• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Қыркүйек, 2010

Азиадаға арналған электр қуаты

565 рет
көрсетілді

Алматы энергетиктері қуатты қосалқы стансалардың құрылысын аяқтады Жақында “Алатау жарық ком­паниясы” (бұрынғы АПК) АҚ-тың басшылығы Азиада нысандарын және Алматының жоғарғы аудан­дарын электр қуатымен жабдықтау үшін салынған энергия жүйелері бойынша журналистермен саяхат өткізді. БАҚ өкілдері салынып жатқан құрылыс көлеміне таңға­лып жаңа жабдықтардың озық тех­нологияларымен жан-жақты та­ныс­ты. Салынып жатқан бұл қо­салқы стансалардың еліміздің басқа бірде-бір өңірінде баламасы жоқ. Энергетиктер ең алдымен, Әл-Фараби даңғылындағы Каз­гу­град қалашығының жанында жұ­мыс істеп тұрған “ҚазМУ” қосал­қы стансасымен таныстырды. Бұл нысан 1973 жылы салынып, өзінің нормативтік мерзімін әлдеқашан тауысқан. Қосалқы станса ұлкен аумақты (30 сотықтан астам жер­ді) алып жатыр. Оның жабдықтары әбден ескірген, осы уақытқа дейін ол маңайдағы шағын аудандардарға қызмет көрсетіп келді. Қосалқы стан­са қуатына түсетін үлкен сал­­мақтың салдарынан бұл аймақтағы үйлердегі электр қуаты жиі тө­мен­дейтін. Әсіресе, қыс айларында әб­ден ескірген, кешегі кеңес за­ма­нын­да шығарылған электр реттегіштер және басқа техникалар жиі қатардан шығып, қиындық туғызатын. Мердігер компания алдағы бір айдың ішінде пайдалануға беруді жоспарлап отырған жаңа нысанды аралағанда, біз басқа көрініске тап болдық. Бұрынғы “ҚазМУ” атау­ы­­мен салынып жатқан қосалқы стан­са ескі энергиялық жүйеден қашық емес. Бір қарағанда бұл нысан бүгінгі заманның офистеріне ұқсайды. Көркімен көз тартатын ғимараттың ішінде отандық және шетелдік кәсіпорындар шығарған қуатты трансформаторлар жабдық­талуда. Нысанның өзі шағын ау­мақты алып жатыр. Онда энер­ге­тика саласының әлемдік жетекші кә­сіпорындары шығарған қондыр­ғы­лар орнатылған. Бұл қондыр­ғылар өртке қарсы және апатқа қарсы қауіпсіздік нормаларына толық жауап береді. Қосалқы стан­саны басқару толық автоматтан­дырылған және ең бастысы барлық кәбіл жүйелері жер астымен тар­тылған. Яғни, адамдардың өміріне қауіп төндіретін алқам-салқам эл­ектр сымдары жоқ. Осы жерде атап айтатын бір мәселе, жаңа қосалқы стансаны іске қосу – “Алатау жарық компаниясы” (АЖК) АҚ-тың аймақтың тұтынушыларын сенімді электр энергиясымен жабдықтау үшін жасалып жатқан кешенді шараның бір бөлігі ғана. Тек соңғы 3 жылдың ішінде Ал­матыда жалпы құны 16 миллиард теңге болатын 15 қосалқы станса мо­дернизацияланды және са­лын­ды. Сонымен бірге “АЖК” АҚ бас­қармасы төрағасы­ның орын­ба­сары Ғани Сәлімжуаров атап көрсеткендей, Азиада нысан­дарын, метрополитенді және іс жү­зінде мегаполистің барлық аудан­дарын үзіліссіз электр энергиясымен қам­тамасыз ету мақсатында қазіргі кезде тағы да 7 қосалқы стансаның құрылысы салынуда және қайта жарақтандырылуда. Олардың қата­рында “ҚазМУ”-дан басқа “Оты­рар”, “Алатау”, “Ерменсай”, “Ме­деу”, “Шынбұлақ” және “16И Но­вая” қосалқы стансалары бар. Бұл стансалар биылғы жылдың соңына дейін толық пайдалануға берілмек. Осы кешенді жобаларды жүзеге асыру үшін 30,5 миллиард теңге күрделі қаржы игерілді. –             Қысқы Азия ойындары жа­қындаған сайын біз жұмыс қар­қы­нын үдетудеміз, – деді Ғ.