байқау­лардағы берілетін бұйыру нышан­дары да тек қана мемлекеттік тілде жүргізіледі. – Кәсіби ерекшеліктердің мол­дығына байланысты техникалық тіл­дік қолданыста кедергілер жоқ па? – Ақиқатын айтар болсам, ондай кедергілер біздің оқу орнында болған емес. Жалпы, оқу мекеме­лерінің қайсысында немесе қай са­ласында болсын, алдымен оқы­ту­дың педагогикалық, дидактикалық талаптары орындалуы міндетті. Бұл орайда біз­дің оқу ор­нын­дағы бі­лім беру мер­зімі және бі­лім маз­мұ­ны­­ның ерек­­шелігі – ті­келей ІІМ бұй­ры­ғымен бе­кітілген та­қы­рыптық жоспарға сәйкес жүр­гізіледі. Өз­ге­дей аза­мат­тық оқу орындары­нан айтар­лық­тай ерек­шелігі де осында. Оқу-жаттығу циклдардың дәріс қоры түгелдей мемлекеттік тілге аударыл­ған­дық­тан, келешекте мемлекеттік тілді дамытудың басқа да ұтымды әдіс­терін қарастырмақпыз. Таяу мер­зімде жаңа талапқа сай пайдалана­тын лингафон кабинеті, мультиме­диялық бағдарламалар, дыбыс-бейне таспалар, электронды оқу­лық­тар бүгінгі бар ішінара елеусіз олқылықтардың орнын толтырады деген үмітті ойдамыз. – Өзіңіз айтқандай, жеделдетіп оқыту мерзімінде бұл жерден қанша тыңдаушы қандай уақыт мерзімінде кәсіби білімін жетілдіріп шығады? – Алғашқы даярлық курсында оқу үдерісі үш мерзімге бөлініп жүргізіледі. Басқа әріптес оқу ор­нында бір оқу мерзімінде 100-120 тыңдаушы оқитын болса, бізде 300-350 тыңдаушы оқиды, ал бұған қосымша біліктілігін арттыру және қайта даярлау курсына 100-120 қыз­меткер келеді. Сонымен, тек қана бір жылдың ішінде ұзын-саны 1200-1300 тыңдаушы білім дәре­жесін растайтын сертификат алып шығады. Қазіргі таңда оларға 23 оқы­тушы сабақ береді, олардың 9-ы аға оқытушылар – кәсіби тәжі­ри­бесі мол, ІІО-ның әр түрлі сала­ларында қызмет істеген білікті оқы­тушылар. Педагогикалық қызметін жаңа бастаған жас мамандарымыз да бар. Жас мамандарға аға буын­нан тәжірибелі оқытушылар бекі­тіліп, әдістемелік кеңесте “Жас ұс­таз­дар мектебінің” жұмыстары жос­парға сай жүргізіліп отырады. Қа­зіргі заманғы технологиялық тал­дауларды оқу үрдісіне енгізу мақ­са­тында оқу-әдістемелік кеңес жұ­мыс істейді, оның жұмыс жоспары, атқаратын іс-шаралары бекітілген. – Тыңдаушылар негізінен қан­дай кәсіби пәндерден дәріс алады? – ҚР ІІМ-нің бұйрығына сәйкес бекітілген оқу-тақырыптық жос­пар бойынша жүргізілетін “Арнайы дайындық”, “Заң дайын­дығы”, “Ату дайындығы” және “Жауынгерлік күрес тәсілдері” сияқ­ты кәсіби пәндер тыңдау­шы­ларымызды еш жалықтырған емес. Оқыту курсының қысқа мерзімді ерекшелігін ескере отырып, тыңдау­шы­лардың танымдық біліктілігін арттыруға бағытталған тәжірибе-семинар және оқу-жаттығу сабақта­ры қызу жүреді. Түрлі психоло­гия­лық тренингтің де үлесі айтарлық­тай. Жол полициясы, патрульдік по­лиция қызметіне үміткер-тың­даушыларға “Арнайы дайындық” пәні бойынша “Құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау және оларды ІІО-ға жеткізу тактикасы”, “Ату дайындығы” пәнінен Макаров тапаншасы мен Калашников авто­матынан жаттығулар орындау тәр­тібі көрнекі құралдармен үйлесті­ріліп, тәжірибе сабақтар өткізіледі. Оқытушылардың оқу сабақтарында оқытудың инновациялық әдістерін қолдану мүмкіндігіне қатысты аудиториялар проекторлармен жаб­дықталған, арнайы компьютерлік сыныптар бар. Алматы қаласы ІІД-нің тәжірибелі