• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
21 Қыркүйек, 2010

Датталу мен ақталу

3095 рет
көрсетілді

Міржақып Дулатов – 125 Қатыгез де қытымыр заманның қиқуы даттауға негізделгенін аңғару қиын емес. Оған тарих тылсымының “сыры” куә. 1928 жылдың аяқ шенінде Қазақстанда революцияға дейінгі зиялы қайраткерлерді қудалау басталды. Сөйтіп, оларға Алашорда қозғалысын қайта қалыптастыруға астыртын әрекет етіп жүр деген нақақ айып тағылды. Осындай ойдан шығарылған кінәлар бойынша М.Дулатов та қамауға алынып, 1930 жылдың сәуірінде ОГПУ коллегиясының шешімімен ату жазасына кесілді. Бірақ кейіннен бұл үкім 10 жылға абақтыға қамау жазасымен алмастырылып, ол 1935 жылы 5 қазанда Сосновец лагерінде қаза тапты. Арада 50 жылдан аса уақыт өтті. Жаңа заманның жылы лебі есе бастады. Қоғамда жаңғыру мен тазарудың нышаны сезілгендей еді. Нақақтан датталған М.Дулатов ақталды! Оның қылмыстық ісін егжей-тегжейлі зерттеп, әділдікке жүгінген Қазақ КСР Жоғарғы сотының коллегиясы 1988 жылғы 4 қарашада қылмыс құрамы болмауына байланысты істі қысқартып, Міржақып Дулатов есімі қаза тапқаннан кейін халқына біржолата оралды. ... Сонымен, жүректі қырнаған даттаудың дағы өшіп, аңсармен күткен ақталу мәңгілікке үстемдік құрды. Атойлаған қуанышымыздың сезім құймалары төмендегідей еді... 1992 жылғы 24 қаңтарда Орталық теле­ди­дардан “Соловки” атты деректі телеқойылым көр­сетілді. Осынау қылмыс алаңы 1923-1959 жылдар аралығында саяси тұтқындарға ажал сеуіпті. “Тап жауларын” апарып, тыға берген ғой. Бұрын монастырь болған тас үйлер қаншама жазықсыз жандардың түрмесіне айналды десеңізші. Фильмде М.Горькийдің сонда барып, аралағанын көрсетті. Сырқаттарды ауруханадан шығарып, көзалдау жасаған. Тұтқындарға газет, журнал оқытып қойды. Кейбірі оны Горькийдің алдында теріс ұстап отырды. Сонда бұл масқараны іштей сезген ұлы жазушы: “Не люблю парадов!” депті. Адамдарды қинағанда сансыз масаға шақтырады екен. Дұрыс тамақтандырмайды. “Секерные горы” деген жер тіпті тамұқ дейді. Карцерлер бар. 375 баспалдақпен жоғары өрмелетіп, төмен қарай домалата берген. Төменде құжынаған өлік. Горькийге, әрине, ол жағын көрсете қоймаған. “Новые Соловки” атты газет шығарылған. Айыпталушыларды лезде соттаған. Әкететін тұста туыстары қоштасып қалғысы келеді. Сонда бір әйел ағасымен сәл-пәл тілдесуге пұрсат тапты. – За что ты, Гриша? – За чистоту Ленинской линии! – дейді әлгі пақыр. Тұтқындарды аяусыз жұмысқа жеккен. Сол кезеңде ағаш дайындау көлемі 57 есе өсіпті. Тұтқындар көр қазуға жалынып сұранады екен. Өйткені, қосымша тамақ береді. Осы фильмді түсірген Савенко: “Этот фильм лучший моей жизни!” – деді. 1929 жылдың 28 қазанында 300 адамды атып тастады. Сол адамдардың кейбірінің суреттерін атақты ғалым-тұтқын Д.