Сә­лімжуаров. – Бұл ретте бізге қала әкімдігі және “Самұрық-Энерго” басқарушы компаниясы зор қолдау көрсетуде. Олардың үлкен түсі­ністігі және жан-жақты көмегінің нәтижесінде энергиялық кешенді да­мыту үшін соңғы жылдары бұ­рын-соңды болмаған қаржы бө­лі­нуде. Тек бір ғана “ҚазМУ” қо­сал­қы стансасын салу үшін 2 мил­лиард теңгеден астам қаржы жұм­салды. Бір шақырым кабель жүйе­сін тартудың құны 120 миллион теңге тұрады. Энергетика жүйесін ау­қымды модернизациялаудың тиімділігі де тайға таңба басқандай: 3,5 жарым жыл ішінде қалада 22 қосалқы станса (биылғы жылы іске қосылатын қосалқы стансаларды есептегенде) салынды және күрделі жөндеуден өткізілді. Орнатылған трансформаторлық қуат мөлшері 40 %-дан астамға арттырылды. Ескеретін бір жай, іске қосыл­ған жаңа нысандардың қуаты өн­дірістік көрсеткіштері жағынан ес­кілерінен әлдеқайда зор. Поли­этиленнен жасалған қорғағыштар­мен оралған (жер асты кәбілдері) электр желі­лерінің сенімділігі жоғары. Бұл желілердің өткізгіштік қабілеті үлкен, қауіпсіз, ең бастысы – ол электр қуа­тының норматив­тен тыс шығын­дарын төмендетуге мүмкіндік береді. “АЖК” АҚ ша­раларының жоспары бойынша 2013 жылдың соңына таман норма­дан тыс шығындарды толық жою қарастырылған. Егер жұмыс істеп тұрған эн­ер­гетикалық нысандарға жыл сайын ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалатын болса, жаңа стансаның жабдықтарына пайдалануға беріл­геннен кейін 9 жыл өткеннен соң ғана бірінші тексеру жұмыстары жүргізіледі. Байланыс жүйелері тек 25 жылдан кейін ғана тексеріледі. Бұл техникалық қызмет көрсету шығындары жоқтың қасы деген сөз. Ол ол ма, мұнда кезекші қыз­мет­керлер де қажет емес. Жұмысты диспетчер қаланың орталық бас­қару пультінде отырып-ақ компью­термен басқарады. Жаңа жабдық­тардың тағы бір артықшылығы (трансфор­ма­торлардан басқа, ва­куум­дық рет­­те­гіштер орнатылған, ең соңғы үл­гі­дегі автоматика және микро­про­­цес­­­­­­сор­лар қойылған) ол аспаптар­дың апат­тық жағдайда өшіп қалуын елеулі түрде азайтады. Басқаша айт­­қанда, қала тұрғын­дары электр жа­ры­ғы­ның өшкендігі жөнінде аз ша­ғым­данатын болады. Жөндеу бри­­га­да­ларының шығын­дары азаяды. – Ұзақ жылдар бойы біз эл­ектр қуатын үнемдегеніміз жоқ, ке­рі­сінше электр энергетикасын үн­ем­­дедік, – дейді Ғ.Сәлімжуаров. – Соның салдарынан еліміз бір­тіндеп энергетикалық тапшылыққа ұр­ын­ды. Ал ескірген инженерлік ин­фра­құрылым ауқымды эконо­ми­калық жобаларды жүзеге асыру жолындағы кедергіге айналды. Енді мемлекет еліміздің бүкіл экономи­касының базасы болып табылатын электр энергетикасы саласының про­б­лемаларынан сырт қала ал­май­тынын түсінді. Үкімет бұл ретте бірден-бір дұрыс стратегияны таң­да­ды: жаңа қуат көздерін пайда­ла­нуға беруді қамтамасыз ету үшін және оларды басқару үшін мем­лекеттік жылжы­малы активтерді біріктірді. Алдағы уақытта “АЖК” АҚ-тың алдында дамудың түбегейлі жа­ңа деңгейіне шығу және тех­но­логиялық серпіліс жасау міндеті тұр. Мәселен, Азиада нысандарына қызмет көрсету үшін салынып жатқан баламасы жоқ қосалқы стансалар әлі талай жыл бойы алматылықтар үшін мінсіз қызмет көрсететін болады. Тура бір жыл­дан кейін, “Кеңсай” қосалқы стансасының құрылысы біткеннен кейін ЖЭО-3-Кеңсай-Ерменсай жүйелері тұйықталады. Осының нәтижесінде Алматы аумағында жоғары вольтты шеңбер жасалады. Қала әкімдігі бекіткен электр жүйесі нысандарын дамытудың стратегиялық жоспарына сәйкес 2020 жылға таман “АЖК” АҚ-тың барлық жабдықтары толық модер­низациялаудан өтеді. Бұл ауқымды да кешенді бағдарламаны жүзеге асыру үшін 170 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылмақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАР.