• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2010

Жүректегі жазулар

1279 рет
көрсетілді

Ұят – сабыр, ақыл – сана, ашу – намыс, ар – рух! * * * Ұлтсыз адам болмайды. * * * Қазақ айтпайды – айтса қайт­пайды. * * * Қазақтың қайраты қайрақтай қат­­ты, қайсарлығы болаттай берік бол­ғанымен, жүрегі мамықтай жұмсақ халық. * * * Қазақтың кең­­­­­­дігі да­ла­сы­­мен, пейілі ас­панымен өл­ше­нетін ұлт. * * * Мадақ Ал­ла­­ға, тәубе адам­­­­ға лайық. * * * Қанағат – қа­­­­рын өлшемі. * * * Өмір – Алланың сыйы! * * * Хан табылады, қан табылмайды. * * * Досыңды табалағаннан дұшпа­ның мұқалмайды. * * * Азамат адасарында ауылдасымен алысады. * * * Өскен ерді өнегесіз елдесі шалады. * * * Бірлігі жоқ шаңырақтың шамы ерте сөнеді. * * * Аз ұлттың арманы көп. * * * Түзу кісінің көлеңкесі қисық түспейді. * * * Дос көңілін жүдетіп ұйықтап, тәтті түс көрем деп дәмеленбе. * * * Өтірік ашылғанда шындық биік­тейді. * * * Жаман туған бауыр – дұшпан­­ның ең зоры. * * * Елге келгеніңде еңкейіп жүр. * * * Ауылыңда төрге озба. * * * Босағадан биік тау жоқ. * * * Ұялас қасқыр сыртта тістессе де інінде табысады. * * * Өзіңе сенбесең тәуекел етпе, тә­уе­­кел еттің екен – мұратыңа жетуге тырыс. * * * Мақсатты адам ескексіз қайыққа мінсе де арғы бетке өтеді. * * * Бақытқа сенбе – келеді, кетеді демде. * * * Әулекі әкімнің жүрген жері ба­зар, халқының көргені азар, сонда дертті кім жазар? * * * Қазақ – есті халық, текті жұрт, киелі ел! * * * Інінің үйі – іннен тар, қыздың үйі – қыннан тар. * * * Ерін күткен әйел маңайына сый­лы. * * * Ата – жол, әке – сүрлеу, бала – із. * * * Отбасы – туыстықтан, туыстық – атадан, аталық – рудан, рулық – тектен, тек – ұлттан тұрады. * * * Қазақ даласының табиғаты да үшем қазақ сияқты сулы, нулы, шөлді аймақ болып үшке бөлінеді. * * * Қайыршы болғың келсе басы­байлы жеріңді сат, кірме атанғың келсе атажұртыңнан көш. * * * Қазақтың жаны – бетке ұстар ары. * * * Ұят – қазақтың бір аты. * * * Қазақ – иманын жолдасым дейтін халық. * * * Ұлттық тәрбие – ұлттық рухтың негізі. * * * Ұлттық дәстүр – қазақы салт-сананың қалыбы. * * * Тіл – ұлттың, халықтың, мемлекеттің алтын діңгегі. * * * Кіндігің кесілген жерді кие тұт! * * * Достың түйрегені жаудың оғы­нан қатты. * * * Абайламай сөйлесең сөз де у. * * * Жер қадірін атажұрттан ұзаған адам, ауыл қадірін жат елге көшкен кісі біледі. * * * Халқын ардақтаған адам асқақ. * * * Шын перзент – ұлтының құлы. * * * Ойлы адам адасса қиямет қай­ым­да да жол табады. * * * Көрінгенді кісі деме. * * * Саңырау серік болып жарытпайды. * * * Қыздың қазынасы – ұстаған ары! * * * Адам баласы бүгін кісі – ертең топырақ. * * * Адам өмірі – Алланың сыйы. * * * Төбесі көк тіреген жанның да жерге түсетін күні келеді. * * * Ұлтыңды жамандап, ұл болдым деме. * * * Алты алаш ел – аласа ел емес. * * * Елші мен емшінің тілегі бір. * * * Келін боп түскен босағада бо­­­­­сан­­ған әйел