Лихачев ұстап отырып сөйледі. Оларда не кінә бар? Жазалаушылар мас күйінде атқан ғой. Желкеден атқан. Келесі күні сол ордағы кейбір өліктер ыңырсып, күңіреніп жатыпты. Шалдар мен балаларды суға тірідей тұншықтырған. Фильмде ғалым Д.Лихачевтен басқа жұ­мыскер Е.Лагутин, жазушы О.Волков, инженер Прохоров та естеліктер айтты. Фильмді көріп отырғанда жан түршігеді. Сол Соловкиде қазақтың қаншама асыл ұлдары зардап шекті десеңізші. Міржақып та сонда қатаң тәртіппен ұсталды. Бейіті сол маңдағы бір қабірде жатыр ғой. Алматылық жас ғалымдар қабірін ашып, мүрдесін танып та келді. Енді жарықтықты елге – Қызбелге әкеліп жерлеу үшін қам жасалып жатты. Сол көңілге медет-тін. *** Бұрын-соңды қолға алынбаған тосын іс тұ­са­уын кескендей еді. 1992 жылдың 1-18 қыр­күйегі аралығында Торғай облысынан жа­са­қ­талған арнаулы экспедиция Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың мүрдесін 57 жылдан соң Карель АКСР-інің Сосновец стан­са­сындағы қабірден алып, туған то­пы­рағына – Жангелдин ауданындағы М.Ду­латов атындағы қауымдастықтың орта­лы­ғына қайта жерлеудің басы-қасында болды. Осынау айрықша жауапты сапарнамаға республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің тап­сырмасымен мен де облыстағы тілші ре­тінде қатысқан едім. Сондай-ақ мынандай са­парластарым болды: алматылық ғалым Марат Әбсеметов, Жангелдин аудандық жас­тар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы Ай­дар Талпақов, милиция капитаны Серік Ас­қаров, Арқалық автобус паркінің жүр­гі­зу­ші­лері Кеңесбай Меркин және Хамит Райымханов. Жердің түбі Карелияны орап, ұзын-ыр­ға­сы 12 мың шақырымдай еңку-еңку жер шал­ған біздер ел үмітін ақтап, Міржақыптай асыл­дың өзінің кіндік қаны тамған жеріне мәң­гілікке тыныстауына мүмкіндік туғызуға сеп­тесін болғандай едік. Соған қуаныш­ты­мыз. Осы күндері Міржақыптың қызы Гүлнәр Ду­­латова апай Алматыдан әдейі келіп, Тор­ғай­да жатты. Жай жатпады, осы қаралы да мұң­ды сапардың бас штабын өзі басқарып, ойға алған міндетті табысты тиянақтауға жа­нын салып, жанын беріп дегендей, аласұрып жүрді… *** Қазақ теледидарынан “Қазақфильм” сту­дия­сының туындысы “Міржақыптың оралуы” (17.04.1993 ж.) көрсетілді. Хабарға кино­режиссер Қ.Омаров пен жазушы М.Рахма­н­бердиев қатысты. Дәл осы сәтте шалғайдағы бір үйде қонақта отыр едік. Теледидарының дауысы шықпай, нашар көрсетіп, Карелиядағы қабір басын бей­не­лейтін тұста тіптен сөніп қалсын. Көкпеңбек болып быжырқайланып, бейне ажырату қиын болды. Әйтеуір… қабір басында Ерлан Сатыбалдиевтің (Міржа­қыптың жиені) Сосновец тұрғыны К.Стенниковамен сөйлесіп тұрғаны көзге әрең сұлбаланды. Ал қалалық тұрғындардың біразы бұл фильмді тәуір тамашаладық деп, сол тө­ңі­ректе кейін тамсанып, әңгіме өрбітіп отырды. *** Түн ортасы ауа Марат Әбсеметов келіншегі мен баласы үшеуі (13. 08. 1995 ж.) Арқалыққа келді. Қарағандыдан мәшинемен келе жатып 8 тамызда біздікіне қонып, ертесіне Торғай қаласына жүріп кеткен еді. Сол сапардан оралып жеткен беттері осы екен. Мараттың негізгі шаруасы – Қара­ғанды баспаханасынан шығарған өзінің “Міржақып: өмірі мен шы­ғар­машылығы” атты ғылыми-монографиялық еңбегін (1800 дана) Торғай халқына тарату екен. Ана жолы соққанда маған бір кітабын қолтаңбасымен сыйға қалдырып еді. Оны жар­тылай оқып, тұшынып жүргенмін. “Әттеген-айы” да бар еді кітаптың. Әріп қа­телері өте көп, кейде Мір­жақыптың өміріне қатысты жер­лері бұр­ма­ланып та кеткен. Туған жері “үшінші” ауыл дейді, дұрысы – тоғы­зын­шы ауыл! “Қыз­бел өзені” дейді, дұрысы – Қоңыраулы ғой! Кітабы өтетін сыңайлы болған соң Марат көңілді. Әңгімесі де көп. Енді таяу маңда “Міржақыптың оралуы” деген кітабы шықпақ. Оның алғысөзін Гүлнәр апай жазыпты. Маған оқыған тұсында апайдың жылы сөз арнаған жері бар екен. “Жақсы сөз – жарым ырыс” қой. Қуанып қалдық. Сосын Марат осы кітабының ішіне менің Міржақып сүйегін әкелісуге байланысты жазған екі репортажымды (“Егемен Қазақстан” газетіне шыққан) енгізіпті. Жә, бәрін кейін кітаптан оқып көрерміз амандық болса. Гүлнәр апайдың еңбегі де жуырда қолымызға тимек екен. Бұл жаңалықтар М.Дулатовтың сол күзде тойланатын 110 жылдық тойына үлкен базар­лық іспеттес! Менің де кітабым баспаханада жатыр. Тойға үлгерсе жарар еді. Ал ол мерекелік шара Торғай қаласының 150 жылдығымен сабақтастырылып, алдағы қазанның ортасына қ­арай өткізілмекші. Әрине, бұл уақыты пысықталатын шығар. Мараттың айтқандарынан: Міржақыптан кандидаттық қорғау алдында қатты ауырып ауруханаға түсіпті. Жүйке тозғандықтан “са­ры ауруға” шалдыққан. Палатадан қашып шы­­ғып қорғаған ғой! Тіпті кезінде оның М.Ду­латовты зерттеуіне де көп кедергі болған. *** Арқалық вокзалынан Гүлнәр апайды күтіп (7. 10. 1995 ж.) алдық. Облыс әкім­дігінің бөлім меңгерушісі М. Сәрсенбаева, қала әкі­мінің орынбасары Е.Самсонова, қалалық мәс­лихаттың хатшысы Ә. Шаях­метов төр­теуміз. Гүлнәр апайдың қасында еріп келгендер – баласы Нұрлан, немересі Дулат, “Оян, қазақтан” кандидаттық диссертация қорғаған жапон ғалымы Уяма Томохико. Апай осы күзде 80-ге келіп тұрса да тың екен, соған қуандық. Сағат 16 шамасында 3-4 мәшинемен Жангелдин ауданының М.Ду­ла­тов атындағы ұжымдық кәсіпорнына ат­танып кеттік. Бізбен бірге ректор Қосылған Кү­­зем­баев, жазушы Сейіт Кенжеахметов, т.б. болды. *** (8.10.1995 ж.) Міржақыптың 110 жылдығы жақсы өтті. Күн ашық болды. Даңқты атамызға күмбезді кесене мен мұражай ашылды. Бұл жөнінде “Егемен Қазақстан” газетінде репортажым жарияланды. Тойға мұның алдында Торғайда Ғафу Қайырбековтің жылын беріп келе жатқан жары Бә­деш пен баласы Бақыт та қатысты. Бәдеш жең­­гей көзіне жас ала отырып, біраз толқып сөйледі. *** Ертесіне, Гүлнәр апай қасындағы жолаушы серіктерімен бірге біздің үйде қонақ болып, кешкі пойызға отырды. Дастарқан басында біраз әңгіме айтты. Қ.Күзембаев, С.