Электронды дауыс беру қаншалықты тиімді? Демократия ұлықтылығын қамтамасыз етуге ақпараттық технологиялар жетілді ме? Жуырда осы мәселелер бойынша өзінің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы аясында Қазақстан қызу пікірталас ұйымдастырған болатын.
Өткен аптада Венадағы Хофбург сарайында ЕҚЫҰ аумағында электрондық дауыс беру мәселелеріне арналған екі күндік семинар болып өтті. Ұйымдастырушылары – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы және Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ). Алқалы мәжіліске ЕҚЫҰ-ға қатысушы және әріптес елдердің орталық сайлау комиссиялары өкілдері, халықаралық сарапшылар және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері белсенді қатысты.
Еліміздің Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бастаған қазақстандық делегация ОСК мүшелері, ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілдік және бірқатар үкіметтік емес ұйымдар жетекшілерінен құралған.
Мәжілістің ашылуында сөйлеген сөзінде Қ.Тұрғанқұлов семинардың тақырыбын таңдау кездейсоқтық емес екенін атап өтті. Өйткені, сайлау үдерісі саласына жаңа технологиялық шешімдер енгізу және электронды дауыс беру жүйесін дамыту күрделі, көптарапты және көп жағдайда даулы мәселе болып табылады. Ол семинарға қатысушыларды электронды дауыс берудің артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтау, орын алып отырған мәселелерді айқындау және туындауы мүмкін проблемаларды болжау үшін әртүрлі электрондық дауыс беру жүйелері мен құрылғыларын қолданудың іс-тәжірибесімен белсенді пікір бөлісуге шақырды.
“Бүгінгі күні әртүрлі елдердің сарапшылары электронды дауыс беру жүйелерін одан әрі қолдану мүмкіндіктерін әрқалай бағалайды және бірыңғай операциялық және техникалық стандарттарды енгізуге, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз етуге, сайлаушылардың, байқаушылардың және барлық сайлауға қатысушылардың құқықтарының сақталуына ерекше назар аударады”, – деп атап өтті ҚР ОСК басшысы.
ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Янеш Ленарчич электронды дауыс беру жүйелерін енгізіп отырған мемлекеттер, демократиялық сайлаудың ЕҚЫҰ міндеттемелеріне және басқа да халықаралық стандарттарына сәйкес, сайлау үдерісінің біртұтастығын қорғау бойынша шаралардың қолданылуын қамтамасыз етуі, сондай-ақ айқындықты, есептілікті және қоғам тарапынан сенімді қамтамасыз етудің дәстүрлі дауыс беру тәсілдері ұсынатындай кепілдіктерін беруі тиіс, деп атап өтті.
Үш жұмыс секциясы барысында семинарға қатысушылар ЕҚЫҰ-ға мүше елдерде электронды дауыс беруді қолдану, электронды дауыс берудің халықаралық стандарттары, электрондық дауыс беруді құқықтық реттеу және халықаралық байқау, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер кеңістігінде электрондық дауыс беруді қолдану перспективалары сынды тақырыптарды талқылады. Семинарға қатысушылар электронды дауыс беру жүйелерін енгізу және қолдану барысында туындайтын келелі мәселелерді айқындауға және шешілуі демократиялық сайлау ұстанымдары мен қағидаттарының сөзсіз сақталуына ықпал ететін бірінші кезекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік алды.
Осы шараға дайындық бойынша жұмыс аясында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ электронды дауыс беру жөніндегі халықаралық құжаттар шолуын, сондай-ақ басқа да баспа материалдарын әзірлеген болатын. Оның сыртында “Сайлау” ААЖ-дың қолданыстағы жабдығы қойылып, семинарға қатысушыларға өзіндік бейресми мини-референдумға қатысып, “Сіз электронды дауыс беруді пайдалануды қолдайсыз ба?” деген сұраққа жауап беру ұсынылған.
Семинардың Латвия ОСК төрағасы Арнис Цимдарстың жетекшілігімен өткен электронды дауыс беру бойынша көзқарастарға арналған бірінші отырысында әртүрлі елдерде электронды дауыс беруді қолдану тәжірибесі бойынша негізгі баяндамалармен Ресей ОСК төрағасы Владимир Чуров, Таллинн технологиялық институтының профессоры Улле Мадисе (Эстония), Бельгияның Федералдық мемлекеттік қызмет бас директорының Сайлау жөніндегі басқармасының басшысы Стефан де Мюль және АҚШ-тың Электораттық көмек жөніндегі комиссиясының төрағасы Донетта Дэвидсон ханым сөйледі.
Одан кейін болған пікірталас кезінде бірқатар елдердің сайлау органдары мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, соның ішінде Қазақстанның өкілдері – “Сайлауды байқау жөніндегі комитет” қоғамдық бірлестігінің сарапшысы, профессор Қазбек Жиреншин және “Қазақстан Республикасы ОСК Инженерлік-техникалық орталығы” мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қанат Арсақбаев сөз сөйледі.
Сөз сөйлегендердің көпшілігі сайлау үдерісінде заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың қажеттігін және демократиялық сайлау саласындағы халықаралық стандарттардың сақталуын кепілдендіретін бірыңғай техникалық және операциялық стандарттарды әзірлеу қажеттігін қолдайтын пікір білдірді.
Семинарға қатысқан меймандар Қазақстан төрағалығы ұсынған тақырыптың дер кезінде көтерілгеніне әрі ЕҚЫҰ қауымдастығы үшін өзекті екеніне баса назар аудартты.
Мысалы, Ресей Федерациясының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Владимир Чуров, ЕҚЫҰ-ның электронды дауыс беру мәселелеріне арналған сараптамалық семинары қазақстандық төрағалықтың маңызды бастамаларының және жетістіктерінің бірі болып табылатынын айтты. Оның пікірінше, қазақстандық тарап ұсынған семинардың тақырыбы ЕҚЫҰ-ның гуманитарлық өлшемінің аясындағы пікірталастар үшін ең өзекті және ең маңызды тақырыптың бірі болып табылады.
“Қазақстан ұйым төрағасы ретінде сайлау үдерісі мен жаңа технологияларға арналған аса қызық тақырып ұсынды”, – деді ЕҚЫҰ/ДИАҚБ директоры Янеш Ленарчич. Оның семинар кезінде білдірген негізгі ойы – әр ел дауыс беру тәсілін өзі таңдауы тиіс.
Жиынға қатысушылар Қазақстан тарапына осынау пайдалы пікірталасты ұймдастырғаны үшін алғыстарын білдіріп, қездесуден алған қанағаттанушылығын жасырмады.
Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, “Егемен Қазақстан” – Венадан.
----------------------------------
Суретті түсірген автор.