абыройлы, әке шаңыра­ғын­да дүниеге келген бала бақытты, өз ажалымен бабалары жатқан зи­ратқа жерленген адамда арман жоқ. * * * Күміс сынбайды, шыны сынады. * * * Қазақ өзін емес, өзгені өбектейді, сыртты күтеді, басқаны басына шығарады. * * * Қазақтың үлесі қазақпен аралас­қан жұрттың бәрінде де бар. * * * Ұлт ұлағатымен ұлықты. * * * Ел азарда өсекті күйттейді. * * * Екі жақсы қағысса жаманға жем. * * * Тәуелсіздікке ұмтылған ұлт тала­бын тежеу әділетсіздіктің ең қатал түрі. * * * Ұлы әкесін, әкесі ұлын білмей өскен жетімдіктің ең зоры. * * * Інілі-ағаның дауласқаны бүтін­дікке сын. * * * Жаудың бастысын бағындырып, тізелісін бүктірген ер елін де ел етеді. * * * Жеті атаны, жеті жұрт пен жеті қазынаны білген жігіттің соңынан ерген жұрт жұтамайды. * * * Әркім төбеңде ойнақтаса басым қалай тақыр болды деп таңырқама! * * * Өзіңнің емес, ұлтыңның есесі кетсе налы! * * * Жақсы елдің өткені де үлгі. * * * Өз ұлтыңды өзгеге таныстырудан ұялма! * * * Тіліңді біл, тарихыңды біл, салт-дәстүріңді әспетте! * * * Елден балалық кетпесе есті жұрт боп есею қиын. * * * Ел есеймесе етек жиылмайды. * * * Балалыққа жараған бала аталыққа да жарайды. * * * Жылы сөз ішкі мұзды да ерітеді. * * * Мал баға білген қазақ жан да баға біледі. * * * Қазақ ақылсыздығынан азбаған, бойында рух, жігер, намыстың жоқ­тығы­нан азған. * * * Жаманшылыққа іліккен кісіні тереңге батырмайтын күш – бойын­дағы ерік-жігері. * * * Көпті жөнге салатын сезім – ақыл! * * * Сынған бұтақ – отын. * * * Жұртыңа пана бола алмасаң, бала­сы боп соңынан ер. * * * Жұрт жұмысы жұмыла жұмыл­ғанда жылжиды. * * * Ұлттың тілі кетсе, халықтың құны кетеді. * * * Жарысқа түспеген халық намыс­ты білмейді. * * * Қуанышы мен қайғысы от ба­сынан аспайтын шаңырақта ұлттық рух қалыптаспайды. * * * Рухсыз халық – шоғы жоқ от. * * * Өліден қарыз қайтпайды. * * * Алаштың атын алаш шығарады. * * * Қазақ жанын ары үшін қиятын халық. * * * Тозар елдің жанжалы өз ішінде. * * * Қара қазақ – коррупцияны білмейтін таза қазақ. * * * Әр қазақ – дара, бір өзі – бір бұқара! * * * Қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды. * * * Қазақ қазақ қалпында қазақша қадірлі. * * * Қазақ қазаққа қысастық қылса қырсыздығы. * * * Жақсы болса жаттың да жаттығы жоқ. * * * Сезім адамзатқа ортақ! * * * Шет ел өзіңе пана болғанмен жанға сая болмайды. * * * Сырт жерді мекен еткеннің өз өксігі өзінде. * * * Алаш баласынан ата сұраспа! * * * Ірге қымталмаса саңылау көп. * * * Аспан қандай биік, адам қалай аласа – жер мен көктей айырма! * * * Таразы – өлшем. Тәубе – қанағат! * * * Өмірдің бәрі бұйрық, тағдыр. * * * Тәрбие бесіктен, кие шаңырақтан. * * * Бақ ұшқалақ, тақ тайғанақ. * * * Ақ пен қара күн мен түндей. * * * Жұлдыз – қол жетпес жарық. * * * Ай – сұлулық символы. * * * Күн – жарық дүниенің нұры. * * * Жат түңілсін десең туғаныңды ту тұт. * * * Барда сыйлас, жоқта қолдас. * * * Адам