Кен­же­ах­метов, Арқалық қаласының әкімі М.Мұстафин, М.Сәрсенбаева, Ә.Шаяхметов, т.б. болды. *** Ғылым академиясына (17.09. 1996 ж.) келдім. Атақты ғалым Манаш Қозыбаев ағаға кірдім. Жылы қарсы алды. Әңгімелер айтылды. Кейкі батырдың бас сүйегі Эрмитажда жат­қа­ны, Шоқайдың мәйіті Алманияда екендігі сөз болды. Соларды танып әкелуде сергектік қажеттігін баса әңгімеледі. “Сенің кітабыңа сол тұрғыдан ескертілген пікір ғой”, – деді де ақ қағазға сүйкектете жазып, мәшеңкеге берді. Бір данасын қолыма ұстатты. Оқып отырмын: “Уважаемый Владимир Конс­тантинович! (Бұл кісі Баспасөз агенттігінің бөлім мең­ге­ру­шісі еді – Қ.Ә.). Я сделал одно заме­чание по поводу книги “Возвращение Миржакипа” – о М.Дулатове. Автор этой книги известный жур­налист, племянник поэта К.Алимов. Что было, то было. Но, видимо, задерживать об­щепознавательную работу о поэте-борце, лидере национально-освободительной борьбы начала ХХ в. не следует. Прошу учесть это и помочь автору. Директор института академик М.К.Козыбаев”. *** Апай бүгін (29.01.1997 ж.) ауруханадан шыққан екен, екі апта емделіпті. Көңілді! Кеше баласы Ерланмен сөйлескенімнен біліп отыр екен, “Құтты болсын!” айтып жатыр. – Көргенім жоқ, әлі, кітабың “Мұңды сапарды”. Ерлан әкеп беремін деген. – Апай, “Міржақыптың қызы” повесі жазылып жатыр еді. Сізге қоятын кейбір сұрақтарым да бар. – Тездет, созба, Қайсар. Алдағы қарашада 82-ге келемін ғой… *** Бір дөкейге Міржақып туралы кітабымды апарып отырмын. Таратуға көмектес дегім келеді. Байқаймын, бұл сабазым бұл атасын білмейтін секілді. “Не істесем екен?” – Міржақыпты білмейсіз ғой?! – … – Мына кітапты оқыңыз! – деп әлгіге “Мұң­ды сапардың” бір данасын тастап кеттім. *** Ақмолаға келгелі негізгі күнкөріс арқауы – “Мұңды сапар” кітабымды сатуға тірелді. Күнде дипломатыма салып алып мекемелерді аралаймын. Кейде ақшаны қолма-қол береді, кейде кейін тауып беруге уәде етеді. Әйтеуір, құр қол қайтпаймын. Сөйтіп, үй жөндеудің де біраз жүгін көтерісті. *** “Хабар” телеарнасынан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай өткізілген кездесуден үзінді (27. 05. 1999 ж.) көрсетілді. Сол бір жапа шеккендердің артында қалған ұрпақтары сөз сөйледі. Гүлнәр апай айтты: – Әкемді ұстап әкеткенде мен 13 жаста едім. Түсте үйге сау етіп 6 адам кіріп келді. Бөл­мелерді жағалай тінтіп, астан-кестенін шы­ғарды. Кетерде әкемнің айтқаны: Есің кіріп қал­ды ғой сенің, Гүлнәрім. Мамаңа сүйеніш бол! Сабағыңды жақсы оқы! Біздің істеген ісі­міз ақ болады. Соған сенемін. Мықты бо­лыңдар! Осылай деп біздің маңдайымыздан сүйді де көзімізден тасаланып кетті… Гүлнәр апайдың бейнесін экраннан зо­райтып көрсетті… 84-тегі апамның түрінен он­ша шаршағандық байқала қоймайды. Сөзі де шымыр, ойы да нақпа нақ! Асыл сүйекті апам-ай! *** (17.11.1999 ж.) “Хабардан” соң “Ақшам” ар­насына ауыстырып едім, міржақыптанушы ғалым Марат Әбсемет сөйлеп жатыр екен. Міржақып Дулатов туралы фильм екенін тү­сіне қойдым. Әрі қарай өзіме белгілі дүниелер... *** Бүгін (28.02. 