Кенесары ойлап отырса, ғасырлар тоғысқан 90-шы жылдардың қылбұрауға салған қиындығы кейінгі уақыттың әкелген молшылығымен шайылғандай болып, бүгінде сол өлара шақтың қасиеті артқандай екен. Өзі отын оттап, суын сулап отырған Ресейде де күнде дүмпу, дүңкілдеген өзгерістер болып жатты. Шаруашылықтардың тарауы, әбден қалыптасып, үйренісіп қалған жоспарлы экономиканың ыдырауы, нарықтың келуі оларда да болды. Етінің тірілігі, сергек мінез,өз сорпасына қайнағандай төзімділікпен тығырықтан жол тауып кету Түмен қазақтарына тән мінез. Ешқайсысы көштен қалған жоқ, ешкімге қол жайған жоқ. Кеңес Одағындағы қазан да, қазына да ортақ кезде Ресей қазақтары да алаңсыз болды. Себебі үстем саясат қазақтардың тілін, дінін ойлауға шамасын келтірмеген. “Бірыңғай кеңес халқы боламыз” деп орыс тіліне, орыс дәстүр-салтына ғана басымдық берілгенде, сол орыс-орманның ішінде отырған қазақтардың ұлттық бояуы жадауланып бара жатқанын сезбей де қалған.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі атажұрттағы ұлттық жаңғырулардан, тіл, дін үшін жүргізілген жұмыстардан Ресей қазақтары да хабарсыз болмады. Тәуелсіздік деген ұлы ұғым сананы сілкіді. Аталары масасы итше талайтын қалың жыныс ағаштың арасына қыдырып бармағанын үлкендерден құлағы қанып өскен Кенесары олар көрген бейнеттің шет-жағасын білетін.
Түменге 30-шы жылдары босып барған қазақтар көшпелі тірліктен бірден қол үзген жоқ.Тайгаға барып тірелетін қалың ағаштың арасында көшіп-қонып жүріп, шекарадан ішкерілеп кетіп қалды. Негізінен олар Голышманов ауданында тұрақтады, кеңестік шаруашылықтар, артельдер құрылып жатқан кезде, босып жүрген қазақтар да ұжымдасты. Атажұртта, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын Бұлақ деген мекенде бай-дәулетті тұрғаны үшін шолақ белсенділер түгін қоймай тәркілеп, қуғындап, ақырында аштан қырыла бастағаннан кейін қашып келген олар біртіндеп Кеңес Одағының саясатына көндікті. Көшіп-қонуды қойып, отырықшы болып, бидай сеуіп, егін сала бастады.
– Қазақ колхозының бидайы бітік шыққан жылы қасындағы татарлар құрған шаруашылықтың егіні шықпай қалған. Сол үшін татар басқарма “халық жауы” болып ұсталып кеткен, ал қазақтар арбалап бидай өткізудің арқасында аман қалған,–дейді Кенесары Қуанышұлы.
Алайда Ұлы Отан соғысы қазақтардың мамыражайлана бастаған тірлігінің қайтадан тулағын шығарды. Голышманов ауданынан майданға аттанған азаматтардың қатарында Кенесарының әкесі Қуаныш Қойшы да болатын. Ол Қиыр Шығыстағы Тынық мұхиты әскери теңіз флотында жапондарға қарсы соғысты. От пен оқтан аман қалып, жеті жылдан кейін қайтып келіп, шаруашылыққа араласты, комбайн айдады, отбасын құрып, бала өсірді.
– Әкемнің айтқан екі өсиеті есімнен кетпейді. Ол кісі: “Оқыңдар, оқымай адам болмайсыңдар. Маған төрт кластық білімнің соғыс кезінде пайдасы тиді. Ал сендердің болашақтарың тек оқуда”,– деп отыратын. Отағасы ұлттық тәрбиемізге қатал болды. Қорқып қалған әрі елге қайта қайтуға шамасы да келмеген ол орыс жерінде амалсыз жүргендей күн кешетін. “Қазақ екендеріңді ұмытпаңдар. Қазақтан қыз алыңдар, қазаққа тұрмысқа шығыңдар. Сендер тілін білгенмен орыс болмайсыңдар” деп отыратын. Үй ішінде қазақша дәстүрді қатты ұстанатын, оны балаларынан да талап ететін”,–дейді Кенесары Қуанышұлы.
