Газетіміздің бұрынғы сандарында біз қалалық мәслихаттың депутаттары атанып, кейіннен “тәртіпсіздіктері үшін” көзге түсіп қалған кейбір “халық қалаулылары” жайлы жазған болатынбыз. Оның бірі – “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, “Нұр Отан” партиясының мүшесі Сергей Тупицын болса, екіншісі – осы мәслихаттың хатшысы Владимир Лебедь. Ел құлағы елу дейді. Нәтижесінде, С.Тупицын сотталып, Семей жақтағы түрмелердің бірінде жазасын өтесе, ал хатшысы орнынан кетіп, қазір қалалық мәслихатты Михаил Желнов басқарады.
Одан кейін де мәслихатқа оның не екенін әлі түсіне қоймайтындай көрінетін Мирхат Серікбаев, Арман Әлиакпаров сияқты “бала” депутаттар келді. М.Серікбаевтың кезінде “Сәтбаевқа неге ескерткіш қойдық?” деп жергілікті теледидарға шығып сұрау салғаны бар. “Е, қайтсін енді, әлі жас қой, түсінер”, дедік. Осындайда, қалай десек те, орысша білім алып, тәрбиеленген “бала” депутаттарға қарап күйінетінің рас. Кей-кейде А.Әлиакпаровтың да теледидардан журналистерге сұхбат беріп тұрғанын көріп, қарның ашады. “Шіркін, біздің елдің халықтың қамын жейтін шын патриот жігіттері қайда жүр екен”, деп амалсыздан ойланасың.
Біз бұл жерде Арман Әлиакпаровты сынап-мінейік деп отырғанымыз жоқ, қайта жас жігіт осындай дәрежесін әрі қарай дамытып, шыңдалсын дейміз-дағы. Екіншіден, халық депутат болып мақсат-мүдде үдесінен шыға алатын, ел-жұрттың алдында “күлкілі” кейіпте жүрмейтін білімі кең, ой-өрісі жоғары адам сайланғанын қалайды. Жергілікті билік орындарының “мына бала депутат болсын” деген “жолдамасымен” өтіп кететіндердің соңынан шикілігі шығып жататыны да қайбір жақсылық дейсіз. Тағы бір таңқаларлығы – бізде қалалық мәслихатқа депутат болып сайланған жастардың міндетті түрде қазақшасы ақсап жатады әрі ол аздай, қазақы тірлікке сол көзбен қарайтындар болып шығады.
Сіләмбек Әкімов қалалық мәслихатқа депутат болып сайланғанда біраз жұрт “бұл қалай болды?” деп таңданыстарын жасыра алмаған-тын. Ал қазір сол Сіләмбек Әкімовтің қайда жүргендігі туралы ешкім білмейді. Ол жайында қалалық мәслихатқа хабарласқанымызда, мәслихаттың хатшысы Михаил Желновтан: “Біз де білмейміз қайда жүргенін, ол жағы бізге де мәлім емес”, деген жауап алдық.
Сөйтсек, С.Әкімов шынымен де қалалық мәслихаттың 25-ші және 26-шы сессияларына қатыспапты да. Ал мәслихат аппаратының қызметкерлері оны іздеп, жұмыс, үй және ұялы телефондарына хабарласса да, оны табу мүмкін болмаған. Сондықтан депутаттың сессия жұмыстарына келмеу себебі туралы нақты тұжырым жасау да мүмкін емес екен. Ал еліміздің “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы” Заңының 20-бабы 3-тармағының 9-тармақшасында депутат өз міндеттерін жүйелі түрде орындамаса, оның ішінде мәслихат сессиясының жалпы отырысына дәлелді себептерсіз қатарынан үш реттен артық қатыспаса, мәслихат депутатының өкілеттігі тоқтатылады деп көрсетілген. Аталған баптың 4-тармағына сәйкес, депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша, қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен мәслихат сессиясында қабылданады.
Бұл – бір. Екіншіден, “Нұр Отан” ХДП қалалық бөлімшесінің биылғы жылғы 10 маусымдағы қаулысымен С.Әкімов партия мүддесіне зиян келтіретін, партияның беделін түсіретін іс-әрекеттері мен басқа да әрекеттері үшін; партия жарғысын сақтамағаны үшін, “Нұр Отан” партиясы қатарынан шығарылған болатын.
Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.