• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
17 Қыркүйек, 2010

Ән әлемі

824 рет
көрсетілді

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар 2005 – 2007 жылдарғы концерттік шығармашылығы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған Әлібек Дінішев – әлем­ге әйгілі тұлға. Қазақ әнінің таңғажайып тылсымын дүние жүзіне таныту­мен қатар, сол сыртқы ұлт, ұлыстардың озық үлгідегі классикалық мектебін асқан алғырлықпен меңгеріп, Чайковскийдің “Евгений Онегин” операсында Ленский, Бородиннің “Князь Игорінде” Владимир, Жұбанов пен Хамидидің “Абайында” Айдар, Брусиловскийдің “Қыз Жібегінде” Төлеген партияларын орындап, әрбір кезекті рөлі тарихи оқиғаға айналып, сыншылардың, музыка мамандарының жоғары бағасын иемденді. Жеке концерттерімен шетелдіктердің қызығушылығын тудырды. Ресейдің ең беделді оркестрлерімен тығыз творчестволық байланыс орнатып, небір кірпияз көрермендердің сүйіктісіне айналды. Әріптестерінен оны ерекше­лендіріп тұрған аудиториясы – бүкіл жер шары, қай түкпірге барса да әуелеткен әнінен кез келген нәсіл, кез келген орта сілтідей тынып, қошемет көрсетеді, құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алады. Мұның өзі айналып келгенде ұлтымызға деген құрмет екенін айғақтап, әрқайсымыздың жүрегі­мізде мақтаныш сезімін оятады. Төбемізді көкке жеткізіп, өнер-өмірімен отансүйгіш патриоттық рухқа, адамгершілік нәзік иірімге тәрбиелеп келе жатқан халық әртісі, Глинка, Шуман, т.б. халықаралық көптеген конкурстардың лауреаты Әлібек Мұсаұлымен әңгімелесу де бір ғанибет. – Алғашқы әңгімені Отаны­мызда аса мәртебелі саналатын Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған бағдарлама­ларыңыздан бастасақ. – Иә, творчестволық жолымда романс, әндерге ерекше ден қоя­тын адаммын. Опера театрының солисі болдым, біраз рөлдерді орын­­дадым, алайда жеке шы­ғармашылыққа әлде­қайда жақынмын, үлкен кон­церт­терімді ұйымдастырып, ән шыр­қағанда, өзімді сахнаның нағыз қо­жайынындай сезінемін. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған шы­ғар­машылығыма оралсам, ұзақ ізде­ніс­тің нәтижесі. Әкем Мұса Бөкен­байұлы Ұлы Отан соғысына қатыс­қан, 6 майда туғанымен, бәрі оны 9 май күні құттықтайтын. Біздің үйде бұл тақырыпқа асқан ізгілікпен, құрметпен қарап, қаруластарын әкем жиі еске түсіретін. Өмірден өткеннен кейін әкеміздің құрметіне ешқашан оны ұмытпай есте сақтау мақсатында даусыммен, үніммен емес, соғыс жыл­­­дары әндерін жүрегіммен шыр­қай бастадым. Әр көктем сайын майдан даласында солдаттардың рухын көтерген әндерді айтуға деген ықыласым артып, бұлжымас дәс­түрге айналуда. Соғыс жылдары­ның, жал­пы қай дәуірдің туындысы болсын, тыңдаушы қауым­ның сағы­натынын байқағаныммен, кейінгі кезде мүлдем ұмытылуда, наси­хат­талмайды. Мұ­ның өзі әдебиеттен Толстойды, Чехов­ты ма, қандай да бір классикті түбегейлі сызып тастағанмен бірдей ғой. Бүгінгілер, тіпті