Әкесінің өсиетін балалары орындады. Бәрі де жоғары білім алды, қазақ қызына үйленді, қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Кенесары атажұрттан босып келістің шет-жағасын көрген үлкен кісілердің барында Түмен жерінде жүрген ат төбеліндей ағайынның тіліне де, діліне келер ештеңе жоқтай көретін. Оны жастық ойлатпапты, үлкендер уақыт керуенімен о дүниеге көшті. Қазақстан тәуелсіздігін алғанда қырыққа енді таянған жігіт айналасына қарады. Өзі тұратын Ялуторов қаласындағы мың қаралы қазақты былай қойғанда, Түмен облысының әр шалғайында шашырап жүрген өзі танитын қандастарының барлығы да шүлдірлеп кеткен екен. Балалар тілді ұмыта бастаған. Ол қарап отыруға болмайтынын сезді, Ялуторов қаласында “Жұлдыз” атты қазақ ұлттық-мәдени автономиясын құрды. Туған тіл, діл елден жырақтағы ағайынның көкірегінде жұлдыз болып жансын деген тілекпен Түмен облысындағы қазақтарды бірінші рет жинаған, басын қосқан қоғамдық ұйымды өзі осылай атады. Ұлттық сілкініс, ана тіл, дәстүр, салт туралы әңгімелер, мәдени шаралар өткізу жақын маңдағы Исет, Түмен, Заводоуковский аудандарында тұратын қазақтардың да рухын көтерді. Олар Ялуторов қаласындағы “Жұлдыздың” өткізіп жатқан шараларына сағынышпен келіп қатысатын. Кенесарының бастамасымен қолға алынған “Шекараға жақын Солтүстік Қазақстан және Түмен облыстарының мәдени қарым-қатынасы” деген жоба 2000 жылы Соростың грантын ұтып алды. Соның арқасында шекаралас екі облыс бірігіп ат бәйгесін, парашюттен секіруден жарыс, киіз үйлер көрме-байқауын өткізді.
– Аталарымыз бен әкелерімізден қалған тәрбиенің желісі үзілмей күні кешеге дейін келді. Тіл жұтаңдана бастаса да, дәстүрге берік болдық. Ата-ананы сыйладық, қазақтың құда-жекжаттығын, мұсылмандықты ұмытпадық. Бірақ соңғы жылдары осының өзі Түмен жерінде көмескіленіп бара жатыр. Қазақтық рухты көтеріп, ұрпақ санасына ұлттық тәрбиені сіңіру біз сияқты елден жырақ жүрген ағайынның кезек күттірмейтін ісі,–дейді кейіпкеріміз.
Кенесары орыс-орманның арасында қазақтың ұлттық рухын қалай көтеруге болады деген сауалға көп ойлана келе, аталары қашып жүріп, ат пен түйеге артып келген киіз үйден қасиетті не бар деп шешті.
– Қазақстанға барған сайын киіз үйлерді суретке түсіріп алдым да, өзім он екі қанат ақ орданың кеңдігіндей етіп, оның макетін сыздым. Мұны Түмендегі техника жөндеу зауытының инженерлеріне түсіндіріп отырып, темірден иіп жасаттым. Бұл киіз үйдің болттарын бекітіп, жарты сағатта тігіп, жарты сағатта жинауға болады. Қазақ емеспін бе, мендегі киіз үй жаз бойы есіктің алдында тігулі тұрады,–дейді ол.
Облыста қазақтар бас қосқан құрылтайдың барлығында Кенесарының киіз үйі тігіледі. “Жұлдыздан” кейін Түмен қаласында қазақтардың “Достық” атты облыстық ұлттық-мәдени қоғамдық ұйымы ашылды. Олар қазір бірлесіп жұмыс істейді. Әрине, мұның барлығы да алыстағы ағайынның рухын бір желпінткенмен тілдік ортаның жоқтығынан ұлттық бояу да көмескі тартып барады. Түмен қаласынан, басқа елді мекендерден жексенбілік мектеп те ашып көрді. Алайда қазақтар шашыраңқы тұрғандықтан мектептің өмірі екі жылдан аспады.
