Ол – Қазақстанның Көк байрағы
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: “Біз тәуелсіздікті аңсап зарыға жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Еліміздің сыналатын бір тұсы осы”, – деген еді. Меніңше, осы сыналатын тұс келіп жеткен секілді.
Біздің бұлай деуімізге кейінгі уақытта еліміздің мемлекеттік рәміздеріне қатысты қоғамда орын алып отырған келеңсіз жағдайлар себеп болып отыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 9-бабына сәйкес еліміздің мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы және Әнұраны.
Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Бұл – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заң талабы. Алайда, бұл заң талаптары барлық жерде тиісінше сақталып отырған жоқ.
“Время” республикалық қоғамдық-саяси газетінің ағымдағы жылдың 9 қыркүйегіндегі санында “Трусы вне закона?” деген мақала жарық көрді. Онда Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Арман Алиакпаров қалалық дүкендерде еліміздің Мемлекеттік туы бейнеленген ішкиімдердің сатылып жатқандығына дабыл қаққан болатын.
Мемлекеттік рәміздер – бұл тәуелсіздік пен егемендіктің белгісі. Сонда елдігіміздің белгісі – Көк байрағамыз байлағанның белінде кете беруі тиіс пе? Жоқ. Сонымен қатар, қазір еліміздің бірқатар басылымдары “отау ішінен отау тіккен” жалаулар туралы да ашына жазуда.
Үстіміздегі жылдың 7 қыркүйегінде республикалық қоғамдық-саяси “Айқын” газеті “Біз көк тулы елміз бе, әлде көп тулы елміз бе?” деген мақала жариялады. Мақалада соңғы жылдары, әсіресе, Алматы көшелерінде қазақтың Көк туын емес, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының бейресми рәмізіне айналған, жарты ай мен жұлдыз безендірілген көгілдір туды автокөліктерінің алдыңғы және артқы терезелеріне іліп жүру үрдісі белең алып бара жатқаны туралы дабыл қағылып отыр. Ғаламтордағы ресми мәліметтерге сенсек, аталған ту Қытайда сепаратизмнің нышаны ретінде танылған, сондықтан да оның қолданылуына тыйым салынған.
Егер де әрбір көлікте адам өз ұлтына сәйкес, сырттағы атажұртының туын іліп қойса, біздің мемлекеттілігіміз бен ұлттық азаматтығымыздың, тәуелсіздігіміз бен егемендігіміздің қайда қалғаны?!
Қазақстан Республикасында заңмен бекітілген бір-ақ ту бар. Ол – қазақтың Көк байрағы. Одан басқа ту мойындалмауы керек. Себебі, бұл біздің егемендігімізге, тәуелсіздігімізге нұқсан.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы заңында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын, Мемлекеттік елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік гимнінің мәтінін орналастыру ережесінде елдің рәміздерін қайда және қайтіп пайдалану керектігі тәптіштеп жазылған. Ал Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 317-бабына сәйкес мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген.
Меніңше, ел байрағын ішкиімге таңу бұл ел рәмізін қорлау, ал еліміздің Көк байрағын мойындамау елдігімізді, тәуелсіздігімізді, унитарлығымызды мойындамау деп түсіну керек. Сондықтан, қай жерде және қандай нысанда болсын, Қазақстан рәміздері туралы заңның орындалуын қатаң бақылауға алып, жоғарыда аталған фактілерді заң шеңберінде тексеру қажет деп есептейміз.
Берік БЕКЖАНОВ, Нұрлан ӨНЕРБАЙ, Мәжіліс депутаттары.