ертеңгілер қалай қараса да сол шығармалар мәңгі өзекті. Ұлы Жеңістің 60 жылдығына, кейін сүйікті ұстазым Надия Әб­дірахман­қызы Шәріпова, соңғы жо­лы ата-анамның құрметіне арнап дайын­даған концерттерім азаматтық, шәкірттік, перзенттік парызымды одан әрі салмақтандыра түскендей. – Мұса Бөкенбайұлын біз, жур­налист, жазушылар жақсы білеміз. Ал Надия Әбдірахман­қызының сіз Глинка атындағы халықаралық конкурсқа аттанарда жазған, ақыл- кеңеске құрылған қағидалары әлі есімде. Кезінде әншілік қыр-сыры­ңызға әкеңіз бен ұстазыңыз арқылы бойлаған­мын. Надия Әб­дірах­­манқызы әншілік табиғатыңыз, ішкі мүмкіндігіңіздің көкжиегін тым-тым алыстарға шарықтататын. – Өз саласында Надия Әб­дірах­манқызымен теңесер тұлға жоқ. Телегей-теңіз білімнің қайнар көзі, айрықша жаратылған жан еді. Кез келген мәселе, кез келген та­қы­рып­­ты қопара түбегейлі түсін­діретін. “Мен өзімді пушкинтану­шы­мын деп санаймын” дейтін ро­манстар тура­лы сөз қозғағанда. Пуш­­киннің ғана емес, әлемдік дең­гейдегі ше­телдік басқа да авторлардың қандай өлеңі қашан, қалай жазылғанын және мәтінін жатқа білетін. О кісі мен үшін өнердегі ой өрісі кең, жан-жақты дарын иесі, ешқашан есімнен шығармайтын про­фес­сорым. Орны толмайды, үңіре­йіп тұр, “маэстро, сен сабаққа келе­сің бе, жоқ па” деп енді телефон шал­май­ды, үйінен, ауласынан шәкірт­терінің ән салған үні естілмейді. Ұдайы жаттықтырып, еңбектенуімді қадағалап, тек алға жетелейтін. Жастықтың әсері ме, концертіме кеп қатысуын, кейде тіпті сабағына баруды қаламай­тынмын. Сылап-сыйпаудан аулақ, бәрін бетке тік айтатын. “Осылай да ән сала ма, бұ не қыл­ғаның, Әлі­бек!” – деп аспан­даған қия­лым­ды жерге топ еткіз­ген­де, көңілім су сепкендей басылып, сап тыйы­ла­тынмын. Қай мемлекет­ке барсам да “о, сіз Ла Скалада... ұс­тазыңыз...” деп, шетел­дік оқу орындары мен фамилия­ларды атай жөнеледі. “Жоқ, мен тіпті Мәскеуде емес, Алматыда, На­дия Шәріпова­дан оқыдым” деймін мақтанышпен. Біраз қателік жібер­генімді енді ғана байқағандаймын, “сен туралы кітап жазамын” дегенде, азар да безер болдым “керегі жоқ, жазбаңыз” деп. Неліктен қарсылық та­ныттым екен деп өкінемін қазір. Интеллек­туалдық қоры ұшан-теңіз, бүкіл өсу жолым көз алдында, шыны­мен мазмұнды кітап шығар еді. – Концерттік сапармен арала­маған еліңіз жоқ, небір атақты жан­дармен жиі кездесесіз, республика­мыздың мәртебелі оқиға, салтанатты жиын, тойларының төріндесіз. Күн­делік жүргізіп, көріп түйгеніңізді қа­ғазға түсіруді әдетке айналдырса­ңыз, қандай ғажап болар еді. Өнер иелерінің бәріне осыны айтып, өздеріңіз туралы кітапты өздеріңіз жазыңыздар деймін. – Әркім өз ісімен айналысқаны жөн, етікші етік тігуі, әнші ән шырқауы, жазушы кітап жазуы тиіс дегендей. Бір жағынан пікіріңіз орынды, өткенге ой жіберсем, шы­­ны­мен қанша оқыс, қызықты жәйт­­терге куәмін, есте қаларлықтай жүздесулер... – Солардың бірен-саранын