2000 ж.) түсте Алматыда көп шаруа өзінен-өзі тына қалғандай болды. Гүлнәр апайды түс мезетінде үйіне іздеп бардым. Апай қуана қарсы алып, құшағына қысып жатыр. Тың екен. Біраз әңгіме айтты. Осы күзде (4 қарашада) 85 жасқа толады. Марқұм жұбайы Әбеннің осынша жасын былтырғы желтоқсанда тойлаған екен. Апай екеуміз жаяулап барып, жақын маңдағы фотоательеге суретке түстік. Жолай біраз әңгімелестік. – Қазір ешкім кітап оқымайды ғой, – дейді апай кейіп. – Сол арыстардың насихатталуы әлі де кемшін. Тәуелсіздік үшін күрескендер – тәуелсіздік заманында жеткілікті бағаланбай жатыр. Кінә кімнен? Әрине, өзімізден! Басшылар жағынан! Апай көктемге лайық жеңіл киінген: жұқа плаш, мойнына орамал байлаған, басында жеңіл қалпақ. Менің оң қолтығымнан қолымен орап, тас қылып ұстап алды. Өте баяу жүрдік. 6-7 қадам басады да, “уһ!” деп тұрып қалады. “Жүректен талай шайлықтым ғой!” деп талма (инфаркт) болып, ауруханада жатқан күндерін шошына, есіне түсіре бастайды. Шынында да апай сырқаттан бас алмай жүрсе де, күрескерлік рухын сәл де босаңсытқан емес. “Күрес! Күрес!” – деп соғатындай, апайдың әлсіз де адуынды жүрегі! Күшті жүрекке тән рухты ән осы! Апай маған өзінің жуырда ғана баспадан қолына тиген “Шындық шырағы” деп аталатын қос томдық кітабын қолтаңба жазып, сыйға тартты. Көк мұқабалы қалың кітаптар екен. Бұдан бұрын шыққан әкесінің таңдама­лы­лары да осыдан айнымайтын еді. Үндестік, ұқ­састық демеске лажыңыз жоқ. Тіпті бас­қа­сын былай қойғанда, таланттар ұқсастығы байқалады! Қос том! Баға жеткісіз байлық мен үшін! Қуана алдым, жүрек тұсыма қыстым! Бойым қызынды! Гүлнәр апайдың қоп-қою ақ шашына сүйсіне көз тіктім... Апайда ес қалмаған! Менің мына келуімнің жай-жапсарын білген соң, баладай елпілдеп, бәйек болумен жүр. Үстелдегі жазып жатқан қағаздарын былай ысырып қойып, шай демдеп, тамақ ысытып берді. ... Сөйтіп, бүгін мен бұл үйден керемет олжалы шықтым. *** ҚР Орталық мемлекеттік мұражайының ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кан­дидаты Бабақұмар Хинаят (қасында Венгрия ғалымы бар) Астанаға (21. 09. 2002 ж.) келді. Олар алдымен ғалым Сейітбек Нұрқановпен сөйлесті. Секең 60-жылдардың басында (ХХ ғасыр) Торғайдағы Қызбел өңіріне Венгрияның бір ғалымын ертіп апарып, мадиярлармен әңгімелестірген еді. Ол ғалым кейбір мадиярлардың бас сүйегін өлшеп, бет-пішінін салыстырып Венгриядағы мажар­лар­ға ұқсастығын зерттеп, білмек болыпты. Кейін оның ізіне өз еліндегі тыңшылар түсіп, сыртта жинаған құжаттарын жойып жіберсе керек... Мына ғалымдар сол әріптестерінің ісін жалғастырмақшы екен... Оларға жол сілтеп жібердік. Арқалық – Қыз­бел – Бидайық – Албарбөгет – Торғай бағыттары бойынша мәлімет жинастыруға болатынын айттық. Осы сапардан олар сәтті оралды. Біраз мадиярды суретке түсіріпті. Міржақыптың Бидайықтағы кесенесінің азып-тозып кеткенін өкінішпен айтып келді. – Кесене жайын Алматыдағы Міржа­қып­тың жиені Ерлан Сатыбалдиевке айта бара­мын, – деді Бабақұмар. Ғалымдар менің “Мұңды сапар” кіта­бым­ды (М.