жеке тұрғанында жалғыз, көп­пен жұрт, ұйқысында ел, ел қал­пында халық, халық болғанда мемлекет! * * * Бүтін бұзылмайды. * * * Аузың ала болса, бөтеннен таяқ­ты қалай жедім деме. * * * Араз ағайын арашаға келмейді. * * * Сүйгеніңе суыма! * * * Жарыңды жамандама. * * * Сенім мен сезім егіз. * * * Ерлі-зайыпты жұп – домбы­­раның қос шегі, қос құлақ, бір тиек, тоғыз пернесі. * * * Іскер басшының қосшысы көп. * * * Балаңа берер басты еншің – тәр­­­бие. Екінші еншің – оқу. Шаңыра­ғың­ды ұстап қалар ұлыңа содан кейін өсиет етерің – ұлтыңның тілі, діні, ді­лі. Қалғанын балаң пешенесінен кө­рер, Аллаға жағымды перзент болса бы­лай­ғы ырыздық-несібесін Тәңірі береді. * * * Абай: “Ғылымды іздеп, дүниені көздеп, екі жаққа үңілдім”, – дейді. Тәлім сөз! * * * Құдайдың құдіретіне күдіктенбе. * * * Өркендеген ел деңгейі көсегесі кө­­герген жұрттың ілім-білім дә­ре­жесімен өлшенеді. * * * Үлгісіз жұрт боп кетпесек қайсы – қоғамда жезөкшелік белең алды. * * * Кейде көз алдыңа елді алып, жер­ді алып, апшыны қуырып келе жатқан айдаһарлар елестейді. Солар­­дың ісіп-кеуіп, кезерген түр-бейнесін көргенде есіңе бірде Ресейдің мульт­фильмдеріндегі жын-перілер, кейде Қытайдың қарақұрым қаптаған нояндары түседі. * * * Әке – арқа, аға – жаға, іні – тірек, ұрпақ – болашаққа салған жол. * * * Атаңнан қалған арық болса, егін егерге тоған тарт. * * * Жарлыны жебе. * * * Сағы сынғанды сырттама. * * * Басына іс түскен пақырға қол бер. * * * Елім дегеннің соңына ер. * * * Жат жерде де есіңде елің болсын! * * * Болғанды күндеме, озғанды табалама, жеткенді жасытпа! * * * Еңбекпен келген байлық сіңімді, ақ-адал тапқан мал жұғымды. * * * Өзі өскенді өсектеме! * * * Қазақтың аңғалы, сарттың дел­далы көп. * * * Хас арудың да балтырына шыбын қонады. * * * Руза, намаз, зекет, хаж – қарыз, қарызды өтеу парыз. * * * Фәни – бұл дүние, бақи – о дүние. * * * Құран, таспиық, сәлде, жайнамаз – таза ұстар киең. * * * Құран – Алла сөзі! * * * “Ойбай” – шайтанның бір аты. * * * Түрік – тұрандығымен туыс, қазақтан енші алған іні. * * * Қазақ пен қырғыздың ботасы бір­­ге боздаған ел, қазан асқанда оттары қатар маздаған жұрт, төскейде малы, төсекте басы қосылған ағайын! * * * Қазақ – алауыз, орыс – бірауыз. * * * Басыма бақыт қонды деп аспан­­дама – төменде жер бар, биікпін деп мақтанба – қасыңда тау бар. * * * Сенімің алданғаннан секем ал! * * * Хақтың ісін ұмытпайтын әйел ахиреттік жар болуға да жарайды. * * * Өсиет сөзді өлер алдында емес, өне бойы айт. * * * Ұлт намысын қорғау ұрпақ ісі, ата даңқын әспеттеу перзент парызы, әке атын өшірмеу ұлдың міндеті. * * * Жарыңды жасқамай жұмса, ыммен ұғындыр, тіліңмен сүй! * * * Үйіңнің жылылығы тоңбасыңа жақсы, әйеліңнің жақсылығы өзіңе жақсы. * * * Жасқаншақ әйелдің қолы қысқа. * * * Ері беделін көтермесе, әйелдің бағы ашылмайды. * * * Әйелге ұрсып ақыл үйрете алмайсың. * * * Күндіз ұрсысып, түнде табыс­қаннан