• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2010

Туған жердің тасы да тіл қатады

1272 рет
көрсетілді

Менің жеке мұрағатымда жаныма ерек­ше жақын ғажап бір сурет сақталып келе жатыр. ...1993 жылдың қоңыр күзі еді. Бірде қарағандылық тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев: – Сен журналиссің ғой, бір кәдеңе жаратарсың. Мына суретте ардақты бабамыз Қаз дауысты Қазыбек бидің асыл сүйегі уақытша қойылған сөре тастар бейнеленген. Мұны жалпақ жұртшылық онша біле бермейді, – деп қолындағы былғары пап­ка­сы­нан бір жәдігер суретті алып шығып, маған ұсынды. – Пәлі, мынауың ғажап хабар ғой! Ха­лықтан сүйінші сұрайтын қуанышты жаңалық екен бұл. Бірақ, бағалы олжаның иесі өзіңсің. Сол себептен мұны елге қуанышпен өзің жария еткенің жөн болар, – дедім. – Оған дәл қазір менің ешқандай мұршам жоқ. Бұқар жырау бабамыз туралы мол дерек жинадым. Жеке кітап етіп шығарсам деген ойым бар. Бас көтермей осыған отыруым керек, – деді Жамбыл. – Е, онда жарайды, қалдырып кет маған,-деуге тура келді осыдан соң. Осылайша күтпеген жерден баға жетпейтін тарихи-жәдігерлік сурет менің қолыма көшті. Бірақ сол бетте оны газетке жариялап жіберіп, жұртшылықтан сүйінші сұраудың сәті түспеді. Көненің көзіндей, асылдың өзіндей ғажап мұраны аттың жалы, түйенің қомында алас-күлес асығыс бере салғанды жөн көр­медім. Кеңірек әңгімелесуге тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаевтың да уақыты болмады. Ал зымыран күндер сынаптай сырғып, диірменнің тасындай тынымсыз дөңгелей берді. Күн артынан күндер, ай артынан айлар өтті. Жәдігер сурет өз кезегін тосып, менің жеке мұрағатымда жата берді. Осы қымбат қазына туралы жалпақ жұрт­шы­лық­ты құлағдар етудің орайы енді келген сияқты. – Қаз дауысты Қазыбек би атамыздың асыл сүйегі тиген сөре тастарға қалай тап болдың? – деген сауалыма бүгіндері тарих ғылымының докторы болған Жамбыл Артықбаев сәл ойланып қалды. Содан кейін өзіне тән сабырлы мінезімен сөзін бастаған. – Өзіңе осы суретті алып барғанда мен Баянауыл ауданын бірнеше ай аралап, ел арасынан Бұқар жырау бабамызға қатысты ескі сөздер мен естеліктерді асықпай жинап қайтқан бетім еді. Бұл 1993 жылдың қыркүйек айының орта шені болатын, – деп еске алды ол. Бір күні Абылай ханның ақылман жырауы болған абыз атасы жайлы аңыз әңгімелер мен әфсаналарды асықпай жинап жүрген жас ғалым жігіттен Баянауыл ауданының байырғы тұрғыны, көкірегі ояу, көзі ашық Ғабдолла деген шежіреші қарт: – Балам, осы маңайда Қаз дауысты Қа­­зыбек би бабамыздың сүйегі уақытша сақталған сөре тастар бар екенін білесің бе? – деп сұрайды. Жамбыл қаршадай бала кезінен ел арасындағы ескі сөзге, шежіре тарихқа ынтыға құмартып өскен өрен еді. Балалық ынтызарлық университеттің тарих факуль­те­тінде, кейін аспирантурада оқыған жылдарында телегей теңіз білім арнасына бастап алып келген. Мәшһүр Жүсіп ақсақалдың шерлі шежіресіне ден қойды. Алматы, Омбы, Қазан қалаларындағы мемле­кеттік мұрағаттарды ақтарып, бірнеше айын сарп етті. Ел арасындағы ескі сөздер де жадында жүретін. – Қыста қайтыс болған Қазыбек би атамыз­дың сүйегін бірнеше ай бойы сөреде сақтап, жазғытұрым бабамыз­дың бел баласы Бек­болат би бастаған 40 жігіт Түркістанға суыт жол тартып, Қожа Ахмет бабамыздың кесе­несіне жер­леп қайтқандарын естігенім бар. Ал би ата­ның жамбасы тиген сөре тастар осы маңайда екенін білмеуші едім, – деді ол Ғабдолла ақсақалға. Күтпеген жерден тың деректі естігеннен кейін жас ғалымнан дегбір