есіңізге түсіріңізші. – Леонид Ильич Брежневтің 70 жылдық тойына қатысып, Аркадий Райкин, Людмила Зыкиналармен бірге болдым. Пехлевидің қызымен та­­ныстым... Эдвард Кеннеди қо­лым­­­ды қысып, ілтипат танытты... Пу­­­тин­мен бірнеше рет тіл қатыстық... – Көмек сұрайтындар көп пе, адамдарға қолұшын созуға қалайсыз? – Әкем “қолыңнан келсе, кө­мек­­тес” дейтін. Жәрдем күтетіндер бар­шылық. Өтініш айтқандардың бе­тін қайтармаймын, мүмкіндігім жет­кенше көмектесемін. Рас, көп уа­қы­тыңды алады. Бір әйелге бала­сын емдетуге ықпал жасадым, сөйт­сем денсаулық сақтау саласы­ның бір маманы сол жағдайға орай қыз­ме­ті­нен қуылып,кейін маған хабар­лас­­қанда,қатты ренжідім. Ешкімге тит­­тей де зиянымды тигізгім кел­мей­ді, ешкімге. Жалпы, адам басқа­лар­дың проблемасын өзіне алмауы тиіс. Деген­мен, қысылып, қымты­рыл­­­­ғандарға көмектесуге тырысамын. – Жаныңызды күтіп, депутат­тың ба, қандай да бір мекеме басты­ғы­ның ба орнына жайғасқыңыз келмей ме? – Өткен ғасырдың сексенінші жыл­дары соңында Қазақ КСР Жо­ғар­­ғы кеңесінің депутаттығына сай­лан­ғаным бар. Депутат болған­нан гөрі әншілік ұнайды. Қызмет­керлік менің табиғатыма мүлдем жат. Бас­тық болу үшін емес, мен ән үшін жаратыл­ғанмын. Өнерде өзін тап­пағандар, жолы болмағандар бейім ғой деймін биік мінбе, лауа­зымға. Қызығарлық­тай-ақ ұсыныс­тар жа­сал­­ды талай рет, бірақ келіс­кен жоқ­­пын. Өзіңіз де байқай­тын шы­ғар­­сыз, қызметінен төмен­де­се, тү­сіп қалса, өмірі таусыл­ғандай күй­­зеле­тіндер ұшырасады. Жаным нәзік, жамандық­тан жүрегім тез жара­ланады, бәріне бірдей жақпай­сың, жұрттың көңілін қалдыратын бас­шы болғанша, өзіме қуаныш сый­лайтын іспен айналыс­паймын ба! – Ата-ана, ұстазыңыздан басқа, көзқарасыңыздың, таным, талғамы­ңыз­дың қалыптасуына әсер еткендер бар ма? – Ол менің ағам Фархад. Есім кіргеннен бүкіл ғұмырыма ықпал етіп келеді. Ынта, ықыласыма ше­йін кішкентай кезімнен айқындап отырды. Әлі де солай, тірегім, сүйе­ні­шім.Сірә де ұмытпаймын, бала­лық шағымда Ялтаға барудың сәті түсті. “Қалайда Чеховтың музей үйіне барып таныс” деп тапсырды. Жет­кеннен кейін дереу ағамның айтқа­нын орындауға асықтым. Содан былай Чеховтың кітаптарын оқуға талпындым. Әдебиетке сүйіс­пенші­лігімді оятты, Нагибин, Фазиль Искандер, Трифонов сын­ды жазу­шы­лар әлемін ашты. Фар­хад ағам тірлік-тынысымның ба­ғыт­­таушы күші, басты бағдары. – Мәдениетіміз бен өнеріміздің қазіргі ахуалына қалай қарайсыз? – Елімізде өнердің дамып гүл­денуіне толық жағдай жасалынған. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев не қажет екенін жүрегі­мен сезініп, барлық мүмкіндікті ту­ғы­зып отыр. Бәрі біледі,кей көр­шілерімізде опера, балет театрлары жабылып жат­са, бізде жаңадан ашылып, сан­дары артуда. Өзін қадірлейтін әр мем­лекетте мұндай театрлар болуы шарт. Астанадағы болашақ театр­лары­мыздың жөн-жобасын Ел­басы­ның өз аузынан естіп, кеуде­мізді шат­тық кернеді. Орал қала­сындағы Бисенғалиевтің симфония­лық ор­кестрі, жақында Астанада бой көтер­ген Өнер акаде­миясы... несін айта­сыз, мәдениет қанатын кең жаюда. Жанашыр­лықты баға­лап, талаптан шыға алып жүрміз бе,бұл енді басқа мәселе. – Қоғамның даму тербелісі ойы­ңыздан шыға ма, нені сағынасыз, өткен шақпен салыстырғанда не ұнап, не ұнамайды? – Жаңалық жетерлік, өнеріміз­дегі оң өзгерістер қоғамның мәнін айқындап, көкейге жағымды әсер етеді. Бірақ, өзім ұнатпайтын,ішкі сарайым мүлдем қабылдамайтын нәрселер көбеюде. Өнердің қадірін тайдырып, жаппай шоуға айнал­дыру басым. Мүсілім Магомаевпен бірге құрдымға кеткен ән дәуірін сағы­намын! 21 жасында берген кон­церті­не Ришат, Мүсілім аға­ла­ры­м­ның қалай кіргізгені әлі жа­дым­да. Қазіргі эстрада кеңес за­ма­нын­дағы аудан­дық көркемөнер­па­здар үйірмелері мен ансамбль­дері­нің деңгейінде ғана. Міне, солар бүгін үлкен сахна­ны билеп-төс­теу­де, тұтастай жаулап алды десек те болады. Өздерімен салта­натты кеш­терде кездесіп, жиі араласамыз, жеке басыма қай-қайсы да құрмет­пен қарайды. Эстрада да ұлттық нақыш жоғалып кетті, тіпті тың­дай­­тын әуен де қалмады. Әлде қа­­лай 101 радиодан домбырамын сүйе­мелденіп, көне таспадан төгіл­ген халық шығармаларын естіп, шабы­тымның шалқығаны-ай, қазақ ән­деріндегі кең тыныстылық, әуе­ле­ген биіктік, қою бояу, филосо­фия­­лық астар неткен ғажап де­сеңіз­­ші! Бүгінгі таңдағы музыка тайраң­дап билеуге ғана ыңғайлы, ақыл, жан-дүниенің дамып, баюы­на мүл­дем қауқарсыз, рухани қазы­намен үш қайнаса сор­пасы қосыл­майды. Ғазиза Жұ­бано­ва, Сыдық Мұ­ха­мед­жанов, басқа да көрнекті компози­торлары­мыздың шығарма­лары, біреулер ұната ма, ұнатпай ма, бәрі­бір қазақпен бірге жасайды. Құр­манбек Жандарбеков, Қаныбек Байсейітов, ағайынды Абдуллиндер дәстүрі ұрпақтан-ұр­пақ­қа жалғаса береді. Ермек Серке­баев, Бибігүл Төлегенова мен үшін бәсеке­ден тыс, салыстырылмайтын шебер­лер. Жастардың арасында жақсы дауыс­тар көп, Мәдениет министр­лігі де қолдан келгеннің бәрін жасауда, болашағымыз зор деп үміттенемін. – Қандай талантты болғанымен, жолы ашылмайтындар да ұшыра­сады. Бұл орайда жөніңіз бөлек. Сахнаға шығып, аузыңызды аш­қаныңыз сол екен, көрер­мендері­ңіздің ілтипатына бөлене кеттіңіз. Өзіңіздің ешкімге ұқсамайтыны­ңызға, ерекше екеніңізге сенесіз бе? – Өзіңізді деуден гөрі, өзіңіздегі өнерді деу дұрыс шығар. Жеке басымды емес, өнерімді құрмет­тейді. Құдайға шүкір, Америка, Африка, Германия, Ұлыбритания ма, дүние­нің қай бұрышын арала­сақ та, қазақ­тың әнімен, мәде­ниеті­мен таныс­тырып, намысты қолдан бермей келемін. Түрлі ел-жұрт ата­ғымды аспан­датып жатса, ерекше де шығар­мын. Өнерімізді ба­ғалайтын жан­күйерлер ғой бақыт­ты сезімге бөлей­тін. Шын талант қалайда жарып шығады, мақсатына жетеді деп есептеймін. – Әңгімеңізге үлкен рахмет. Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, жазушы.