махаббат екі болмайды. * * * Сананы уақыт оятады, дәстүрді халық жасайды. * * * Қылтиған қыз – еритін тұз. * * * Үйдегі жаман ұл – ауладағы бұралқы құл. * * * Әр қалаға үй сал. * * * Қыз – өріс, ұл – қоныс. * * * Жіліктің майлысы, сөздің сайлы­сы жақсы. * * * Қазақтың қазақты күндегені – күншілдігі, қазақтың қазақты деме­гені – біршілдігі. * * * Жер – мұра. Мұрадан айрылу – күнә. * * * Өзбек халқында үш тәлім бар. Бі­рі кәсіп көрсе, майда-шүйде демейді, бел шеше кіріседі; екіншісі – өзбек өз­бекке ор қазбайды, басқаға ұстап бер­мейді, түбі біргені түртпейді, ауыз бір­лігі күшті; үшіншісі – жерге жа­қын, бар ырыздық-несібесін тұқшың­дап жүріп жерден табады, өнген өні­мін сата алады, сауданы кәсіп көреді. * * * Тәжік тәжікелесіп табысады. * * * Орыспен қоныстас болсаң есепші бол! * * * Басқа жұртқа тұрмысқа шығуға бел байлаған қыз алдымен өз тілін ұмытады. * * * Жікшіл қоғам – үзілетін жіп. * * * Қазақ – текті халық, киелі ел, тұтас ұлт. Сөйте тұра қазаққа керек нәр­­се көп. Соның ең бастысы – ұлт­тық өсім. Негізгі халық өз жерінде басым бол­майынша қазақтың бағы ашылмайды. * * * Жақсының даңқы алысқа естіледі. * * * Жарық дүниенің қызығын адам екі сәтте біледі: бірі – бас бостан­ды­ғы­нан айрылып, қараңғы қапасқа қа­мал­ғанда, екіншісі – ауырып, бал­ты­ры сыздап, науқасы жанына батқанда. * * * Жомарт адамның жолы болады. * * * Ашу – пышақ, ақыл – қынап. * * * Тірісінде адамды адам демегенді де өлгенінде көріне адам қояды. * * * Дүниені адам бұзбайды, Құдай болғысы келетін кеуде бұзады. * * * Жолаушының жолдасы – жол. * * * Ғұмыр – дария, өмір – өзен, тағдыр – жазмыш. * * * Жол үстіндегі кісінің жаны жаратқанның қолында. * * * Ерсіге еріп елікпе, жөнсізді көріп желікпе. * * * Қазақтың қазынасын қымқыр­ғанды қорғама. * * * Өңештің құлы елдің ұлы емес. * * * Азған елден, зиянкес кісіден без. * * * Ел байлығын шашып, абырой жи­­наған мырзалық емес – айдалаға төккен су. * * * Тек отырғанды тепкілеме. * * * Көрінгеннің аузына қарап сөйле­геннен шешен шықпайды. * * * Елден жинауды үйренген, беруді білмейді. * * * Қазақтың кедейі кекірт, байы шал­қақ. * * * Бастыны бағындырып, тізеліні бүктіретін – сөз! * * * Халық тарихын жүйелі хаттаған халық бақытты. Қай халықта да жұ­қа тарих жоқ. Тарих ғасырлар то­бы­ның бүкпесіз қорытылған шынайы шежіресі. * * * Өзін таныған өзгені де таниды. * * * Халықтың сәні – айтатын әні. * * * Отбасына түскен қайғыдан жұрт басына түскен қайғы зор. * * * Бұрынғы заман ұлтшылдарды із­деп тауып, арадан аластайтын; бү­гін­гі қауым ұлтсыздарды көрсе қуа­нып, арқадан қағып, төрге шығарады. * * * Үйіне қонақ түспесе қазақтың қарны ашады. * * * Әкеден туған баланың руы болары хақ, гәп есейгенде ұлтының ұлы бола алды ма – соны айт! * * * Бұрын біреуден қарыз алуды ерсі көретін қазақ бүгінде біреуден қарыз алмаса ұйықтай алмайтын күйге жетті. * * * Досыңнан алыстағың келсе қа­рыз сұра. * * * Несие