Дулатов туралы) венгр тіліне ау­да­рамыз деп, оның орысша мәтінін алып кетті. *** Түс әлетінде жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметов бөлмеме кіріп келді. – Рахмет! – Не үшін? – Тіпті, осы үш кітабың да мен туралы жазылған дерсің. “Міржақыптың оралуы. Возвращение из небытия”, “Сырбай мен Ғафу” және “Жанығу” кітаптарыңда жазған­дарыңа риза болғанымды айтамын. Ол енді ақын Несіпбек Айтовтың Міржақып туралы поэма жазып жүргенін, соған қатысты ойлар туғанын айтты. – Жақаң сүйегін халқы көшіп жатқан ауылдағы мазардан алып осы Астананың жазықсыз қуғын-сүргіндер обелискісінің қасына қайта жерлесе қайтеді деген ұсыныс айтып жүр ол, – деді Сейіт. Мен үнсіз қалдым. Жуырда “ЕҚ”-да шыққан “Міржақыптың ауылы” мақаламда осы мәселе де сөз болған. – Ол жағын сенімен ақылдасу керек дедім  Несіпбекке. – Туған қызы Гүлнәр апай тұрғанда ше? – Апаймен сөйлессек қайтеді? – Апайдың құлағы ауырлау. Арнайы барған жөн болар. Сейіт бұл мәселенің бір саңылауын көргісі келгендей болып: – Баласы Ерланмен (Сатыбалдиев) жолығып, сөйлессек қайтеді? – деді. ... Қалай дегенмен де Сейіттің бұл көтеріп отырған мәселесі өте көкейкесті болатын. Оны тиянақтау үшін тыңдар құлақ, атқаратын қуатты қол керек! ... Ең бастысы – ұлтжандылық сезім кернеген жүрек қажет! *** 4 қараша – Гүлнәр Міржақыпқызының туған күні. 1915 жылы Орынборда дүниеге келген. 90 жасқа есен-сау келіп отыр. Апайдың дәл туған күні “Егемен Қазақ­станға” “Үміт үрейден үстем” деген мақала бастырдым. Соны оқыған алматылықтар апайды құттықтапты. Апайдың баласы – Ерлан Сатыбалдиев “Мек­теп” баспасының директоры. Арнайы телефон шалып, Алматыға тойға шақырды. Мерейтой 2005 жылғы 12 қарашада өтпек. Арғы жақтан телефон құлағына апай да жармасыпты. – Қайсар-ау, ел аман ба? Үй-ішің қалай? Менің тойыма кел! – деді апай мына жақтағы менің сөзімді елең қылмай, бастырмалатып. “Құлағы ауырлау естиді”, – дегеннің шындығын ұққандаймын... ...Иә, 53 алаш ардақтысының көзі тірі соңғы тұяғы осы Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатова екен. – Мен бақыттымын! – деді өзінің 90 жасқа толу құрметіне арнап жайылған ме­рейтой дастарқанының беташар сөзінде Гүлнәр апай ерекше толқып. – Әкем армандаған тәуелсіздікті маған көруге жазыпты. Қаншама Алаш арыстарының көзін көріп, сөздерін тыңдап өскенім күні ке­ше­гі­дей елеңдетіп тұрады. Шетінен нартұлғалар еді-ау, ардақ­тыларым. Бүгін сол аяу­лыларымның рухы алдында басымды иемін. Ғазиз ана ақ шашты басын иіп, тағзым етті. Той жалғасты... Белгілі әдебиеттанушы, ғалым Ш.