кетті. Көненің көзі іспетті киелі тастарды тезірек тауып алып, суретке басып алуға асықты. – Біздің ауылдан 11 шақырым жерде Мұрынтал деген бөлімше бар. Сонда барып, жаныңа бір-екі ауыл ақсақалын ертіп алсаң, сені олар би атаның сөре тастарына бастап ал­ып барады,–деп жөн сілтейді Ғабдолла ақсақал. Осыдан соң Жамбыл бірден әлгі жерге тартып кетеді. Ғабекеңнің кеңесі бойынша сол ауылдан жанына екі ақсақалды ертіп алады. Киелі мекен сол бөлімшеден 7 шақырым жерде, Далба тауының бір сілеміндегі Қара бие шо­қы­сының етегінде екен. Ақсақалдар тура сол қа­сиетті сөре тастардың жанына бастап алып келеді. ...Боз даланың жусаны мен селеуі басқан тау етегіндегі осы бір аяулы алқапта адамның құшағы жетпейтін үлкен екі тас тікесінен қалқиып тұр. Содан бері 240 жыл өтті ғой. Осы жылдардың салмағынан, Арқаның ақырған ақ боранды қыстары мен аңызақ жаздарының әсерінен, тау арасында ұйытқи соққан күзгі жел мен шелектеп құйған нөсер жауынның күшінен таудың жуан қойтастары оңға қарай жантайып, жыл өткен сайын көлбеу тартып барады екен. – Бұрын бұл жерде осындай 4 тас тұрушы еді. Қайсыбір жылы біреуін Алматыдан келген бір ғалымдар мәшинеге артып алып кеткен, – дейді ақсақалдар. Тағы бір тас ұшты-күйлі жоғалып кетіпті. Сол маңайды біраз шарлағандарымен мұндай үлкен тас көздеріне шалынбады. Содан кейін үшеуі қалқиып тұрған тарихи тастардың жанына қайтып оралады. Ақсақалдар сөре тастардың жанында малдас құра отырып, ұлы бидің аруағына дұға бағыштайды. Жамбыл сөре тастарды әр қырынан суретке түсіріп алады. – Бұл жер Теректібұлақ деп аталады. Қаз дауысты Қазыбек би бабамызға құтты қоныс болған киелі мекен. Осы арада 97 жасқа қараған шағында мына өмірден татар дәм-тұзы таусылып, фәниден бақилық сапарға аттанған екен жарықтық, – деп күрсінеді ақсақалдар. Бір ғажабы, би атаның сөре тастарынан 7 шақырым жерде Абылай ханның ақылшысы, ұлы абыз Бұқар жырау Қалқаманұлының зират-кесенесі тұр. Ол өзінің ұзақ жылғы өмірінің көбін Түркістан мен Көкшеде, Хан кеңесі құрамында, бес қаруы сай хан сарбаздарының қосыны арасында жыраулықпен өткергені тарихтан мәлім. Қарт жырау жасы тоқсанға қарап, шау тартқан шағында Абылай ханның рұқсатын алып, мол сый-сияпатпен, мәртебелі абыроймен өзінің ата қонысы Далба тауының баурайына қайтып оралған. Сонда атақты абыз аяулы би ағасының қысқы қонысына қанаттас келіп қонған екен-ау. Бұлар бір тумаса да туғаннан артық болып кеткен алып адамдар болатын. Филология ғылымының докторы, әдебиет зерттеушісі Нысанбек Төреқұлов өзінің “Қазақтың би-шешендері” деген танымал кітабында мынан­дай дерек келтіреді: “Қазыбек Келдібекұлы (1667-1764) Сырдария жағалауында туып, жастық ш­а­­­ғын Қаратау, Ұлытау атырабында өткізген. Би ата 1764 жылы желтоқсан айында өзінің қыстауы Те­­ректібұлақ басында 97 жасында дүниеден қайтқан”. Алты алашқа аты аңыз болып тараған атақты Қаз дауысты Қазыбек би қоныс қылған қасиетті Теректібұлақ – осы мекен! Сөйлегенде аузымен құс тістеген, билік айтқанда қара қылды қақ жарған, 17 жасында-ақ қалмақ қонтайшысын қарадай қалтыратып, аруағын асырған би атаның асыл сүйегі тиген сөре тастар – мынау қойтастар! Мұндайда толқымай, тебіренбей көр... – Қарабие шоқысының бауырындағы Терек­ті­бұлақтың басында, Қаз дауысты Қазыбек бидің қысқы қонысында қара күзден қар ерігенге дейін алты ай бойы Сарыарқа қазақтарының даулы мәселелері, ел билігі шешімін тауып келген. Ол өзінің көзі тірі кезінде бодандық туралы ешқандай құжатқа қол қоймай кеткен табанды да