қызметкерлері тыңдаушыларға қызмет саласы бойынша дәріс беріп, тәжірибе са­бақтарын өткізеді. ІІД-нің патруль­дік полиция, айдауыл қызметі, күзет қызметінің өзара тәжірибе алмасуы тәжірибе са­бақтарының екі жаққа да тиімді екенін көр­сет­ті. Ішкі істер ми­нистрінің бұйрығына сәйкес, оқы­тушы­ла­ры­мыз ми­нистр­­лік қа­ра­ма­ғын­дағы Қарағанды Заң инс­титуты мен Ал­ма­ты Академия­сын­да біліктілігін арттыру курсынан өтеді. Сонымен қатар бі­лікті ұстаздарымыз Алматы қаласындағы азаматтық жоғары оқу орындарында тәжі­ри­бе алмасады. Өзара ын­тымақтастық оқу-әдістемеліктің қоры­тын­­дысына орай тә­жі­ри­белі оқыту­шы­лар­дың ғылыми еңбекте­рін жи­нақтап, бірнеше оқу құрал­дарын дай­ындадық, тест сұрақтары мен “Арнайы дайындық” пәнінің дә­рістер жинағын баспаға тапсырдық. – Тыңдаушылар теориялық оқумен қатар, дене жаттығуы, сон­дай-ақ қару-жарақ түрлерінің қыр-сырын да меңгереді. Осы төңіректе оқырманға кеңірек мағлұмат берсеңіз. – Тыңдаушыларымыз арнайы жабдықталған “Ату дайындығы” бойынша оқу-жаттығу тирін, жол по­лициясы мен криминалис­тика­ның оқу алаңдарын пайдаланады. Сонымен қатар, жауынгерлік жек­пе-жек тәсілдерінің залы мен ла­зерлік тренажерлар қойылған спорт залы да тыңдаушылардың мүдде­сіне қызмет етеді. Алдағы уақытта жол полигонының аумағын ұлғай­ту, спорт қалашығын салу, яғни ма­териалдық базаны жетілдіру жос­парланып отыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылы ІІМ тарапынан біздің оқу орнын қосымша ком­пью­терлермен, шағын автоматты телебайланыс стансасымен, шағын баспаханамен қамтамасыз ету көз­делген. Әрине, болашақ полиция қызметкерлері үшін жауынгерлік күрес тәсілдері мен атыс қару­ла­рының құрылымын оқып-үйре­нудің мәні зор. Қылмыс болған жағдайда қолданатын әдіс-тәсілдер мен ату жаттығуларын үзбей жасап мейлінше машықтанады. Мұның бәрі полиция қызметкерінің қыз­мет­те қалыптасқан күнделікті дағ­дылары десе де болады. Азаматтар­дың құқықтарын, өз өмірін қор­ғауда қаруды жетік меңгеру – тәр­тіп сақшылары үшін басты қажет­тілік екенін де ұмытқан емеспіз. Қазіргі таңда оқу ғимараты, тың­дау­шылардың жатын орны, спорт қалашығы мен саптық алаң заман талабына сай қайта күрделі жөн­деуден өткізілуде. – Тәртіп сақшысына деген құр­мет сыныптағы дәріс үстінде басталады дегенге қалай қарайсыз? – Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлы: “Тәртіпке бағынған ел құл болмайды” деген. Біз бұйрыққа бағынатын, тәртіпті мойындаған саланың қызметкерлеріміз. Сол себепті де Елбасының және ІІМ басшылығы тарапынан полиция қызметінің алдына қойып отырған талабын орындауға бағытталған жұмыстарды абыройлы атқару бас­ты міндетіміз болып табылады. Қо­ғам мен жұртшылық алдында по­лиция қызметінің абыройын көтеру мақсатында тыңдаушылардың патриоттық сезімін нығайтып, олар­дың бойына сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрес жүргізу әрекет­те­рін қалыптастырамыз. Қазіргі нарық заманында полиция қыз­меті­нің әлеуметтік жағдайын көте­ру де олардың жеке басының кәсі­би қызметін ерекше жауапкер­ші­лікпен атқаруға кепіл болады деп санаймын. Сондықтан, біз қоғам­дық тәртіп сақшыларына жұрт сынай қарамай, ерекше сыйлап, құрметтеп қарайтындай бағыт-бағдарда тәлім-тәрбие береміз. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.