Елеукенов Міржақыптың “Оян, қазақ!” кітабының маңызын қысқаша түсіндіріп, көр­кем сөздің бүгінгі тәуелсіздік жыл­да­рындағы рөлінің ерекшелігін бөліп айтты. Халық жазушысы М.Мағауин Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” романының мазмұнын тұңғыш рет өз әкесінің аузынан естігенін, Гүлнәр апайдың асылдың сынығы екендігін, бүгінде өз өнегесімен күллі қазақтың анасына айнал­ғанын зор қанағат сезіммен жеткізді. Ол той иесіне өзінің 13 томдық таңдамалы шы­ғар­ма­лар жинағын табыс етсе, өздерінің жүрекжарды ыстық тілек-лебіздерін білдірген бірқатар жа зушы, ғалымдар – Т.Кәкішев пен Ж.Ыс­мағұ­лов, Ә.Жұмабаев пен Қ.Сәрсекеев, П.Бейсенов, атақты сәулетші Ш.Уәлиханов пен С.Байзақов, Қ.Сәтбаева мен Н.Қыпшақбаев Гүлнәр Міржақыпқызының өмірдегі, шығармашылық саладағы биік тұлғасына әр қырынан тоқталды. Гүлнәр апай бұған дейін “Шындық шырағы” деп аталатын қос кітап жазған көкірегі сырға бай адам. Әлі де қо­лынан қаламын түсірмей келеді. Айтары мол. Ерекше жаратылысты Ананың жады сел­­кеуленбеген, бұдан 85 жылғы жайттарды күні кешегідей етіп, жаңғыртып айтып отырады. ...Гүлнәр апай 4 бала, 8 немере, 7 шөбере, шөпшек сүйген бақытта ана. Солар той соңында тізіліп, әжесін әнмен құттықтады. ...“Колор” мейрамханасында өткен сол той көз алдымнан кетпейді. Қазақтың талай марқасқаларымен бірге болдым. Бөкейханов пен Сәдуақасов ұрпақтары да көзге аса қымбат, жылы ұшырайды. ... Белгілі ақын Бақытжан Қанапияновпен Ерлан Мәскеуде әдебиет институтында бірге оқыпты. Сонда Ерлан нағашы атасы Мір­жа­қыптың жатқан түрмесі – Бутыркаға жиі ба­рып, маңынан айналсоқтап шықпай қояды екен... – Үйдегі кішкене Гауһар шөберемнің өзі маған көмектескісі келіп, аяғыма оратылып, орнымнан тұрғызғысы келеді, – деп Гүлнәр апай қорытынды сөзінде балаша мәз болып күлді. Күлкіңіз көбейсін, Гүлнәр апа! Күніңіз барда күліп жүре беріңіз! *** Немереміздің атын Міржақып қойдық. Ұлы ата­­сы Дулатовтың мұрагері болсын деген асыл тілек! Міржақып-дана қараша айының 25 жұлдызында туыпты. Осындай сандық сәйкестікті де жақсы ырымға балап жатырмыз. Ұлы адамға тартпасаң да – ұқсап бақтың кебі ғой. ... Осы күнгі “Егемен Қазақстанның” хабарында араға 88 жыл салып өз оқыр­мандарымен қайта қауышқан “Қазақ” газеті туралы айтылған. Бұл басылым 1913-1918 жылдар аралығында жарық көріп 265 нөмірі шыққан екен. Оған Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов қол қойған. Енді осы газет немереміз Міржақып туған күні қайта жалғасын тауып отыр! Мұны да жақсылыққа балаймыз... ... Міржақыптың ақталуынан кейінгі кезеңдер ақ түйенің қарны жарылуымен құнды. Арыстардың ақ тілектері мен асыл армандары Ақ жолға ұласыпты! Елімізде Тәуелсіздік таңы атты. Міржақыптар көксеген егемендік байрағы асқақ желбіреп тұр. Халқы да ардағын асқақтатып, оның туғанына 125 жылдығын хал-қадерінше атап өтіп жатыр. Қайсар ӘЛІМ.