Кенесары тағы қарап отыра алмады. Өзі мемлекеттік қызметте жүріп, 2003 жылы Түмен облысындағы қазақтардың мәдени-салт дәстүрлерінің сақталу проблемаларын ғылыми жұмысына тақырып етіп алды. Облыс аумағындағы 19 мың қазақ арасын қайта-қайта сүзіп шығып, көптеген мәселелер бойынша әлеуметтік ұқыпты сауалдама мен сараптама жүргізіп, 2008 жылы оны қорғап шықты.
Осы зерттеу еңбегінде бұрыннан да байқалатын мәселелерді енді ғылыми айналымға салды, қорытындылар шығарды. Қазақтар арасында ассимиляция үдерісінің тездеп бара жатқандығын жасыруға болмайды. Аралас неке көбейіп барады. Ер-тоқым, киіз үй сияқты ұлттық бұйымдар пайдаланудан қалып кеткен. Жастар ана тілін білмейді. Ғылыми жұмысын дайындау барысында жүргізілген ұлттық проблемалар жөніндегі сауалдамаға қазақтардың жауап беруге, қазақша сөйлеуге, тіпті ұлты туралы сөз айтуға қысылуы да Кенесарыны таңғалдырды әрі қынжылтты.
– Түмен жерінде өзгеге жалданып жүрген қазақ жоқ. Біздің ағайындар мұнда бейнетқорлығымен және ақшаны ұстай, жұмсай білетін шаруақорлығымен, кәсіпкерлігімен ерекшеленеді. 60-шы жылдары жұмысшылардың жалақысы үшін совхоз директорларына сандығынан уыстап қарыз ақша беретін қойшылар болды. Қазақтар арасында өзге ұлттар, орыс адамдары кеңес сұрап келетін соншалықты қадірлі, құрметті кісілер бар. Алайда, ендігі жерде қазақ болып қалу үшін дәулетті тұру аздық етеді. Рухани байлық үшін жұмыс істеуіміз керектігіне көзім жетті. Ұрпақтың қамын ойлау керек. Бұл терең мәселе. Ол үшін Қазақстанмен байланыс жұмыстарын күшейту, білім алатын жастарымызды тарихи отанымызға жіберу керек, – дейді Кенесары Қуанышұлы.
Түмен қаласында қазақ жастарының “Бірлік” қоғамдық ұйымы құрылды, жоғары оқу орындарында оқып жүрген студенттердің ай сайын кездесу кеші, дискотекасы болып тұрады. Бұл қазақ жастарының табысуына, аралас некеге тосқауыл қоюға деген ниеттен туған болатын. Осының барлығының жұмыс істеуіне Кенесарының ықпалы аз емес. Өзі Түмен облыстық думасында аумақтармен жұмыс жөніндегі кеңесші қызметінде жүргендіктен Голышманов ауданында салынып жатқан мешіт құрылысының басталуына да ықпал-көмегі аз болмады. Түменге келген сапары сайын Кенесарының тындырған жұмыстарына куә болып жүретін Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары Талғат Мамашевтың: “Ресейдің әр шалғайында бір-бір Кенесары болса, шіркін!” – деуі Кенесары Қуанышұлының азаматтығына да, іскерлігіне де және ұлтжандылығына берілген орынды баға болатын. Кісі елінде елеулі болған адам ғана өз ағайынына да, өзгеге де сөзін тыңдата алады.
Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің аңшылық өнері тек Түмен емес, арысы Мәскеуге, берісі батыс Сібір аймағына аңыз болып жайылған.Әкесі Қуаныш сондай кісі еді. Түлкіге ит жүгіртетін, қыс айларында малға тиген қасқырды құрықпен, шоқпармен ұрып алар еді. Сондықтан Кенесары әке айналасында жүріп, он сегіз жасынан аңға шықты. Осы кезге дейін қасқыр, түлкі, қарсақты былай қойғанда қанжығасына он аю байлады. Өзінің үш ұлымен бірге өткен қыста бес арлан қасқыр соқты. Қанжығасына қасқыр байлаған аңшы аз емес шығар. Ал аюды екінің бірі ала алмайды.
– Аю жүреді деген жерлерге арпа сеуіп тастаймыз. Сосын ағаштың басына кемінде он метр биіктікке шығып алып, демімді ішіме тартып отырып, аюдың жайылып келуін күтемін. Кейде он сағатқа дейін тапжылмай отыруға тура келеді. Сәл қимылыңды сезіп қалса аю қашып кетеді. Оны өзің отырған ағаштың маңына келгенде бір рет қана атып үлгересің, егер тисе аю сенікі, тимесе ол екінші оқты өзіне дарытпайды, қашып үлгереді. Көрдіңіз бе, қандай мергендік керек! – дейді Кенесары аңшылық қызығын айта түскісі келіп.
Расында, Түмендегі аңшылар арасында Кенесарының аю атуымен аты шыққан. Тіпті орыстардың өзі жыртқыштығы да, қулығы да күшті бұл аңды ата алмайды екен. Оның майы мен өтін дәрілікке қажетсінген орыстар Кенесарының дабысын естіп, Мәскеуден келіп, оған аю атып беруге өтініш жасапты. Кейіпкеріміздің Түмен атырабында араламаған орманы жоқ, кей жылдары аңшылық қызығымен Тайгаға дейін барады, ал күзгі аңшылық науқаны кезінде Торғай даласын кезгеннің, көлдерден қаз-үйрек аулағанның рахаты өз алдына. Сібір адамдары үшін аюдың майы мен өті өте маңызды дәрі саналады.Әсіресе, күйікке мың да бір ем. Қансонар кезінде аюдың майын жағып алған адамның бетін, қолын үсік шалмайды. Кенесарының үйіндегі қызыл түлкінің, қылшықты, есік пен төрдей арланның, аюдың өңделген терісінің, бұланның, еліктің, қабанның және түрлі құстардың тұлыптары бейне музейге кіріп кеткендей әсер береді.
– Еңбек демалысымда жұрт секілді шетелге, курорттарға барып көрген емеспін, оны аңшылық құмарлықпен табиғат аясында өткіземін. Жалпы аңшылық деген қолыңа мылтық алып, көзіңе іліккен аңды жайратып сала беру емес. Бұл – өнер, құмарлық болғанымен, оны табиғатпен байланыс деп түсіну керек. Үш ұлым: Мұрат, Арыстан және өзіме аттас кіші балам Кенесары–үшеуі де аңшы, бәріміз бірге қыс бойы қансонарға шығамыз. Бірақ қыс қатты болған жылдары аң аулауымыздан гөрі оларды асырағанымыз басым түсіп жатады. Биыл қыс қатты, қар қалың түсті. Наурыз айында еліктерге шөп, сабан тасыдық. Қабандар жүретін жолдарды трактормен аршып, сол жерлерге бидай төгіп отырдық. Мұның өзі жеңіл емес, уақытты алады, әрі аңшыға едәуір қаржыға да түседі. Бірақ табиғат тұтастығы үшін мұның керектігін түсінгенде ешнәрсе аяғың келмейді. Аңшы мәдениеті деген осы, – дейді Кенекең.
Жұбайы Нұрғайша екеуі үш ұлының тәрбиесіне көңіл бөлді. Қазір үшеуі де жоғары білімді маман, белгілі қызметте, немерелері өсіп келеді. Қойшы әулетін жұрт спортшылар деп те таниды. Кенесарының өзі гір көтеруден спорт шебері, Ресейдегі гір көтерушілер федерациясының мүшесі. Ұлдары да спорт десе ішкен асын жерге қояды.
Жақсының ісі де, ізі де – халқымыздың байлығы. Ендеше атажұрттан сыртта жүргенмен Кенесары да қазақтың бір мақтанышы.
Назира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай-Түмен-Қостанай.
Суреттерде: 1. Түмен облыстық думасының кеңесшісі Кенесары Қойшы.
Этномәдени бірлестікте.