кіргенінде жақсы, шыға­рында жаман. * * * Адалдың ақшасын арам түсінде жұмсайды. * * * Даулы болғың келсе көршіңе қарыз бер. * * * Жылпостың сөзі тәтті, діні қатты. * * * Қанағатшылдың қарны тоқ, тәу­бесіне келе алатынның уайымы жоқ. * * * Атқан таңға қуан. * * * Табиғатқа тіліңді тигізбе. * * * Биіктікті аспанға қарап, тұтас­тықты жерге қарап өлше. * * * Ауа – тыныс, жер – бесік. * * * Қазақ қазақ ісіне қазақ боп кіріс­кенде ғана қазақ ісі оңға басады. * * * Әр қазақ қазақ тәуелсіздігін сақ­тауға және қорғауға міндетті әрі қа­сиетті борыш санағанда ұлт мүддесі түгел болады. * * * Қазақ қор халық емес – зор халық. * * * Жақсыдан сөз шығады жан се­кіл­ді, тамырдан атқылаған қан се­кілді. * * * Ұры есігіңді көрсе, қоймаңның құлпын өзгерт. * * * Жаныңды жалдасаң да әйеліңді кісі есігінде күң қылма. * * * Сөз де бір мылтық: қадап айтсаң оқ боп тиеді, қалт айтсаң айдалаға кетеді. * * * Жазықсыз жала жабу күнәнің ең зоры. * * * Қазақ қазақты іздесе құт, Қазақ қазақты жоғалтса жұт. * * * Кісінің кісілігі кісілігінде. * * * Әйелдің жүрегі – еркектің тірегі. * * * Құранды осы күні қари оқы­майды, қара оқиды. * * * Аға буын өткен заманда медресе мен мешіттерді құлатып қиратты, жаңа буын бұл заманда медресе мен мешіттер салып орнатты. * * * Үрейленгеннен үркектік жаман. * * * Залым да мешітке барады. * * * Таңдаған кәсібің – тағдыр жазған сый! * * * Әлдінің әлі әлсізге ғана жетсе әлді әлді емес. * * * Басыңда бағың барда алыс та, жақын да сыйлайды, басыңнан бағың тайғанда төбеңде құл да, құтан да ойнайды. * * * Ауылын торыған ұры – ауылдың жауы. * * * Өздігінен ұлтсызданып, тілінен, дінінен, ділінен безген – тірі өлік. * * * Ұйтқыған құйын төбеге қатер. * * * Ірге ашықта үй жылымас. * * * Тауды жел жығып құлата алмас. * * * Таза затқа да шаң қонады. * * * Рахымшылықты да иманды адам жасайды. * * * Іс – ойдың жемісі. * * * Ұйқы – тыныс, тынығу – демалыс. * * * Ақылды Алла қосады. * * * Сөзді де ауызға Құдай салады. * * * Қараға келген ажал төрені де табады. * * * Төбеге шығар алдында төменге түсер баспалдағыңды сайла. * * * Адам адам екенін ұмытпағанда ғана адам! * * * Құдаңды құдайыңдай сыйла, бірақ құдаңды құдайдың алдына қойма! * * * Жалғанда ер – аз, ез – көп; тұлпар – сирек, жабы – мол. * * * Қазақтар неге айтқан: шал-мал, кемпір-сампыр, жігіт-мігіт, қыз-мыз, – деп? Бір кем дүние. Осы күні: шалдар аз, малдар көп; кемпірлер аз, сампырлар мол; жігіт аз, мігіт жетеді; қыз аз, мыз көп... * * * Адам дарынсыз болса да қарынсыз болмайды. * * * Төсегінен күліп тұрған әйел сүйкімді. * * * Ашынғанға ақыл айтпа. * * * Текті түнеген төсек таза. * * * Құдай қорыған қорғанды құйын құлатпайды. * * * Жүйрікті жат таниды, тұлпарды сырт көз көреді. * * * Досынан алшақтаған дос – үйірінен үріккен жылқы. * * * Айдың аманында адасқан дос тар жерде қолын созады деп дәмеленбе. * * * Елден шеттеме, жұрттан қашпа, халықтан бөлектенбе!