дана би. Тек қайтыс боларынан екі жыл бұрын Омбы қа­­ла­сындағы Сібір губернаторына арнайы хат жол­дап, өзінің қартайғандығын, ел билігін ұлдары Бек­­болат пен Сырымбетке бергенін хабарлаған, – дей­­­ді тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев. Жылдар бойы бабадан балаға мирас болып келген ел әңгімесіне қарағанда, 1764 жылы Ар­­қаның сайын даласы қалың қар құшағына енді оранған шақта қазақтың 97 жастағы ұлы биі Қаз дауысты Қазыбек дүние салған. Ардақты әкесінің ақ батасын алып, ел тізгінін қолына алған Бек­болат бидің жарлығымен сайдың тасындай атпал жігіттер Қарабие шоқысынан қаралы ауылға адам­ның құшағы жетпейтін төрт қойтас алып келеді. Сол тас­тар­ды тікесінен қойып, төр таған жасатады да, үс­тіне кереге жайғызады. Былғарыға тігілген ұлы бидің мәйіті сол керегенің үстіне қойы­лады. Қазақтың сайын даласының әр қиырынан арнайы ат сабылтып келіп, орны толмас қазаға көңіл айтушылар легі қыс бойы толастамапты. Арқаның алапат қысы өтіп, жазғы­тұ­ры бас­талысымен соңынан ат-көлігі мен әбзел-жарағы сай 40 жігіт ерткен Бекболат би әкесінің қо­нақасы мен Әзірет Сұлтан кесенесінің бо­са­ғасына деп үш үйір жылқыны алдарына салып, баба мәйітін жер ананың қойнына беріп қайту мақсатымен қасиетті Түркістан шаһарына жүріп кетеді. Түркістан – сол заманнан қазақ­тың киелі қаласы. Қазақ халқы өзінің қайтыс болған атақты адамдарын Қожа Ахмет Ясауи ба­баның кесенесі ішіне жерлеуді дәстүрге айналдырған. Ел ішіндегі аңыздың айтуынша, осы ұзақ сапар барысында жол-жөнекей бір сайға ат шал­дырып, тынығып алмақ болған Бекболат бидің жанындағы нөкерлері айдап әкеле жатқан үш үйір жылқыны жол тосқан кәнігі жортуылшылар қапысын тауып, айдап алып кетіпті. Бірақ, ұрылар қалай қарай жүрсе де алдарынан қалың тұман түсіп, сайда тынығып жатқан бейтаныс жолаушылардың үстіне келе беріпті. Апыр-ай, бұл не ғажап? Атқа жаңа мінген жас балалар емес, айшылық алыс жерлерден барымта мал айдап әкеліп жүрген жырынды жігіттер емес пе еді бұлар? Жердің жағдайын бес саусақтарындай жақсы білетін. Енді не қара басты? Жоқ, бұл тегін емес. Содан кейін үрейлері ұшқан жортуылшылар жыл­қыларын алдырған жолаушыларға өздері келіп, мән-жайларын сұрапты. Олардың сапарла­рының сырын естіген соң, аяқтарына жығылып: – Ағайын, ат-шапан айыбымыз бар, кешіре көріңдер! Ұлы бидің аруағы екен ғой біздің жолымызға тұман болып түсіп, алдарыңа алып келіп отырған. Кешіре көріңдер біз бейбақты! – деп жалынып-жалбарынса керек. Осылайша қасиетті Түркістан қаласындағы Әзірет Сұлтанның кесенесінде қазақтың Қаз дауысты Қазыбек биі де өзінің мәңгілік мекенін тапты. Пейіште нұры шалқығай ұлы бидің! ...Бұқар жырау кесенесінен 7 шақырым жерде, Теректібұлақтағы би атаның қыстауы басында жылдар салмағымен оң жамбасына жантайып бара жатқан екі сөре тас әлі күнге дейін қамсыз­ды­ғымыздың белгісіндей болып сол жерде қалқиып тұр. Басында ешқандай белгі жоқ. Қоршауға да, қорғауға да алынбаған. Бұлар басында төрт тас еді. Екеуінен айырылдық. Енді осы қалқиып тұрған қалған қос тастан көз жазып қалмасақ жарар еді. Онда бұл салғырттығымыз бен салбөкселігімізді ұлы бидің аруағы кеше ме? Әй, қайдам... Туған жердің тасы да тіл қатады. Бұған Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың асыл сүйегі тиген, Сарыарқаның сайын даласының төсіндегі салқар тау баурайында қалқиып тұрған мына сөре тастар айғақ. Қашанға дейін шыдар екенсіңдер, жарықтықтарым? Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Қарағанды.